22 Желтоқсан, 2010

“Қара алтынның” қадірі

489 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Отандық мұнайшылар алыстағы ауданға спорттық кешен салып берді “Қара алтынның” қадірін ел енді сезінді. Өйткені, қазақ жерінен өндіріліп жат­­қан мұнай ел игілігіне жаратыла бас­та­ды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Аты­­рау облысындағы мұнайлы аудан­дар­дың әлеу­меттік инфрақұрылымын жаң­ғыр­туға “ҚазМұнайГаз” Барлау Өн­діру» ком­па­ния­сы тарапынан қыруар қаржы бөлу ұдайы жалғасып келеді. Осы ретте, әсі­ре­се, Атырау облысындағы әлеу­меттік ахуа­лды жетік білетін елімізге танымал мұ­най­шы, Тәуелсіздік күні ме­рекесі қар­са­ңын­да “Парасат” орденімен мара­пат­тал­ған Кенжебек Ибрашев басқаратын “ҚазМұнайГаз” Барлау Өн­ді­ру” акционерлік қоғамының қар­жылық демеуін ай­рық­ша атаған жөн. Бұл компания жыл са­йын Атырау облы­сының әлеу­меттік ин­фра­­­құ­ры­лымын қолдауға бө­лінетін қар­жы кө­ле­мін молайтып келеді. Мә­селен, бұл компания облыстық әкім­дікпен ара­дағы өзара ынты­мақ­тас­тық ме­мо­ран­думы аясындағы келісім-шарттық міндеттемелеріне сәйкес 2009 жылы Аты­рау бюджетіне 271,5 миллион теңге аударды. Осы қаражат Исатай ау­да­нының Гран елді мекеніндегі 220 оқу­шыға арналған мектеп құрылысына және осын­дай өзге де жо­баларға бағытталды. “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” ак­цио­нерлік қоғамы Исатай ауданының ор­та­лығы – Аққыстау ауылында және бір жо­баны қаржыландырды. Бұл жоба – Аты­рау об­лы­сы әкімдігімен бірге іске асы­рылған әлеу­мет­тік әріптестік бағ­дар­ла­масы негізінде 2009 жылы қолға алын­ған спорт кешені. Бұ­ған компания 2009 жы­лы 165,5 миллион теңге бөлді. Аудан ор­талығында бой кө­тер­ген спорт ке­ше­ні­нің құрылысын жүргізген “Sport Build” се­ріктестігі екен. Спорт кешенін әм­бе­бап деуге болады. Мұнда аудан жастарының спорт­тың кіші аяқдоп, волейбол, баскетбол, бокс, каратэ, күрес секілді бір­неше түр­ле­рі­мен айналысуына толық мүм­кіндік бар. Спорттың осы түрлеріне, яғни бокс рингі, қол, кеуде, аяқ, арқа бұл­шық еттерін да­мытуға арналған 28 атаудан тұ­ра­тын құрал-жабдықтар алынған. Спорт жан­күйерлері үшін 200 орындық трибуна да қарас­тырылыпты. – Біздің компания Атырау облы­сын­да­ғы мұнай өндірілетін аудандардың бар­лы­ғы­ның әлеуметтік инфрақұрылымын да­мы­туға қолдауын көрсете береді, – деді “ҚазМұнай­Газ” Барлау Өндіру” акционерлік қоға­мы­ның бас директоры Кенжебек Ибрашев Ақ­қыс­тау ауылындағы спорт ке­шенінің ашылу сал­танатында. – Атырау об­лысының әкімі Бергей Рысқалиев осын­дай спорт кешендерін барлық аудан орта­лық­тарында салып беру жөнінде ұсыныс айтқан еді. Қазір бұл ұсыныс компания бас­шылығымен қаралу үстінде. Қызыл­қоға ауданының орталығы – Миялы ауы­лын­да да спорт кешенін салу жұмыстары басталды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында отан­дық мұнай компаниясы тарту еткен спорт кешеніне аудан жұртшылығы риза­шы­­лы­ғын білдірді. Аудан әкімі Бақберген Қара­баев бұрын ауданда дәл мұндай спорт кешені болмағанын айтады. “Бұл ком­па­ния­ның ауданның әлеуметтік ин­фра­­­құ­ры­лы­мын жақсартуға қолдауы жақ­са­рып келеді. Аудан жұртшылығына та­биғи бай­лы­ғы­мыздың қадірін сезіндіріп, мұнай мен газдың қызығын көрудің жарқын мы­са­лын көрсетті. Жаңа спорт кешенінің са­лы­нуы енді аудан жұрт­шы­лы­ғының, әсіресе, жастардың бұқаралық спортқа қызы­ғу­шы­лығын арттыра түсе­ді” деп ой бөліскен аудан басшысының айтуынша, Исатай ау­да­нында әлемдік, со­ны­мен бірге, Азия құ­рлығында өткен спорт додаларында топ жарған, сөйтіп қазақ елінің Әнұраны мен Көк байрағын ас­қақтатқан саңлақ спорт­шы­лар жетерлік. Мәселен, Мұхам­мед­ра­хим Оралбеков самбодан әлем чемпионы атан­са, Серікбол Нұралин, Саид Сатаев, Ер­жан Қаб­де­лов Азия чемпионатында жасындай жарқылдап, ел намы­сын қолдан бермеген жүлдегерлер қата­ры­нан көрінді. Аққыс­тау орта мектебінің 10 сынып оқу­шы­сы Руслан Хисмаев та об­лыс­тық, рес­пуб­ликалық сайыстарда жүл­­дегер атанып жүрген жас бок­с­шы­лар­дың бірі. “Енді спорттық шеберлігімді жа­ңа спорт кешенінде шыңдайтын болдым. Кен­жебек Ибра­шев бастаған мұнайшы ағалар біздің елдің намысын қорғайтын шымыр да жігерлі болуымыз үшін барлық жағдайды жасап берді. Жаңа бокс рингі ұнап тұр”, дейді жас боксшы Р. Хисмаев. “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” ак­цио­­нер­лік қоғамы Исатай ауданында тек спорт кешенін салып берумен шектелген жоқ. Дәл осы аудан орталығындағы балалар алаңын абаттандырып, шағын сәу­лет­тік мүсіндер орнатып берді. “Мұ­най­шы” ша­ғын ауданындағы жылу қазан­ды­ғына жөн­деу жұмыстарын жүргізіпті. Ком­­па­ния­ның сонымен бірге, өзге ау­дан­дар­ға әлеу­меттік әріптестік бағдар­ла­ма­сы шең­бе­рінде қаржыландырған жоба­ла­­ры да же­терлік. Осы ретте Мақат ау­да­нын­дағы мек­тепке дейінгі балалар мекемесін ашу үшін қайтарусыз берілген бұрынғы “Ма­қат­мұнайгаз” басқар­ма­сы­ның әкімшілік ғи­маратын қайта жаң­ғыр­ты­лып, Байшонас ауылындағы жылу қазандығының ин­же­нерлік желісі мен жабдықтарына жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Отандық мұнай компаниясы жер қой­на­уын пайдалану келісім-шартында көр­се­тілген міндеттемелерін орындауға да әр кез ықылас танытады. Осы келісім-шарт ая­сында аударылған 276,5 миллион теңге Атырау облысының 2010-2014 жылдарға әлеу­меттік даму бағдарла­ма­сын­да көр­се­тіл­ген жобаларды іске асы­руға жұмсалып отыр. Биыл бөлінген 66,4 миллион теңге кө­леміндегі қаржыға Мақат кентінің сумен қамту нысан­да­ры­ның құрылысын салу, қайта жаңғырту, күрделі жөндеулер жүргізу секілді Мақат ау­даны жұрт­шы­лы­ғының әлеуметтік тұр­мы­сын жақсартуға ықпал ететін жұмыс­тар­ды атқаруға септігін тигізді. Осы ауданда өкпе дертіне шал­дық­қандарды са­уық­тыру орталығы ашыл­ды. Сонымен бірге, аудандағы Байшонас, Ес­кене ауыл­да­рының коммуналдық кәсіп­орын­дарын жы­лыту үшін отындық мұ­най­мен қам­ту­ды жалғастырып келеді. Биылғы жыл басынан “ҚазМұнайГаз” Бар­лау Өндіру” акционерлік қоғамы Аты­рау облысындағы әлеуметтік инфра­құ­ры­лым­дар­ды қолдауға 970 миллион теңге бөл­ді. Бұл әрине, отандық компания үшін де, Аты­рау облысы үшін де аз қаражат емес десек те, “ҚазМұнайГаз” Барлау Өн­ді­ру” акцио­нер­лік қоғамынан бөлінген осын­ша қаржы Мақат, Жылыой, Қы­зыл­қоға, Махамбет ау­дан­­­да­рындағы әлеу­мет­тік жобаларға ба­ғыт­талды. Әсіресе, Мақат ау­данындағы Комсомол, Қош­қар, Бекбике ауылдарының тұр­ғын­дары жаңа мекенге көшіру де көптен қоз­ғалып жүрген мәселе еді. Өңір орта­лы­ғы­нан шалғайдағы үш ауыл­дың Махамбет ау­да­нына және Аты­рау қаласына қоныс ауда­руы­на бай­ла­ныс­ты жұмыстарға “Қаз­Мұ­най­Газ” Барлау Өндіру” АҚ 750 миллион теңге қаржы бөл­ді. Айт­қандай, биыл осы компания ал­ғаш рет Махамбет ауданының әлеу­мет­тік инфра­құрылымына қаржы салды. Бұ­рын бұл ауданға отандық не шетелдік ком­­паниялар демеу қаржы бермеуші еді. Осы тұрғыдан айтқанда, “Қаз­МұнайГаз” Бар­лау Өндіру” АҚ-тың негізінен ауыл ша­руа­шы­лы­ғы саласымен ғана дамуға бет бұрған ау­дан­ның Таңдай ауылындағы мәдениет үйін қайта жаңғыртып беруі құп­тарлық қадам екені даусыз. Жалпы, компания тарапынан жасала­тын демеушілік пен қайырымдылық ша­ра­ла­ры­нан Атырау қаласындағы “Ақбота” балалар үйінің тәрбиеленушілері, мүгедек балалар үйі, мү­ге­дектер қоғамы, зағип жан­дар және әлеуметтік тұрмысы төмен от­басылары мен көп балалы отбасылар шет қалмайды. Қа­ла­ның спорт ұйымдары, тыл еңбеккерлері мен Ұлы Отан со­ғы­сы­ның ардагерлері де отандық ком­па­нияның қа­йырымдылық ша­ра­патын көріп келеді. Өт­кен жылы компания есебінен осы мақ­сат­тағы демеушілік және қа­йырымдылық ша­раларына 119 миллион теңге бөлінсе, би­ыл бұл қаржы 125 миллион тең­гені құ­рап отыр. Жалпы, “ҚазМұнайГаз” Барлау Өн­діру” акционерлік қоғамы соңғы бес жыл ішінде Атырау облысы әкімдігімен бір­лесіп әлеуметтік жо­ба­ларды жүзеге асыруға 3,8 миллиард теңге бөл­генін айтқан ләзім. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.