Елімізде мал шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер туып отыр. Бұйыртса, бұдан былай етті ірі қараны бордақылау мен оның етін өңдеп, экспортқа шығару ісі өркендей түспек. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры Еркебұлан Ахметов осы жөнінде айтты.
Қазақстан нарығына италиялық Cremonini тобының құрылымына кіретін Inalca Eurasia ірі агроөнеркәсіптік трансұлттық корпорация келе жатқанын айтқан департамент директоры Мемлекет басшысының салаға қатысты жүктеген тапсырмалары туралы әңгімеледі. «Ел Президенті жүктеген міндетті орындау мақсатында министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, 2011 жылдан бастап ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыруға қатысты жобаны жүзеге асырып келеді. Жобаның шеңберінде мал бордақылау алаңдарын салу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда олардың жалпы қуаттылығы 176 мың бас малды бордақылауға қауқарлы.
Төрт жылдан бері тұрақты түрде тұқымдық түрлендіру, яғни жергілікті мал басының тұқымын жақсарту мақсатында асылдандыру және селекциялық жұмыстар жүргізіліп отыр. Осы кезде фермерлік шаруашылықтарда тұқымдық түрлендіруге арналған 660 мыңнан астам ұрғашы мал бар. Осынау бағдарламаға мал шаруашылығындағы 10 мыңнан астам шаруашылық қатысып жатыр. Бұл көрсеткіш барлық ұрғашы мал басының 25 пайызын құрайды. Жеңілдетілген «Сыбаға» бағдарламасы аясында 270 мыңнан астам ұрғашы мал сатып әкелінді. Өз кезегінде бұл жоба ірі қара мал шаруашылығында фермерлік қожалықтарды дамытуға үлкен жол ашты», деді Е.Ахметов.
Енді еліміздің нарығына келе жатқан италиялық Cremonini тобының құрылымына кіретін Inalca Eurasia ірі агроөнеркәсіптік трансұлттық корпорациясы туралы айтар болсақ, ол қазақстандық «Актеп» компаниясымен бірге «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шеңберіндегі «етті өндіру және қайта өңдеуді дамытуға стратегиялық инвесторларды тарту» 61-қадамын жүзеге асыру мақсатында меморандумға қол қойыпты. Брифингке қатысқан корпорация өкілі Андрей Вакулиннің сөзіне қарағанда, Қазақстан мал өсіру мен оның етін экспорттауға әлемдегі ең қолайлы елдің бірі екен. Оның бірінші дәлелі, қазақ билігі осы іске өте мүдделі болып, оны жүзеге асыруға құлшыныс танытып отыр. Екінші, қазақтың кең-байтақ жері мал өсіруге жайлы әрі тиімді көрінеді.
«Inalca Eurasia» еліміздің ет саласына 100 млн. еуродан астам инвестиция салуға шешім қабылдады, осы инвестициялар республикамыздың үш облысында жалпы қуаттылығы 44 мың бас малды бір уақытта бордақылап бағу алаңдарының құрылысы үшін сатылап-біріктірілген компанияны құруға бағытталатын болады. Оған қоса, Ақтөбе облысындағы ет комбинатының қуаттылығын арттырып, 20 мың тонна ет және ет өнімдерін өңдей алатындай етіп жаңғырту жоспарланған. «Inalca Eurasia» компаниясы қазақстандық ет брендін қалыптастыруға және Ресей мен Еуропа елдерін ет экспортымен қамтамасыз етуге ниетті.
Ал «Актеп» компаниясы 2015 жылы ай сайын тұрақты түрде 200 тонна көлемінде ет экспорттауға шығып отыр. 2016 жылы ет өнімдерін экспорттауды жылына 12 000 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлаған көрінеді. Қуаттылығы жылына 7200 тонна ет өндіретін заманауи ет өңдейтін зауыт салынған. Осының барлығы компанияның етті мал шаруашылығындағы өңіраралық кооперацияның орталығы болуға мүмкіндік береді екен. Бұлармен бірге, үш облыстың әкімдіктері мен министрлік және «Inalca Eurasia» компаниясы аралығында, өңірлердегі ет экспортының әлеуетін арттыруға міндеттер мен индикативті көрсеткіштерді анықтайтын етті мал шаруашылығы саласында өңіраралық кооперация құру бойынша бірлескен іс-әрекеттер жоспарына қол қойылыпты.
Былтыр қараша айында «Евразия агрохолдинг» және «Rifa Holding Group» қытайлық трансұлттық компаниялар арасында Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында қуаттылығы 17 мың тонна ет өнімін құрайтын ет комбинатының құрылысы бойынша бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша да меморандумға отырыпты. Өнім Қытайға экспортталады. Бүгінде АШМ-нің ветеринарлық бақылау қызметі ҚХР-дың ветеринарлық қызметімен бірге Қазақстаннан Қытайға мал шаруашылығы өнімдерін өткізуге қойылған тыйымдар мен шектеулерді алып тастау, сондай-ақ, сиыр және қой еті бойынша қытай нарығына рұқсат алу мәселелерін пысықтауда екен.
Департамент директоры осы жөнінде айта отырып, Қытай Шығыс Қазақстан облысында ет кластерін құруға 11 млн. доллар инвестиция салатынын жеткізді. «Бұл жобаға Қытай 11 млн. доллар инвестиция салмақ. Осы ет кластерінде қуаттылығы 17 мың тонна болатын ет өңдеу кешенін салу жоспарланды», деді ол.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».