30 Қаңтар, 2016

Тунисте тәулікте теңіз тулады

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сахара шөлінің ортасында қо­ныс тепкен Тунис елінде бір тәуліктің ішінде көлкіген көл пайда болып, толқыны теңіздей тулады. Осынау ғажайып оқиғаның жай-жапсарымен жақсы танысқан ақбасты оқымыстылардың өздері қазір мұның нендей құдірет екенін айтып, түсіндіріп бере алмай отыр. Бір түннің ішінде құрғақшылықтан кенезесі кеуіп, таңдайы құрғап жат­қан шөл даланың тап ортасында шалқыған шалқар көлдің орнай салғанын әзірге кәрі тарихтың өзі біле бермейді. Сондықтан кейбір мамандар мұның сейсмологиялық дүмпудің әсерінен жасалған деген болжамға жүгінуге мәжбүр. Олар сондай болар-болмас сілкіністің салдарынан беткі қабаттағы су жердің бетіне қарай лықсып шыққан деген байламға қазық байлағылары келеді. Осылайша бері атқып шыққан судың кері қайтуына топырақ қыртысының тығыздығы кедергі келтірген сияқты. Алайда, бұл көлдің шын мәнінде қалай пайда болғаны туралы нақты тұжырым жоқ. Осыдан келіп, ғалымдар жер­гілікті тұрғындарға оның суын шаруашылық мақсатына қол­данудан бас тарта тұруды ұсынып отыр. Себебі, оның құрамында адам ағзасына залал келтіретін қоспалардың болуы да әбден ық­тимал. Соған қарамастан, жергілікті халықтың бірқатар бөлігі бұл ескертпені тыңдап жатқан жоқ. Олардың біразы жаңа көлдің жағасынан жағажай салып, сонда демалуды әдетке айналдыра бастаған. Алдын ала мәлімет бо­йынша, су қоймасының кей жерлерінің тереңдігі 18 метрге дейін барады. Ал суы тұщы кө­рінеді. Әзірге оған түскендер мен суын ішкендер арасынан шағым айтып, дәрігерге көрініп жатқан да ешкім байқалмайды. Құдайдың бере салғанындай бұл көлге құмартушылар қатары сон­дықтан бірте-бірте көбейіп келеді. Руслан ИГІЛІК.