Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы айрықша маңызды оқиғаларға толы 2010 жыл да мерейлі межесін алтын жылнамамызға қаттағалы тұр. Ол берекелі – мерекелі күндерімізге, әлем назарындағы үлгі алар үрдістерімізге толы болды. Еліміздің жаһан саясатындағы жол бастар қадамдары мен жарқын үні өркениеттер өрісіндегі адамзаттың жарасты ықыласын танытып отыр. Әсіресе, қыран мінез, барыс жүрек Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын абыроймен атқарып, Ұйымның 11 жыл бойы толғаныспен торығып, жіңішкере бастаған үміт жібін қайта жалғап, өзінің жаңа Астанасында Саммит шақырып, тағдыршешті мәселелер мәмілесін жасауы біз өмір сүріп отырған дүние-жалған алдындағы басты парызын орындауға бекемдігін білдіреді. Әлем тынысы кеңейді.
Бұл жүрегі мен тілегі бір қазақстандықтардың бауырмалдығын биіктеткен жеңіс еді. Ортақ үйіміздің түтіні түзу шығуы – ортақ ойлау, байыпты байлам, ақылды тоқтамның нәтижесі. Өңірлеріміз ғаламат қозғалыстар мен өзгерістер құшағында. Көсегелі елдің көреген көсемі де бар. Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев абыройымыздың ақ жібін нықтап, көк Туымызды асқақ желбіретіп келеді.
Өңірлердегі өрісті өзгерістер осылайша өркенімізді өсіріп отыр. Бұл орайда, астаналық облыстың – Сарыарқа төріндегі Ақмоланың айрықша екпін тастайтын жөні де, орны да бар. Елбасының өз Жолдауындағы мемлекеттік бағдарламаларды мүлтіксіз орындау жөніндегі тапсырмалары қызмет қарымын айқындайтын басымдықтарға айналды. 11 айдың өзінде ғана 158 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Жыл соңына дейін оның көлемі 170 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл – бұрын-соңды болмаған әрі нық сенімге негізделген көрсеткіш. Өйткені, сала өкілдері биыл индустриялық-инновациялық үдемелі даму шеңберіндегі 62,2 миллиард теңгелік маңызды төрт нысанды қатарға қосты. Елбасы Н. Назарбаев Васильков кенішіндегі заманалық алтын айыру фабрикасын арнайы келіп ашып, кәсіпорынға «Алтынтау Көкшетау» деген әдемі ат қойғаны жұртшылық жігерін тасытты. Фабрика қазірдің өзінде 4 тонна алтын өндірсе, жуық болашақта жыл сайын 15 тонна бағалы өнім алынбақ. Сол «Алтынтау Көкшетауымыз» күні кеше Президент тағайындаған «Инновациялық серпіліс» сыйлығының тұңғыш жеңімпазы атанды. Ал, ең ардақты «Алтын сапаны» «Родина» агрофирмасының басшысы Адам Сауэр иемденгені өңірдің өркені биік екендігін танытады. Сондай-ақ, Степногор қаласындағы «Жылыжай технологиясы» ЖШС Президенттің тікелей эфир байланысында салтанатпен ашылды. Мұнда жылына 1832 тонна көкөніс өндіріледі деп жоспарланса, оның алғашқы легі ел дастарқанын әрлендіріп үлгерді. Сонымен қатар, Көкшетау қаласындағы «ЕНКИ» серіктестігінің әлемдік стандарттар талабына сай керамикалық кірпіш зауыты Елбасының 21 желтоқсандағы кезекті тікелей телебайланысында ашылатын болды. Жалпы, ақмолалықтар жылды осындай 11 жобаның іске қосылуымен қорытындыламақ. Бұған қосымша Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге 18,9 миллиард теңге жұмсалып, қыруар нысандар қатарға қосылғанын айтқан жөн. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және оны тұрақтандыру мақсатында тауар өндірушілермен 297 келісім жасалып, кең көлемде ұйымдастырылған 534 жәрмеңкеде 800 миллион теңгенің өнімі сатылғаны алыс-берістің молайғандығын айқындайды.
Облыста 150 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліпті. «Жол картасын» жүзеге асыру нәтижесінде көптен күткен инфрақұрылымдар игілік төгіп, 16 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Ел тұрмысын жақсартқан жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» түрінде жалғасын таппақ. Оған республикалық бюджеттен 645,2 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.
Ақмолалықтар Елбасы ерекше назар аударған Астана қаласы маңындағы елді мекендерді дамытудың кешенді жоспарын орындау үдесінен шыға білді. Шараны жүзеге асыруға 40,4 миллиард теңге қаржы жұмылдырылатын болады. Оған жергілікті бюджеттен тағы да 4,3 миллиард теңге бөлінбек. Президенттің биылғы сапарынан кейін Ақмол ауылы танымастай түрлене бастады. Мұнда көпқабатты үш тұрғын үй, бала бақшалар, әлеуметтік және әкімшілік ғимараттар бой көтерді. Алдағы үш жылда Целиноград, Аршалы және Шортанды аудандарының агломерациялық аймаққа жататын 20 қонысында 200 шақырымдық жол, денсаулық сақтау мекемесінің 17 нысаны, 10 балалар бақшасы мен 6 мектеп құрылысы, 280 шақырымдық су жүйесі мен 845 шақырымдық электр желісінің құрылысы жүргізілмек.
Еліміздегі тұңғыш алты жолақты автобан Астанадан Бурабайға тартылғаны, оның Көкшетауға жетіп, Петропавлға дейін жалғасын табатыны туризм индустриясының тынысын ашатыны белгілі. Қазірдің өзінде Бурабайда мемлекеттік әмбебап нысандармен қатар, инвесторлар қолымен көтерілген ғимараттар көркем өңірді әп-сәтте әрлендіріп тастады. Жұмыс қарқынды жалғасын тауып отыр. Келесі жылы Бурабайдың инфрақұрылымын жетілдіру құжаттарын рәсімдеуге ғана облыс 148,6 миллион теңге жұмсауды жоспарлаған. Осының нәтижесінде, жаңа шаңғы-роллер трассалары, яхт-клуб, ашық және жабық теннис кордтары салынып, желкенді спорт түрлері дамымақ.
Тәуелсіздік жемістері еліміздің ішкі саясат институттарының белсенділігі артқандығымен де толыққандығын мақтан етуге тиіспіз. Облыста 9 саяси партия тіркелген. Саяси аренадағы басты топтастырушы күш ретінде «Нұр Отан» ХДП халық беделіне ие болды. Кешегі Саммит Қазақстанның азаматтық қоғам орнатуға беріктігін дәлелдеп берді. ТМД аумағында тұңғыш құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік мүдделерді алға жылжытушы қуатты құрылымға айналды. Облыстағы 311 діни бірлестік, 161 этномәдени бірлестік жарастық атты қымбат қазынамыздың қадірін арттыра түсуде.
Әрқашан әдемі ой-ниеттің жетегінде болған жақсы. Жыл ауқымындағы кемшіліктер мен шалыс қадамдар жігерді жани түсетіні анық. Өйтпесе, жеңіс болмайды.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.