Мұнда қысқы және жазғы спорттың бірнеше түрімен жаттығуға мүмкіндік бар
Былтыр жобалық құны 3 миллиард теңге болатын спорт сарайының жұртшылық игілігіне берілуінің арқасында бірқатар қадау мәселелер өз шешімін тапқаны жайлы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан ЕСЕНАЛИН әңгімелейді. – Руслан Бақыттыұлы, қарасаң көз сүйсінетін әрі қаланың шырайын аша түсетін кешенді нысанның іске қосылуы облыс өміріндегі айшықты оқиға екені талассыз. Оның ашылу салтанатын жұртшылық қалай қабылдады? – Дене күшін жетілдіріп, саламатты өмір салтын серік еткен жерлестеріміздің қатары өңірімізде жыл өткен сайын молайып келеді. Бүгінгі күні солтүстікқазақстандықтардың 28,2 пайызы спортпен айналысады. Бұл – 160 мың адам қамтылды деген сөз. Оларға 2700-ге жуық спорт нысандары қызмет еткенімен, әлі де аздық қылатын. Әсіресе, гимнасшылар, акробатшылар, жеңіл атлетшілер, күштік жекпе-жек залдары, велотрек алаңдары жетіспейтін. Соның салдарынан басқа аймақтарда жаттығуға мәжбүр болатын. Жабық мұз айдынының болмауы салдарынан хоккейшілер командасын құру елеулі қиындық тудырып келген. Аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың тікелей қолдауымен тұрғызылған сән-салтанаты келіскен әмбебап ғимаратқа ересектермен қатар балалар да қатты қуанды. Спорт сарайының жобасы бойынша негізгі үш блок – жеңіл атлетикалық манеж, 1 мың жанкүйер тамашалай алатын жабық мұз айдыны және велошабандоздар мектебі орналасқан. Соған сәйкес шайбалы хоккей, коньки, шорт-трек, шағын футбол, волейбол, баскетбол, күш жекпе-жегі, таэквондо, дзюдо, бокс сияқты спорт түрлерімен әркім еркін шұғылдана алады. Велошабандоздарға лайықталған екі трек алаңы, тренажер, көркем гимнастика, акробатика залдары жұмыс істейді. Әмбебап спорт залы 500 орынға шақталған. Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің жеңіл атлетшілері, гимнасшылары мен акробатшылары, хоккейшілері бұған дейін тар жерлерде қысылып-қымтырылып келсе, енді оларға да жан-жақты жағдай жасалған. – Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, атақты жерлесіміз Александр Винокуровтың жолын қуған ізбасарлардың да жаттығу мәселесі шешілген болар? – Иә, қыс айларында тынымсыз жаттығу жұмыстарын жүргізетін кең спорт залдарының болғанына не жетсін! Бұдан кейін жас өрендердің велоспортқа қызығушылығы артпағанда қайтеді? Өңір велошабандоздары өткен маусымды тамаша жетістіктермен қорытындылады. Еліміздің төртінші спартакиадасында жалпыкомандалық есеп бойынша жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Алексей Луценко әлем жеңімпазы атанса, кәсіби велокоманданың сапында Руслан Тілеубаев, Арман Қамышев, Бахтияр Қожатаев тамаша өнер көрсетіп жүр. «Астана» құрлықтық командасының мүшелері Жандос Бижігітов, Тілеген Майдос, Виктор Окишев, Вадим Галеев халықаралық, республикалық сайыстарда топ жарды. Азия ойындарының күміс жүлдегері Олег Земляков болашағынан үлкен үміт күттіреді. Велоспорт мектебі жұмыс істеген 17 жыл бедерінде 1 еңбек сіңірген спорт шебері, 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 20-ға жуық Қазақстанның спорт шебері әзірленді. Жуырда елордалық «Astana Pro Team» велокомандасымен екі жыл келісімшарт жасасқан Бахтияр Қожатаевқа халықаралық дәрежедегі спорт шебері куәлігі тапсырылды. Конькишілеріміз бен акробатшы-гимнасшыларымыздың ерен табыстары қалай ұлықтасақ та жарасады. Оған халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Роман Креч пен Дмитрий Бабенконың конькимен сырғанаудан ел мерейін өсіріп жүргендері дәлел. Роман Сочи Олимпиадасында 500 метр қашықтықта 7-ші орынды иемденіп, ұлттық рекордты жаңартса, Германияда әлем кубогының кезекті кезеңінің жеңімпазы болды. Олеся Колышева көркем гимнастикадан, Виталий Дель акробатикадан халықаралық додаларда жасындай жарқырап жүр. – Айтпақшы, жеңіл атлетшіміз Ирина Эктова биылғы Олимпия ойындарына лицензия ұтып алған жоқ па? – Иә, Рио де Жанейро қаласында өтетін байрақты бәсекеге қатысатыны бәріміз үшін зор қуаныш. Ол Қазақстанның жастар біріншілігінде үш қарғып секіруден 14,32 метр нәтиже көрсетіп, қарсыластарынан басым шықты. Мұның алдында атақты желаяқ Ғ.Қосановты еске алуға арналған халықаралық жарыста бірінші орынды жеңіп алған болатын. Жеңіл атлетшілер Маргарита Мұқашеваның, Ирина және Евгений Эктовтардың, велошабандоздар Алексей Луценконың, Артем Захаровтың, Наталья Сайфутдинованың, зілтемірші Айдар Қазовтың Олимпиадаға бару мүмкіндіктері мол. Сөз арасында солтүстікқазақстандық спортшылардың 16 әлемдік, 15 азиялық, 48 халықаралық, 154 елішілік жарыстарға қатысып, жалпы жиынтығы 530 медаль ұтып алғанын, олардың 194-і олимпиадалық спорт түрлеріне жататынын айта кеткен жөн. Халықаралық, республикалық бәсекелерде үздік көрсеткіштерге жетіп жүрген 90 спортшы облыс әкімі шәкіртақысының иегерлері. 6 жаттықтырушы мен спортшы пәтерлерге қол жеткізді. Бұрнағы жылға қарағанда спорт нысандары 374 бірлікке көбейіп, спорт алаңдарының тапшылығы айтарлықтай азайды. Шағын футбол алаңдары мен хоккей корттары көптеп салынды. 3 спорт клубы құрылды. Солтүстік Қазақстан кәсіптік-техникалық колледжі жанынан «спорт жөніндегі жаттықтырушы» бөлімі ашылып, 75 студент білім алады. Олардың 35-іне әкімнің шәкіртақысы төленеді. Биылғы жылы Новоникольское және Жаңажол елді мекендерінде денешынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтеретін болады. Кішкенекөл ауылында осы үлгідегі нысанның жобасы жасалды. – Ескі жылға өкпеміз жоқ, жаңа жылда көңіліміз тоқ болсын. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.Қарағанды облысында алты жасар бала мұзға батып кетті
Төтенше жағдай • Бүгін, 16:22
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Бүгін, 15:45
Семейде 22 жастағы жігітті азаптап өлтірген күдікті 12 жылға сотталды
Қылмыс • Бүгін, 15:20
Қар, көктайғақ және тұман: Қазақстанда ауа райы күрт құбылуы мүмкін
Ауа райы • Бүгін, 14:52
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Бүгін, 14:10
Шымкентте екі қабатты мейрамхана өртке оранды
Шымкент • Бүгін, 13:33