15 Қаңтар, 2016

32 жастағы ананың 5 баласы үшеммен толықты

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Атырау облысының Құрман­ғазы ауданында тұратын 32 жас­тағы Самал Шамханова үшем туып, 8 баланың анасы атанды. Бұған дейін ері Дидарбекпен бірге 4 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп отырған Самал Шамханова құрсағына үшем біткенде төбесі көкке жетердей қуаныпты. «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» дейтін қазақы тәмсілді жетік білетін көпбалалы ана Самал да мұны Алланың ерекше сыйы деп қабылдаған. Әрине, дәрігерлер де Самалды ерекше бақылауға алыпты. Жаңа жыл қарсаңында, яғни, өткен жылдың 26 желтоқсанында Самал Шамханова үш ұлды бір мезетте жарық дүниеге әкелді. Оған, әрине, облыстық перзентхананың дәрігерлері ота жасау арқылы көмегін берді. Сөйтіп, ата-анасы өздерін көл-көсір қуанышқа кенелт­кен үш ұлға Әлемхан, Ерхан, Тілеу­хан есімдерін беріп­ті. Үшем­нің салмақ қосып, жағ­дайы жақсаруына бас-көз болып жүр­ген дәрігер-неонотолог Айгүл Сүндетованың айтуынша, 18 тәулік бойы үшем айрықша күтімге алыныпты. Осы аптада өмірге іңгәлап келген үшемнен соң 8 баланың анасы атанған Самал Шамханова облыс­тық перзентхана дәрігерлеріне алғы­сын жаудырып, Құрманғазы ауда­нындағы өз ауылына аттанып кетті. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.