Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев Далянь шет тілдері университеті жанындағы Қазақстанды зерттеу орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Бұл шара елшінің Далянь қаласына жұмыс сапары барысында жүзеге асты. Орталық Далянь шет тілдері университетінде (ДШТУ) Қазақстанның Елшілігі мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің (ОҚМУ) жәрдемдесуімен құрылған болатын.
Орталық қазақ тілі мен қазақ мәдениетін және өнерін зерделеуде, сонымен қатар, студенттер мен оқытушыларды Қазақстанның қалыптасу тарихы және қазіргі тыныс-тіршілігі туралы ақпараттандыруда жәрдем көрсетеді. Ал орталықтың ашылуында елші жергілікті академиялық топтар мен қазақстандық және шетелдік студенттердің алдында сөз сөйлеп, аудиторияны «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауымен Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт Жоспары және Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев алға қойған елдің басқа да әлеуметтік-экономикалық, сондай-ақ, саяси дамуына қатысты міндеттермен таныстырды. Іс-шараға ОҚМУ-дің ректоры Жұмахан Мырхалықов пен ДШТУ басшылығы қатысты.
Далянь қаласына сапары шеңберінде Ш.Нұрышев ДШТУ ректоры Лю Хунмен кездесті. Тараптар ДШТУ мен Қазақстан арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, екіжақты негізде және ШЫҰ университеті шеңберінде алдағы әрекеттесу жайын талқылап, Далянь университетінде қазақ тілінің кафедрасын ашу мүмкіндігі жөнінде пікір алмасты.
Далянь шет тілдері университеті жанындағы «Қазақстанды зерттеу орталығы» Шанхай шет тілдері университеті (2015 жылғы 16 қарашада ашылды) мен Бейжің шет тілдері университеті жанындағы (2015 жылғы 13 желтоқсанда ашылды) орталықтардан кейінгі үшінші орталық болып табылады. Мұндай оң үдеріс Қытайдың ғылыми қауымы мен қоғамының Қазақстанға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
«Егемен-ақпарат».