06 Қаңтар, 2016

Жауапкершілік жүгі қашанда ауыр

251 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
АстаевӘлемде орын алып жатқан қиындықтарға қарамай, былтырғы жыл еліміз үшін табысты болды. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ қызметіне кірісіп, ДСҰ-ның толыққанды мүшелігіне өтіп, Еуропалық одақпен арадағы әріптестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге қол қойылды. Ең бастысы – Мемлекет басшысының бес институттық реформасы шеңберінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы бастамаларды заңнамалық қамтамасыз етуде Парламенттің үлесі зор екендігін айта кеткен орынды. Былтыр нендей шаруалар атқарылды деген сауалымызға жауап алу үшін біз Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Ертарғын АСТАЕВПЕН жолығып, әңгімелескен едік. – Ертарғын Кәкімбекұлы, Ұлт жоспарын орындауға депутаттар белсенді араласып келе жатқандығын көріп жүрміз. Дей тұрғанмен, осыны нақты мысалмен тарқатып айтып берсеңіз. – Әрине. Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін қажетті 59 заңнамалық акт қабылданған болса, соның ішінде 4-еуі Конституциялық заң, 3-еуі кодекс, 14-і дербес заң және қолданыстағы заңдарға өзге­рістер мен толықтыруларды көз­дей­тін 38 заң. Бұл ретте, Парла­мент қарауына ұсынылған жалпы заң­дардың 12-сіне депутат­тар баста­машы болса, 47-сі Үкімет тара­пынан әзірленгендігін айта кету ке­рек. Заң жобаларын тал­қылау ба­рысында Сенат депутат­тары олар­дың сапалық және маз­мұн­дық жағынан жетілдіруді қамта­масыз ететін 800-ден астам ескерт­­пелерді ұсыныпты. Оның ішін­­де 600-ден астам түзету қабыл­­дан­ғаны тағы белгілі. Коми­тет­­тер жұмыс топтарындағы отырыстарында сенаторлар әртүрлі мемлекеттік органдардың заң жоба­ларын әзірлеушілермен, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы мен өзге де үкіметтік емес ұйымдардың өкіл­дерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, заңнаманы жетілдіруге барын­ша атсалысты. Талқылау бары­сында Мәжіліс мақұлдаған 7 заң жобасына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу қажеттілігі туын­дағандығын да қаперге сала кет­кен жөн. Мәжіліс келісімін берген­нен кейін ол түзетулер қабыл­данды. Сөз реті келгенде, өзім мү­шесі болып табылатын Қар­жы және бюджет комитеті 10 заң жо­басы бойынша жұмыс істеген­дігін де айта кеткен орынды. – Осы заңдық құжат­тардың қайсылары бес инсти­туттық реформаның қай бағыт­­тары бойынша қабыл­данған­дығы жөнінде нақты сараптама бар ма? – Жоғарыда жаңа 59 заңның қабылданғанын айтып кеттік. Соның ішінде 4 заң бірінші бағытына (1-15 қадамға дейін) бағытталған. Ал 8-і – екінші бағытына (16-дан 34-ші қадамға дейін), 30-ы – үшінші бағытына (35-тен 84-ші қадамға дейін), 6-уы – төртінші (85-тен 90-шы қа­дамға дейін) және 11-і – бесін­ші бағытына (91-ден 100-ші қадамға дейін) жатады. Бұл жерде ерекше айта кететін жайт, сарапшылар әлемдегі қолайсыз макроэкономикалық жағдайға қарамастан, басқару құрылымын өзгерту, дамудың жаңа бағдар­ламаларын дайындау және өзге­рістерге жоғары деңгейде дайын болу жайлы мемлекеттің шешім қабылдауы еліміздің ілгерілеу бағытындағы рейтингін өзгерту үшін жасалған амалы деп бағалап отыр. Шынында да солай. Біз еліміздің дамуы жолындағы бар­лық кедергілерді алып тастап, да­муға даңғыл жол салатын алғы­шарттарды жасауға бел­сене кірісіп кеттік. Биыл қара­шада Дүниежүзілік банктің Doing Business – 2016 бизнес жүргізудегі жайлылық рейтингі бойынша баяндамасы шықты. Егер сол баяндамаға қарайтын болсақ, Қазақстан өз позициясын 12 пунктке жарсартқанын көреміз. Яғни, 41-ші орынға тұрақтаған Қазақстан бизнес жүргізуді жеңілдететін шынайы жақсартулар орын алған елдердің ондығына еніп отыр. Бұл – үлкен көрсеткіш, жақсы нәтиже. Әрине, біз осымен тоқтап қалмаймыз. Алда әлі де көптеген ауқымды жұмыс күтіп тұр. – Мемлекеттің мерейі қызмет­шілерінің адал да қажырлы ең­бегінің арқасында артатыны бел­гілі. Осы тұрғыдан келгенде, «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік қызметі туралы» Заң қабылданды. Енді осы заңға қысқаша тоқтала кетсеңіз. – Иә, бұл заңның негізгі мақ­саты мемлекеттік қызметке кірумен, оны өткерумен және тоқ­татумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу болып та­былады. «Б» корпусының мем­лекеттік әкімшілік лауазымдарына азаматтарды іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп отыр. Осы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына алғаш рет немесе қайтадан кіретін азаматтар бірқатар сынақтардан өтуі тиіс. Тест тапсырғаннан кейін үміткер уәкілетті органның қорытындысын ала отырып, жеке қасиеттерін зерделеу жолымен бағаланады және жалпы конкурсқа қатысады. Орайы келгенде мұндай конкурстық іріктеу жалпы және ішкі конкурстар болып бөлінетіндігін айта кеткен жөн. Ең бастысы, мемлекеттік қызметшілердің атқаратын лауазымына сай болуын тексеру мақсатында «Б» корпусының мемлекеттік қызметіне кіру кезінде сынақ мерзімі көзделген. – Индустриялық-инно­ва­ция­лық саясат және эконо­ми­калық өсім салық саясатынсыз болмайтыны белгілі. Осы бағытта нендей тетіктер қолға алынуда дей аламыз? – Ұлт жоспарының үшінші бағыты ел экономикасында түбе­гейлі құрылымдық реформалар кешенін өткізумен байланыс­ты 50 қадамды айқындайды. Инвестициялық стратегиялық жо­баны іске асыратын ұйымдар корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан және мүлік салығынан босатылатындығын айта кету керек. Осылайша стра­тегиялық инвесторларды тар­ту мен ғылыми қамтымды өнді­ріс­терді салу арқылы қайта өң­деу­ші секторды барынша дамыт­қанымыз жөн. Осы мақсатта «Қа­зақ­стан Республикасының кей­бір заң­намалық актілеріне индус­триялық-инновациялық саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдық құжатты қабылдау арқылы қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру, нақты өндірістік жобаларды іске асыру үшін жоғары технологиялық компанияларды тарту және туризм индустриясы мен энергия сервистік қызметтер нарығын одан әрі жүйе­лі дамыту көзделген. Әсіресе, мем­лекетпен трансұлттық кор­порациялардың қатысуымен бір­лескен кәсіпорындар құру, сон­дай-ақ, шетелдік инвестициялық қорларға үлестік қатысу да қаржыландырылатын болады. Ин­но­вациялық кластерге қаты­су­шылар тізбесіне шетелдік инвес­тициялық қорлар да қосылады. Әрине, мұның барлығында салық саясатының өзіндік ықпалы бар. Дей тұрғанмен, әлеуметтік әлсіз топтарды қолдауға ерекше мән беріліп келеді. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап халықтың жекелеген санаттары үшін салық салынатын кіріс мөлшері үшін ең төменгі жалақының 55 еселенген мөлшерінен 75 еселенген айлық жалақы мөлшеріне дейін кеңейтіледі. Тарқатып айт­қанда, олар: Ұлы Отан соғы­сы­на қатысушы және оған теңес­тірілгендер; І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер; мүгедек балалардың ата-аналары, қамқоршысы, асырап алушысы және басқалар. Тағы бір айта кететін жайт, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ІІІ топтағы мүгедектер мүлік салы­ғын төлеуден босатылады. Сол кезден бастап төлем көзіне салық салынатын жұмыскердің кірісі анықталған кезде міндетті медициналық сақтандыру жарналары зейнетақы жарналары сияқты салық шегерімдеріне жат­қызылады. – Рақымшылық жасау мә­се­лелеріне қатысты заңнамалық актілерге   өзгерістер мен толық­тырулар енгізілген-ді. Осы бо­йынша не айтасыз? – Жаппай декларациялаудың және «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмыс іс­теуі­нің басталуымен мүлікті жария ету мерзімі 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылғанын білесіздер. Нақтырақ айтар болсақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заң ке­зең-­кезеңімен енгізілетін кейбір ережелерді қоспағанда, 2017 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап күшіне ене бастайды. Бірінші кезекте активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар қызметкерлері және ұлттық компаниялар жұмысшылары ұсынуы көзделіп отыр. Келесі кезеңде (2018-2020 жылдар) активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны барлық жеке тұлғалардың ұсынуы қарастырылған. Тағы бір айта кетпегім, мына «Қазақстан Републикасының кей­бір заңнамалық актілеріне оң­ал­ту және банкроттық мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң «100 нақты қадам» Ұлт жос­парының 56-қадамын орындау шеңберінде әзірленген. Бұрын банкрот деп танылған кәсіпорынды жауып, жұмысшыларды тарқатып жіберетін едік. Қазір жағдай тіпті басқаша қалыптасатын болады. Атап айтқанда, борышкер-бан­кроттың оңалту жоспарын жасауын және оны барлық кредиторлармен келісуі заңмен белгіленіп отыр. Сонымен қатар, кредиторлар тарапынан бітімгершілік келісімді жасасу туралы шешім кредиторлар жиналысында қабыл­данады. Бұл орайда банкрот тарапынан – мүліктің меншік иесі және банкроттықты басқарушы қабылдайды. Ал бітімгершілік келісімде банкрот міндеттемелерін орындаудың тәртібі мен мерзімдері берілуі қажет. Келісімді сот бекітетін болса, оны бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары бойынша берешектерді толығымен өтегеннен кейін ғана бекітетіні белгілі. Ең бастысы – заңда фирмалық атауы мен тауар белгісін қоса алғанда, сатып алушыға меншік құқығын бере отырып, кәсіпорынды тұтастай мүліктік кешен деп сату мүмкіндігі қарастырылған. Осылайша, банкроттық жағдайда кәсіпорын жұмыс істеп, жұмысшылар далада қалмайтындай жағдайлар қарастырылып отыр. – Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесі бұған дейін де құрылмақшы болып сәтсіздікке ұшырағаны әлі есімізде. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін Парламент арнайы заң да қабылдады. Осы жағына тоқтала кетсеңіз. – Иә, Парламент тарапы­нан «Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру туралы» Заң жақында қабылданғаны белгілі. Бұл заңдық құжат Ұлт жоспарының 80-қадамын іске асыруға бағытталған. Бұл жерде азаматтардың жекелеген санаттары үшін мемлекет жарналарының мөлшері (халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына) сатылап көтеру арқылы орташа айлық жалақының 7 пайызын: 2017 жылы 4 пайызды, 2018 жылдан бастап 5 пайызды, 2013 жылы 6 пайызды, 2024 жылдан бастап 7 пайызды құрайды. Жұмыс берушілер аударымдарының мөлшері кірістің 5 пайызын, ал 2017 жылдан 2 пайыздан басталып, 2018 жылы 3 пайыз, 2019 жылы 4 пайыз және 2020 жылы 5 пайыз болып белгіленген. Орайы келгенде айта кету керек, аталған аударымдар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жататын болады. Ал жұмыскерлер жарналарының мөлшерлемесі кірістің 2 пайызын, олардың аударымы 2019 жылдан 1 пайызды, ал 2020 жылдан 2 пайызды құрайды. Бұл жерде аталған жарналар жеке табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатады. – Қоғамда жиі талқыға салынатын мемлекеттік сатып алудың жай-күйі қазір қалай қалыптасуда? Жақында, тіпті, арнайы заң да қабылданды. Оның артықшылықтары қайсы? – Қолданыстағы заңмен салыстырғанда «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның бірнеше жаңашылдықтары бар. Таратып айтар болсақ, мұнда алдын ала біліктілікті іріктей отырып конкурс өткізу қарастырылып отыр. Сонымен қатар, конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылау да назардан тыс қалмаған. Тек электронды форматта ғана шарт жасау­ды көздейтін талап та заңда көрініс тапқандығын реті келгенде айта кеткен дұрыс. Олай болса, білікті де әлеуетті өнім берушілердің тізілімін жасау да қаперде болады деген сөз. Шарт бойынша өнім берушіге толық төлем жасау үшін нақты мерзімдерді белгілеуді ендіруге қатысты болатыны да жазылған. Реті келгенде жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру жайын да сөз ете кетпекпін. Қазіргі таңда са­тылымға 415 нысан қойылса, соның 228-і сатылған. Оның ішінде республикалық меншіктен 11 нысан, ал коммуналдық меншік бойынша – 107, ұлттық компаниялардың активтері – 60, ұлттық холдингтердің активтері – 50. Түскен қаржы туралы айтар болсақ, республикалық бюджетке 3,3 миллиард теңге, облыстық бюджетке 2,9 миллиард теңге, холдингтерге 67,3 миллиард теңге және ұлттық компанияларға 2,9 миллиард теңге. Сондай-ақ, қазір құны 170,5 миллиард теңгені құрайтын 185 нысан сатылымға қойылғандығын айта кетпекпін. – Тұщымды да қамтымды әңгімеңіз үшін рахмет. Әңгімелескен Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».