Жуырда Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы болып өтті. Оны комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсынов жүргізіп отырды.
Отырыста Орталық сайлау комиссиясының азаматтардың Конституция және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен кепілдендірілген сайлау құқын қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоос сөз сөйледі. Баяндамада БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да әлемдік ұйымдардың белсенді мүшесі ретінде Қазақстан еркін және бәсекелесті сайлау өткізу, осы салада адам құқықтарын сақтау жөніндегі өзіне қабылдаған міндеттерді мүлтіксіз орындайды. Сайлау заңнамаларын одан әрі жетілдіруде мемлекет азаматтардың сайлау құқын қорғау мәселесіне қатты назар аударатындығы аталып өтті.
Баяндамадан кейін отырысқа қатысқандар көтерілген мәселе бойынша қызу пікір алысты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев сөйлеп, комиссия құрамындағы Сараптау-консультативтік кеңестің құрылымында жүргізілген өзгерістер туралы хабардар етті.
Комиссия отырысының қорытындысында сайлау заңнамаларын жетілдіре түсу бойынша Мемлекет басшысына, Парламентке және Үкіметке ұсыныс жасау жөнінде шешім қабылданды.
Отырысқа атқарушы және сот биліктерінің өкілдері, адвокаттар, белгілі құқықтанушы ғалымдар, халықаралық және үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының, БАҚ өкілдері қатысты.
Жақсыбай САМРАТ.