Бұл – билікті белсенді іс-қимылға тарту тәсілі
«Қазақстан әйелдерінің одағы» қоғамдық бірлестігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдап, Қазақстанның әйелдер одағы Мемлекет басшысына гендерлік теңдік саясатын ілгерілетудегі ерекше қамқорлығы үшін өздерінің ризашылықтарын білдіреді және Президент қабылдаған реформалар бағытын толықтай қолдайтындықтарын атап көрсетеді. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын табысты жүзеге асыру елді жаңғырту үшін қажетті база қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазақстанның әйелдері елдің болашағы үшін жауапкершілікті бөлісуге және реформаларды әрі қарай ілгерілетуге өздерінің үлестерін қосуға дайын», делінген хатта.
Әлемдік рыноктардың тұрақсыздығы мен жаһандық сыртқы сын-қатерлер дағдарысқа қарсы іс-қимыл бағдарламаларын жүзеге асыру үшін баршаның барынша топтасуын талап етеді. Осыған орай, Қазақстан әйелдері өздерінің Парламенттің төменгі палатасы мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға кезектен тыс сайлаулар өткізу туралы бастаманы қолдайтындықтарын білдіреді. Бұл жаңарған парламенттік реформа қалыптастыруда маңызды қадам болып табылады. Кезектен тыс сайлаулар өткізу сайлау циклын ұзаққа созбай, биліктің барлық тармақтарын белсенді іс-қимылға тартуға мүмкіндік береді деп санаймыз. Сондықтан Сізден Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу мүмкіндігін қарастыруыңызды өтінеміз.
Бастаманы қолдаған жөн
Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жолдады. Онда Кәсіподақтар федерациясының Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуына оң серпін беріп келе жатқан бағытын қолдайтыны көлденең тартылады. «Біз Сіздің мемлекетімізді қалыптастыру мен дамытудағы кезекті тарихи үлесіңіз Парламент Мәжілісі депутаттарының Мәжіліс пен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауларын өткізу туралы шешіміңіз болады деп санаймыз», делінген хатта.
Кәсіподақтардың жолдауында, сондай-ақ, жаһандық сындар мен қатерлер алдында қазір Мемлекет басшысының кең ауқымды реформалары мен жаңаруларының төңірегінде топтасудың маңызы жоғары екені атап көрсетіледі. «Сіз ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары елді жаңғыртудың кешенді стратегиясының шешуші элементі болып табылады. Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында ол отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жоғары әлемдік стандарттарға жауап беретін еңбек қатынастарының жаңа үлгісін қалыптастыруды ұсынады», делінген хатта.
Кәсіподақтар федерациясы шешуші дағдарысқа қарсы іс-қимылдар кезеңінде алдағы сайлауды заң шығарушылық және жергілікті өкілді билікке жалпыұлттық сенімді қуаттауға қабілетті қадам ретінде қарастырады. «Біз дағдарысты жедел еңсеруге ұмтылыста және өсім үшін жаңа мүмкіндіктер іздестіруде біргеміз. Сондықтан Сізді депутаттардың кезектен тыс сайлау өткізу туралы бастамасын қолдауға шақырамыз», дейді Кәсіподақтар ұйымының өкілдері.
Халықтың үдесінен шығатын сайлау болмақ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына «Тау-кен өндірісі мен тау-кен металлургиясы кәсіпорындары республикалық қауымдастығы» хат жолдады. Онда былай делінеді: «Тау-кен өндірісі мен тау-кен металлургиясы қауымдастығы және еліміздің көптеген еңбек ұжымдарының атынан Сізге мемлекетті толыққанды дамытуға жағдайлар жасағаныңыз үшін шын көңілден шыққан ризашылығымызды білдіреміз. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асырудағы тарихи кезең президенттік реформалардың жаңа Парламентін қалыптастыру үшін алғышарт жасап, жергілікті жерлердегі өкілетті органдардың құрамын да жаңартуға мүмкіндік береді».
Сондай-ақ, депутаттар мен сарапшылардың депутаттық корпусты жаңарту елдің жаңа реформалар мен жаһандық дағдарыс жағдайында шешуші іс-қимылдарға дайын екенін қуаттайды деген пікірімен толық келісетінін мәлімдейді. Алдағы сайлаулар реформаларды әрі қарай жүзеге асыруға қатысты заң шығарушылық және өкілді биліктің барлық деңгейлеріне сенімді нығайтатынына сенімдіміз. Осыған байланысты Сізден депутаттардың Парламент Мәжілісін тарату туралы шешімін қолдауды сұраймыз, делінген хатта.
Электораттық циклға ерте бастан кіріскен ұтымды
Елбасына өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының «Қазақстанның ұлттық индустриялық палатасы» хат жолдады. Онда Қазақстанның өнеркәсіпшілері Елбасының дағдарысқа қарсы реформаларын толықтай қолдайтындықтарын мәлімдеді. Өйткені, олар реформалар уақыт рухына жауап береді және ықтимал тәуекелдерді қаперге алып, өзгермелі жаһандық қиындықтардан шығуға жағдай туғызады деп есептейді.
«Сізге депутаттардың Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауларын өткізу туралы бастаманы қолдау өтінішімен қайырыламыз. Болашақта электораттық циклға қайта оралмау үшін Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауларын өткізіп, елді институттық жаңғырту мен дағдарысты құбылыстарды еңсеру жөніндегі Ұлт Жоспарының міндеттерін бірден жүзеге асыруға кірісіп кеткен орынды болмақ», делінеді өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің жолдауында.
Олардың пікірлерінше, кезектен тыс сайлаулардың қорытындысы бойынша Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың жаңа құрамына біріккен саяси партиялар елді дамыту жөніндегі жауапты жұмысқа дайын болады. Осының нәтижесінде еліміздің өнеркәсіп әлеуеті жоғарылап, жергілікті өзін өзі басқару мен кең ауқымды индустрияландыруды дамыту жүзеге асырылады.
Саяси күштер үшін үлкен мүмкіндік
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі хат жолдады. Бұл хатта Тәуелсіздігіміздің 25-ші жылында өзіміздің әлемге қуатты мемлекет және жұдырықтай жұмылған ұлт екенімізді мақтанышпен әйгілеп отырғанымыз атап көрсетіледі. «Жаһандық дағдарыстың қиындықтарына қарамастан, Сіздің дана басшылығыңызбен Қазақстан алға қарай сенімді ілгерілеп келеді және жаңа міндеттерді шешуге дайын», делінген.
Қазақстанның Азаматтық альянсы, еліміздің ең ірі үкіметтік емес ұйымының басын біріктіре отырып, Парламент Мәжілісі депутаттарының Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауларын өткізу туралы бастамасына қолдау білдіру қажет деп санайтынын мәлімдейді. Бұл Сіздің «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында белгілеген кең ауқымды институттық жаңғыртуларды тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Хатта, сондай-ақ, қазіргі геосаяси ахуал сыртқы сын-қатерлерге шұғыл жауап беруді қажет ететіні көлденең тартылады. Сондықтан Елбасы ұсынған дағдарысты еңсеру шаралары, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл тәжірибесі тиімді жүзеге асырылуы тиіс екені атап көрсетіледі. Тарихымыздағы осынау жауапты сәтте кезектен тыс сайлау жетекші саяси күштерге өздерінің мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жолындағы жауапкершілікті мойындарына алуға дайын екендіктерін мәлімдеуге тамаша мүмкіндік болып табылады.
Сын сағатта сыр бермеуге тиіспіз
Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығы да Елбасына хат жолдап, Мемлекет басшысының саяси көрегендігінің арқасында мемлекетіміздің әрбір дағдарыстан әлсіреп қалмай, керісінше, жаңғырған, қуатты ел болып шығатынын айтады. Әлемді жұмыссыздық нәубеті жайлағанда, елімізде бірегей өндіріс ошақтары құрылып, жаңа жұмыс орындары ашылды, бизнес саласының тынысы кеңейіп, әйелдер қауымына іскерлікпен айналысу үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалды. Осы үшін Сізге алғыс білдіргіміз келеді.
Сондай-ақ, күні кеше Парламент депутаттары Мәжілісті тарату және Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауларын өткізу туралы бастама көтергенін, Іскер әйелдер қауымдастығы оны зор ықыласпен қабылдап, қолдау білдіретінін атап көрсетеді. «Себебі, қазіргі Парламентіміз 5 институттық реформаны заңнамалық жағынан қамтамасыз ету бағытында жемісті жұмыс істеп, өзінің тарихи миссиясын орындады. Енді еліміз Қазақстанды жаңғырту реформаларын нақты жүзеге асыратын ең шешуші кезеңге аяқ басты. Жауапты сәтте халқымыздың жыл бойына созылатын сайлау науқанына алаңдамай, халық қалаулыларына барынша қысқа мерзім ішінде сенім мандатын беруі айрықша маңызды», делінген хатта.
Сонымен қатар, алдымызда бұрынғыдан да маңызды, жауапты және күрделі кезең тұрғанын атап өтіледі. Осынау сын сағатта халқымыз Ұлт Жоспарын орындау үшін бірлігі мен тұтастығын сақтап, өнімді жұмыс істеуі керек екеніне назар аударады. Сондықтан, Парламент депутаттарының бастамасы уақыт талабы екенін көлденең тарта келе, әлемдік экономика аласапыран күйге түскен қазіргі жағдайда Қазақстанның дағдарысқа қарсы шаралар мен мемлекетті жаңғырту реформаларын бір сәтке де кешіктіруге қақысы жоқ екенін мәлімдейді. «Сол себепті, Сізден Парламент депутаттарының бастамасын қолдап, еліміз үшін аса тағдырлы мәселеге байланысты оң шешім қабылдауыңызды өтінеміз».
Сенім мен сергектік
Еліміздің заң шығарушы органы – Парламент Мәжілісінің сайлауды кезектен тыс өткізу туралы үндеуі ризашылығымды туғызды. Мен бұл бастаманы құптаймын, өйткені, ол қазіргі әлемдік геосаяси және геоэкономикалық өзгерістер салдарын жеңілдететін және әлі де келуі мүмкін ықтимал қиындықтардың алдын алу үшін елге, мемлекетке шын жанашырлықты қадам деп есептеймін. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев халықаралық жағдайларды алдын ала елеп-екшеп, бағамдай келе Қазақстанның ынтымағы мен ырысын қамтамасыз етуге қызмет ететін бес институттық реформаны іске асыруды тапсырды, арнайы Ұлт Жоспары қабылданды, ол тиісті заңнамалармен бекітілді. Қазақстанның ішкі әлеуетін, сыртқы келбетін нығайта түсу үшін атқарылатын қыруар жұмыстар қай салада, қай құрылымда болмасын, тіпті, ең кішкентай деген ұжымның өзінен темірдей тәртіппен бірге белді де белсенді, сауатты да салиқалы, кәсіби қызметті талап етеді. Өздеріне берілген мерзім ішінде ел көңілінен шығатын жұмыс атқара білген Мәжіліс депутаттарының үндеу жасауы тегіннен тегін емес, ол әлемдегі өзгерістер мен құбылыстарды сезіне отырып, оның Қазақстандағы әсерлеріне сергек қарау, сондай-ақ оған бейжайлық танытпай, дер кезінде шешім қабылдауы деп білемін.
Қазақстанды мекен еткен көп ұлттардың бірінің өкілімін, осы елдің азаматымын. Киелі Маңғыстау жерінде жергілікті халықпен қоян-қолтық араласып тірлік етудеміз. Бізге тыныштық қымбат, бейбітшілік – баға жетпес байлық. Бірқатар елдерде болып жатқан зұлматтардан сабақ алуға тиіспіз. Сондықтан, тәуелсіз Қазақстанның қауіпсіз болуына, мамыражай тірлігінің қаймағы бұзылмауына мүдделіміз. Қазақстанның ортақ шаңырағына уық болып қадалған халқымыздың Ассамблеясы қашанда осы бірлікке, татулыққа үн қосып келеді. Ассамблея мүшелеріне Парламент төрінен орын беріліп, олардың үні шырқау биіктерден естілуде. Біз бұған ризамыз. Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттарын мерзімінен бұрын сайлаудың біздің өміріміз үшін маңызы зор деп есептеймін.
Сергей МАРТЫН,
«Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы.
Маңғыстау облысы.
Жаңа Парламентке үміт зор
Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламасымен жақын танысып, мемлекетіміздің Мәңгілік Ел хақындағы жүзеге асыруға талпынып жатқан жоспарларының сәтті орындалуына тілектестік білдірудеміз. Қазақстан атты алып мемлекеттің бір бөлшегі болғандықтан Мемлекет басшысының 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жүзеге асуына баршамыз мүдделіміз. Сондықтан, әлемдегі дағдарыс толқындарын елімізде жеңіл өткізу мақсатында Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігін тоқтату, кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі үндеуін жұртшылық дұрыс шешім деп қабылдады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа қазақстандық арман туралы ойын «Біз Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ бастық, оның басты мақсаты жүзеге асырылып жатқан «2050» Стратегиясымен бара-бар.
ХХІ ғасырдың ортасына қарай біз Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына қол жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Бұл 2015 жылдың сәуірінде өтіп, қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдау көрсеткен кезектен тыс президенттік сайлау барысында пайда болған бүкілхалықтық арманға айналды.
Шын мәнінде, осы бүкілхалықтық сенім кепілі біздің Болашағы Біртұтас Ұлт туындауындағы тарихи акт болды» деп түйіндеді.
Біз биік мақсаттарға қол созған елміз. Мемлекетіміздің тәуелсіздік алғанына 25 жылдан енді асса да Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында биік белестерді бағындырдық. Біріккен Ұлттар Ұйымында алғаш рет қазақ тілі төрге шығып, әлем қауымына төрелігін айтты.
«Қазақстан Тәуелсіздігінің ширек ғасыры топтасқан халықтың ғана дамудың таңғажайып шыңдарына жете алатындығын көрсетіп берді» деді Елбасы.
Осындай биік мақсаттарға өз мүддесінен мемлекет беделін биік қоятын жаңа кәсіби Парламент керек. Әлемдік дағдарыстан аман-сау өтуге бағытталған осы шешімді ел ертеңін ойлайтын барша қазақстандықтар қолдап отыр.
Сайра ЕЛШИЕВА,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ доценті, педагогика ғылымдарының
кандидаты.
ШЫМКЕНТ.
Нағыз демократиялық қадам
Бүгінде зымырандай зулаған уақыттың тегершігі қас-қағым сәттегідей жылдам айналып барады. Асылында, әлемдегі орын алып жатқан барлық факторлар біздің де жаңа кезеңнің тосын талаптарына сай болуымызды көксейді. Ал қоғамдық жаңарулардың ағымына ілесу, сол ырғақтан қалыспау тың ізденістер мен жігерлі талпыныстарды талап етеді. Бәріміз соған сай болуымыз шарт.
Осы орайда Парламент Мәжілісінің Қазақстан халқы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзін-өзі тарату жөнінде үндеу жолдағанын көрдік, естідік, білдік. Бұл ретте депутаттар осы бір ұсынысты айту үшін жеті рет ойланып, бір рет пішкені ешқандай да күмән тудырмайды.
Ақиқатын айтайық, бұл дер кезінде көтерілген орынды бастама болғаны анық. Әрине, сонымен бірге, депутаттардың да қырағылығын байқатса керек. Елбасы ілгеріде: «Алдымен экономика, одан кейін саясат» деген еді ғой. Жалпы алғанда, экономиканың тұрақтылығы әлемде болып жатқан жағдайларға да тікелей байланысты екенін бәріміз білеміз. Шыны керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бұл жолғы қаржылық дағдарыстың да салқыны оңай тимейтінін айтып отыр. Жай ғана тілге тиек етпей, төтеннен келген дағдарысты бір кісідей жұмылып еңсерудің нақты жолдарын да сан сала бойынша талдап, жіктеп, таразылап берді. Алайда, «Жалғыз ағаш орман болмас» дегенді ескерсек, біз Мемлекет басшысының нұсқаған жоспарларын «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» бірігіп жүзеге асыруымыз қажет. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін» түйсінген Парламент Мәжілісі депутаттарының өзін-өзі таратуы – жаңашыл, бастамашыл жандарға да ашылған даңғыл жол. Бұрынғы депутаттардың жаңаша ойлауына берілген мүмкіндік әрі нағыз демократиялық қадам деп айта аламын. Осы тұрғыдан келгенде ұтымды ұсынысты қолдаймын. Қай деңгейдегі депутат болса да бұл бастамаға қос қолын көтеріп қолдау білдіретіндігіне сенімім кәміл.
Садат БИСЕМБАЕВ,
Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаты,
«Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі.
Жамбыл облысы.
Елді табысты дамытудың алғышарты
Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ардагер» қоғамдық бірлестігі хат жолдап, Елбасының тәуелсіз Қазақстанды дамыту бағытын қолдайтындықтарын білдіреді. «Сіздің Ұлт Жоспарыңыз жаңа қазақстандық арманға бастар жолда шешуші бағдар қызметін атқаратын болады. Сіз ұсынған елді дамыту мен экономикалық өсім үшін оңтайлы жағдайлар жасаудың «100 нақты қадамы» өсе түсіп отырған әлемдік дағдарыс қатерлеріне қарамастан, жоғары қарқынды өсімді қамтамасыз ететініне сенімдіміз», делінген онда.
Сонымен қатар, осындай жағдайда өздерінің парламентшілердің кезектен тыс сайлау өткізу туралы бастамасын толықтай қолдайтындарын білдіреді. Кезектен тыс сайлау Ұлт Жоспары мен дағдарысқа қарсы саясат міндеттерін орындауда бәсекеге қабілетті күштерді тартудың мүмкіндігі екенін атап көрсетеді. «Біз бүгінгі жағдайда Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар құрамдарын жаңарту мемлекетті әрі қарай табысты дамыту үшін жоғары маңызға ие болатынына сенімдіміз», дейді қоғамдық бірлестік өкілдері.
Белсенділігімізді арттыруға жәрдемдеседі
Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдауында «Қазақстан Жастар конгресі» Елбасының дәйекті бағытының арқасында жастармен жұмыс Қазақстанда ерекше орын алатынын атап өтеді. «Сіздің жастарға қамқорлығыңызды қаперге ала отырып, біз депутаттардың Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауларын өткізуге қолдау көрсетуіңізді өтініп, қайырыламыз. Бұл бастама азаматтық қоғам институттарының белсенділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашып, барлық конструктивті қоғамдық күштерді Сіз жариялаған Бес институттық реформа – Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үдерістеріне тартуға жағдай туғызады», делінген хатта.
Сондай-ақ, бесінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары Ұлт Жоспары мен мемлекеттік жастар саясатын заңнамалық қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқарғаны атап көрсетіледі. «Оның үстіне, біздің пікірімізше, Сіздің кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешіміңіз идеялар бәсекелестігі мен Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының жаңа құрамын қалыптастыруға оң ықпал етіп қана қоймай, дағдарысқа қарсы тиімді күрес жүргізуге мүмкіндік береді. Сондықтан, Сізден кезектен тыс сайлау өткізу туралы бастаманы қолдауды сұраймыз», дейді Жастар конгресі мүшелері.
Жасампаз реформаларды ілгерілетудің жолы
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жас Қыран» әскери-патриоттық бірлестіктерді дамыту орталығы хат жолдады. Онда «Жас Қыран» әскери-патриоттық бірлестіктерді дамыту орталығының Елбасынан депутаттардың Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауларын өткізу туралы шешімін қолдау өтініледі. «Ұйымымыздың атынан Сізге Қазақстан жастарының болашағы үшін баға жеткізгісіз үлес қосып отырғаныңызға шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясындағы стратегиялық реформалардың табысты жүзеге асырылатынына сенімді екенімізді мәлімдейміз», делінген.
Сонымен қатар, еліміз үшін осындай жауапты кезеңде әлемдік дағдарыстың теріс құбылыстарын еңсеру бойынша жасампаз реформаларды ілгерілету Қазақстанды дамудың жаңа соқпағына түсіреді, деп есептейді орталық. «Сайлау Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға сенімнің жаңа мандатын алып, реформаларды әрі қарай жүргізу үшін заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Сондықтан, Сізден депутаттардың бастамасын қолдауды өтінеміз», дейді «Жас Қыран» өрендері.
Халық сеніміне ие болу – үлкен жауапкершілік
Жастардың «Жасыл ел» еңбек жасақтары республикалық штабы өздерінің хатында Елбасына қуатты да серпінді дамып келе жатқан мемлекет құруға баға жеткізгісіз үлес қосқаны үшін өздерінің шын жүректен шыққан ризашылықтарын білдіретінін атап көрсетеді. «Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы – біздерге Сіз белгілеп берген ел экономикасы үшін күрделі жағдайлар кезеңінде де жоғары қарқынды сақтап қалуға қолдау көрсету аса маңызды. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыруда талмай еңбектену қажет екенін жақсы түсінеміз. Бұл арада жан-жақтан қыспаққа ала бастаған дағдарысқа мойымау да аса маңызды. Осы орайда, Парламент Мәжілісі депутаттарының Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауларын өткізу қажеттігі туралы үндеуіне толықтай қосыламыз», дейді олар.
Сонымен бірге, бесінші шақырылымдағы депутаттар корпусы барлық маңызды салаларды кең ауқымды реформалау үшін қажетті заңнамалық база қалыптастырып, өздерінің тарихи миссиясын табысты орындады деп санайтындарын жеткізеді. «Кезектен тыс сайлаулар – реформаларды практикалық жүзеге асыру кезеңінде халық сеніміне ие болудың жаңа мүмкіндігі», деп есептейді «Жасыл ел» еңбек жасақтарының республикалық қозғалысы мүшелері.
Бірлігіміз берекелі болсын десек
Біз, қазақ жерін киелі мекенімізге балаған өзге этностардың өкілдері, Қазақстандағы татулық пен достықтың берік болуын, экономиканың кең құлаш жая өркендеп, еліміздің қуатты мемлекетке айналуын қалаймыз. Себебі, әлем елдеріндегі дағдарыс пен қақтығыстардың тек экономикаға ғана емес, алдымен, адамзатқа тигізер зардабының ауыр болатынын көріп отырмыз. Сондықтан жаһан жұртын бір жағынан қаржы дағдарысының, екінші жағынан мұнай бағасының құлдырауынан жұмыссыздықтың шеңгелі қысып бара жатқан тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған дағдарыстың алдын алу шараларын одан әрі қолдауымыз қажет.
Осы орайда елімізде жұмыссыздықты төмендету бағытында түрлі бағдарламалар іске асырылып, соның нәтижесінде біздегі сан алуан кәсіпорындарда жұмыс орындары әзірге қысқара қойған жоқ. Қай елде де халықтың белгілі бір мөлшерін жұмыссыздар құрайтыны жазылмаған заңдылық десек те, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі әлемдегі, соның ішінде ТМД мемлекеттеріндегі көрсеткіштерден әлдеқайда төмен екендігі дау тудырмас шындық. Өйткені, біздің елімізде «Алдымен – экономика» қағидасымен отандық өндірістерді көптеп ашып, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы жұмыссыздықты азайтуға баса мән беріліп отыр. Бұл – бір.
Екіншіден, біздің басты табысымыз – татулық пен тұрақтылық. Бұл көптеген елдердің күні-түні аңсайтын, қанша тырысса да қол жеткізе алмай жүрген мәңгілік арманына айналды. Ал бізде ше? Бізде, Құдайға шүкір, татулық пен тұрақтылықтың туы жығылған, беріктігіне сына қағылған емес. Алдағы жылдарда да ортақ Отанымыз – Қазақстандағы бірліктің буыны бүгінгіден берік бекіп, татулығымыз бен тұрақтылығымыз мәңгілік болуына бәріміз де мүдделілік танытамыз. Парламент Мәжілісінің депутаттары елдің бірлігі мен татулығын, болашақтағы экономикалық өркендеуін ойлап, кезектен тыс сайлау өткізуді ұсынып отыр. Өте дұрыс шешім, қолдауға тұратын оңды қадам. Бұл еліміздің болашағын баянды ету үшін қажет.
Александр ДУМЛЕР,
«Видергебурд» неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі,
облыстық мәслихаттың депутаты.
Атырау облысы.
Баянды болашақ бастауы
Парламенті Мәжілісі депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауларын өткізу туралы үндеуі ел мүддесі үшін қабылданған дұрыс бастама деп есептеймін. Себебі, жаһандық дағдарыс әлем елдерінің барлығын қысылтаяң кезеңге тіреп отыр. Міне, осы сәтте депутаттар тәуелсіз мемлекетіміздің түтінін түзу ұшырып, дұрыс әрі ұтымды шешімдер қабылдануға ұйытқы болуы тиіс...
Түркістан қалалық мәслихаты өңірдегі игі істердің еселене түсуіне барынша атсалысып келеді. Оның нәтижесі де жаман емес. Киелі өңірдегі халық қалаулыларының атсалысуымен әлеуметтік нысандар бой көтерді. Сондай-ақ, аймақта ауыл шаруашылығымен қатар, өнеркәсіп салаларында көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Мәселен, өткен бір жылда Түркістанда 30-ға жуық жаңа жоба іске асырылды. Осыдан небәрі 5-6 жыл бұрын түркістандықтардың 46 пайызы ғана таза ауыз су тұтынса, қазір бұл көрсеткіш 86 пайыздан асты. Қалаға қарасты 35 елді мекеннің 27-сіне жаңадан орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылды. Тұрғындарымыздың көгілдір отынның қызығын көретін кезі де жақын. Тәуелсіздік жылдарында Түркістанда 30-дан астам жаңа мектеп ғимараты салынған болса, соның жиырмашақтысы соңғы жылдардың еншісінде. Қазір бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 80 пайызға жетті. Денсаулық сақтау саласында ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана және төрт бірдей ауданға қызмет көрсететін 200 төсекке арналған балалар ауруханасы іске қосылды.
Өнеркәсіп саласында айтулы тірліктердің бірі Түркістанда индустриялық аймақ құрылды. Қазір мұнда өндіріс орындары орналастырылып, тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Сол сияқты ауыл шаруашылығы саласында қайта өңдеу мәселелері қолға алынып, жақында ғана сүт өнімдерін терең өңдеп, сүт, қаймақ, айран, сүзбе шығаратын зауыт ашылды. Айта берсек, осы шараларды іске асыруға қалалық мәслихат депутаттарының үлесі бар деуіме толықтай негіз бар.
Қазақстан өзінің даму жолындағы ширек ғасырға жуық уақыт ішінде әлемді шарпыған дағдарыспен бетпе-бет келуі бірінші рет емес. Осы уақытқа дейін алдымыздан кездескен қиындықтардың барлығына өз деңгейінде тойтарыс беріп, керісінше, дамуға қарай бет алып, өзге мемлекеттерге қиын кезде жұдырықтай жұмылудың, тиімді басқарудың үлгісін таныттық. Соның арқасында еліміз әрбір күрделі кезеңдерде ұтымды шешім қабылдап, қуатты елге айнала алды.
Қазіргі таңда мемлекетіміздің жаңа жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге бағытталған жоспары айқын. Елбасы салған сара жолдың арқасында Ұлы Даламыздың тек әлемдік дағдарысқа қарсы тұру жөнінде ғана емес, жаңа дамуға бастайтын стратегиясы мен нақты Ұлт Жоспары бар.
Осы орайда, уақыт ұттырмай халық қалаулыларын жасақтап, нақты іске кірісу қажет екендігі айдан анық. Өйткені, алдымызда сындарлы сәт тұр. Іс жүзінде тұтас бір жылды жоғалтпай, дағдарысқа қарсы шаралар мен мемлекеттің қуатын арттыру жөніндегі жаңа реформаларды жүзеге асыруға қазірден бастап кірісу қажет. Бұқара халық, қарапайым жұмысшылар, еңбек адамдары бізге қарап отыр. Демек, жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, Президент реформаларын барлық бағыттар бойынша нақты жүзеге асыруға кіріскен тұста партиялар сайлаушылардың жаңа сенім мандатын алуы айрықша маңызды. Түптеп келгенде, дағдарысқа қарсы шараларды белсенді жүзеге асыру үшін қоғамның ұйысуы қажет. Әлемдік саясат пен экономикадағы қолайсыз жағдайларға төтеп беру кезінде «100 нақты қадамды» тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Парламент Мәжілісі, жаңадан жасақталған мәслихаттардың болуы заңдылық.
Осынау жауапты сәтте дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін кең ауқымды қоғамдық бірігу қажет екеніне назар аудара келіп, дағдарыс жағдайында кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі ұсыныс орынды көтеріліп отыр деп санаймын.
Ғаппар СӘРСЕНБАЕВ,
Түркістан қалалық
мәслихатының хатшысы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Өз үлесімізді қосуға әзірміз
Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын кезектен тыс өткізу жөніндегі Парламенттің төменгі палатасы депутаттарының үндеуі олардың парасатты пайымы мен кескінді келбетін көрсетеді. Бұл үндеу бесінші шақырылымдағы депутаттардың елдің болашағы мен оның экономикасының одан әрі дамуына селсоқ қарай алмайтынының бір дәлелі деуге болады. Елдік мүддені жеке мүддеден сәл де болса жоғары қоя білу нағыз елдік пен мемлекеттілікті көксейтін тұлғаларға тән болса керек-ті. Осындай мәрт қасиеттер қазіргі Парламент Мәжілісі депутаттарына да тән болып келгеніне де көз жеткізіп отырмыз.
Біздің партияның облыстағы филиалының мүшелері бұл үндеуді толығымен қолдайтынын бас басылым оқырмандарының қаперіне салғым келеді. Осы орайда V шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарына ризашылықтан басқа айтарымыз жоқ. Өйткені, олар осы кезге дейін еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени тұрғыда дамуына алғышарттар қалайтын көптеген заңдардың қабылдануына өздерінің бұған дейін жинақтаған тәжірибесін молынан жұмсады. Кәсіби деңгейлері мен дағдыларын көтеруде де ықтияттылық танытты. Олардың бұл тұрғыдағы еңбектері оң баға беруге әбден лайықты. Осылайша Парламент мүшелері елде жүргізіліп жатқан реформалардың практикалық тұрғыдан жүзеге асуына түрткі бола білді.
Дегенмен, қоғамдық өмір бір орнында тұрмайды. Ол үнемі алға қарай даму, қозғалу үстінде. Бұл ой-пікірімнің ел парламентаризміне де тікелей қатысы бар. Парламент мүшелерінің сапалық және кәсіби тұрғыдан жаңғыртыла түсуі бес институттық реформаны ойдағыдай жүзеге асырудың бір тұтқасы болып қала бермек. Бүгінгі күнге дейін аталған реформалардың заңнамалық негізі қаланған. Енді оны практикалық тұрғыдан жүзеге асыру ісі басталып отыр. Қазақстан Коммунистік халық партиясы облыстық филиалының мүшелері бұл іске өз үлестерін қосуға әзір демекпін. Ал, кезектен тыс сайлау өткізу қазіргі күрделі кезеңде ел тұрғындарының одан әрі топтаса түсуіне ықпал етеді деп ойлаймын. Бізді дамудың жаңа белестері күтіп тұрғаны анық. Оны бағындыруда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек ете берейік, қадірлі отандастар!
Сұлтанбек СҰЛТАНҒАЛИЕВ,
Қазақстан Коммунистік халық партиясы Батыс Қазақстан
облыстық филиалының екінші хатшысы.
ОРАЛ.
Дамуда даңғыл жол сирек кездеседі
Тарихқа көз салып, бүгінде ең дамыды деген мемлекеттердің өткен жолына қарасақ, бәрі бірдей кедергісіз даңғыл жолға түсіп алып, дамудың биігіне бірден шығып кете алды дей алмаймыз. Саяси, экономикалық және әлеуметтік қиындықтарды бастан өткеріп, осы тар жолдарда пісіп-жетіліп бүгінгі деңгейлеріне қол жеткізді. Біздің еліміз – Тәуелсіз Қазақстан өзі талпынған әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына жету үшін, осы мемлекетті мекен ететін сан ұлт өкілдері ұрпақтарының бақуатты тұрмысы үшін кездескен қиындықтарды еңсеріп, кездесуі ықтимал жағдайларға алдын ала қам жасап келеді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының үндеуі қазіргі таңда әлемде туындап тұрған ахуалдарға қарап ой мен бой түзеп, қатерлердің алдын алу мақсатында қабылданған шешім деп ойлаймын. Елбасы ұсынған Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін кәсіби сауаттылық қажет-ақ. Бірнеше заңнамалардың қабылдануына өз үлестерін қосқан бүгінгі мәжілісмендердің үндеуінің бастауы осы мемлекеттік мүддеден туындап отыр. Әлемдік ахуалдарға қарап жаңаша қимылдап, жаңаша ойлай білетін әріптестерін ортаға шақырып, орын ұсынуы – ел тағдырына жауапкершілікпен қарау.
Геосаяси мәселелерден туындаған әлемдік қауіпсіздік және құбылмалы нарық мәселесіне біз көз жұма қарауға тиісті емеспіз. Бірнеше шетелдермен ықпалдаса болашаққа қадам басқан Қазақстан экономикасына мұнай бағасының түсуі сынды құбылыстар өз әсерін тигізеді. Біз мұндай қатерлерге тың ой, тың күш, тың идея иелерінің пікірі мен күш-қуатын пайдалану арқылы қарсы тұра аламыз. Мәжіліс депутаттары сайлауының кезектен тыс өткізілуі бізге өз болашағымызға қатысты ауқымды іс-шаралар жүргізуге мүмкіндік беретін болады.
Айрапет КУРДОГЛЯН,
«Ехпайрутюн» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы.
Маңғыстау облысы.
Қоғамдық бірігудің үлгісі
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің шешімі уақыт үнінен туындаған дұрыс қадам деп есептеймін. Осынау жауапты сәтте дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін кең ауқымды қоғамдық бірігу қажет. Тек бірлік пен үйлесімді іс-әрекеттер ғана бізге жаңа экономикалық соққыларға қарсы тұруға мүмкіндік береді.
Баспасөз беттерінде жұртшылықтың жаппай үн қосып, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың талдамалық негіздегі пікірлер білдіріп жатуы ел болашағының толғақты мәселелерін айшықтай түседі. Осы ретте, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығы халық қалаулыларының Мәжілісті таратып, Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауларын тағайындау туралы бастамасын қолдаған мәлімдемесіне біз де қосыламыз.
Еліміздің білім саласының өкілдері қоғамдық пікірдің ортақтығын алға тартып отыр. Тәуелсіздік тарихының 25 жылында Қазақстан мемлекеттік құрылыстың ең жауапты кезеңіне аяқ басып, «Бес институттық реформаның» Ұлт Жоспарын нақты іске асыруға кірісті. Бұл барша қазақстандықтардың бірігіп, ауқымды жұмысты тың қарқынмен қолға алуын қажет етеді. Саяси науқан болашағы біртұтас елімізді бірлікке бастап, биік мақсаттар аясында тұтаса түсуіне мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, күллі әлемді құрдымға тартқан толассыз жаһандық дағдарыстың кезекті толқыны күшейіп келе жатқанын баршамыз көріп отырмыз. Әсіресе, мұнайдың бағасы барреліне 28 долларға дейін төмендеуі біршама алаңдатады. Бұл әлемдік нарықтың ажырамас бөлігіне айналған Қазақстанға да зардабын тигізбей қоймайды. Дегенмен, экономикасы нығайып, аяғынан нық тұра қоймаған кездердің өзінде алапат дағдарыстарға лайықты тойтарыс берген Қазақстан бұл қиындықтардан да абыроймен өтеріне сенеміз. Тек саяси науқандарға, яғни сайлауға уақыт ұттырмай, тезірек кірісуіміз қажет.
Иә, Қазақстанның игі ниеттері мен армандары уақыттың серпінділігіне тәуелді. Сондықтан, тағдыршешті қадамдарға тезірек кірісуіміз керек. Сайлауға партиялар мен қоғамдық құрылымдардың көбірек қатысуы «Мәңгілік Ел» ұстындарын бекемдей түспек.
Айдар ҚОЖАБАЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау
мемлекеттік университетінің оқытушысы.
Ақмола облысы.
Халыққа керегі де осы
Қазақтың даласының дарқандығы, жерінің байлығы, өмірінің мамыражайлығы – бәрі-бәрі бір пейіліне біткен. Рас, жаңалықтың бәрі жағымды бола бермейтіні заңдылық. Бірақ, тіршіліктің тағы бір тамаша заңдылығы – кез келген үрдісте жағымды-жағымсыз жаңалықтар алмасып келіп, түбінде екшеліп нәтиже береді.
Қазақ халқының тарихында небір қилы заман көшінің ізі жатыр. Бүгінде тұғырлы Тәуелсіздігіміз бар. Аңсаған армандарға қол жетті. Әлем дағдарыс дертімен бетпе-бет келіп тұрған қазіргі аумалы-төкпелі уақытта да біздің еліміз бағытынан жаңылып отырған жоқ. Жаһандық дағдарыстың жаңа толқынына қарсы қаруымыз – Елбасының ұтымды саясаты. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев дүниежүзінде орын алып отырған ахуал жағдайында жаңа стратегиясын ұсынды. Ол стратегия тек дағдарысқа қарсы тұру шараларымен ғана шектелмей, даму жолын жаңғырта түсуді де көздейді. Ол – нақты реформаларға негізделген «100 нақты қадамды» қамтитын Ұлт Жоспары.
Биыл мемлекетіміз тарихтың сынақты жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұл уақыт сергектікті талап етеді. Өйткені, мұнайдың «брент» маркалы түрінің бағасы 28 доллардан да түсіп кетті. Мұның елдің жағдайына әсері болмай қоймайды. Сондықтан осындай күрделі кезең келе жатқан тұста оны күтіп отырмай, кезектен тыс Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын өткізіп үлгерген жөн. Осы орайда, Парламент фракцияларының Мәжіліс және түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын кезектен тыс өткізу жөніндегі Елбасына жолдаған үндеуі өте құптарлық шешім екендігін жүрегімізбен сезіп, түйсігімізбен түсініп отырмыз. Парламент осы уақытқа дейін маңызды жобалар мен бағдарламаларды өміршең етуге қажетті 80-нен астам заң қабылдапты. Бұл демократиялық қадамдары арқылы олар өз міндеттерін ойдағыдай орындап шыққандығын көрсетті. Қоғам қағидаттарын жағдайлар өзгертеді. Тек оған жедел әрі ұтымды икемделе білу керек. Мемлекеттік саясатты жүргізу жағдайында осындай қарқынды пайдалану – ұлттың өміршеңдігінің кепілі.
Бүгінде әлем алдында алып кедергі, күрмеуі қиын үлкен проблема тұр. Мәселе ортақ болғанмен, одан сытылып шығудың жолдарын әр ел өзінше қарастырады. Ал біз бұл жолда бірінші қадамға аяқ бастық. Жоспарымыз дайын. Ал жаңа Мәжілістің төрлетуі – оны тиімді жүзеге асырудың алғышарты десек те болады. Себебі, бастаманың баяндылығы тың серпінді қажет етеді. Жаңа адамдар жаңаша ой, жаңаша көзқараспен келеді. Оның үстіне, жауапты кезеңдегі бұл сайлау партиялардың саяси мүмкіндіктерін танытуға жол ашатыны анық.
Мәжілістің жасақталған жаңа құрамының алдында зор жауапкершілік тұрады. Сондықтан, елдің жайын білетін, ұтқыр ойлы, саясаттың қыр-сырынан хабары бар білікті де білімді азаматтардың қатарға қосылуы ауадай қажет. Халыққа керегі де осы.
Найман СҰЛТАНБАЕВ,
Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі.
Жамбыл облысы,
Шу ауданы.
Біз жастарға сене