Шүкір, қазір жыл сайын жол жағдайы жақсарып келеді. Облыс аумағынан 1894 шақырым республикалық дәрежедегі қатты жамылғылы жол өтеді. Соның 658 шақырымы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі болып табылады. Ендігі мәселе осы жолдардың бойында халықаралық стандарттарға сай сервистік қызметті дамыту болып отыр.
Облыстық әкімдікте өңір басшысы Бердібек Сапарбаев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және облыс кәсіпкерлері тарапынан жол бойы сервистік қызметін дамыту жөніндегі төртжақты меморандумға қол қою рәсімі болды. Шараны кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі жолдардың жағдайына тоқталды, 2016 жылы «Ақтөбе – Атырау» тасжолын жаңғырту басталатынын, «Астана – Арқалық – Ақтөбе» тасжолының құрылысын жүргізу де шешімін табуда екенін жеткізді. Сондай-ақ, «Ақтөбе – Ор» тасжолын күрделі жөндеу де ойластырылып жатқанын айтты.
– Біздің өңірден өтетін 1894 шақырым республикалық маңыздағы жол бойында небәрі 170 сервистік орталық бар. Солардың өзі халықаралық стандарттарға сай келмейді. Сондықтан күре жолдың бойында заманауи сервистік қызметті дамыту күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып отыр. Бұл бағыттағы жұмысты нақтылау үшін жол бойы сервисін дамытудың өңірлік картасы жасалып, жұмыс тобы құрылып, қай жерде қандай қызмет орналасуы керектігін анықтау керек. Біз өз тарапымыздан жер бөлуге, инфрақұрылым жүргізуге қолдау көрсетеміз. Бір сөзбен айтқанда, қолданыстағы және салынып жатқан жолдарды тиімді пайдалануымыз қажет. Бұл – Елбасы тапсырмасы. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бұл мақсатқа 100 миллион теңге бөлінді. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын табады, – деді өңір басшысы.
Өз кезегінде «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатов 2015 жылы 2 мың шақырым жол салу қолға алынып, соның 620 шақырымы пайдалануға берілгенін, 2016 жылы да 2 мың шақырым жол салынатынын жеткізді. Ол сондай-ақ, жол бойындағы сервистік орталықтарға кіреберіс жолды асфальттауға, оның айналасын, демалыс аумағын тазалауға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмек берілетінін айтты. Жалпы, жол бойындағы сервистік қызметті халықаралық стандарттарға сай келтіруге байланысты кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. Қазір жұмыс істеп тұрған сервистік орталықтардың 75 пайызы халықаралық стандарттарға сай келмейтінін айта келіп, олардың жабылмайтынын, қазақстандық стандартқа сай келетіндей қайта жарақтандырылатынын атап өтті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.