20 Қаңтар, 2016

Жас ақынның жаңа жинағы

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ПоэзияШымкенттің тө­рінде орналасқан А.С.Пушкин атын­дағы облыстық кітап­ханада Түр­кістандағы Ха­лықаралық қазақ-түрік университеті журналистика факультетінің 4-курс студенті, халықаралық, республикалық жыр додала­рының жеңім­па­зы, 2014 жылғы Ха­лық­­­аралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері, ордабасылық оғлан – Батырхан Сәрсенханның «Мейірім ғаламшары» атты жаңа жыр жинағына арналған тұсаукесер өтті. Кітап – Қарағанды қаласындағы «Тенгри» баспасынан жарық кө­ріпті. Ағалық ақ ниетпен осы кі­таптың басылуына қолдау көр­сет­кені үшін ақын Қалқаман Са­ринге автор да, жұртшылық та разы. Редакторы – танымал жас жазушылардың бірі – Серік Са­ғынтай. Суретшісі – Әділхан Мәлік. Алғысөзін жазған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет «Ба­тырханның ақындығы – сәу­лелі, шұғыласы мол, жарқын нұрға шүпілдеген таза, тұмса, мөлдір әлем. Оның жырларында көреген көңіл, сезімтал сана, бауырмал жүрек бар. Бастауын бұрқылдаған қайнар тұмадан алып, бұрқырап аққан бұлақтың арналы өзенге айналуға асыққан жарасымды ерке, ер мінезі бар,» – депті. Жағымды жаңалыққа жиылған халайық кітапханаға лық толды. «Мейірім ғаламшары» кітабының тұсауын кесу құрметіне Алаштың ардақты азаматтары Нармахан Бегалы мен Мархабат Байғұт ие болды. Олар кітаптың тұсауын кесіп, қоғамнан, адамдар арасынан мейірім іздеген жас ақын­ға ақ баталарын берді. Қос бір­дей кітаптың авторы атанып отыр­ған талапты жасқа бір топ зиялылар мен студент-жастар шығар­машылық табыс тіледі, ақынның өлеңдерін оқыды. Кезек Батырхан Сәрсенханның өзіне тигенде ол Шәрбану Дін­әсілова басқарып отырған кітап­хана ұжымына ал­ғысын айтып, жыр шоғырын б­ірінен соң бірін лақылдатты. Тың­дарман қауым үлкен эсте­ти­калық ләззат алып, әсіресе, жас­тар жағы әзер тарқасты. Гүлдәрия ӘШІРБАЕВА. ШЫМКЕНТ.