Алтайда Қызыл кітапқа енген түз тағысы көбейіп келеді
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында мекен ететін қар барыстарына зерттеу жұмыстары жүргізілгеніне үш жылдан астам уақыт болды. Аталған уақыт аралығында шың тағысын анықтау, олардың тіршілігін түбегейлі зерттеу жұмыстары үздіксіз атқарылып келеді. Айталық, қар барысы жүретін соқпақтарға, адам аяғы баспайтын асқарлардағы биік құз, жартастарға фототұзақ құралдары орнатылды. Бұл фототұзақ құралдары белгілі бір уақыт аралығында тексеріліп тұрады. Оның алғашқы нәтижелерін газетімізде жариялаған болатынбыз (Қараңыз: «Қар барысы тұңғыш рет фототұзаққа ілінді», 15 қаңтар, 2015 жыл; «Тағы бір аң фототұзаққа ілінді», 24 маусым, 2015 жыл). Яғни, жылдың әр мезгілінде фототұзаққа марал, таутеке, қасқыр, түлкі, қоян, суырлармен қатар, еліміздің Қызыл кітабына енген Алтай ұлары, сабаншы және қар барысы түсті.
Қар барысының қорегі таутекелер болғандықтан фототұзақ құралдары негізінен таутекелер жүретін жерлерге қойылды. Жоғалып бара жатқан қар барысының соңғы уақытта Алтай тауларында пайда болуы, жиі бой көрсете бастауы қуантады.
– Бұл – ұлттық парк аумағында күзет жұмыстарының күшейтілуі мен адамдардың табиғатқа деген көзқарасының өзгеруінен деп ойлаймын. Алғашқы қар барысының суреті 2014 жылдың желтоқсан айында түсірілген болатын. Қар барысын анықтап зерттеу және қорғау жұмыстарын жүргізу мақсатында жұмыс тобы құрылып, оның құрамына жануарларды қорғау және өндіру бөлімінің бастығы Е.Қасымов, саяткер-биолог А.Мүбараков, мемлекеттік инспекторлар М.Омаров, Н.Бадисолтанов және аға ғылыми қызметкер А.Челышев кірді. 2015 жыл аталған жұмыс тобы үшін өте сәтті болды деп есептеймін. Құрылған фототұзаққа ұлттық парк аумағында мекен ететін жабайы аң-құстардың барлығы түсіріліп алынды. Мәселен, 2015 жылы желтоқсан айының 23-25 жұлдызы аралығында кезекті жұмыс сапары аясында құрылған фототұзақтар тексерілді. Аршаты орманшылығына қарасты Қоралы учаскесінде екі жерге құрылған фототұзақтар жыл бойы тұрған болатын. Фототұзақты тексеру барысында қар барысы 2014 жылдың желтоқсан айында, 2015 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, қыркүйек, қараша, қазан және желтоқсан айларында фототұзаққа түскені анықталды. Сонымен қатар, Онтүстік Алтайда қар барысын анықтау мақсатында алғаш рет қиын және алыс жерлерге бірнеше фототұзақтар құрылды. Дала жұмыстарына саяткер-биолог М.Панинов және мемлекеттік инспектор Т.Әділов қатысты. Фототұзаққа таутекелердің көптеген бейнелерімен қатар сұр қоян анық түскен екен. Аталған жұмыстар енді басталғандықтан алдағы уақытта қар барысының фототұзаққа түсетініне сенеміз. Осындай қиын да қызықты жұмыстарды атқаруға атсалысып жүрген жоғарыда есімдері аталған азаматтарға айтар алғысым зор. Сондай-ақ, қар барысын анықтаудағы жұмыстарға үнемі қолұшын беріп келе жатқан Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің бас директоры Е.Мұстафинге айтар алғысымыз шексіз, – дейді парктің жануарларды қорғау және өндіру бөлімінің бастығы Ерік Қасымов.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы.