24 Желтоқсан, 2010

Канадалық күркетауықтар Оңтүстікті жерсінді

546 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Канадалық күркетауықтар өсе келе салмағы 25-27 килоға дейін тартар екен. Қапелемде келіп қалған қонақ­тарға жарқыратып сойып тастайтын бір тоқтының салмағын басады. Оң­түс­тікті жерсінді дегенде бұл күрке­тау­ықтар көзін Канадада ашқан жоқ. Қазақстанға жұмыртқа болып келді. 76 мың дана еді. Бастапқыда. Содан 70 мың балапан қауызын жарып шықты. Бәлкім, Канадада жұмыртқа күйінде дәмхана, мейрамханаларда тәтті тағам­дар дайындалып яки дүкенде саты­лымға түсер ме еді. Көзін Қазақстанда, оның ішінде Шым­кенттен 30 шақырым жердегі Бадам ауылының іргесіндегі құс фабрикасында ашқан күрке­тау­ықтар өздерінің бір алып елдің эко­номикасын көтеруде маңызды рөл атқаратынын сезбегенімен солайы солай болып тұр. Жақында Елбасымен тікелей көпір барысында осы “Ордабасы Құс” ЖШС-ның директоры Мұрат Тағаев фабри­ка­ның іске қосылғанын Мемлекет Басшы­сына мәлім еткен. “Қой етін жеген қазақ күркетауық­қа да үйренеді ғой”, деп әзілдеген Елбасы фабриканың көкжиегі кеңеюіне ақ тілеу айтқан. Расында, “күркетауық өсіру, сою және етін қайта өңдеу” жобасы осы салада Қазақстанда көшбасшы болып тұрғаны анық. “Ордабасы құс” фабрикасының мүм­кіндігін кешегі ТМД елдері ішінде салыстырып қарайтын болсақ, осыған ұқсас жобалар Ресейде “Евродон” және Башқұртстандағы Миллеусе де жүзеге асырылған. Қазақстан бойынша бірінші инновациялық жоба елімізді индус­трияландырудың республикалық карта­сына енген. Қазір Бадам ауылы мен Бөржар ауылдық округіне қарасты “Ұялыжар” елді мекені ортасында орналасқан құс фабрикасы үш аймаққа бөлінеді. Инкубатордан шыққан балапандар бө­лек, ересектері бөлек бағымда бола­ды. Негізгі технологиялық құрал-жаб­дықтар Израильден әкелінген. Өндіріс­тік жаб­дық­тар сонымен қатар Бельгия, АҚШ, Сло­вения, Ресей және Қытайдан алынған. Ал, күркетауық жұмыртқасы неге Канададан тасымалданды деген сау­алға келсек, құстың осы түрінің ең еттісі де, асылы да дүние жүзі бойынша осы елдің еншісіне тиеді екен. Ой жү­гіртіп көріңіз. Канададан мұхит асып Алма­тыға ұшақпен жеткізілген жұ­мырт­қалар Шымкентке мәшинемен та­сы­малданды. Осындай ұзақ сапарға шыдас берген 76 мың жұмыртқаның 70 мыңы қауыз жарып, балапан болды. Тұқымының асылдығы осыдан-ақ көрінеді. Балапандар төрт айда кішігірім тоқ­тыдай салмақ жинап, союға жарайды. Құс фабрикасына қажетті 3294,5 млн. теңгені қаржыландырған “Қаз­Аг­ро” ұлт­тық холдингінің еншілес кәсіпорны “ҚазАгроФинанс” АҚ ОҚО филиалы­ның директоры Талғат Тошиевпен сұх­баттасқанымызда біраз жәйттерге қа­нық­тық. Әлемдегі ең озық техно­ло­гияны Қазақстанға әкелген израильдік мамандар әзірге осында. Өзіміздің жастарға тәлім беріп жатыр. Ал, түрлі биоқоспалармен байытылған жем це­хының құрал-жабдықтары Қытайдан жеткізілген. Күркетауықтар – өте кінәм­шіл. Сондықтан құс бағушылар цехқа барарда залалсыздандыратын бөлме­дегі дайындықтардан өтеді. Енді құс сою цехы салынбақ. Еті – халал. Қалдықсыз өңделеді. “Ордабасы құс” ЖШС-ның дирек­то­ры Мұрат Тағаев бұл салада көлде­нең қосылған көк атты емес. Ұзақ жылдар бойы Оңтүстікте құс фабри­касын басқарған білікті маман. Қыр-сырын біледі. – Осындай жаңа жоба Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылып отыр, – дей­ді Мұрат Тағаев. – Мұнда инкубация, құсты өсіру, құрама жем, бордақылау және етті тереңдетіп қайта өңдеу жү­зеге асырылатын болады. Жоба технология жағынан барлық биоқауіпсіздік талаптарға сәйкестендірілген. Сиыр жә­не бройлер еттеріне қарағанда, хо­лес­теролы және майы төмен күрке­тауық еті өте жұғымды тағам түріне жатады. Құс фабрикасының директоры күр­кетауық етін саудаға шығаруда ерекшеліктері барын атап өтті. Мәселен, сүбе, төс ет және аяқтары мүшеленіп саты­лымға шығарылса, шұжық, сүрленген ет, сосиска, пастрамалар ретінде де дайындалады. Шницель, бургер, кебаб сияқты жартылай фабрикат түрінде де, ішінде балалар тағамдары бар консерві ретінде де дайындалады. Құс фабрикасының орналасуы екі ауыл үшін де жақсылықтары бар. Ау­ылдарға табиғи газ келеді. Фабрикада әзірге 270 адам жұмыс істеп жатқан бол­­са, компания толық қуатына қосыл­ғанда қосымша 230 адам жұмысқа қа­был­данады. Қаладан шалғай жатқан фаб­рикаға әрине сырттан емес, қол со­зым жердегі ауылдардың жастары келеді. Құс фабрикасы ашылар салтанатты кеште оны да байқадық. Қолында дәм­ді тағамдары бар кейуана келіпті. “Ау­ыл­дың іргесінде осындай жақсылықтар бо­лып жатқанда үйде байыз тауып отыра алмадым. Ауылымыздың жаны­нан әл­ем­дегі үздік құс фабрикасы ор­найды дегенді ойымыз түгіл түсімізде көрмейтін едік. Жұмысты болатын бол­дық деп жастарымыз қуанып жүр. Әлдебір газеттер Қазақстанда түйме де шыға­рыл­майды деп ащы запыранын сапырады да жүреді. “Көрмес түйені де көрмес” деген. Апыр-ау, өз елін жа­ман­дағанда сол шіркіндер не опа табар екен. Елдің ішіне іріткі салғанша өздері мақтайтын елдерге кетпей ме. Көше сыпыруға да алмайды ғой оларды. Қай­тейін-ай. Әйт­песе, бәрін көріп отырмыз ғой. Қай­сы­бір жылы Оңтүстікте жи­ыр­ма мектеп салынды. Ауруханалар, жолдар салы­нып жатыр. Теледидар қара­саң күнде әр ауданда жаңа ғимараттар беріліп жат­қанын көресің. Қазақты өзгелермен теңестіріп, ел қылған Елбасымызға рахмет. Ал, балалар, қазақтың бір кемпірі солай айтты деп елдің атынан рахмет айтыңдаршы. Жақсылықтарға жаршы болып жүр­ген ана жүрегіне сүйсіндік. Құс фабрикасы бірінші кезекте 5 мың тонна, толық қуатына жеткенде жылына 10 мың тонна ет өндіреді. Бұл сізге пәленбай жыл тоңазыт­қышта қатып, сөлінен айырылған “Буш­тың сирағы” емес. Қазақстандық өнім. Тағаев бір данасы 1,3 еуроға түсіп отырған жұмыртқаны Канададан та­сы­малдауға құлықты емес. Құстың жай­ын жақсы білетін маман оны да өзіміз дайындауға қол жеткіземіз деп отыр. “ҚазАгроФинанс” мемлекеттік ме­ке­месінің еншілесі “ҚазАгроФинанс” АҚ қаржыландырған құс фабрикасы астық өсіруші диқандар үшін де қо­лайлы болып тұр. Еккен жүгері, бидай, арпасына сұраныс бар. Алып құс фабрикасы осылайша талай күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатпақ. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.