06 Қаңтар, 2016

Ақтөбеде жаңа бизнес орталығы ашылды

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
06-01-2016-aktobe 01АҚТӨБЕ. 6 қаңтар. Ақтөбе қаласында жаңа жыл қарсаңында бірнеше нысан пайдалануға берілді. Соның бірі – Сәңкібай батыр даңғылында бой көтерген «Прогресс» бизнес орталығы. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Заманауи жаңа бизнес орталықтың салтанатты ашылуына қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл нысанның бизнес қауымдастығы үшін жаңа жылдық тарту болғанына тоқтала келіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жеке қаржысын салған кәсіпкерге ризашылығын жеткізді. Өңір басшысы бүгінгі күні облыста 52 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейтінін, бизнестің дамуына қолдау көрсетудің жалғастырылатынын атап өтті. Бердібек Сапарбаев орталықты аралап көріп, Еуропалық қайта құру және даму банкінің, ақпараттық технологиялар саласында қызмет көрсететін «Adal Traffic» компаниясының және жасөспірімдердің шығармашылығын дамытуға арналған «Медиа Про» продюсерлік орталығының кеңселерімен танысты. Продюсерлік орталықта өңір басшысы актерлік өнер бойынша дәріс алып жүрген оқушылардың өтінішімен «Жұлдыздар қабырғасына» алғаш болып өз қолтаңбасын қалдырды. Бизнес орталығын салуға «Норис и К» ЖШС 850 миллион теңге мөлшерінде жеке инвестициясын салған. Серіктестік директоры Ербол Жаржановтың айтуынша, бұл бизнес орталығы – жоғары комфортты жаңа заманауи кешен. Сегіз қабатты, жалпы ауданы 8 200 шаршы метр болатын ғимаратта түрлі компаниялардың кеңселері орналасады. Құрылыс жұмыстарына пайдаланылған материалдардың 80 пайызы қазақстандық үлес екенін атап өткен жөн. Қала бойынша «А» класының талаптарына сәйкес келетін жалғыз бизнес орталығында 60 орынға арналған жерасты автотұрағы бар. Ғимарат кәсіпкерлердің бизнестерін табысты түрде жүргізуі үшін қажет қондырғылармен жабдықталған, оптикалық-талшықты телекоммуникация, бейнебақылау және өрттен қорғау жүйелері, күзет қызметі, Оңтүстік Корея елінің Silver компаниясы шығарған дыбыссыз лифт жұмыс істейді. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек, сурет: egemen.kz.