Жақында Бейбітшілік және келісім сарайында алғашқы көрсетілімі өткен «Бәйтерек» балетінің музыкасын жазған композитор – Канада музыкалық орталығының мүшесі Әділ Бестібаев, қоюшы-балетмейстері – Ресей президенті сыйлығының лауреаты, Санкт-Петербургтегі Римский-Корсаков атындағы консерваторияның опера және балет театрының бас балетмейстері Давид Авдыш, ал қоюшы-суретшісі – Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сергей Окунев.
Балетке тер төккен тағы да санктпетербургтік костюм бойынша суретшілер Петр Окунев пен Ольга Шаишмелашвилиді, қоюшы-дирижер Айдар Абжахановты, балетмейстер көмекшілері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалия Бөрібаева мен ресейлік Юлия Потапованы, жарық бойынша суретші Ресейдің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Евгений Ганзбургті, сондай-ақ К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының симфониялық оркестрі мен балет труппасының әртістерін қоссақ, қойылымға қаншама күш жұмсалғанын, қаншама адам жұмылғанын бағамдау қиын емес. Байқауда ең үздік балет номинациясы бойынша бас жүлдені иеленген композитор Әділ Бестібаев бауырымыздың бүгінде Канаданың Ванкувер қаласында тұратынын, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ғазиза Жұбанованың шәкірті екенін жұртшылық жақсы біледі. Мұны қайталап айтып жатқымыз келмейді, біздің мақсатымыз – шетелде тұратын қандасымыздың туған жерге деген сағыныш сазының сарқылмас сарынымен ұлттық балетке «Бәйтерек» сынды тың туынды келіп қосылғандығын жеткізу ғана.
«Бәйтерек» – Қазақ елі тәуелсіздігінің символы іспеттес ұғым. Ол әдебиет пен өнер туындыларындағы шаттық жырына арқау болуда. Өзі қаншалық биік, саясынан қаншама ұлт пен ұлыс құтты қонысын тауып жатса, ол туралы көркем бейнелер де соншалық кестелі, кеңістікпен ұштаса ұлықталатын Ұлы Даланың кейіпкерлері. Олар балет өнерінде байыпты көрініспен баяндалып, көз арбар түрлі-түсті бояумен көрерменді баурап әкетті. Сахналық кей туындылар бір көргеннен кейін көңіл көгінен тез ұмытылып қалып жатады. Ал, «Бәйтерек» балеті адамды жалықтырмайды. Әр сурет, әр көрініс бір-бірімен емін-еркін қабысып, бірінің ойын екіншісі әрмен қарай қапысыз ұштастырып, мүсіншінің әр елге саяхатында көрген қызықтарымен, қым-қиғаш оқиғаларымен тамсанта табыстырып отырады. Бай декорация, кіршіксіз киім үлгілері балет туындысының әлемдік деңгейдегі сахналық шығармалармен терезесінің теңесуіне ықпал етеді. Бұрын ұлттық балетіміз жоққа тән, болмаса жоғары деңгейге шықпай жатыр деп көңілді көлеңке үйіріп келсе, осы туындыдан кейін қазақ балеті де әжептәуір биікке қол жеткізе бастағанына имандай иланасыз. Қойылым алдында композитор Әділ Бестібаев пен К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының директоры Төлеубек Әлпиев БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. «Тәуелсіздік толғауы» тақырыбына байланысты байқау жарияланған соң, қазіргі өміріміз туралы балет жазып, осы бәйгеге алыстан азаматтық үн қосуды перзенттік парыз санадым. Бүгінгі өмірдің шынайы бейнесін көрсете білу үшін өткен тарихыңа, кешегі кезеңге ат басын тіремеу мүмкін емес. Сол үшін кешегі шаққа біршама сапар шектім. Мұның бәрі мүсіншінің жан күйзелісі арқылы тарқатылып жатты. Ол жер шарын түгел шарлап шыққандай еді. Бірақ шығармасына шабыт шақырар шын бақыт өзінің табанының астында жатқанын соңында пайымдайды. Туған жерде махаббат тұғырын көтереді. Осынау балеттің әуелі қазақ сахнасында қойылып жатқанына қуаныштымын» деп композитор шығарма желісіне тоқталса, Төлеубек Әлпиев: «Маған Уфа мен Омбыда тұратын қандас бауырларымыз телефон соғып, «жаңадан «Бәйтерек» балеті дүниеге келгенін естіп қуанып жатырмыз. Бізге оны қашан әкеліп көрсетесіздер?» деп қолқа салып жатыр. Сондықтан мен «Бәйтерек» балетінің тұсаукесерін үлкен тарихи оқиға деп есептеймін. Елбасының тапсырмасы бойынша өткен жылы Мәдениет министрлігі «Тәуелсіздік толғауы» атты байқау өткізген болатын. Сонда өз басым осы бәйгеге оншақты опера, дәл сондай балет жазылғанына куә болдым. Алмас Серкебаев опера номинациясынан бас жүлдені еншілесе, балеттен Әділ Бестібаевтың бағы жанған. Бір қызығы, балет идеясының авторы Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі болатын. Ал, тікелей «Бәйтерекке» келсек, ол бұрынғы балет туындыларынан мүлде бөлек рухта жазылған. Одан тәуелсіздік рухы менмұндалайды. Бөгде елге кетіп қалған мүсінші Испанияны, Араб елін, Үндістанды, Қытайды кезіп, олардан қылқаламына шабыт таппай, атамекенге табан тірейді. Бұл бір жағынан, Әділ бауырымыздың өзінің прототипі тәрізді. Туған жерін сағынбайтын адам жоқ. Туған жұртын сүймейтін перзент жоқ» деп түйіндеген сөзін.
Екі актіден тұратын балет Мүсінші қиялымен қиырларды кездіреді. Басты бейнені сомдаған Тайыр Гатауов жас та болса осынау күрделі тұлғаны кем-кетіксіз, шынайы қимыл-әрекетпен орындады. Әсіресе, оның әлемнің талай елін аралап, атамекенге оралған сәтіндегі шиыршық үстінде толғанған бейнесі домбыра үнімен сәтті үндесіп кетті. Қазақтың қара домбырасының қоңыр әуезі, испан, үнді, араб музыкаларынан кейінгі жалқы үн жан жайлауын жайлап алар еді. Балеттің басталуы мен қорытынды түйінде қазақ әуенінің әуелеп отыруы түбіріңді түгендетеді. Классикалық шығармадан төл музыканың төбе көрсетіп отыруы айнымас ұстаным болуға тиіс. «Бәйтерек» балетінің мазмұны осы идеяға тиянақталады. Мүсінші қиялында көне заман кейіпкерлерінің сұлбасы пайда болып, олар аңыз құсы – Самұрық пен мәңгілік дарағы – Бәйтеректі күзеткен жауынгерлер бейнесінде көрінеді. Шығармашылық адамының күнделікті тірлігі қашанда тың түр мен мағына іздеумен өріліп жатады. Саз балшықтан мүсін қалауға кіріскен кезіндегі сурет мүлтіксіз бедерленіп, ақ кенептің астынан кесек кескіндердің өмірдегідей нанымды сезілуі балеттің көркемдік мазмұнын арттырған. Ұшқыр қиялмен құйылған қыз бейнесі Тәлімгер тарапынан да оң бағасын алады деген үмітпен қарайды Мүсінші. Бірақ өмір өткелдері қарама-қайшылықсыз бола ма? Тәлімгер бастап келген сыншылар Мүсінші жұмысын өзекті деп таппай, қабылдамай тастайды. Оның сондағы ашу кернеген назалы үні тым әсерлі еді. Ұйқысыз өткен түндер мен күлкісіз күндерде жан-дүниесін азаптаған алапат сезімнің алауын енді немен басарын білмей әлек. Тек қиялында самғаған Самұрық құс қана оған рухани күш бергендей. Оны тұншықтырып алуға болмайды. Құс суреткердің қанаты тәрізді. Осы қанатты желпіп, шарықтауға ерік сыйлар шабыттың шаңы көрінбей жан қиналады. Қала осы сәт тыныштық құшағына енген. Айналасын тіреусіз айналар қоршап алған. Мүсінші шарқ ұрып, әлгі айналардан бейнесін іздеп, арғы беттен өзіне тіптен беймәлім әлемді көзі шалады. Осы арада Қытайдың қолшатыр сатушысын сомдаған Жанәділ Бейсенбиев, үнді тәңірін ойнаған Элдар Сәрсенбаев, шығыс аруын билеген Әйгерім Бекетаева шеберлігін айта кеткен жөн. Әлемнің әр алуан үніне еріксіз еріп кете барасыз. Мүсінші аралаған елдерінің бәрінен өзінің ата-бабаларының мәдени ескерткіштерін табады. Мұншама бай мұраға ие Қазақ елінің болашағы күндей жарық екеніне көзі жеткен оның ақыр соңында туған топырақтан асыл дүниеде ештеңе жоқтығын сезінуі шығарманың шыңы іспетті. Төртінші көріністе Тәлімгер Мүсіншіні алып торға қамап, рухын әлсіздендіруге тырысып бағады. Бірақ Отан деген қара ормандай қалың жұртың тұрғанда рухтың жаншылуы, ерік-жігердің езілуі мүмкін емес еді. Екінші актіде бақытты бал дәурен шақтың балғын үні мен балауса бояуы төрге озады. Тәуелсіз елдің балғындарын көргенде жас шебер шексіз сүйсініп, өзінің бір кездергі балапан қалпы еске түседі. Аңсаған арманы қол созым-ақ жердегі соқпақ екен. Әсіресе, әсем шаһар тұрғызып жатқан құрылысшылар жүзі шат-шадыман. Арулар жүр жиекке шыбық шаншып. Сол шыбықтар біртіндеп алып бәйтерекке айналып, күні ертең саясына сансыз жұрт тынығарын сезердей. Мүсінші қиялындағы көрікті ару тұп-тура алдынан шыққанын қара. Арман қала дегені алға қойған мақсаты орындалар өз ошағы екен ғой. Адам тағдыры да бәйтерек секілді. Тамыры тереңге жайылған сайын ақыл-ой кемелденеді. Мүсінші ұққан бір ақиқат осы болса, екіншісі – болашақтың қаласында тамыр жайып, өсіп-өркендеуге бекінеді. Сахнаның «Бәйтерегі» келешекке кемел ой орнықтырған осы идеясымен мәңгі биік болып қала бермек.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
_______________________
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.