02 Ақпан, 2016

Ұлт Жоспары – ұлы мүдде

642 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
КЕОРЕКЕлбасы дамудың жаңа беле­сінде Ұлт Жоспарын жария­лады. Арман ақиқатқа айналды. Тың мақсат айқын­далды. Көргені көп, ойы биік қазақ халқы бұл бастаманы қуана құптады. Ел Тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сынды ұлы құндылықтарды қастерлеп, дәріптеген Қазақ Елі ұрпақ болашағы жолында үлкен бетбұрысқа бел буды. Ұлт Жоспары – бізді бо­ла­­шаққа бастар бойтұмар. Ірі стратегиялық құжат. Түбегейлі құ­рылымдық, институттық, жүйелік өзгерістерге әкелетін реформа­лар кешені, жаңғырту жобасы. Сарапшылар «Жаңартудың кең көлемді жобасы» деген атауды тегін беріп отырған жоқ. Ше­тел­дік саясаттанушылар мен әлеу­меттанушылар «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы, «Баршаға ортақ қа­зіргі заманғы мемлекет – 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың табысты тәжірибелерін басқа да елдерде қолдану мақса­тында тарату қажет деп санайды. Осыдан-ақ қазақ елінің кемелді келешегін көркейтуді мақсұт ет­кен бұл жоспардың саяси ма­ңы­­зының қаншалықты құнды екенін аңғарамыз. Елбасының жа­ңа жылдың алғашқы күндері жұртшылық назарына ұсынған Ұлт Жоспарын жүзеге асыру жолдары жайлы бағдарламасы елдің ертеңіне деген сенімін нығайтты. Ұрпақтың арманы ұлттық арманға ұласып, ер мүддесі ел мұратымен үндескенде ғана ел келешегінің керегесі кең, терезесі өзгелермен тең болатынын ұғындырды. Өз Ота­нын сүйген әрбір перзентті ұл­тына қарамастан азаматтық ар-ожданмен халыққа қызмет ету керектігін міндеттеді. Қас­тер­­лі­міз де қасиеттіміз, бар бай­лығымыз – Тәуелсіздікке тәу ете оты­рып, бабалар аманатын көз­дің қарашығындай сақтауды балаларымыздың бойына сіңіруді жүктеді. Әлемді сілкінтер жаһан­дық жаңалықтардың жаршысы болып жүрген Елбасы бізге егеменді елдің іргесіне қорған, жақсылығына жаршы, үмітіне тілекші бола білу – азаматтық абы­рой екенін ұқтырды. Ұлттың біртұтастығы – елдің тыныштығы, ел тыныштығы ұрпақ амандығы екенін сезіндірді. Бір сөзбен айт­қанда, Ұлт Жоспарын жүзеге асыру ұлы мүддемізге айналды. Тарихтан белгілі, көшбас­шылар өз ұлты мен елі үшін бел­гілі бір стра­тегиялық міндеттерді шешуге ұмтылған. Қытай революционері, Гоминьдан партиясының негізін қалаушы, «қытай ұлтының әкесі» атанған Сунь Ятсен Қытайды көркейту мақсатында азаматтық ұлтшылдық, халық билігі, халық­тың әл-ауқаты атты 3 қағидатты енгізіп, тарихта қалған. Тағы бір қытай реформаторы, «қытайлық реформалардың әкесі», әлемдік деңгейдегі ірі қайраткер Дэн Сяопиннің «Дамудың 3 қадамдық стратегиясы» езілген елдің еңсесін тіктеген. Ал Осман және Түркия мемлекетінің реформаторы, әскери қолбасшысы, мемлекет қайраткері, Түркия Республикасының негізін қалаушы тұлға және оның тұң­ғыш президенті Мұстафа Кемал Ата­­түрік­тің Республиканизм, Ұлт­шылдық, Халықтық, Секу­ляризм, Этатизм, Реформизм деп аталатын «6 жебесі» Түркия рес­публикасы мемлекетінің прак­тикалық тұрғыдағы тұғырнамасы, идеологиялық арқауы болған. «Экономикалық таңғажайыптың» авторы, Тәуелсіз Сингапурдың алғашқы премьер-министрі, Ли Куан Юдің Адал және тиімді үкімет, Заң үстемдігі, Бизнестің дамуына жағдай, Макроэкономикалық сая­сат, Тәуелсіз білікті сот, Тө­мен деңгей­дегі сыбайлас жемқорлық, Мемлекеттік инс­титуттар мен жергілікті билік реформасы сынды 7 қағидаты үлкен мемлекетті үлкен кемеге теңеп, оның ебдейлі қимылы үшін кең жер және қауіпсіз тереңдік қажет екенін, әйтпесе кеме төңкеріліп қалатынын айт­қан премьер-министрдің елін дамытуға арналған басты жоспарына айналды. Саясаткерлер Елбасының сая­­сатта ұстанар қағидаларын Син­гапурды 31 жыл басқарып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің экономистеріне саяси дәріс оқыған осы Ли Куан Юмен салыстырып жатады. Қалай дегенмен де, Ұлт Жоспары Қазақ Елін Мәңгілік Елге айналдырудағы темірқазық, басты ұстаным бола­ры анық. Еңбекті, жалықпас ізде­німпаздықты жанына серік еткен біздің халқымыз Елбасына се­неді. Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақ­станды тереңдете жаңғырту жө­ніндегі ой-ниетін толықтай қолдайды. ХХ ғасырдың соңында қабыл­данған, өз кезеңінде бұрынғы посткеңестік елдер үшін инновация бола алған «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы мемлекеттік қызмет туралы» Заң – еліміздегі реформаның алғашқы қарлығашы еді. Араға 20 жыл салып, Ұлт Жос­парының жасалуы елдің өр­кендеп өскенін, жаңа реформаны талап ететінін айғақтамақ. Әді­леттің ақ туын кір шалдырмас үшін Елбасы Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросын құрды. Жүйені жаңғырту­дың тиімділігі атап өтілген Ұлт Жос­парын­дағы маңызды деген қағидаларға тоқталғым келеді. Біріншіден, әкімшілік мемлекеттік қызметкерге берілетін билік оның біліктілігіне ғана емес, жинаған бай өмірбаяндық тәжірибесіне сене отырып тапсырылатын болды. Және олар елге алаңсыз еңбек етуі үшін қызметтік баспанамен қамтамасыз етіледі. Елбасы мансапта сатылап өсу динамикасын ұсынды. Яғни, биліктің ұшар басына шыққысы келетін жан төмен­нен, етектегі халық­тың мұң-мұқтажын шеше жүріп, солармен бірге тыныстап өспек. Бұл – еліміздегі бюрократизмді жою­ға көмектеседі деген үмітке сенім бойлатты. Екіншіден, мем­лекеттік қызметкер атанғысы ке­летін үміткер бұрынғыдай бір адам­ның шешіміне тәуелді болмайды. Ашық конкурсқа түсе оты­рып, кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бо­йын­ша тағайындалатын болды. Үшіншіден, мемлекеттік қыз­­метшінің жалақысы атқар­ған жұмысының көлемі мен нәти­жесіне қарай төленбек. Кім ты­ным­сыз, тиянақты еңбек етеді, – сол лайықты бағала­на­­ды. Төр­тіншіден, мемлекеттік ап­парат­­­тың мемлекеттік қызметші ауысқан жағдайдағы автономдығы мен тұрақтылығының сақталуы. Де­мек, басшы ауысса командасы қоса көшіп келетін әдетке жол жоқ. Бесіншіден, және халықтың үлкен ықыласына ие болып отырғаны – мемлекеттік қызметшілер­дің жаңа этикалық кодексінің жасалуы. Шенеуніктердің этикалық нормаларды сақтамауы олардың мансаптық өсуіне айтарлықтай ықпал етпек. Алтыншыдан, мем­ле­кеттік қызмет туралы жаңа заң­ның құқық қорғау органдарына да қатыстылығы. Жетіншіден, жаңа заңның және еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі аясында «Б» корпусындағы әкімшілік мем­ле­­кеттік қызметшілер кешенді аттестаттаудан өткізілетін болды. Се­гіз­іншіден, барлық деңгейдегі атқарушы биліктің тұрақты негізде халыққа есеп беріп отыратыны қарапайым жұртшылық пен биліктің арасына орнатылған алтын көпірге айналмақ. Қазақ қоғамында дертке ай­налған мәселенің бірі – жем­қор­лықты жою мақсатында соттарды реформалаудағы басты темірқазық – сапалы судья­лар корпусы жасақталады. Судьялар­ды іріктеуде мөлдірлік пен ашықтықтың болатынын жеткізген Елбасына қарапайым халықтың ризашылығы шексіз. Мұның себебі, сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйесіне өтуі. Енді әділдік іздеген жұрттың сабылуы азайып, үміті көбейетіні анық. Түбегейлі реформаланып отырған Жоғары Сот Кеңесінің жұ­мысына сәттілік тілейміз. Ұлттық Жоспардағы елді елең еткізген реформаның бірі – бюрократтық шығынсыз эконо­микаға қадам басу. Салықтық және кедендік жүйелерді кіріктіру, табыс пен мүлікті жалпыға ор­тақ декларациялауға кезең-ке­зеңі­мен көшіру, қосымша құн салығының орнына сатуға салық енгізудің орындылығы, салықтық режімдерді оңтайландырып, кірістер мен шығыстардың есе­бін енгізу. Осының барлығы не үшін керек деп ойлайсыз? Әри­не, еліміздің дамуы үшін! Мемлекеттің экономикалық әлеуетінің артуы шағын және орта кәсіпкерлердің табысты еңбек етуімен тікелей байланыс­ты болғандықтан, жоғарыда тал­данған реформалардың бар­лығы сол кәсіпкерлердің жұмысын оңтайландыруға қызмет етпек. М.Тэтчердің «Экономикалық, әлеу­меттік тәуелділіктен ас­қан дүниеде басқа тәуелділік жоқ» де­ген сөзінің астарында бай­қағанға үлкен мән-мағына жатыр. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап бағалық реттеуді алып тастаған Елбасы монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық­тар қорытындылары бойынша қа­был­данатын шешімдердің объек­тивтілігі мен мөлдірлігін қам­тамасыз ететін келісім комиссиясын құрды. Енді компания өзін банкрот деп жариялап, жұмысшыларын қысқартуға ұшыратудан тыйылса керек. Себе­бі, жұмысшылардың құқығын сотқа дейінгі тетікте реттеудің жа­ңа тетігі жасалды. Дағдарыс кезеңін тиімді пайдалану іскер кәсіпкерлерге жаңа­ша мүмкіндіктер сыйлап отыр. Жаңа тетіктерді есепке ала отырып, 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары аясында кәсіпкерлік шеңберін кеңейтулеріне жағдай жасалуда. Бұл – Ұлттық Жоспардағы ұлы мүддеге қызмет етер шешім. Еліміз дамыған елдермен бір деңгейге шығу үшін, жекешелендіру арқылы экономикадағы мемлекеттің үле­сін азайтып, толықтай нарықтық бас­қару тәсіліне көшпек. Батыс Қазақстан облысында 20 жылдан бері кәсібін өрге домалатып отырған Фрэнк Монстридің енді Қазақ еліне шетелден қалталылар ағылады және олар жекешелендіру үдерісіне белсене қатысады деген пікірін байқап қалдым. Осы мүмкіндікті отандастарымыз неге пайдаланбасқа деген ой келді. Жекешелендіруге жаппай атсалы­сып, «теңге тиыннан, ынтымақ ұйым­нан» екенін көрсетеді ғой деген үміт бар. Қазақтың болашағы кәсіпкерлікпен байланысты еке­ніне көз жетті. Кәсібің – нәсібің деп қазақ бекер айтпайды. Кез келген қазақ өз кәсібін тауып, содан табыс тауып жатса, оған біз қуанып, мақтануымыз керек. Жалпы реформалардың іс жүзін­­де жүзеге асуы мемлекет үшін үлкен асуды, биік шың­ды бағындырумен тең. Ұлт Жос­­парының орындалуы ұлт бірлігіне тәуелді болса, жос­пар­дың орындалуы сол ұлт тұтас­тығын сақтауға ықпал етеді. Көп елдердің халқы Қазақстанда 100-ден астам этностың тату-тәтті тұрып жатқанына тәнті. Уинстон Черчилльдің «Қоғам қысымға ұшырағанда, жеке адамдар біріксе, жаңа жетістіктерге қол жеткізудің мүмкіндігі мол» екенін біздің елдің азаматтары әлдеқашан түсінген. Еуропалық кәсіпкерлер мен халықаралық қаржы ұйымдарын Қазақстанға тартып тұрған ғаламат күш те сол – еліміздегі тұрақтылық. Елімізде бәріне тең құқық берілген, өсіп-өркендеуіне барлық мүмкіндіктер жасалған. Ал мұндай тең құқық барлық елде сақтала бермейді. Айталық, Еуропа елдерінде, неміс­тер де, ағылшындар да негізгі ұлт­тың адамдары ретінде өздерін басқалардан жоғары қояды. Елба­сы бірлік жөнінде үнемі айтып та, жазып та келеді. Бұл бірлік бізге жылдар бойғы қайшылықтармен және түсіністікпен орнағанын жақсы білеміз. Қазақтың ұлы даласы талайлардың тағдыры тоғысқан, бар мен жоққа қатар куә болған қасіретті де қасиетті өлке. Шығыс Түркістан, Ресей, Украина, Әзербайжан, Қалмақ АКСР, Қырым АКСР, Грузия, Сол­түстік Кавказ, Армения, тағы басқа елдерден Қазақстанға қоныс аударған ұйғыр, дүнген, күрд, армян, түрік, чешен, ингуш, балқар, татар, болгар, грек, неміс, поляк, тағы басқа ұлт өкілдерінің ұр­пақтары әлі күнге дейін елі­мізде тату-тәтті ғұмыр кешуде. Дәл осын­дай қырық ру елдің ын­ты­­мағын жарастырар қиын да мәртебелі міндетін Елбасы абыроймен арқалап жүр. Мәңгілік Ел идеясы халықтың біріктіруші күші, ешуақытта сар­қыл­майтын қуат көзі. «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де Мәң­гілік Ел деген құдіретті ұғым­­­ға сыйып тұр. Отанды сүю, бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып дамыту және кейінгі ұр­паққа аманат етіп табыстау. Біз үшін болашағымызға бағдар ете­тін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақ­саттарға жетелейтін идея бар. Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәң­гілік Ел!» – деген Елбасы сөзін темірқазық ретінде ұстана отырып, сол ұлттық идея туралы ойладық. «Ел туралы жадағай ойлау да, халықтың тағдырымен ойнау да түбі жақсылыққа апармайтынын» жақсы білетін Елбасы қуат­тылықтың негізі – тұтастық екенін, ең алдымен мемлекет құру­шы қазақ ұлтының тұтастығы екенін әу бастан айтып, құлаққа құйып келеді. «Ауызбіршілік жоқ жерде ешқашан да ұлттық идеялар жүзеге аспайтынын», асқақ арман-мұраттардың мұқаларын түйсінгендіктен де ұлттық идея­ның төресі – Мәңгілік Елге жет­кізер жол – ұлттық тұтастық деп та­ны­ды. Солай екенін әлемге танытты. Қазіргі таңда өзге елдер бізге әлемнің мықты мемлекеті және стратегиялық әріптес деп қарайды. Әлемдегі белді де беделді, алдыңғы қатардағы 5 көшбасшылар тізіміне енген, халықаралық аренада танымал тұлғаның тың бастамаларын шетелдіктер қашанда назарында ұстайды. Геосаяси оқиғалар ушығып тұрған қысылтаяң ке­зең­дегі Қазақстанның саяси ұстаным­дары көршілес елдер үшін де маңызды. Сондықтан да көп векторлы саясат ұстанатын біздің Мемлекет басшысының әрбір пі­кірі алыс-жақын шетелдер саяси шешімдер іздейді. Қазақстанның саясаттағы да, экономикадағы да жа­саған қадамдарын бақылап отырады. Беларусь ғалымы Игорь Кот­ляров халықтың бірлігі мен өзара достыққа негізделген түсі­ністігін Қазақстанның табысты дамуының ең шешуші факторы деп білсе, австриялық К.Копф Ұлт Жоспары сәтті әрі жоғары стратегиялық бағдарлама және де Қазақстан оны толықтай жү­зеге асыра алады деп сенеді. Сингапурлық Кишора Махбубани: «Қазақстан осы бағдарламаны жүзеге асыру арқылы Орталық Азиядағы жаңа логистикалық хаб­қа айналады, бұл елдегі сая­си тұрақтылық – мемлекеттің ең үлкен артықшылығы», – дейді. Еуро­паның politico.eu медиа-порталында «100 нақ­ты қадам» батыстық та, посткеңестік те жоспар емес, бұл саяси, эко­номикалық, мәдени сер­піліске әкелетін дамудың азия­лық үлгісі деп атап көрсетілген. Жа­һан­дық қауіпсіздікті талдау институтының директоры Ариель Кохен: «Қазақстан бұл бағ­дарламаны жүзеге асыруда тез дамушы Еуразиялық барыс бола отырып, шетелдік инвестиция үшін ең тартымды мемлекеттердің бірі болады» деп таниды. Израильдің Шығыс Еуропа және ТМД елдері институтының директоры Александр Цинкер: «Құ­жаттың ең маңызды әрі негізгі бөлімі – «Біртектілік пен бірлік». Осы бөлімде көрсетілген қадам­дарды жүзеге асыру арқылы қалған 4 реформаға арналған қадамдардың талаптарын орындауға болады, сол себепті, бұл ең маңыздысы. Бұл бағдарлама елге жаңа серпін беріп, дамыған мемлекеттердің қатарына енуге мүмкіншілік ашады», – деп атап көрсеткен. Бүгінде инвестор табу мәселе туындатпайды, керісінше, сол инвесторлар ақшаны қай жерге, қай елге тиімді және кепілдік алатындай жағдайда салсақ деп бас қатырып жүр. Себебі белгілі: дағдарыс кезінде берілген ақша қайтпай қалуы мүмкін. Ал бұл тұрғыда Қазақстанның мүмкіндігі зор: Қазақ елінің экономикасы қуатты, саяси режімі тұрақты. Яғ­ни, инвестициялық климаты барынша қолайлы. Ендігі мақ­сат – шетелдік инвесторлармен тіл табысып, жұмыс іс­тесе білу. Шетелден жыл сайын кемінде 10 миллиард доллар қар­жы тарту әбден іске асатын шаруа. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Үкіметі жанынан инвес­торлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған кеңес құру туралы ұсынысы еуро­палық инвесторларды одан сайын жігерлендіріп отыр. Шетелдік сарап­шылар Нұрсұлтан Назарбаевтың қасиет­терінің бірі – қандай да бір жағ­дайдың басқаларға байқалмайтын қырын көре алатындығына сәт сайын таң қалып, тамсанумен келе жатқанын жасырмапты: «Ол тек адамның ғана емес, заманның да тілін таба алатын сарабдал сая­саткер. Халқына ауыр міндеттер жүктейді, бірақ сол жүктің басым бөлігін өз мойнымен көтереді». Қытайлық ғалым Яо Пэйшен за­ман­ның мүмкіндіктерін пайдалана біліп, қиындықтарды қиналмай жеңу – Назарбаевты басқа сая­сат­керлерден ерекше ететін қасиет­терінің бірі деп біледі. Қытай тіліндегі дағдарыс сөзінің «Уэй-чжи» деп дыбысталатынын, «Уэй» – қауіпті, «чжи» мүмкіндік деген мағынаны беретінін, дағ­дарыс­қа қай қырынан қарасаң, жұмысың солай қарай жүретінін Қазақ елінің басшысы білетіндей сезілді дейді ол. «Мәңгілік Ел» ұғымы – ұлтты біріктіре отырып, асқақ мұраттарға жетелейтін қазақ елінің асыл мұрасы. Әлемнің өркениет көшіне тездік жылдамдықпен ілесіп келе жатқан мемлекетті Мәңгілік Елге бастайтын абыройлы да мәртебелі даңғыл жол –«Қазақстан-2050» Стратегиясы – ұлтымыздың ұлы бағдары, шаттық шамшырағы. Бұл бағытта бізге жол сілтер се­німді серіктес – бес халықтық реформаға негізделген мемлекеттік құрылыстың 100 қадамынан тұ­ра­тын Ұлт Жоспары. Бұл – ұлы жол. Мәңгілік Ел болмаққа бет түзеген біздің мемлекетіміз Еу­ро­палық Одақтың ең басты серіктесі. Одаққа мүше мемлекеттер мен жалпы кәрі құрлық елдері біздің елде болып жатқан саяси-экономикалық өзгерістерді, Президентіміздің халыққа Жол­дауын, Ұлт Жоспарын орындау туралы мақаласын талқылап, жоғары бағаларын беруде. Еуро­парламент депутаттары әлем­ді кезген қаржы дағдарысына қа­рамастан, жалақы, зейнетақы, шәкіртақыны көбейтіп, жастарға тегін кәсіптік-техникалық білім беру – ел әлеуетінің артқанының дәлелі деген пікірлерін білдірген. Ауқатты деген Еуропа елдерінің өзінде оқу ақылы және әлеуметтік төлемдер қысқартылып, тұрғындар жаппай жәрдемақыдан айырылып жатқанын ескерсек, біздің елдегі алдағы жылдары құрылатын 660 мыңнан астам жұмыс орны ашылатыны баяндалған бұл жоспар – экономикалық қиындықтар­ды еңсеруге бағытталған баламасы жоқ бағдарлама екені ақиқат. Еу­ро­парламент депутаттары Қазақ­станның қазіргі таңда Еуразия құрлығында ерекше беделге ие екендігін айта келіп, бір жағынан Еуразиялық экономикалық Одақ­пен әріптестікті күшейтіп, екінші жағынан Азиядағы қос алып, ірі геосаяси ойыншылар – Қытай, Үндістанмен байланысты дамытып, Еуропалық одақпен қарым-қатынасты тереңдетуге күш салып жатқаны – Президент Нұрсұлтан Назарбаев кейбір мемлекеттердің басшылары сынды атүсті шешім қабылдамай, үнемі барлығын өлшеп, елінің, халқының мүддесін ойлағандының нәтижесі деп біледі. Әлемде Нұрсұлтан Назарбаев сынды мықты саясаткерлер көп болғанда, бәлкім бүгінгідей проб­л­е­ма­ларға тап болмас па едік деген пікірді шетелдік саясаткерлер жиі айтатын болып жүр. Өзгелер тұрмақ, өзіміз ойланатын баға! Қазақстан үшін 2015 жыл­ғы айтулы жаңалық – ұзақ жыл­­дар­ға созылған табанды ұм­ты­лыстан кейін егемен еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) толыққанды мүше болып қабылдануы. Экономика мейлінше қуатты әрі ашық бола түсті. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 18 есе ұлғайып, Орталық және Шығыс Еуропа деңгейіне жетті. Сыртқы сауда көлемі 120 миллиард доллар деңгейіне шықты. Біздің сыртқы сауда айналымымыздың 90 пайыз­дан астамы ДСҰ-ға мүше елдерге тиесілі. Сауда қарым-қаты­насының географиясы елеу­лі өзгерді. Қазақстанның сауда байланыстары 90-жылдардың ортасында посткеңестік кеңістік елдерімен ғана жүргізілсе, бүгінде біз әлемнің 185 мемлекетімен сауда-саттық жасап отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз Қазақстанды, «Ұлы Дала елін» үлкен тарихи белеске шығарды. Мемлекет басшысының Обамамен, Си Цзиньпинмен және Путинмен бірге Нью-Йоркте БҰҰ пікір­сайысын ашып, БҰҰ Бас Ассам­блеясының 70-ші мерейтойлы сессиясындағы бірінші күннің бірінші жартысында делегаттар алдында бірінші болып АҚШ, Ресей, Қытай, Франция басшыларымен бірге сөйлеп, әлемдік мәні бар саяси бастамаларды ортаға са­луы – Қазақстанның қуатты мемлекет екенін әлемге танытты. Мұны қарапайым кездейсоқтық дей алмайсыз. Елбасы әлемдік форумдарға үнемі шақыртылып отырады, бұған біз үйрендік. Ол әлемдік деңгейдегі саясаткер, сон­дықтан да оның позициясымен санасып, құрметтейді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Менің халқым өзге ұлттың түсіне кірсе шошып оянатындай ауыр-ауыр тағдырларды бас­тан кешті. Тіпті, түп-тұқиянымен қырылып, жойылып та кететін кез болды. Бірақ азаттыққа деген арпалыс, тәуелсіздікке деген талпыныс бүгінгі күнге жеткізді» деген жүрекжарды сөзі жан тебі­рентеді. Иә, адам еркіндікті аңсайды. Ол жасқа қарамайды. Ал мемлекет көлемінде, еркіндік – тәуелсіздіктің басты сынағы. Шіркін, тәуелсіздік деген қандай ғажап, қандай керемет! Отанның ыстық, аялы алақаны өз алдына. Туған жердің ғибратын айтсайшы! Тәуелсіздіктің ширек ғасырына қадам басқан шақта күн шуағына бөленіп, еркін өмірдің ләззатына шаттанып Қазақ елі өзін бір танытты! Келешекте де осы сәт жалғаса бермек. Жалғасады. Сенім мол. Тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып, несібеміз артып, еңбегіміз жанды. Иә, біз бақыт әлеміне табан тіредік. Бірақ... Өмір күрделенді. Әлем өзгерді. Шиеленіскен мем­лекетаралық қатынас адам өміріне өз басымдығын танытуда. Тарихқа үңілсек, өмір сүру ешуақытта оңайға түспеген. Бізге Алланың мейірі түсті, жақсы заманда ғұмыр кешудеміз. Тіл-көзден сақтағай. Енді осы жайлы тіршілікті жалғас­тырудың басқа елдерге үлгі болатындай кілтін табуымыз керек. Бұл жалғыз Елбасының міндеті емес, әр қазақтың ұлттық парызы. Оны қалай түсінеміз? Қарапайым тілмен айтсақ, тағдырды өзіміз анықтауымыз керек. Ол үшін не істеуіміз қажет? Неден баста­ғанымыз абзал? Бір нәрсе анық: тағдыр тізгіні өз қолымызда. Қазақ қашанда сабырлы қал­пынан айнымаған. Қандай жағдайда болмасын, ақыл мен сабырға жеңдіре білген. Бұл – біз­дің ұлттың момындығынан я әрекетсіздігінен емес. Керісінше, құр даурықпа айқаймен нәти­желі қорытындыға жетудің мүм­кіндігі аз, ал жүйеленген жоспар­мен алысты бағындыруға болатындығын дәл болжай біле­тіндігінен. Тәуелсіздіктің шаңырағы көтеріліп, аспан түс­тес көк туымыздың көгімізде желбірегеніне ширек ғасыр толуға аз уақыт қалғанда ұлтымыздың ана тілі Біріккен Ұлттар ұйымы мінберінен әлемге танылды. Шәкәрім ғұламаның әйгілі әнінің сөзіне салсақ, «бұл жолғы баяндама бұрынғылардан өзгерек». Мен үшін де, барша қазақстандықтар үшін де сол сәт өте маңызды және толғанысқа толы болды. Бұл күнді біз 24 жыл күттік. Туған тілімізді төрткіл дүниенің құлақ түре тыңдауы жүрегімізді қуанышқа, шаттыққа бөледі. Марқайтты. Ана тілімізді құрмет жоқ деп жүргендерге тұсау салдырды. Мәңгілік Ел болуға бет бұрған Қазақ жұртының мемлекеттік тілінде баяндалған, дүниені дүр сілкіндірген бес бастама алты құр­лықты аралаған алаштың қайраткерлері армандаған арда күн болды! Біз осы бір тарихи сәтке куә болған бақытты ұрпақпыз. Тәңірге тәубе! Осы бақыттың баянды болуын әрбір қазақ Алладан аманат етіп сұрары ақиқат. Елімнің ертеңін қайтсем ертегі­дей ғажайыпстанға айналдырамын деп уақытпен санаспайтын тынымсыз тіршілік иесі – Елбасы бағындырған осы шыңнан етекке көз салу әрбірімізді шабыттандырып, қанаттандырады. Әлемдік сая­си тұлғаға айналған Президенттің көрегенділігіне қайран қал­дыртып, тағы бір сүйсінтеді. Таң­­­дана­сың. Шүкіршілік етесің. Қазақтың ширек ғасырға жуық мерзімде қол жеткізген толағай табысының баршасы тұңғыш Президентімізбен тікелей байланысты екеніне бойұсынасыз ғой? Саяси-экономикалық өсу­дің айғағы ретінде мына ста­тис­­тикалық мәліметке көз жүгіртейік: Дүниежүзілік эко­номикалық форум (ДЭФ) 2015-2016 Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы жылдық есебінде рейтинг нәти­желері бойынша Қазақстан 50-орыннан 41-ге көтеріліп, өз рейтингін 9 сатыға жоғарылатты. Яғни, 41-ші орынға тұрақтаған Қазақстан бизнес жүргізуді жеңілдететін шынайы жақсартулар орын алған елдердің ондығына еніп отыр. Бұл – үлкен көрсеткіш, жақсы нәтиже. Рейтинг бойынша көш басында Швейцария тұр. Бұл елдің соңғы 7 жыл қатарынан алдыңғы орынды иеленуінің құпиясы не екен деген заңды сұрақ туады. Сондай-ақ, рейтингте бастапқы бестік қатарында Сингапур, АҚШ, Германия және Нидерланд елдері бар. Көршілес Ресей 45, Украина 79 және көршілес Қырғызстанның 102-орынды місе тұтқанынан-ақ мемлекетіміздің қарқынды да қарыштап өсу жолында еке­нін аңғару қиын емес. Десек те, осыншама өсуге қарамастан, ден­­­саулық сақтау және бастауыш білім, қаржы нарығының дамуы, компаниялар­дың бәсекеге қабілеттілігі және инновация мәселелері еліміздің ең әлсіз тұс­­тары болып табылып отыр. Ойла­натын жағдай... Біздің де Елбасына деген құр­­метіміз ұшан-теңіз. Айтуға оңай. Ал енді сол құрметті немен дәлелдеуіміз керек, әрине, ойлы еңбекпен. Ұлт Жоспарын ұлы мүд­де тұтқан, еңбекке бас бұрған қазақ әлі-ақ жапон, қытай, корей халықтарымен терезесі тең болатыны анық. Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры. ШЫМКЕНТ.