20 Қаңтар, 2016

Кәсіптік білімнің қадірі артады

416 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елдік істі еселеу жолында Елбасының өткен жылдың жел­тоқсан айындағы Жолдауы халқымызды жұдырықтай жұ­мылдырып, жаңа жұмысқа бас­таған еді. Онда Президент «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында айқындалған міндет-мақсаттарды таратып айтып, үлкен рухани күш берген еді. Соның жалғасындай таяуда «Егемен Қазақстан» газетінде Мем­лекет басшысының «Ұлт Жос­пары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы жарияланған еді. Білім саласында жүрген ұстаздар қауымы мен студенттер бұл құнды дүниені талдай оқып, өздерінің үлес қосуға әзір екендерін білдіруде. Сол мақаладағы «Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсар айқын көрінеді», деп атап өтті. Шындығында, бүгінгі алдыға қойған басты мақсат – тәуелсіз елдің іргесін бекіту «Мәңгілік Ел» идеясын орнықтырып, ұрпақтар сабақтастығына жалғау. Мақалада Елбасы жас­тарға пат­риоттық тәр­бие беру мә­селесін ерекше атап өткен. Иә, елді, жерді сүю үшін әр жас өз Ота­нының шынайы патриоты болу керек. Біздің колледж осы ба­ғыт бойынша жұмыс жасап келеді. Ол сөз жүзінде емес, іс жү­­зінде атқарылуда, яғни ел мен жердің иесі саналатын жас­тарды түрлі мамандыққа дайындау ісін қолға алдық. Бірден айтайық бұрынғы сүрлеумен әзірлеген кадр өскелең заманның талабына жауап бермейтіні анық. Біз колледжде дайындалатын ма­мандықтар негізінен ауылды жерді өркендетуге бағытталған. Әсіресе, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, ғимараттар мен құрылымдарды салу, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, тамақтандыруды ұйымдастыру, жиһаз өндірісі, бір замандары кең қанат жайған, кейін сирексіп кеткен керамикалық дүниелер жасау жақсы жолға қойылды. Теориялық білім мен практика ұштаспаған жерде жұмыс жарым-жарты орындалатыны анық. Бұл тұрғыдан келгенде колледжде әр мамандықты тәжірибе жүзінде көріп-біліп отыратын арнайы құрылымдар жасадық. Мен мына бір фактіні де айта кетсем деймін. Халқымыздың 43,1 пайызы ауылды жерде тұрады. Солардың 40 пайызының ғана арнайы ма­мандықтары бар. Нарық заманында әр азамат өзінің үлкенді-кішілі бизнесін жүргізу үшін маман болуы тиіс. Тіпті, малшының өзі алдындағы әр бас қой, сиырын кеселден сақтау жолын біліп отырса, бұл оның ісін ілгері бастырады. Өзгеге беретін ақшасы үнемделіп, қажетіне жарап, ісінің ауқымын арт­тыруға ол молынан септігін тигізеді. Мемлекет басшысының өт­­­­­кен жылғы желтоқсандағы Жол­дауында да, газеттегі мақа­ла­сында да «2017 жылы «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жаңа жобасын жүзеге асыру басталады», деп оған жас қазақстандықтардың қа­тысып, арқаулы еңбек дағдысына үйрену қажеттігін алға тартады. Осы арада өткен жылы Президент Қы­зылорда облысына жасаған сапарында дағдарыстан алып шығатын локомотив – ауыл ша­руашылығы деген болатын. Бұл ақиқат сөздің арғы жағына үңілсеңіз әр адамның ішер асы, киер киімі сол алтын бесік ауылда. Осыны терең білген Мемлекет басшысы үлкен локомотивке теңеп отыр. Елбасының мақаласында ал­дағы күнге деген сенімділік соның бағыт-бағдары айқын кө­рініс тапқан. Мысалы, «Бізге үлкен жолдан өтуге тура келеді, ол бойынша біз қазір алғашқы 100 қадамды жасаудамыз», деп атап өткен. Осы үлкен жолды жастарға ұғындыру, бәрі де еңбекпенен келетінін жеткізу басты міндетіміз деп білемін. Дайындаған кадр­ды сен басшы боласың демей, өз бизнесіңді дамыта отырып, тәуелсіз елдің өркендеуіне үлесіңді қосасың деп ұғындыру біздің оқу орнының басты бағыты. Әрине, орта білім­мен қалып қоюға да болмайды. «Екі-үш жылдың ішінде үй­ренген үрдісіңді өрістете отырып, әл-ауқатың артып, қаржылай же­тістікке жеткен соң, жоғары білім алуға ешкім де тосқауыл қоймайды», деп бағыт сілтейміз. Осы үрдіс қазірдің өзінде жақсы жолға қойылды десем артық айтқандық емес. Біздің білім ұясының түлек­теріне деген сұраныс күн санап артып отыр. Тіпті, тапсырыспен оқыту ісі жақсы жолға қойыла бас­тады. Сол секілді уақыт өлше­міне қарай жаңа мамандыққа дайындау ісі де ілгерілеп отыр. Колледж студенттерін практика кезінде жұмыс берушілер ша­қырып, еңбекке баулумен қатар, оларға ақша төлеуді де жақсы жолға қойды. Отанымызда 800-ден аса колледж болса, сол білім орындары Елбасының тапсырмасымен келесі жылы жүзеге асатын тегін кәсіптік-техникалық білім беруге қазірден сақадай сай дайын болуымыз тиіс. Ол үшін білім беретін оқу орнының материалдық базасын, оқытушылардың білім деңгейін жетілдіру керек. Әсіресе, тегін білім алуға ауылды жердегі жастарды тарту ісін бірінші кезекке шығаруға тиістіміз. Өйткені, ауылдың өркендеуі сондай жас­тардың қолына ертең өткенде олар біліммен де, сол білім негізінде үйренген тәжірибесін жүзеге асырып, сан түрлі саланы меңгеріп кетуі қажет. Байтақ даламызда егін өсіріп, мал бағу, өндірген өнімді шикізат күйінде сатпай, бірден қолданатын та­уарға айналдырып жатса, әр азаматтың отандық өнім өндіруге қосқан үлесі болып саналады. Қазір өзің өндірмей, өндірген өніміңді сатып қаржы қорын жасамай, табысқа жете алмайсың. Бір қуа­нарлығы осы күндері отан­дық өнім өндіру жақсы жолға қойы­лып, оған деген сұраныс артуда. Адам денсаулығына пайдасы зор табиғи өнім өндіруге біздің елімізде мол мүмкіндік бар. Осының бәрін іске асыру жолында Елбасының барлық атқарылар жұмысты тайға таңба басқандай етіп, тарау-тарауға бөліп көр­сеткен мақаласының жөні бөлек. Бір сөзбен айтқанда, бұл Ұлт Жоспарының мүлтіксіз орындалып, алға қойған арманның ақталуына кең жол ашатыны сөзсіз. Орынбай ҚУАНЫШБАЕВ, Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің директоры.