Туберкулез дертін халқымыз құрт ауруы деп сипаттайды. Бойында қырым артық еті жоқ, жүзі қуарып, ине жұтқандай иіліп жүретін адамдарды «мынау құрт ауруымен ауырған ғой» деп жатады.
Құрт ауруының емі деп қымыз, әсіресе, саумал жиі айтылатын. Емшілер иттің, шошқаның тіпті, аюдың майы мыңда бір ем дейді.
Алайда, мұның ешқайсысы адамның иммунитетін көтергені болмаса туберкулез дертін жаза алмайды екен. Бұл туралы Шымкентте өткен халықаралық ғылыми конференциядан соң баспасөз мәслихатында Туберкулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тілеухан Әбілдаев айтқан.
Өткен жылы облыстық туберкулезге қарсы диспансердің құрылғанына 90 жыл толған. Осыған байланысты Шымкенттегі ОҚО Мемлекеттік фармацевтикалық университетінде халықаралық ғылыми конференция өтіп, оған еліміздің барлық өңірінен осы саланың өкілдері келіп қатысты.
Облыстық диспансерді білікті маман, медицина ғылымдарының кандидаты Болат Сағымбеков басқарады.
Болат Салыбекұлы кезінде халқымызды баудай түсірген ауыр науқастың облысымызда емдеу ісі қолға алынғанына 90 жыл толғанына орай тарихын рет-ретімен жіліктеп берді.
Оңтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансер сол кездегі Сырдария губерниясының халқына арналып, 691 571 тұрғыны бар Шымкент қаласында шаңырақ көтерген екен. Бұл емдеу орталығы 25 төсек орынға ғана арналған. 1925 жылдан 1941 жыл аралығында В.В.Прошина, О.А.Нечаева, К.А.Лазаркевич – осы саланың алғашқы ұйымдастырушылары болыпты.
1952 жылдан 1962 жыл аралығында туберкулезге қарсы төсек орын қоры 5 есе көбейтілген. Алғашында медициналық мекемелер негізінде бірнеше төсек орынға арналған тубкабинеттер ұйымдастырыла бастаған. Осы ретте, Леңгір, Кентау қалалары мен Сарыағаш, Алғабас, Ленин аудандарында тубдиспансер бөлімдері құрылған. 1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы қызмет 225 төсек орындық диспансерлерден, 15 төсек орындық 6 тубкабинеттен, 200 төсек орындық 2 облыстық санаторийден, 820 орындық Республикалық деңгейдегі («Балықшы», «Ванновка», «Шымған») 3 санаторийді құраған.
Республика бойынша туберкулезге қарсы қызметті қалыптастыруда , туберкулезді анықтау мен емдеудің жаңа тәсілдерін ендіруде бұрынғы Шымкент облысы алдыңғы қатарда болды. 1959 жылдан бастап облыстық туберкулезге қарсы диспансерде туберкулездің созылмалы түрлерін хирургиялық жолмен емдеу қолға алына бастаған. Алғаш рет дәрігер хирург В.Малобродский интубациялық наркозды пайдаланып өкпе туберкулезіне ота жасаған. 1964 жылы туберкулезді хирургиялық жолмен емдеу, еңбекке қабілеттілігін оңалдыру арқылы емнің тиімділігі 85,5 пайыз жағдайға қол жеткізген. Осы жылы балалар бөлімшесі ашылған. 1964 жылы туберкулез ошағындағы балалар мен жасөспірімдерді оқшаулау мен химиопрофилактикалық еммен қамту және жыл бойы болатын балабақшалар мен мектеп интернаттарға орналастыру басталған.
Денсаулық сақтау саласының тәжірибелі ұйымдастырушылары Н.Ф.Маринич, Т.Оразалиев туберкулезге қарсы іс шараларды одан әрі жандандырады. 1963-1966 жылдары алғаш рет жылжымалы флюороқондырғылардың көмегімен тұрғындарды профилактикалық тексеру ұйымдастырылады.
1989-2001 жылдары туберкулезге қарсы қызметті облыстық мәслихаттың депутаты, медицина ғылымдарының кандидаты Сәулетбек Қалдыбайұлы басқарды. Бұл Одақтың тарау алды, эпидемиологиялық жағдайдың күрделенген, туберкулин, БЦЖ вакцинасы, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етудің нашарлаған кезеңі болатын.
1998 жылы Қазақстанда жаңа ДОТС бағдарламасы ендірілді. ДОТС бағдарламасымен науқастарды құнарлы тағаммен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету қолға алынды. Химиорезистентті туберкулезді диагностикалау жүйелендіріле бастады.
Туберкулезге қарсы бірінші қатардағы дәрілерге сезімталдық тестін қою ендірілді. С.Қалдыбайұлының қатысуымен Бәйдібек, Ордабасы аудандарында 1997-2002 жылдары «Шекарасыз дәрігерлер» атты халықаралық ұйым ашылып, қайырымдылық және тәжірибелік көмек көрсетілді. С.Қалдыбайұлының ісін денсаулық сақтау саласының тәжірибелі ұйымдастырушылары Б.Торгаутов, Д.Төлепбергенов, С.Сақыбаева, Ж.Спанқұлов, П.Бердалиевтер жалғастырды.
2011 жылға дейін облыстық туберкулезге қарсы қызмет 1790 төсектік диспансерден, 500 төсектік шипажайдан, 400 төсектік «Қазығұрт» мектеп-интернатынан, 180 төсектік 2 арнайы балабақшадан, 165 төсектік балабақшадағы сауықтыру топтарынан құралған болатын.
Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты 2011 жылы облыстық туберкулезге қарсы қызметті оңтайландыру басталды. Материалдық-техникалық базасы нашар, төсек қоры тиімсіз пайдаланылған диспансерлер қысқартылды. Облысымызда туберкулезге қарсы төсек орын қорын тиімді пайдалану мақсатында кезең-кезеңімен өткізілген оңтайландыру нәтижесінде 1790-нан 970-ке дейін қысқартылып, ал санаторлық сауықтыру төсек орындар 500-ден 730-ға дейін көбейтілді, 9 ауданаралық диспансерлер құрылып, туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына орай, 8 диспансер стационарсыз диспансерлік бөлімшелер болып қалыптастырылды. Бүгінгі күні науқастар ағымы бір стационарға бір ғана инфекциялық статуспен жатқызылады.
Облыс бойынша туберкулездің жұқпалы түрін анықтау мақсатында қосымша жаңа 6 микроскопиялық зертханалар ашылды. Бүгінгі күні облыс бойынша жалпы туберкулезге қарсы мекемелерде 18 бактериоскопиялық зертхана, жалпы емдеу саласында 26 зертхана қызмет атқарады. Химиялық резистентті туберкулездің бактериологиялық диагностикасы бір жүйеге келтіріліп, жолға қойылған. Жеделдетілген диагностикалаудың екі Бактек аппаратының көмегімен туберкулезге қарсы дәрілерге сезімталдық тестін қою әдісі, рифампицин препаратына сезімталдықты 2 сағатта анықтайтын малекулярлы-генетикалық G-Xpert экспресс әдісі ендірілген. Туберкулезге қарсы қызметтің рентгенфлюорографиялық қоры күшейтілген. Облыс бойынша 98 көпқызметті стационарлық диагностикалық рентген аппараты, 38 жылжымалы флюорографиялық қондырғылар алынған.
Науқастардың иммунитетін жоғарылату үшін саумал бағдарламасы қарастырылған. Саумал барлық науқастарға стационарда ем алу барысында, ересектерге арналған «Балықшы» шипажайында жалғастыру кезеңінде және сауықтыруда жүрген науқастарға қолданылады.
Атқарылған туберкулезге қарсы шаралардың нәтижесінде облыс бойынша туберкулезден эпидемиологиялық жағдай соңғы жылдарда тұрақтанып келеді екен. Соңғы он жылда туберкулез бойынша аурушаңдық халықтың 100 мың тұрғынына шаққанда 46,5 пайызға 105,8-ден 56,6-ға дейін, өлім көрсеткіші 3 есе 11,7-ден 3,8-ге төмендеген.
Туберкулез – оңай жазылатын дерт емес. Болат Сағымбеков осы ауруханаға бас дәрігер болып бекітілгенде Алматыдағы №7 қалалық аурухананың басшысы, медицина ғылымдарының докторы Болат Баймаханов телефон шалып құттықтайды. «Сенің жұмысың нағыз жалқаудың жұмысы ғой» дейді тілінің қотыры бар, трансплантация жасаудан республикадағы ең мықты маман. « Неге?» «Ауруға бір шелек дәрі бересің де, алты айдан соң «Қалай жағдайың?» деп сұрайсың. Басқа жұмысың жоқ қой».
Әзілге сүйесе де осы дертпен ауырған адамдардың ұзақ ем алатындығы белгілі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сейтжамал Пакеев Сағымбековты жылы орнынан суытып, осында әкелгенде бауы мен шуы шатысып жатқан емдеу орнын жөнге келтіреріне сенген.
Жақында әңгімелесу мақсатында ауруханаға барғанбыз. Тәртіпке келіп, мұнтаздай болып қалыпты. Қала орталығында қалып кеткен аурухананы сыртқа көшіру мәселесін Туберкулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың директоры Тілеухан Әбілдаев облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың арнайы қабылдауында айтқан. Құдай қаласа, ауруханаға көрші тұрғындардың наразылығын тудырған мәселе оңтайлы шешілмек.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.