Қазақ спортының даңқын асыруға сүбелі үлес қосқан спорт мектептерінің бірі – Қарағанды облыстық спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты. Бәрін жіпке тізіп айтпасақ та, грек-рим күресінен әлем чемпионы Игорь Ростороцкий, еркін күрес балуандары – жастар арасындағы әлем чемпионы Амангелді Жаппаров, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Серік Алшынбаев, былғары қолғап шеберлері – Әлем кубогының иегері Аркадий Топаев, олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің аталған мектептен түлеп ұшққанының өзі осы сөзімізге дәлел бола алады.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары чемпиондардың ұстаханасына айналған бұл мектептің бағы жанбай-ақ қойды. Басшысы тұрақтамай жиі ауысты, тәрбие жұмысы босаңсып, шаруасынан да береке кете бастаған-ды. Мұны спорттың маңында жүрген жанашыр азаматтар, мектептің бұрынғы түлектері де жиі айтып жүрген болатын. Жағдайдың осылайша қалыптасқаны ең алдымен спорттағы жетістіктерге кері әсерін тигізгені де рас еді.
Таяуда осы мектеп-интернаттың директоры тағы да ауысты. Бұл жолғы келген басшыны – Арқа спортында өзіндік қолтаңбасы бар Ерден Халилинді білім ордасының ұжымы өз алдына, жалпы Қарағанды спортының қауымы жылы қабылдады. Неге десеңіз, Ерден Балтабайұлы – өңір спортының өсіп-өркендеуіне бір кісідей атсалысып келе жатқан азамат. Кезінде осы мектепте жаттықтырушы болып еңбек жолын бастаған, 2008-2011 жылдары облыстық спорт саласын басқарды. Одан кейін «Шахтер» футбол клубының атқарушы директоры ретінде өрге сүйреп, ел чемпионатының шыңына екі мәрте шығарған. Ұйымдастырушылық қабілеті зор басшы ретінде қолға алған шаруаны ұршықша иіріп әкететін іскерлігімен көзге түсті.
Енді Ерден Халилиндей білікті басшыға артылар сенім зор. Спортымызды ұшпаққа шығарар деген дарындар оқып, тәрбие алып жатқан білім мекемесінің беделін көтеріп, мерейін өсіру – ең бірінші кезекте тұрған міндет.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.