2015 жылы Маңғыстау өңірінде атқарылған елеулі жұмыстардың бірі де бірегейі – Бейнеу-Бозой газ құбырының пайдалануға берілуі болды. Бұл Маңғыстау облысының қияндағы Бейнеу ауданы аумағында ашылып, сол киелі өңірдің елеулі оқиғасы саналғанмен, пайдасын облыс аумағынан тыс облыстар, мыңдаған отбасы көретін нағыз игілікті іс болды.
Қазақ даласының жер қойнауы табиғи кен орындарына бай болғанмен, ел тарихында кез болған әртүрлі заман лебіне қарай оны толыққанды игеру, ел кәдесіне жарату ісі шұбалаңдап қалған болатын. Осының кесірінен еліміздің бірқатар өңірлері күнделікті тұрмыстарына өте-мөте қажетті көгілдір отынға қажеттілігін өзге елдер арқылы шешіп келген болатын. Бұл мүмкіндік ол елдермен жүргізілген жылы жүздесу, келісімдердің нәтижесі екені белгілі, әйтсе де қазақ «кісідегінің кілті аспанда» деп бекер айтпаған, яғни өзіңде болғанға не жетсін?!
Мемлекеттік «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында бұдан бес жыл бұрын қолға алынған Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральды газ құбырының жалпы ұзындығы 1475 шақырымды құрайды. Ал Бейнеу-Бозой бөлігінің ұзындығы 311 шақырым болса, оның 124 шақырымы Бейнеу ауданының аумағынан тартылған. Алғашқы үш жылда ұзындығы 1143 шақырымды құрайтын, жылдық қуаттылығы 6 млрд. текше метр газ тасымалдау мүмкіндігіне ие Бозой-Шымкент желісі пайдалануға берілсе, қалған Бейнеу-Бозой желісін пайдалануға беру 2016 жылдың көктеміне межеленген болатын. Алайда, жұмысты тиянақты ұйымдастыру және қарқынды жүргізе білген «ҚазТрансГаз» АҚ межені мезгілінен бұрын бағындырып, өткен желтоқсан айында, дәл тұрғындардың көгілдір отынды тұтыну мерзіміне еңсерді. Сондай-ақ, компанияның ұтымды іс жүргізудегі инновациялық шешімдері магистральдың бастапқы құнынан 150 млрд. теңгеге жуық қаржыны үнемдеуге қол жеткізді. Жалпы, ғасыр жобасының құны 3,6 млрд. долларға бағаланса, оның құрылыс жұмыстарына 90 пайызын өз отандастарымыз құрайтын 4 000-ға жуық адам атсалысты.
Аталмыш газ құбырының іске қосылуы арқылы Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарына, Талдықорған қаласы төңірегіндегі ауылдарға, барлығы 577 елді мекенге газ жететін болады. Бұлардың ішінде 230 ауыл Оңтүстік Қазақстан облысының аумағындағы елді мекендер, бірқатар ауылдар көгілдір отынға алғаш рет қол жеткізсе, енді біреулері Өзбекстан Республикасы газының тұтынушысы болып келген болатын. Компанияның табысты жүргізіп, сәтті еңсерген бұл жұмысы арқылы Қазақстандағы барлық магистральды газ құбырлары өзара тоғысып, тасымалдау, жеткізу, өткізу бағыттары бойынша бір жүйеге біріктірілді. Бұл еліміздің сырттан газ импорттамай, керісінше, өзге елдерге экспорттау мүмкіндігіне жол ашты. Жаңа газ желісі бірқатар мәселелерді шешумен қатар, алдағы уақытта тасымал қуаттылығын арттыру, өзге қалалар тұрғындарының да газға қолжетімділігін арттыру сынды жоспарларды жүзеге асыруға тиімді болып саналады.
Ал Маңғыстау өңірінде газ өндіру қуаттылығы қарқын алып келеді. 2014 жылдың 10 айында 1 млрд. 723 млн. текше метр көлемінде газ өндірілсе, 2015 жылғы осы мерзім ішінде ол мөлшер 2 млрд. текше метрді құраған.
Отандастарымызды өзгенің көгілдір отынына тәуелділіктен құтқарып, өз өнімімізді тұтынуға мүмкіндік берген «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының іске қосылып, пайдалануға берілуі 2015 жылғы Қой жылында ауыз толтырып айтуға тұрарлық жаңалық болды десек, қателеспейміз.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.