20 Қаңтар, 2016

Әскери көмек сұрағысы келеді

246 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
шарайна-1Польша президенті Анджей Дуда НАТО-ны Шығыс Еуропада осы аймақ пен Польшаны «Ресейдің ықтимал  шабуылынан» қауіпсіз ету үшін әскер мен техниканы көбейтуге шақырды. Польша басшысы Брюссельде өткен НАТО-ның штаб-пәтерінде сөйлеген сөзінде «Біз НАТО әскерінің көбейгенін қалаймыз», – депті. Альянстың келесі жиыны осы жылдың шілдесінде Варшавада өтеді. Польша президенті, сондай-ақ, бұл саммитте НАТО басшылары Польшада альянс әскерлерін ұзақ мерзімге орналастыру жөнінде бір шешімге келеді деген ойын да ашып айтты. Бірақ, ол қанша әскер, қанша техника қажет екені туралы сөз қозғамады. Ал НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг келесі жиында Польшаның өтініші қаралатынын білдірді. «НАТО қазір Шығыс Еуропада тұрақты әскер ұстайды. Польша – Шығыс Еуропаның бір бөлшегі», – деді Й.Столтенбергі осы туралы. «Оскар» сыйлығына қатысты дау-дамай Американың кино өнері академиясы «Оскар» сыйлығы номинациясы төңірегінде туындаған дау-дамайға байланысты елеулі өзгерістер енгізуді қолға алды. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұған кино өндірісі саласының белді өкілдерінің наразылығы басты себеп болып отырған сияқты. Өйткені, сыйлыққа ұсынылған 20 кандидаттың ішінде бірде-бір қара нәсілді әртіс болмаған. Америка киноакадемиясының президенті Шериал Бун Айзекс: «Бұл өте күрделі және өте маңызды мәселе, – деді ол осы жөнінде. – Барлығын өзгертетін уақыт жетті. Академия өз мүшелерінің құрамын өзгерту үшін түбегейлі қадам жасайтын болады». Ал «Оскар» сыйлығының лауреаттары 28 ақпанда белгілі болады. Салтанатты рәсім «Долби» театрында өтеді. шарайна-2Үкімет басшысы отставкаға кетті Македония парламенті елдің премьер-министрі Никола Гуревскидің отставкаға кету жөніндегі өтінішін мақұлдады. Үкімет басшысы басқарушы коалиция мен оппозициялық «Македония социал-демократиялық одағы» партиясы арасында жасалған келісімде көрсетілген талаптар бойынша отставкаға кетіп отыр. Еуропа одағының қолдауымен жасалған келісімге сәйкес, премьер-министр 24 сәуірге белгіленген парламент сайлауына 100 күн қалғанға дейінгі аралықта қызметінен кетуге тиіс. Одақтың мәлімдемесінде парламент сайлауына өз кандидаттарын елде еркін ақпарат құралдары пайда болған жағдайда және дауыс беру құқығы бар азаматтардың тізімі қайта жасалғанда ғана ұсынылатыны келтірілген. Коалиция арасындағы дау туындағалы біраз уақыт болды. Келісімге келу түрі көрінбейді. Журналист президентті сотқа берді Қырғызстан астанасы – Бішкектің Бірінші мамыр аудандық соты журналист Дайырбек Орынбековтің ел президенті Алмазбек Атамбаевқа қарсы шағымын қабылдады. Қырғызстандық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, президент журналистің ар-намысына тиетін сөздер айтқан сияқты. Сот журналистің шағымына байланысты екі отырыс өткізеді. Алғашқысы мемлекет басшысына және оның аппарат жетекшісі Фарид Ниязовқа қатысты болмақ. Бірінші отырыс 28 қаңтарға, екіншісі 1 ақпанға белгіленіп отыр. Д.Орынбеков пен ел билігі арасындағы дау журналист өзінің бір мақаласында 2010 жылғы қақтығысты президент А.Атамбаев пен оның жақтастары ұйымдастыруы мүмкін деген пікірінен соң басталған. Қысқа қайырып айтқанда:
  • Қырым мүфтиі Эмирали Абылаевтың айтуынша, Бақша­сарайдағы Хан мешітіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Оған қанша қаржы жұмсалатыны нақты айтылмаған.
  • Осы аптада Жапонияда әлемнің ең қарт тұрғыны саналған Ясутаро Коидэ өмірден озды. Ол 1903 жылы 13 наурызда Фуки префектурасында өмірге келіпті.
  • Бірқатар ақпарат құралдары Аргентина астанасы – Буэнос Айрес маңындағы жағажайларда улы жыландардың қаптап кетуіне байланысты олардың жабылғаны жөнінде хабарлады.
шарайна-332 миллиард доллармен толығады Иранның орталық банкісінің басшысы Валиолла Саиф Теһран санкциялар алынған соң, санкция салынған 32 миллиард долларды құрайтын қаржыны қайтарып алуды жоспарлап отыр. Иран мемлекеттің телеарнасының хабарлауынша, санкциялар алынғаннан кейін, 28 миллиард доллар бірден елдің орталық банкіне беріледі. Қалған 4 миллиард доллар мемлекет қазынасына үкімет активтері ретінде қайтарылмақ. Тағы атап өтейік, БҰҰ, АҚШ және Еуропалық одақ Иранның орталық банкіне қарсы санкцияларды осы жылдың 16 қаңтарында ядролық бағдарламаларды шектеу туралы келісім талаптарын орындаған соң алып тастаған еді. Украинадан саяси баспана алды Ресей журналисі Дмитрий Шипилов Украинада саяси босқын мәртебесін алды. Бұл жөнінде журналист әлеуметтік желілерде хабарлады. «Он айға созылған эпопея ақыры аяқталды. Барлығыңызға рахмет!», – деп жазған ол. Д.Шипилов босқын мәртебесін алу туралы өтінішті өткен жылдың ақпанында берген екен. Кемеров облысының тумасы биліктегі бірқатар шенеуніктерге «тіл тигізетін» жарияланымдары үшін он бір ай еңбекпен түзеу мекемесінде жазасын өтеген. шарайна-4Турист ретінде 19,73 миллион адам барған Халықаралық ақпарат агенттіктері өткен жылы Жапонияға 19,73 миллион шетел туристері келгені жөнінде хабар таратты. Кэйити Исиндің хабардар етуінше, бұл 2014 жылмен салыстырғанда, 47,1 пайызды құраған. Туристер, әсіресе, Қытайдан көп келеді. Өткен жылы Қытайдан келген туристер саны 4,5 миллион адамға жақындады. 2015 жылы осы елге Қытайдан 2,5 миллион адам келген екен.