14 Қаңтар, 2016

Шығыста амбулаторияға 3 млн. теңгенің жабдығын сыйлады

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
14.01.2016 AST-26 ӨСКЕМЕН. 14 қаңтар. Шығыс өңіріндегі Жарма ауданы Әуезов ауылының тұрғындарына қолайлы жағдай жасалып отыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Әуезов ауылының тұрғындары үшін енді Өскемен мен Семей қалаларындағы медициналық мекемелерге немесе аудандық ауруханаға жүгінудің қажеті шамалы. Олар уақыт пен қаражат шығындамай-ақ өз ауылдарында медициналық тексеруден өте алады. Яғни, ауылдың дәрігерлік амбулаториясында енді құны 3 миллион теңге тұратын қан құрамын тексеруге арналған құрал-жабдықтар мен аппараттар және көз тонометрі бар. Медициналық құрал-жабдықтар Жарма ауданы әкімдігі мен «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорыны» ЖШС арасында бекітілген әлеуметтік-экономикалық меморандум шеңберінде сыйға тартылды. Соның арқасында дәрігерлік амбулатория MicroCC-20 Plus гематологиялық автоматты анализатор аппараты мен СОЭ-метр ПР-3 құралы арқылы қан құрамын тексеруге арналған және ИГД-02 «ПРА» маркалы көз ішіндегі қысымды тіркейтін көз тонометріне ие болды. Құнды сыйлықтарды дәрігерлік мекемеге компания жетекшілері салтанатты түрде табыс етті. «Полиметалл» компаниясы кәсіпорын қызметкерлері мен ауыл тұрғындары жайлы тұрмыс кешуі үшін қолдан келген көмекті аянып қалмайды. Айталық, 2014 жылы дәрігерлік амбулаторияға науқастарды жедел ауруханаға жеткізуге және бастапқы медициналық көмек көрсетуге арналған жедел жәрдем көлігін тарту еткен едік. Ал 2015 жылы компания жетекшілігі амбулаторияның қасбетін жөндеуден өткізу және заманауи қажетті құрал-жабдықтар сатып алу жөнінде шешім шығарды», деді Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорынының бас директоры Юрий Овчинников. Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов «Полиметалл» компаниясының қарапайым ауыл тұрғындарына жасаған көмегін жоғары бағалап, өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлкен үлес қоса берулеріне тілектестігін білдірді. Думан Анаш. Дерек, сурет: egemen.kz 14.01.2016 AST-27 14.01.2016 AST-28