16 Қаңтар, 2016

Қазақстан Республикасының Заңы № 444-V ҚРЗ

297 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
Бағалы металдар мен асыл тастар туралы Осы Заң бағалы металдарды өндіру және бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдардың айналымы саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді. 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) асыл тастар – табиғи алмастар, зүбәржаттар, лағылдар, жақұттар және александриттер, сондай-ақ шикі (табиғи) және өңделген түрдегі табиғи інжу. Асыл тастарға бірегей кәріптас түзілімдері теңестіріледі; 2) асыл тастардың, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдардың сараптамасы (бұдан әрі – сараптама) – асыл тастарды сәйкестендіруді және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдардағы бағалы металдарды сынамалауды, сынамалау таңбалары бедерлерінің төлнұсқалығын тексеруді қамтитын, уәкілетті ұйымдар жүзеге асыратын сынақтарды ұйымдастыру және жүргізу; 3) асыл тастарды сәйкестендіру – асыл тастардың сынып­тамалық және құндық сипаттамаларының нормативтік-техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкестігін белгілеу; 4) атаулы таңба – бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарға салынатын және ба­ғалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарды дайындаушыны куәландыратын арнайы белгі; 5) аффинаждау – бағалы металдарды қоспалардан және ілеспе құрауыштардан тазалау, бағалы металдарды ұлттық немесе халықаралық стандартқа сәйкес келетін сапаға дейін жеткізу процесі; 6) аффинирленген алтын – аффинаждау нәтижесінде құймалар, тілімдер, түйіршіктер және ұнтақтар түрінде алын­ған алтын; 7) бағалы металдар – кез келген күйдегі және түрдегі алтын, күміс, платина және платина тобындағы металдар (палладий, иридий, родий, рутений және осмий); 8) бағалы металдардың аффинаждауға жатпайтын саф түрлері – осы нақты кен орнындағы бағалы металдың басым бөлшектерінен өз мөлшері бойынша бірден ерекшеленетін және массасы 0,3 грамнан асатын, бағалы металдардың минералды шикізатынан бөлініп алынған, ішкі және сыртқы нарықтардағы айналысқа, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени мақсаттарда пайдалануға арналған бағалы металдардың саф түрлері; 9) бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтары – жөнделмейтін ақауды қоса алғанда, бағалы металдарды алу мақсатында кейіннен қайта өңдеу үшін пайдалануға болатын, жарамсыз болып қалған, пайдаланылу құндылығын жоғалтқан немесе жоюға жататын, құрамында бағалы металл бар бұйымдар және (немесе) олардың құрауыш бөліктері, сондай-ақ техникалық және тұрмыстық мақсаттағы өнімді өндіру және пайдалану кезінде түзілген, құрамында бағалы металл бар материалдардың, металлургиялық өндірістің аралық өнімдерінің қалдықтары; 10) бағалы металдарды өндіру – құрамында бағалы металдар бар өндірілген кешенді кендерден, концентраттардан және басқа да жартылай өнімдерден, бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтарынан бағалы металдарды алу, сондай-ақ бағалы металдарды аффинаждау; 11) бағалы металдарды өндіру субъектілері – Қазақстан Республикасының аумағында бағалы металдарды өндіруді жү­зе­ге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары; 12) бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдар (бұдан әрі – зергерлік және басқа да бұйымдар) – бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда, асыл тастардан және табиғи немесе жасанды жолмен алынған басқа да материалдардан жасалған көздері бар не онсыз, әртүрлі көркемдік өңдеу түрлерін пайдалана отырып, асыл тастардан, бағалы металдардан және олардың қорытпаларынан жасалған, әртүрлі әшекейлер, тұрмыстық кәдеге жарататын заттар ретінде және (немесе) діни әрі декоративтік мақсаттарда қолданылатын бұйымдар; 13) бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, зергерлік және басқа да бұйымдардың айналымы – бағалы металдар мен асыл тастарды, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын, зергерлік және басқа да бұйымдарды әкелу, әкету, олармен азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасу, мемлекеттің аффинирленген алтынды басым құқық шеңберінде сатып алуы, сондай-ақ бағалы металдар мен асыл тастарды инвестициялық және басқа да мұқтаждықтар үшін қолдану; 14) зергерлік және басқа да бұйымдарды өндіру субъектілері – зергерлік және басқа да бұйымдарды дайындауды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар; 15) инвестициялық алтын – мынадай шарттарға сәйкес келетін алтын: алтын монеталар үшін: мұндай алтын монеталардың нумизматикалық құндылығы болмайды; алтын монеталардың тазалығы жалпы массасының 1000 үлесінің 900 мыңдық үлесіне тең немесе одан асады (бұл 900-сынамаға, 900 промиллеге, 90,0 пайызға немесе 21,6 каратқа сәйкес келеді). Бұл ретте алтын монета мынадай шарттардың біріне сәйкес болған кезде: 1800 жылға дейін соғылған; «пруф» (proof) сапасымен бетінің айнадай болып шығуын қамтамасыз ететін технология бойынша соғылған; шығарылымының таралымы 1000 данадан аспаған; оның нарықтық бағасы монета құрамындағы алтын құнының 80 пайызынан асқан жағдайда, оның нумизматикалық құндылығы бар деп танылады. Монетаның құрамындағы алтынның құны алтын монетаны өткізу күні Лондон бағалы металдар нарығының қауымдастығы белгілеген (белгіленген) алтынның таңертеңгі фиксингін (баға белгіленімін) көрсетілген күні белгіленген валюта айырбасының нарықтық бағамына көбейту арқылы айқындалады. Қалған алтын үшін: мұндай алтын аффинирленген болып табылады (мұндай алтынның тазалығы лигатуралық массаның 1000 үлесінің 995 мыңдық үлесіне тең немесе одан асады (бұл 995-сынамаға, 995 промиллеге, 99,5 пайызға немесе 23,88 каратқа сәйкес келеді); мұндай алтын ұлттық немесе халықаралық стандартқа сәйкес келеді, өлшеуіш немесе стандартты құйма және (немесе) тілім түрінде дайындалып, мынадай таңбалау салынады: стандартты құйма және (немесе) тілім үшін: сериялық нөмірі (дайындалған жылы қамтылуы мүмкін); дайындаушының тауар белгісі; алтынның тазалығы (массалық үлесі); егер сериялық нөмірге енгізілмеген болса, дайындалған жылы; өлшеуіш құйма үшін: металдың атауы; дайындаушының тауар белгісі; алтынның тазалығы (массалық үлесі); құйманың массасы; 16) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарлары – өңделмеген бағалы металдар (оның ішінде, құйма түріндегі Доре қорытпасы, катодты металл), мырыш шөгінділері, бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтары, бағалы металдардың кендері мен концентраттары, құрамында бағалы металдар бар түсті металдардың кендері, концентраттары және күлі, түсті металдар өндірісінің жартылай өнімдері; 17) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы зиянды қоспалар мен бағалы металдар құрамының шекті мәндері – құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Қазақстан Республикасының аумағынан әкету кезінде мемлекеттік бақылау мақсатында белгіленетін, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларынан өнеркәсіптік алу мүмкіндігін айқындайтын, Қазақстан Республикасының аумағында бағалы металдарды өндіру субъектілері құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын қайта өңдеу мүмкіндігін (мүмкін еместігін) айқындау үшін пайдаланылатын зиянды қоспалардың жол берілетін барынша жоғары құрамы және бағалы металдардың ең аз құрамы; 18) өңделмеген табиғи алмас – табиғи күйдегі, өңделмеген және (немесе) ішінара өңделген (шағылған, арамен тілінген, рундист жағылған) алмас; 19) сынама – бағалы металл қорытпасының мың массалық бөлігіндегі таза бағалы металдың массалық бөліктерінің саны; 20) сынамалау – бағалы металдардың, зергерлік және басқа да бұйымдардың сынамасын белгіленген әдістермен айқындау немесе растау; 21) сынамалық таңба – зергерлік және басқа да бұйымдарға салынатын, осындай бұйымдардағы бағалы металл сынамасын куәландыратын белгіленген үлгідегі белгі; 22) таңбалау – зергерлік және басқа да бұйымдарға сынамалық таңба бедерін салу; 23) уәкілетті орган – бағалы металдарды өндіруді және бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, зергерлік және басқа да бұйымдардың айналымын реттеу саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 24) уәкілетті ұйым – Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына сәйкес сараптама жүргізуге аккредиттелген заңды тұлға. 2-бап. Қазақстан Республикасының бағалы металдар мен асыл тастар саласындағы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының бағалы металдар мен асыл тас­тар саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конс­титуциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Респуб­ликасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінен тұрады. 2. Бағалы металдар мен асыл тастарды барлау және өндіру саласындағы қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасымен реттеледі. 3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге де нормалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады. 3-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) бағалы металдарды өндіру, бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, зергерлік және басқа да бұйымдардың айналымы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оларды жүзеге асыруды ұйымдастырады; 2) бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикiзат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кiрмейтiн елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидаларын бекітеді; 3) асыл тастарды, зергерлік және басқа да бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидаларын бекітеді; 4) Кимберлий процесінің сертификаттау схемасын ескере отырып, өңделмеген табиғи алмасты Қазақстан Респуб­ликасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету қағидаларын бекітеді; 5) Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды. 4-бап. Уәкілетті органның құзыреті Уәкілетті орган: 1) бағалы металдарды өндіру, бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, зергерлік және басқа да бұйымдардың айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады; 2) бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикiзат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кiрмейтiн елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидаларын әзірлейді; 3) асыл тастарды, зергерлік және басқа да бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидаларын әзірлейді; 4) Кимберлий процесінің сертификаттау схемасын ескере отырып, өңделмеген табиғи алмасты Қазақстан Респуб­ликасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету қағидаларын әзірлейді; 5) сараптама жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді; 6) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларына нормативтік құжаттарды бекітеді; 7) қайта өңдеу үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету кезінде ұсынылған құжаттарда көрсетілген бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларынан қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормаларын растайды; 8) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы зиянды қоспалар мен бағалы металдар құрамының шекті мәнін айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді; 9) шикізат тауарларының түрлері бойынша жеке-дара технологиялық мүмкіндіктерін ескере отырып, уәкілетті орган бекітетін тізбедегі әрбір бағалы металдарды өндіру субъектісі үшін құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы зиянды қоспалар мен бағалы металдар құрамының шекті мәнін белгілейді; 10) бағалы металдарды өндіру субъектілерінің тізбесін қалыптастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді; 11) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңда­рында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады. 5-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыреті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі: 1) бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін аффинирленген алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырады; 2) бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін аффинирленген алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру тәртібін айқындайды; 3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда бағалы металдардың және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының сынамаларына (үлгілеріне) бақылау сынақтарын жүзеге асырады; 4) екінші деңгейдегі банктердің құйма түріндегі аффинирленген алтынмен және күміспен жасайтын экспорттық операцияларына бақылауды жүзеге асырады; 5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. 6-бап. Бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, зергерлік және басқа да бұйымдардың айналымы кезіндегі мемле­кеттік бақылау 1. Уәкілетті орган: 1) құрамында бағалы металдар бар түсті металдар кендерін, концентраттары мен күлдерін, түсті металдар өндірісінің жартылай өнімдерін қоспағанда, бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету кезінде; 2) асыл тастарды, зергерлік және басқа да бұйымдарды, бағалы металдардан жасалған монеталарды Еуразиялық экономикалық одаққа кiрмейтiн елдерден Қазақстан Респуб­ликасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету кезінде; 3) құрамында бағалы металдар бар түсті металдар кендерін, концентраттары мен күлдерін, түсті металдар өндірісінің жартылай өнімдерін Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақ­стан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету кезінде; 4) зергерлік және басқа да бұйымдарды өткізу саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. 2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген мемлекеттік бақылау Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және мыналарды: 1) түсті металдар кендерін, концентраттары мен күлдерін, түсті металдар өндірісінің жартылай өнімдерін қоспағанда, бағалы металдар, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарлары партиясының ілеспе құжаттарда, оның ішінде норма­тивтік техникалық және (немесе) техникалық құжаттамада көрсетілген деректерге сәйкестігін тексеруді; 2) әлемдік нарықтағы бағаларды ескере отырып, бағалы металдар құнын бағалауды; 3) бағалы металдардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының шығу көзін айқындауды; 4) бағалы металдармен және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларымен мәмілелер жасау кезінде Қазақ­стан Республикасы заңнамасы талаптарының сақталуын бақы­лауды; 5) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы бағалы металдар мен ілеспе алынатын металдар құрамын бақылауды; 6) бағалы металдар мен ілеспе алынатын металдар құрамы туралы құжаттар негізінде Қазақстан Республикасында шикі­зат тау­арларынан бағалы металдарды өнеркәсіптік алудың мүмкіндігін (мүмкін еместігін) және экономикалық тұрғыдан орындылығын (орынсыздығын) тексеруді немесе Қазақстан Республикасының аумағында құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын қайта өңдеудің экономикалық тұрғыдан орынсыздығын немесе мүмкін еместігін тексеруді қамтиды. 3. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік бақылау Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайтын кедендік бекеттер арқылы жүзеге асырылады. 4. Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген мемлекеттік бақылау Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және осы баптың 2-тармағының 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген әрекеттерді қамтиды. 5. Осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру нысанында жүзеге асырылады. 6. Мынадай: 1) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген мемлекеттік бақылау нәтижелерін уәкілетті орган: әкелу кезінде – тауардың әрбір партиясына берілген мемлекеттік бақылау актісі нысанында; қайта өңдеуге әкелу кезінде – тауардың әрбір партиясына берілген мемлекеттік бақылау актісі, тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжат нысанында; әкету кезінде – тауардың әрбір партиясына берілген мемлекеттік бақылау актісі, экспортқа берілген лицензия және Қазақстан Республикасында шикізат тауарларынан бағалы металдарды өнеркәсіптік алудың мүмкіндігі (мүмкін еместігі) және экономикалық тұрғыдан орындылығы (орынсыздығы) туралы қорытынды нысанында; қайта өңдеуге әкету кезінде – тауардың әрбір партиясына берілген мемлекеттік бақылау актісі, тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжат, Қазақстан Республикасының аумағында құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын қайта өңдеудің экономикалық тұрғыдан орынсыздығы немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды нысанында ресім­дейді; 2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік бақылау нәтижелерін уәкілетті орган тауардың әрбір партиясына берілген мемлекеттік бақылау актісі нысанында ресімдейді; 3) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген мемлекеттік бақылау нәтижелерін уәкілетті орган: қайта өңдеуге әкелу кезінде – тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжат нысанында; әкету кезінде – экспортқа берілген лицензия және Қазақстан Республикасында шикізат тауарларынан бағалы металдарды өнеркәсіптік алудың мүмкіндігі (мүмкін еместігі) және экономикалық тұрғыдан орындылығы (орынсыздығы) туралы қорытынды нысанында; қайта өңдеуге әкету кезінде – тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжат, Қазақстан Республикасының аумағында құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын қайта өңдеудің экономикалық тұрғыдан орынсыздығы немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды нысанында ресімдейді. 7. Құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы әкетілетін бағалы металдар мен ілеспе алынатын металдар құрамын бақылау: экспортты лицензиялаудың рұқсат беру рәсімдері кезінде бағалы металдар мен ілеспе алынатын металдар құрамы туралы құжаттарды ұсыну; Қазақстан Республикасында шикізат тауарларынан бағалы металдарды өнеркәсіптік алудың мүмкіндігі (мүмкін еместігі) және экономикалық тұрғыдан орындылығы (орынсыздығы) туралы қорытынды беру; Қазақстан Республикасының аумағында құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын қайта өңдеудің эконо­микалық тұрғыдан орынсыздығы немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды беру; құрамында бағалы металдар бар әкетілетін шикізат тауарларының әрбір партиясына мемлекеттік бақылау актісін ресімдеу арқылы жүзеге асырылады. Құрамында бағалы металдар бар әкетілетін шикізат тауарларынан олардағы бағалы металдар құрамын мемлекеттік бақылау мақсатында көрсетімдік сынамаларды іріктеу уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және нысан бойынша сынамаларды іріктеу туралы акт ресімделе отырып, Қазақстан Республикасының нормативтік техникалық құжаттамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Мемлекеттік бақылау мақсатында бағалы металдар құрамы туралы құжатты аккредиттелген сынақ зертханасы береді және онда құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы барлық бағалы металдардың үлестік құрамы туралы мәлімет қамтылуға тиіс. 8. Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген мемлекеттік бақылау: 1) бағалы металдарды, оның ішінде бағалы металдардан жасалған монеталарды әкелу және (немесе) әкету кезінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қатысты; 2) жеке тұлғалардың бағалы металдарды және (немесе) асыл тастарды, оның ішінде зергерлік және басқа да бұйымдарды, бағалы металдардан жасалған монеталарды жеке пайдалануға арналған тауарлар ретінде әкелуі және (немесе) әкетуі кезінде; 3) бағалы металдар мен олардың негізінде жасалған бұйымдардың радиоактивтік және тұрақты изотоптарын әкелу және (немесе) әкету кезінде; 4) құрамында бағалы металдар және (немесе) асыл тастар бар мәдени құндылықтарды әкету кезінде жүзеге асырылмайды. 7-бап. Бағалы металдарды, асыл тастарды, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын, зергерлік және басқа да бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету ерекшеліктері 1. Бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету кезінде уәкілетті орган бағалы металдар құрамы туралы құжаттар келісімшарт талаптарына және нормативтік техникалық құжаттамаға сәйкес келмеген жағдайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бағалы металдардың және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының сынамаларына (үлгілеріне) бақылау сынақтарын жүзеге асыруға өтінім жібереді. 2. Кедендік декларациялауға және кедендік тазартуға байланысты кедендік операциялар жасалғанға дейін асыл тас­тарды, зергерлік және басқа да бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Респуб­ликасының аумағына әкелу кезінде сараптама жүргізіледі және Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімімен белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады. 3. Асыл тастарды, зергерлік және басқа да бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге әкету кезінде сараптама жүргізіледі және мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады. 4. Бағалы металдар мен асыл тастарды, зергерлік және басқа да бұйымдарды, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкетуді жүзеге асыру үшін дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өз қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға хабар беруге міндетті. Қызметтің басталғаны туралы хабарлама негізінде осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған тұлғаларға уәкілетті орган арнайы есепке қойылғаны туралы құжат береді. Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды. 5. Өңделмеген табиғи алмасты Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету Кимберлий процесінің сертификаттау схемасына сәйкес жүзеге асырылады. 8-бап. Бағалы металдарды өндіру 1. Бағалы металдардың аффинаждауға жатпайтын саф түрлерін қоспағанда, бағалы металдар, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарлары, осы бапта көзделген жағдай­лар­ды қоспағанда, қайта өңдеу және (немесе) аффинаждау үшін бағалы металдарды өндіру субъектілеріне келіп түсуге тиіс. 2. Құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге ниеті бар тұлға уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, уәкілетті орган бекітетін тізбедегі бағалы металдарды өндірудің барлық субъектілерінен тиісті бас тартуды немесе осындай бас тартудың бар екені туралы уәкілетті органның растамасын алуға міндетті. Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған бағалы металдарды өндіру субъектілерінің уәкілетті орган белгіленген шарттарды орындамауы да – осы тармақтың мақсатындағы бас тарту болып табылады. Құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын қайта өңдеуден және (немесе) аффинаждаудан бас тарту үшін мыналар негіз болып табылуы мүмкін: 1) қайта өңдеудің және (немесе) аффинаждаудың техноло­гиялық тұрғыдан мүмкін болмауы, оның ішінде құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы зиянды қоспалар мен бағалы металдар құрамының шекті мәндерге сәйкес келмеуі; 2) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының ұсынылатын көлемін қайта өңдеу және (немесе) аффинаждау үшін өндірістік қуаттылықтың болмауы немесе жеткіліксіз болуы; 3) құрамында бағалы металдар бар түсті металдар кендерін, концентраттары мен күлдерін, түсті металдар өндірісінің жартылай өнімдерін қайта өңдеудің экономикалық тұрғыдан орынсыз болуы. 3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Қазақ­стан Республикасының аумағынан әкету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 4. Қажетті қайта өңдеуден өткен бағалы металдарды, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде жүзеге асырылатын аффинаждау бағалы металдарға меншік құқығының ауысуына әкеп соқпайды. 9-бап. Бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін аффи­нирленген алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығы 1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағалы металдардағы активтерін толықтыру үшін мемлекет бағалы металдарды өндіру субъектілерімен және қайта өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иелеріне айналған тұлғалармен аффинирленген алтынды сатып алу жөнінде мәмілелер жасасуға басым құқыққа ие болады. 2. Бағалы металдарды өндіру субъектілері және қайта өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иелеріне айналған тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның шегінен тыс жерде өндірілген аффинирленген алтынды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне басым тәртіппен өткізеді. 3. Бағалы металдарды өндіру субъектілері және қайта өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иелеріне айналған тұлғалар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне аффинирленген алтынды өндіру және сату болжамының графиктерін алдағы жылдың бірінші жартыжылдығына ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына – ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін ұсынады. 4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аффинирленген алтынды өндіру және сату болжамын, ақша нарығының жай-күйін, ақша-кредит саясатының және халықаралық қаржы нарықтары конъюктурасының көрсеткіштерін негізге ала отырып, алдағы жартыжылдыққа басым құқықты іске асыру шеңберінде сатып алу лимитін бекітеді не алдағы кезеңге (бір айдан жарты жылға дейін) басым құқықты тұтастай іске асырмау туралы шешім қабылдайды. Бекітілген сатып алу лимиті шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аффинирленген алтынды өндіру және сату болжамының графигін ұсынған әрбір бағалы металдарды өндіру субъектісінен немесе қайта өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иесіне айналған тұлғадан алдағы жартыжылдықта сатып алынатын аффинирленген алтынның көлемін айқындайды. Сатып алу көлемі не алдағы кезеңге аффинирленген алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырудан бас тарту туралы шешім бағалы металдарды өндіру субъектілерінің және қайта өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иелеріне айналған тұлғалардың назарына алдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында – ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін жеткізіледі. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бағалы металдарды өндіру субъектілерінің және қайта өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иелеріне айналған тұлғалардың назарына жеткізілген сатып алу көлемін толығымен сатып алуға міндетті. Егер аффинирленген алтынды өндірудің және сатудың күтілетін көлемі осы баптың 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынылған аффинирленген алтынды өндіру және сату көлемінен асып түскен жағдайда, бағалы металдарды өндіру субъектілері және қайта өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иелеріне айналған тұлғалар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне аффинирленген алтынды өндіру және сату болжамының өзгертілген графиктерін қосымша ұсынады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аффинирленген алтынды өндіру және сату болжамының өзгертілген графиктерін алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде аффинирленген алтынды сатып алудың тиісінше өзгертілген көлемін бағалы металдарды өндіру субъектілерінің және қайта өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иелеріне айналған тұлғалардың назарына жеткізеді немесе өзгертілген графиктерге сәйкес жаңа көлемді сатып алудан бас тартуды жіберу арқылы бұрын назарына жеткізілген аффинирленген алтынды сатып алу көлемін өзгеріссіз қалдыру туралы хабарлайды. 5. Бағалы металдарды өндіру субъектілерінің және қайта өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иесіне айналған тұлғалардың аффинирленген алтынды зергерлік және басқа да бұйымдарды өндіру үшін шикізат ретінде Қазақстан Республикасының аумағында зергерлік және басқа да бұйымдарды өндіру субъектілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайтын лимитке жеткенге дейін сатуы бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін аффинирленген алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады. 6. Мемлекеттің басым құқығын іске асыру шеңберінде аффинирленген алтынды сатып алу көлік шығыстары, өткізуге жұмсалатын шығындар және Лондон бағалы металдар нарығының қауымдастығы қабылдаған және «Лондондық сапалы өнім беру» («London good delivery») стандарты ретінде осы қауымдастықтың құжаттарында белгіленген халықаралық сапа стандарттарына сай келмейтін аффинирленген алтынды сатып алған жағдайда қолданылатын сапа үшін жеңілдік шегеріле отырып, халықаралық нарықта қалыптасқан бағалар пайдаланыла отырып есептелген баға бойынша жүзеге асырылады. 7. Мемлекеттің басым құқығын іске асыру шеңберінде аффинирленген алтынды сатып алу Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бағалы металдарды өндіру субъектісімен немесе қайта өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иесіне айналған тұлғамен жасасқан бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін аффинирленген алтынды сатып алу-сатудың жалпы талаптары туралы шарт негізінде жүзеге асырылады. 8. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сатып алу лимитіне қол жеткізілген жағдайларда және (немесе) осы баптың 4-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес алдағы кезеңге басым құқықты іске асырмау туралы қабылданған шешім болған кезде бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін аффинирленген алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырудан бас тартуға құқылы. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген негіздер бағалы металдарды өндіру субъектілеріне және қайта өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иелеріне айналған тұлғаларға қатысты олардың назарына жеткізілген аффинирленген алтынды сатып алу көлемі шегінде қолданылмайды. 9. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бағалы металдарды өндіру субъектілерінен немесе қайта өңдеу нәтижесінде аффинирленген алтынның меншік иелеріне айналған тұлғалардан аффинирленген алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырудан бас тартқан жағдайда, осы аффинирленген алтын үшінші тұлғаларға өткізілуі мүмкін. 10-бап. Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтарын аффинаждау 1. Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен қабылдап алған бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағалы металдардағы активтеріне аффинирленген алтынның құймаларын есепке жатқыза отырып аффинаждауға жатады. 2. Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтарын аффинирленген алтын құймалары етіп аффинаждауға беру және оларды аффинаждалғаннан кейін алу тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды. 3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген аффинирленген алтын құймаларының құны бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтарын қайта өңдеуге байланысты шығындар шегеріле отырып, бюджетке аударылады. 11-бап. Инвестициялық алтын айналымының ерек­шеліктері 1. Инвестициялық алтын айналымы мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен екінші деңгейдегі банктерде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қызмет көрсететін заңды тұлғалар санаты үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған металл шоттары пайдаланылуы мүмкін. 2. Инвестициялық алтынмен мәмілелерді жүзеге асырған кезде төлем мәміле жүргізу кезінде халықаралық нарықта қалыптасқан бағалар пайдаланыла отырып есептелген бағалар бойынша жүргізіледі. 12-бап. Сараптама жүргізу тәртібі 1. Сараптама жүргізу қағидаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қолданылатын стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкес сараптама өтеулі негізде жүргізіледі. 2. Жеке және заңды тұлғалар сараптама жүргізу үшін уәкілетті ұйымға ерікті тәртіппен, сондай-ақ осы баптың 4-тар­мағында және осы Заңның 7-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда міндетті тәртіппен жүгінеді. 3. Уәкілетті ұйым сараптама нәтижелері бойынша жеке немесе заңды тұлға жүгінген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сараптама қорытындысын береді. 4. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындағандарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген және (немесе) өткізілетін зергерлік және басқа да бұйымдар уәкілетті ұйымдарда міндетті түрде сынамалануға және таңбалануға жатады. 13-бап. Зергерлік және басқа да бұйымдарды өткізудің ерекшеліктері 1. Қазақстан Республикасының аумағында зергерлік және басқа да бұйымдарды өндіру субъектісі барлық меншікті зергерлік және басқа да бұйымдарға қоятын сынамалау таңбасынсыз, сондай-ақ атаулы таңба бедерінсіз зергерлік және басқа да бұйымдарды өткізуге жол берілмейді. Зергерлік және басқа да бұйымдарға көз ретінде жасанды жолмен алынған материалдар пайдаланылған кезде затбелгілерде осы тастың асыл тас емес екені көрсетілуге тиіс. 2. Атаулы таңба уәкілетті орган айқындаған тәртіппен уәкілетті ұйымда міндетті тіркелуге жатады. 3. Уәкілетті ұйым тіркелген атаулы таңбалар туралы мәлімет­терді уәкілетті орган айқындаған тәртіппен уәкілетті органға тоқсан сайын ұсынады. 14-бап. Қазақстан Республикасының бағалы металдар мен асыл тастар саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауап­тылық Қазақстан Республикасының бағалы металдар мен асыл тас­тар саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Респуб­ликасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді. 15-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 12-бабының 4-тармағын және 13-бабын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ Астана, Ақорда, 2016 жылғы 14 қаңтар № 444-V ҚРЗ