06 Қаңтар, 2016

«Жақсы көрсеткіш. Бұл – елдіктің белгісі»

519 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
egemen4Газетіміздің биылғы жылғы бірінші нөмірінде «210 932!» деген тақырыппен жарияланған кіріспе іспеттес мақаланың ізін интернет-сайт арқылы қуалап жеткен комменттер авторларының бірі ойын тап осылай: «Жақсы көрсеткіш. Бұл – елдіктің белгісі!» деп білдіріпті. Көрнекілеп көрсетілген осы айшықты көрсеткішке байланысты біздің де тұжырымымыз осындай. Сондықтан осы мәтінді тақырыпқа шығардық. Бұл жерде «көрсеткіш» деп отырғаны­мыздың нендей нәрсе екенін осы мақаладан хабары бар оқырман бірден біле қойған шығар деген ойдамыз. Әңгіме газетіміздің биылғы жылғы таралым саны жөнінде болып отыр. Иә, «Егемен Қазақстан» 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап 210 932 дана тиражбен тарала бастады. Бұл – біздің еліміздің газеттері тарихында бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткіш. Екі жүз мыңдық межеге 2011 жылы жеткен еліміз­дің бас басылымы содан бері таралым санын жыл сайын сатылап өсірумен келеді. Ал биыл ол, тіпті, күрт көтеріліп, 210 мыңның үстіне бір-ақ шықты. Әлбетте, мұнда газетімізді жаздырып алу дәстүрінен айнымаған, сонымен бірге, қатары ұдайы толығып отырған оқырман қауымның еңбегі орасан зор. Осының өзі, расында, біздің елдігіміздің бір көрінісі тәрізді. Мұндай рухани жетістікке береке-бірлігі жарасқан, тату-тәтті елде өмір сүріп жатқан халық қана жете алса керек. Аталған мақалаға пікір қосушылар мұны да лайықты бағалай біліпті. Оқырмандар талқысынан еліміздің әр аймағындағы баспаханаларда газеттің қаншалықты мөлшерде басылып шығатыны да тыс қалмапты. Керек десеңіз, осының өзі де шын жанашырлықты танытады. Сондықтан бұған да сүйсіне қарағанымызды жасыра алмаймыз. Ал біз өз тарапымыздан сіздердің сүйікті басылымдарыңызды бұрынғыдан да тартымды, танымды, тағылымды, оқылымды ете түсу жолында қалам қайратын аяп қалмайтынымызды жеткізгіміз келеді. Енді оқырмандарымыздың мақаламен таныса сала, жөпелдемеде жазып жөнелткен жедел пікірлеріне кезек берейік. Журналист Тамаша табыс.  Құрмет «Егемен» қазақ газеттерінің ішінде өзгелермен терезесі тең биікке көтеріліп отыр. Қазақ елінің патриоттары үшін жаңа жылға сүйіншілі жаңалық.  Батырхан Басылым бекерден-бекер «Ел газеті «Егемен» деген атаққа ие болып отырған жоқ. Қашаннан сабырлы да салиқалы пікірімен халықтың сенімінен шығып келеді.  Рауан Қашанда халыққа жағымды жаңалығымен танылған газет. Елді жақсы күндерден үміт­­­тендіріп отырады. Сондықтан, халық та жақсы көреді.  Гүлзира Елдегі жағымды жаңалық­тар­ды халыққа жедел жариялап отырады. Қара аспанды төндірмейді, сонысы бәрінен жақсы.  Жаһангер Бұл көрсеткіш еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанның» биік беделін айғақтайды. Жа­қында ғана редакция жанынан жаңа ғимарат тұрғызылып, журналистер толық баспанамен қамтылды. Елдің әлеуметтік, саяси, экономикалық, рухани мәселелері жөнінде тереңнен ой толғап, ел сенімін қашанда ақтап жүрген бас басылымның отандық БАҚ-қа үлгі болар тұстары же­терлік. Оқырмандарыңыз бұдан да арта түссін дегім келеді.  Дариға Өте тамаша табыс. Қанша жерден әкімшілік ресурсы қо­сылды дегенмен, мынадай табыс­қа жету үшін де газеттің оқы­лымдылығы керек. Ал ауыл-ай­мақ­тарда, мектептер мен мәдениет мекемелерінің қалай дегенде де «Егемен Қазақстансыз» күні жоқ. Олар өздеріне керекті саяси-тарихи ақпараттың денін осы басылымнан алады.  Қайрат, Оңтүстік Қазақстан «Егеменнің» «етжеңді» нө­мірін сүйіп оқимын. Онда тарихи, рухани, танымдық, әдеби, құқықтық тақырыптарда жа­зылған керемет мақалалар жарияланады. Газет беттерінен өзге бірде-бір баспасөз құралдарында кездеспейтін тың материалдарды кездестіруге болады. Одан әрі дамып, өркендеулеріңізге тілектеспін.  Омар Құрмет, қателеспеңіз, «Еге­мен» ­өзге­лермен «терезесі тең биікке көтеріліп» отырған жоқ. Ол баяғыдан қазақ газеттерінің флагманы, көш бастаушысы, ал басқа басылымдар оның жеткен биігінің жартысының жартысына да жеткен жоқ. Адам сөзді дұрыс құрастыра білуі керек, ойды дұрыс, ашық айта алуы керек.  Лиза Жақсы екен. Маңғыстау облы­сыныкін де аз көріп отырмын. 500 мың халықпен, көбісі қазақ бола тұра, 7 мыңға да жетпейді.  Ринат Қазақ баспасөзінің жетістігі. Жазар көбейсін!  Мағжан Үлкен табыс! Ел газеті оқыр­ман­дардан лайықты бағасын алып отыр.  Ғани Газеттің «етжеңді» нөмірлері қызықты оқылады. Күнделікті сандары да жақсы, оқылымды болып шығып жатыр.  Мақсат Жақсы көрсеткіш. Бұл – ел­діктің белгісі. Ел екенбіз, ағайын!  Қостанайлық Құтты болсын жаңа тираж! Қостанайға қатысты. Мұндағы демографиялық жағдайды және қалыптасып қалған мента­ли­теттi ескерiңiз, сонда бiздiң оң­түстiк қазақтарынан кем патриот емес екенiмiздi бiлетiн боласыздар!  Тұрар Шыны керек, «Егемен Қазақ­стан» газетін оқып отырып, елде болып жатқан жаңалықтарға мейлінше қанық боласың. Тәуелсіз еліміздің күннен күнге қарыштап, дамып жатқанын осы газетіміз алғаш болып хабарлап жатады. Ендігі бір өтініш: экономикалық дағдарыс Ұлы Дала еліне қанша­лықты кері әсерін тигізіп жат­қанын егжей-тегжейлі жазса­ңыз­дар екен. Қанша дегенмен, қуа­ныш пен қайғының қатар жүруі заңдылық қой.  Айқын «Егемен Қазақстан» қаншама ізгі тұлғалар қызмет етіп кет­кен халқымыздың тарихи газет­терінің бірі.  Айқын Жаса, Қазақ елі! Елімнің қуа­нышын құр жібермей, халқымның мерейін асырып тұрған бас газе­ті­міз! Әрбір санын жібермей оқып жүремін.  Есбол «Егеменнің» ұжымын бағын­дырған жаңа белестерімен құт­тық­таймын. Еңбектеріңіз жан­сын! «Анау – анадай, мынау – мы­на­­дай» деп, жұртты үркі­тіп-қорқыта бергеннен гөрі, ха­лыққа оптимистік пікір қалып­тастырып, алға жете­­­лейтін газет деп білемін мен мұны. Қатпарлы тарихы бар, еліміздің айтулы тұлғалары жұмыс жасаған аға газеттің қа­зіргі ұжымы да осал емес. Бәрін оқып-­біліп жүрміз. Алда да газет жұмысына сәттілік, жур­налистерге табыс тілеймін. Жаңа жылды жақсы табыспен баста­дыңыздар, жалғасын таба берсін!  Ықылас Университетте оқып жүрге­німде «Егемен Қазақстан» газе­тін іздеп қиналмайтынмын. Тиражы да аз емес. Алдағы уақытта Жапо­нияның күніне үш мезгіл шығатын газеттерінің дәрежесіне жетсін деп тілеймін!  Асылан Екі жүз мыңнан астам таралымы бар газеттің ел алдындағы беделі бәрімізге белгілі. Қарыштап дамыған үстіне дами берсін деп тілеймін!  Қасым, Шымкент Фаридат дұрыс айтады, Қостанай секілді бұрынғы екі облыстың басын қосып отырған аймақ үшін мына көрсеткіш әлі де төмен. Бұл облыста бұрынғы әкімнің кезінде қазақ тіліне тіпті де мән берілген жоқ, ол екінші не үшінші планға ығысып кетті. Босағадан сығалап қарайтын күнге жетті. Мұның бәрі соның салқыны болса керек.  Сафура, Астана Мен өзімнің туған Қызылор­дамның осынау ұлы көште Оңтүс­тік Қазақстаннан кейін екінші болып келе жатқанына қатты разымын. Қазағының саны жағынан ол Шымкенттен үш есе кем. Сол сияқты, қазақ­тары саны бойынша Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе секілді облыс­тардан да кейін. Бірақ мына көрсеткіші олардан әлдеқайда көп. Тәнтімін саған, Сыр өңірі!  Сәлімгерей, Атырау облысы Газеттің табысына сүйсі­ніп отырмыз. Бұл, шынында да, зор табыс. Онда газет жур­налистерінің инемен құдық қаз­ғандай ауыр бейнеттері жатыр. Ал, оның бір зейнеті осы – толағай таралым.  Алмас Өмірбек Тамаша көрсеткіш екен. Га­зет­тің бүкіл қызметкерлерінің, әсіресе, меншікті тілшілердің еңбегі бағалауға тұрарлық. Біздің Шығыс Қазақстан облысы 12 мыңға жетіп жығылған екен. Жақсы нәтиже. Осы қарқыннан таймаңыздар. Еңбектеріңіз же­місті болсын!  Әсел, Өскемен қаласы Бір ғасырға таяу тарихы бар «Егемен Қазақстан» газеті — бар­ша қазақ қауымы жұмыла оқи­тын, азаматтарымыздың дұрыс қоғамдық санасын қалып­тастырып отырған газет. «Егемен Қа­зақ­станды» универ­ситетіміздің кітап­­ханасынан, облыстық кітап­­хана­мыздан, ресми сайт­тан оқып отырамыз. Мате­риал­­дары мазмұн жағынан да, жур­на­лис­тердің тілді қолдану шебер­­лігі мен стилі жағынан да биік дең­гейде. Дүниетанымымды кеңей­тіп, әрдайым ақпаратпен қаруланып жүремін деген оқырман үшін ғана емес, жазу машығын қалыптастырамын, үлгі қыламын деген жас қаламгер үшін бір өзі бір мектеп.  Жанар Павлодар орыс тілді аймақ болса да көп тираж жасапты. Өңірлердегі журналистердің еңбегі ерен. Ауыр жұмысты ер азаматтармен бірдей көтеріп жүрген қыздарың қайратты екен, «Егемен»!