30 Қаңтар, 2016

Дағдарыс дамуға кедергі емес

420 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
мухамбетпаизова– Айтатыны жоқ, партия съезінен алған әсеріміз керемет. Еліміздің әр өңірінен келген делегаттардың да көңілдері көтеріңкі, жүздері жарқын. Біздің әрқайсымыздың асыға күткеніміз Елбасы Н.Назарбаевтың съезде жасаған бағдаршамдай баяндамасы десем, қателесе қоймаспын. Қашанда елдің ертеңгі даму бағыттарына басымдық беретін Мемлекет басшысының баяндамасы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарымен және «Қазақстан нақты жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауымен, күні кешегі «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» жобасындағы ойлармен сабақтас шықты. Баяндамада дағдарысты еңсерудің алғашқы қадамдарының нәтижелері де назардан тыс қалмады. Осы бес институттық реформаны жүзеге асыру барысындағы сәттіліктер ілгерілеуімізге із ашатындай алғышарт жасағанын аңғардық. Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламаның шешуші бағыттарына тоқталды. Нұрсұлтан Әбішұлы дағдарысқа қарсы тұрақтылық, экономиканы құрылымдық жаңғырту, қазақстандықтардың өмір сапасының жаңа стандарттары, мемлекеттік конституциялық патриотизм және аймақтық тұрақтылық, интеграция және қауіпсіздік туралы тарқата баяндады. Елбасы қашанғы әдетіндей әлемді алаңдатып отырған сын-қатерлердің бетін бүркемелемей ашығын айтты. Олардың да біздің елге әсері болатынын жасырмады. Алайда, бұл сын-қатерлердің алдын алу біздің бірлігімізге, татулығымыз бен тұрақтылығымызға сына қаға алмайтынын сенімді түрде жеткізді. Партияның сайлау­алды тұғырнамасының «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» деп аталуы да сондықтан. Бүгінгі геосяси жағдай, әлемдік қаржы дағдарысы, жер-жерде болып жатқан қарулы қақтығыстар бізді бұрынғыдан да біріктіре, татуластыра және ұйымшыл ете түсуі тиіс. Мемлекет басшысы өз сөзінде елдің ертеңін айқындайтын көптеген мәселелерге маңыз бере сөйледі. 2017 жылдан бастап мектеп түлектерінің кәсіптік-техникалық мамандықтарға тегін оқытылатынын жадымызда тағы бір жаңғыртты. Қазір еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық алудың маңыздылығын қадап айтты. Мен бұл арада біздің колледждің осы бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізіп келе жатқанын айта кетуді жөн көрдім. Колледж Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясының қолдауымен болашақ теміржол мамандарын өндіріспен тығыз байланыста даярлауда. Елбасы тапсырмасына орай дуалды оқыту жүйесі енгізіліп, студенттер болашақ жұмыс орындарында дәріс алу мүмкіндігіне ие болды. Елбасы өз сөзінде дағдарысты еңсеруге бағытталған «Нұрлы Жол» бағдарламасына өткен жылы бөлінген 770 миллиард теңгенің 93 пайызы игерілгенін тілге тиек ете келіп, қазіргі жағдайда үнемшілдік пен ұқыптылықтың ұтымды болатынын айтуы да уақыт талабы екені сөзсіз. Сондай-ақ, қаншама дағдарыс дегенмен, Үкіметтің әлеуметтік міндеттемелерін орындап отырғанына көз жеткіздік. Бұған зейнетақының, еңбекақының, шәкіртақының және әлеуметтік төлемдердің өскені де дәлел болады. Съезде партияның «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданды, Парламент Мәжілісі сайлауына үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді. Біз партиялық тізімнен елімізге белгілі, беделді азаматтардың аты-жөнін көріп, ел болашағы бұдан гөрі де бақуатты болатынына кәміл сендік. Партия Төрағасының пайымдауларына қарап, дағдарыстың дамуға кедергі бола алмайтынына көзіміз анық жетті. Елбасы алдағы сайлауды көптеген елдердің байқаушылары қадағалайтынын,сондықтан үміткерлердің ашық, әділ және бәсекелестік жағдайында өтетін сайлауға тиянақты дайын болуы керектігіне назар аударды. Елімізде «Бақ берерде ырыс қонады, ұстанымы дұрыс болады» деген сөз бар. Жұмыла істер жұмысымыз жеңіл болып, Елбасының елді дағдарыстан жеңіл алып шығуға жасалған бағдарламаларының іске асуына атсалысып, «Мәңгілік Ел» ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдарындай ұстанып, азаматтары парасатты, тұрмысы бақытты ел болуға ұмтылайық дер едім. Бұған біздің саяси және экономикалық әлеуетіміз жетеді. Ендігі мақсат – бірлігімізді бекем ұстанып, тұрақтылығымыздың тұғырын бекіте түсу болмақ. Бұл бағытта Елбасы айналасына топтаса қимылдап, еліміздің дамыған отыздыққа енуіне елеулі үлес қосалық дер едім. Бүгінгі әсер осылай айтқызады. Бұл бізді жаңа же­ңіс­терге жеткізері сөзсіз. Қазіргі меже әлем­дік дағдарысты еңсеру екенін әрбір қазақ­стан­дық мейлінше түсінетініне сенімім мол. Жазып алған Сатыбалды Сәуірбай, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.