Елбасы дамудың жаңа белесінде Ұлт Жоспарын жариялады. Арман ақиқатқа айналды. Тың мақсат айқындалды. Көргені көп, ойы биік қазақ халқы бұл бастаманы қуана құптады. Ел Тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сынды ұлы құндылықтарды қастерлеп, дәріптеген Қазақ Елі ұрпақ болашағы жолында үлкен бетбұрысқа бел буды.
Ұлт Жоспары – бізді болашаққа бастар бойтұмар. Ірі стратегиялық құжат. Түбегейлі құрылымдық, институттық, жүйелік өзгерістерге әкелетін реформалар кешені, жаңғырту жобасы. Сарапшылар «Жаңартудың кең көлемді жобасы» деген атауды тегін беріп отырған жоқ. Шетелдік саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Баршаға ортақ қазіргі заманғы мемлекет – 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың табысты тәжірибелерін басқа да елдерде қолдану мақсатында тарату қажет деп санайды. Осыдан-ақ қазақ елінің кемелді келешегін көркейтуді мақсұт еткен бұл жоспардың саяси маңызының қаншалықты құнды екенін аңғарамыз. Елбасының жаңа жылдың алғашқы күндері жұртшылық назарына ұсынған Ұлт Жоспарын жүзеге асыру жолдары жайлы бағдарламасы елдің ертеңіне деген сенімін нығайтты. Ұрпақтың арманы ұлттық арманға ұласып, ер мүддесі ел мұратымен үндескенде ғана ел келешегінің керегесі кең, терезесі өзгелермен тең болатынын ұғындырды. Өз Отанын сүйген әрбір перзентті ұлтына қарамастан азаматтық ар-ожданмен халыққа қызмет ету керектігін міндеттеді. Қастерліміз де қасиеттіміз, бар байлығымыз – Тәуелсіздікке тәу ете отырып, бабалар аманатын көздің қарашығындай сақтауды балаларымыздың бойына сіңіруді жүктеді. Әлемді сілкінтер жаһандық жаңалықтардың жаршысы болып жүрген Елбасы бізге егеменді елдің іргесіне қорған, жақсылығына жаршы, үмітіне тілекші бола білу – азаматтық абырой екенін ұқтырды. Ұлттың біртұтастығы – елдің тыныштығы, ел тыныштығы ұрпақ амандығы екенін сезіндірді. Бір сөзбен айтқанда, Ұлт Жоспарын жүзеге асыру ұлы мүддемізге айналды.
Тарихтан белгілі, көшбасшылар өз ұлты мен елі үшін белгілі бір стратегиялық міндеттерді шешуге ұмтылған. Қытай революционері, Гоминьдан партиясының негізін қалаушы, «қытай ұлтының әкесі» атанған
Сунь Ятсен Қытайды көркейту мақсатында азаматтық ұлтшылдық, халық билігі, халықтың әл-ауқаты атты 3 қағидатты енгізіп, тарихта қалған. Тағы бір қытай реформаторы, «қытайлық реформалардың әкесі», әлемдік деңгейдегі ірі қайраткер
Дэн Сяопиннің «Дамудың 3 қадамдық стратегиясы» езілген елдің еңсесін тіктеген. Ал Осман және Түркия мемлекетінің реформаторы, әскери қолбасшысы, мемлекет қайраткері, Түркия Республикасының негізін қалаушы тұлға және оның тұңғыш президенті
Мұстафа Кемал Ататүріктің Республиканизм, Ұлтшылдық, Халықтық, Секуляризм, Этатизм, Реформизм деп аталатын «6 жебесі» Түркия республикасы мемлекетінің практикалық тұрғыдағы тұғырнамасы, идеологиялық арқауы болған. «Экономикалық таңғажайыптың» авторы, Тәуелсіз Сингапурдың алғашқы премьер-министрі, Ли Куан Юдің Адал және тиімді үкімет, Заң үстемдігі, Бизнестің дамуына жағдай, Макроэкономикалық саясат, Тәуелсіз білікті сот, Төмен деңгейдегі сыбайлас жемқорлық, Мемлекеттік институттар мен жергілікті билік реформасы сынды 7 қағидаты
үлкен мемлекетті үлкен кемеге теңеп, оның ебдейлі қимылы үшін кең жер және қауіпсіз тереңдік қажет екенін, әйтпесе кеме төңкеріліп қалатынын айтқан премьер-министрдің елін дамытуға арналған басты жоспарына айналды.
Саясаткерлер Елбасының саясатта ұстанар қағидаларын Сингапурды 31 жыл басқарып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің экономистеріне саяси дәріс оқыған осы Ли Куан Юмен салыстырып жатады. Қалай дегенмен де, Ұлт Жоспары Қазақ Елін Мәңгілік Елге айналдырудағы темірқазық, басты ұстаным болары анық. Еңбекті, жалықпас ізденімпаздықты жанына серік еткен біздің халқымыз Елбасына сенеді. Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстанды тереңдете жаңғырту жөніндегі ой-ниетін толықтай қолдайды.
ХХ ғасырдың соңында қабылданған, өз кезеңінде бұрынғы посткеңестік елдер үшін инновация бола алған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» Заң – еліміздегі реформаның алғашқы қарлығашы еді. Араға 20 жыл салып, Ұлт Жоспарының жасалуы елдің өркендеп өскенін, жаңа реформаны талап ететінін айғақтамақ. Әділеттің ақ туын кір шалдырмас үшін Елбасы Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросын құрды. Жүйені жаңғыртудың тиімділігі атап өтілген Ұлт Жоспарындағы маңызды деген қағидаларға тоқталғым келеді.
Біріншіден, әкімшілік мемлекеттік қызметкерге берілетін билік оның біліктілігіне ғана емес, жинаған бай өмірбаяндық тәжірибесіне сене отырып тапсырылатын болды. Және олар елге алаңсыз еңбек етуі үшін қызметтік баспанамен қамтамасыз етіледі. Елбасы мансапта сатылап өсу динамикасын ұсынды. Яғни, биліктің ұшар басына шыққысы келетін жан төменнен, етектегі халықтың мұң-мұқтажын шеше жүріп, солармен бірге тыныстап өспек. Бұл – еліміздегі бюрократизмді жоюға көмектеседі деген үмітке сенім бойлатты.
Екіншіден, мемлекеттік қызметкер атанғысы келетін үміткер бұрынғыдай бір адамның шешіміне тәуелді болмайды. Ашық конкурсқа түсе отырып, кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша тағайындалатын болды.
Үшіншіден, мемлекеттік қызметшінің жалақысы атқарған жұмысының көлемі мен нәтижесіне қарай төленбек. Кім тынымсыз, тиянақты еңбек етеді, – сол лайықты бағаланады.
Төртіншіден, мемлекеттік аппараттың мемлекеттік қызметші ауысқан жағдайдағы автономдығы мен тұрақтылығының сақталуы. Демек, басшы ауысса командасы қоса көшіп келетін әдетке жол жоқ.
Бесіншіден, және халықтың үлкен ықыласына ие болып отырғаны – мемлекеттік қызметшілердің жаңа этикалық кодексінің жасалуы. Шенеуніктердің этикалық нормаларды сақтамауы олардың мансаптық өсуіне айтарлықтай ықпал етпек.
Алтыншыдан, мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңның құқық қорғау органдарына да қатыстылығы.
Жетіншіден, жаңа заңның және еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі аясында «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілер кешенді аттестаттаудан өткізілетін болды.
Сегізіншіден, барлық деңгейдегі атқарушы биліктің тұрақты негізде халыққа есеп беріп отыратыны қарапайым жұртшылық пен биліктің арасына орнатылған алтын көпірге айналмақ.
Қазақ қоғамында дертке айналған мәселенің бірі – жемқорлықты жою мақсатында соттарды реформалаудағы басты темірқазық – сапалы судьялар корпусы жасақталады. Судьяларды іріктеуде мөлдірлік пен ашықтықтың болатынын жеткізген Елбасына қарапайым халықтың ризашылығы шексіз. Мұның себебі, сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйесіне өтуі. Енді әділдік іздеген жұрттың сабылуы азайып, үміті көбейетіні анық. Түбегейлі реформаланып отырған Жоғары Сот Кеңесінің жұмысына сәттілік тілейміз.
Ұлттық Жоспардағы елді елең еткізген реформаның бірі – бюрократтық шығынсыз экономикаға қадам басу. Салықтық және кедендік жүйелерді кіріктіру, табыс пен мүлікті жалпыға ортақ декларациялауға кезең-кезеңімен көшіру, қосымша құн салығының орнына сатуға салық енгізудің орындылығы, салықтық режімдерді оңтайландырып, кірістер мен шығыстардың есебін енгізу. Осының барлығы не үшін керек деп ойлайсыз? Әрине, еліміздің дамуы үшін! Мемлекеттің экономикалық әлеуетінің артуы шағын және орта кәсіпкерлердің табысты еңбек етуімен тікелей байланысты болғандықтан, жоғарыда талданған реформалардың барлығы сол кәсіпкерлердің жұмысын оңтайландыруға қызмет етпек. М.Тэтчердің «Экономикалық, әлеуметтік тәуелділіктен асқан дүниеде басқа тәуелділік жоқ» деген сөзінің астарында байқағанға үлкен мән-мағына жатыр. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап бағалық реттеуді алып тастаған Елбасы монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтар қорытындылары бойынша қабылданатын шешімдердің объективтілігі мен мөлдірлігін қамтамасыз ететін келісім комиссиясын құрды. Енді компания өзін банкрот деп жариялап, жұмысшыларын қысқартуға ұшыратудан тыйылса керек. Себебі, жұмысшылардың құқығын сотқа дейінгі тетікте реттеудің жаңа тетігі жасалды.
Дағдарыс кезеңін тиімді пайдалану іскер кәсіпкерлерге жаңаша мүмкіндіктер сыйлап отыр. Жаңа тетіктерді есепке ала отырып, 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары аясында кәсіпкерлік шеңберін кеңейтулеріне жағдай жасалуда. Бұл – Ұлттық Жоспардағы ұлы мүддеге қызмет етер шешім. Еліміз дамыған елдермен бір деңгейге шығу үшін, жекешелендіру арқылы экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтып, толықтай нарықтық басқару тәсіліне көшпек. Батыс Қазақстан облысында 20 жылдан бері кәсібін өрге домалатып отырған Фрэнк Монстридің енді Қазақ еліне шетелден қалталылар ағылады және олар жекешелендіру үдерісіне белсене қатысады деген пікірін байқап қалдым. Осы мүмкіндікті отандастарымыз неге пайдаланбасқа деген ой келді. Жекешелендіруге жаппай атсалысып, «теңге тиыннан, ынтымақ ұйымнан» екенін көрсетеді ғой деген үміт бар. Қазақтың болашағы кәсіпкерлікпен байланысты екеніне көз жетті. Кәсібің – нәсібің деп қазақ бекер айтпайды. Кез келген қазақ өз кәсібін тауып, содан табыс тауып жатса, оған біз қуанып, мақтануымыз керек.
Жалпы реформалардың іс жүзінде жүзеге асуы мемлекет үшін үлкен асуды, биік шыңды бағындырумен тең.
Ұлт Жоспарының орындалуы ұлт бірлігіне тәуелді болса, жоспардың орындалуы сол ұлт тұтастығын сақтауға ықпал етеді. Көп елдердің халқы Қазақстанда 100-ден астам этностың тату-тәтті тұрып жатқанына тәнті. Уинстон Черчилльдің «Қоғам қысымға ұшырағанда, жеке адамдар біріксе, жаңа жетістіктерге қол жеткізудің мүмкіндігі мол» екенін біздің елдің азаматтары әлдеқашан түсінген. Еуропалық кәсіпкерлер мен халықаралық қаржы ұйымдарын Қазақстанға тартып тұрған ғаламат күш те сол – еліміздегі тұрақтылық. Елімізде бәріне тең құқық берілген, өсіп-өркендеуіне барлық мүмкіндіктер жасалған. Ал мұндай тең құқық барлық елде сақтала бермейді. Айталық, Еуропа елдерінде, немістер де, ағылшындар да негізгі ұлттың адамдары ретінде өздерін басқалардан жоғары қояды. Елбасы бірлік жөнінде үнемі айтып та, жазып та келеді. Бұл бірлік бізге жылдар бойғы қайшылықтармен және түсіністікпен орнағанын жақсы білеміз. Қазақтың ұлы даласы талайлардың тағдыры тоғысқан, бар мен жоққа қатар куә болған қасіретті де қасиетті өлке.
Шығыс Түркістан, Ресей, Украина, Әзербайжан, Қалмақ АКСР, Қырым АКСР, Грузия, Солтүстік Кавказ, Армения, тағы басқа елдерден Қазақстанға қоныс аударған
ұйғыр, дүнген, күрд, армян, түрік, чешен, ингуш, балқар, татар, болгар, грек, неміс, поляк, тағы басқа ұлт өкілдерінің ұрпақтары әлі күнге дейін елімізде тату-тәтті ғұмыр кешуде. Дәл осындай қырық ру елдің ынтымағын жарастырар қиын да мәртебелі міндетін Елбасы абыроймен арқалап жүр.
Мәңгілік Ел идеясы халықтың біріктіруші күші, ешуақытта сарқылмайтын қуат көзі. «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де Мәңгілік Ел деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю, бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел!» – деген Елбасы сөзін темірқазық ретінде ұстана отырып, сол ұлттық идея туралы ойладық.
«Ел туралы жадағай ойлау да, халықтың тағдырымен ойнау да түбі жақсылыққа апармайтынын» жақсы білетін Елбасы қуаттылықтың негізі – тұтастық екенін, ең алдымен мемлекет құрушы қазақ ұлтының тұтастығы екенін әу бастан айтып, құлаққа құйып келеді. «Ауызбіршілік жоқ жерде ешқашан да ұлттық идеялар жүзеге аспайтынын», асқақ арман-мұраттардың мұқаларын түйсінгендіктен де ұлттық идеяның төресі – Мәңгілік Елге жеткізер жол – ұлттық тұтастық деп таныды. Солай екенін әлемге танытты.
Қазіргі таңда өзге елдер бізге әлемнің мықты мемлекеті және стратегиялық әріптес деп қарайды. Әлемдегі белді де беделді, алдыңғы қатардағы 5 көшбасшылар тізіміне енген, халықаралық аренада танымал тұлғаның тың бастамаларын шетелдіктер қашанда назарында ұстайды. Геосаяси оқиғалар ушығып тұрған қысылтаяң кезеңдегі Қазақстанның саяси ұстанымдары көршілес елдер үшін де маңызды. Сондықтан да көп векторлы саясат ұстанатын біздің Мемлекет басшысының әрбір пікірі алыс-жақын шетелдер саяси шешімдер іздейді. Қазақстанның саясаттағы да, экономикадағы да жасаған қадамдарын бақылап отырады.
Беларусь ғалымы Игорь Котляров халықтың бірлігі мен өзара достыққа негізделген түсіністігін Қазақстанның табысты дамуының ең шешуші факторы деп білсе, австриялық К.Копф Ұлт Жоспары сәтті әрі жоғары стратегиялық бағдарлама және де Қазақстан оны толықтай жүзеге асыра алады деп сенеді. Сингапурлық Кишора Махбубани: «Қазақстан осы бағдарламаны жүзеге асыру арқылы Орталық Азиядағы жаңа логистикалық хабқа айналады, бұл елдегі саяси тұрақтылық – мемлекеттің ең үлкен артықшылығы», – дейді. Еуропаның politico.eu медиа-порталында «100 нақты қадам» батыстық та, посткеңестік те жоспар емес, бұл саяси, экономикалық, мәдени серпіліске әкелетін дамудың азиялық үлгісі деп атап көрсетілген. Жаһандық қауіпсіздікті талдау институтының директоры Ариель Кохен: «Қазақстан бұл бағдарламаны жүзеге асыруда тез дамушы Еуразиялық барыс бола отырып, шетелдік инвестиция үшін ең тартымды мемлекеттердің бірі болады» деп таниды.
Израильдің Шығыс Еуропа және ТМД елдері институтының директоры Александр Цинкер:
«Құжаттың ең маңызды әрі негізгі бөлімі – «Біртектілік пен бірлік». Осы бөлімде көрсетілген қадамдарды жүзеге асыру арқылы қалған 4 реформаға арналған қадамдардың талаптарын орындауға болады, сол себепті, бұл ең маңыздысы. Бұл бағдарлама елге жаңа серпін беріп, дамыған мемлекеттердің қатарына енуге мүмкіншілік ашады», – деп атап көрсеткен.
Бүгінде инвестор табу мәселе туындатпайды, керісінше, сол инвесторлар ақшаны қай жерге, қай елге тиімді және кепілдік алатындай жағдайда салсақ деп бас қатырып жүр. Себебі белгілі: дағдарыс кезінде берілген ақша қайтпай қалуы мүмкін. Ал бұл тұрғыда Қазақстанның мүмкіндігі зор: Қазақ елінің экономикасы қуатты, саяси режімі тұрақты. Яғни, инвестициялық климаты барынша қолайлы. Ендігі мақсат – шетелдік инвесторлармен тіл табысып, жұмыс істесе білу. Шетелден жыл сайын кемінде 10 миллиард доллар қаржы тарту әбден іске асатын шаруа. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Үкіметі жанынан инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған кеңес құру туралы ұсынысы еуропалық инвесторларды одан сайын жігерлендіріп отыр.
Шетелдік сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың қасиеттерінің бірі – қандай да бір жағдайдың басқаларға байқалмайтын қырын көре алатындығына сәт сайын таң қалып, тамсанумен келе жатқанын жасырмапты: «Ол тек адамның ғана емес, заманның да тілін таба алатын сарабдал саясаткер. Халқына ауыр міндеттер жүктейді, бірақ сол жүктің басым бөлігін өз мойнымен көтереді».
Қытайлық ғалым Яо Пэйшен заманның мүмкіндіктерін пайдалана біліп, қиындықтарды қиналмай жеңу – Назарбаевты басқа саясаткерлерден ерекше ететін қасиеттерінің бірі деп біледі. Қытай тіліндегі дағдарыс сөзінің «Уэй-чжи» деп дыбысталатынын, «Уэй» – қауіпті, «чжи» мүмкіндік деген мағынаны беретінін, дағдарысқа қай қырынан қарасаң, жұмысың солай қарай жүретінін Қазақ елінің басшысы білетіндей сезілді дейді ол.
«Мәңгілік Ел» ұғымы – ұлтты біріктіре отырып, асқақ мұраттарға жетелейтін қазақ елінің асыл мұрасы. Әлемнің өркениет көшіне тездік жылдамдықпен ілесіп келе жатқан мемлекетті Мәңгілік Елге бастайтын абыройлы да мәртебелі даңғыл жол –«Қазақстан-2050» Стратегиясы – ұлтымыздың ұлы бағдары, шаттық шамшырағы. Бұл бағытта бізге жол сілтер сенімді серіктес – бес халықтық реформаға негізделген мемлекеттік құрылыстың 100 қадамынан тұратын Ұлт Жоспары. Бұл – ұлы жол. Мәңгілік Ел болмаққа бет түзеген біздің мемлекетіміз Еуропалық Одақтың ең басты серіктесі. Одаққа мүше мемлекеттер мен жалпы кәрі құрлық елдері біздің елде болып жатқан саяси-экономикалық өзгерістерді, Президентіміздің халыққа Жолдауын, Ұлт Жоспарын орындау туралы мақаласын талқылап, жоғары бағаларын беруде. Еуропарламент депутаттары әлемді кезген қаржы дағдарысына қарамастан, жалақы, зейнетақы, шәкіртақыны көбейтіп, жастарға тегін кәсіптік-техникалық білім беру – ел әлеуетінің артқанының дәлелі деген пікірлерін білдірген. Ауқатты деген Еуропа елдерінің өзінде оқу ақылы және әлеуметтік төлемдер қысқартылып, тұрғындар жаппай жәрдемақыдан айырылып жатқанын ескерсек, біздің елдегі алдағы жылдары құрылатын 660 мыңнан астам жұмыс орны ашылатыны баяндалған бұл жоспар – экономикалық қиындықтарды еңсеруге бағытталған баламасы жоқ бағдарлама екені ақиқат. Еуропарламент депутаттары Қазақстанның қазіргі таңда Еуразия құрлығында ерекше беделге ие екендігін айта келіп, бір жағынан Еуразиялық экономикалық Одақпен әріптестікті күшейтіп, екінші жағынан Азиядағы қос алып, ірі геосаяси ойыншылар – Қытай, Үндістанмен байланысты дамытып, Еуропалық одақпен қарым-қатынасты тереңдетуге күш салып жатқаны – Президент Нұрсұлтан Назарбаев кейбір мемлекеттердің басшылары сынды атүсті шешім қабылдамай, үнемі барлығын өлшеп, елінің, халқының мүддесін ойлағандының нәтижесі деп біледі. Әлемде Нұрсұлтан Назарбаев сынды мықты саясаткерлер көп болғанда, бәлкім бүгінгідей проблемаларға тап болмас па едік деген пікірді шетелдік саясаткерлер жиі айтатын болып жүр. Өзгелер тұрмақ, өзіміз ойланатын баға!
Қазақстан үшін 2015 жылғы айтулы жаңалық – ұзақ жылдарға созылған табанды ұмтылыстан кейін егемен еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) толыққанды мүше болып қабылдануы. Экономика мейлінше қуатты әрі ашық бола түсті. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 18 есе ұлғайып, Орталық және Шығыс Еуропа деңгейіне жетті. Сыртқы сауда көлемі 120 миллиард доллар деңгейіне шықты. Біздің сыртқы сауда айналымымыздың 90 пайыздан астамы ДСҰ-ға мүше елдерге тиесілі. Сауда қарым-қатынасының географиясы елеулі өзгерді. Қазақстанның сауда байланыстары 90-жылдардың ортасында посткеңестік кеңістік елдерімен ғана жүргізілсе, бүгінде біз әлемнің 185 мемлекетімен сауда-саттық жасап отырмыз.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз Қазақстанды, «Ұлы Дала елін» үлкен тарихи белеске шығарды. Мемлекет басшысының Обамамен, Си Цзиньпинмен және Путинмен бірге Нью-Йоркте БҰҰ пікірсайысын ашып, БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші мерейтойлы сессиясындағы бірінші күннің бірінші жартысында делегаттар алдында бірінші болып АҚШ, Ресей, Қытай, Франция басшыларымен бірге сөйлеп, әлемдік мәні бар саяси бастамаларды ортаға салуы – Қазақстанның қуатты мемлекет екенін әлемге танытты. Мұны қарапайым кездейсоқтық дей алмайсыз. Елбасы әлемдік форумдарға үнемі шақыртылып отырады, бұған біз үйрендік. Ол әлемдік деңгейдегі саясаткер, сондықтан да оның позициясымен санасып, құрметтейді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Менің халқым өзге ұлттың түсіне кірсе шошып оянатындай ауыр-ауыр тағдырларды бастан кешті. Тіпті, түп-тұқиянымен қырылып, жойылып та кететін кез болды. Бірақ азаттыққа деген арпалыс, тәуелсіздікке деген талпыныс бүгінгі күнге жеткізді» деген жүрекжарды сөзі жан тебірентеді. Иә, адам еркіндікті аңсайды. Ол жасқа қарамайды. Ал мемлекет көлемінде, еркіндік – тәуелсіздіктің басты сынағы. Шіркін, тәуелсіздік деген қандай ғажап, қандай керемет! Отанның ыстық, аялы алақаны өз алдына. Туған жердің ғибратын айтсайшы! Тәуелсіздіктің ширек ғасырына қадам басқан шақта күн шуағына бөленіп, еркін өмірдің ләззатына шаттанып Қазақ елі өзін бір танытты! Келешекте де осы сәт жалғаса бермек. Жалғасады. Сенім мол.
Тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып, несібеміз артып, еңбегіміз жанды. Иә, біз бақыт әлеміне табан тіредік. Бірақ... Өмір күрделенді. Әлем өзгерді. Шиеленіскен мемлекетаралық қатынас адам өміріне өз басымдығын танытуда. Тарихқа үңілсек, өмір сүру ешуақытта оңайға түспеген. Бізге Алланың мейірі түсті, жақсы заманда ғұмыр кешудеміз. Тіл-көзден сақтағай. Енді осы жайлы тіршілікті жалғастырудың басқа елдерге үлгі болатындай кілтін табуымыз керек. Бұл жалғыз Елбасының міндеті емес, әр қазақтың ұлттық парызы. Оны қалай түсінеміз? Қарапайым тілмен айтсақ, тағдырды өзіміз анықтауымыз керек. Ол үшін не істеуіміз қажет? Неден бастағанымыз абзал? Бір нәрсе анық: тағдыр тізгіні өз қолымызда.
Қазақ қашанда сабырлы қалпынан айнымаған. Қандай жағдайда болмасын, ақыл мен сабырға жеңдіре білген. Бұл – біздің ұлттың момындығынан я әрекетсіздігінен емес. Керісінше, құр даурықпа айқаймен нәтижелі қорытындыға жетудің мүмкіндігі аз, ал жүйеленген жоспармен алысты бағындыруға болатындығын дәл болжай білетіндігінен. Тәуелсіздіктің шаңырағы көтеріліп, аспан түстес көк туымыздың көгімізде желбірегеніне ширек ғасыр толуға аз уақыт қалғанда ұлтымыздың ана тілі Біріккен Ұлттар ұйымы мінберінен әлемге танылды. Шәкәрім ғұламаның әйгілі әнінің сөзіне салсақ, «бұл жолғы баяндама бұрынғылардан өзгерек». Мен үшін де, барша қазақстандықтар үшін де сол сәт өте маңызды және толғанысқа толы болды. Бұл күнді біз 24 жыл күттік. Туған тілімізді төрткіл дүниенің құлақ түре тыңдауы жүрегімізді қуанышқа, шаттыққа бөледі. Марқайтты. Ана тілімізді құрмет жоқ деп жүргендерге тұсау салдырды. Мәңгілік Ел болуға бет бұрған Қазақ жұртының мемлекеттік тілінде баяндалған, дүниені дүр сілкіндірген бес бастама алты құрлықты аралаған алаштың қайраткерлері армандаған арда күн болды! Біз осы бір тарихи сәтке куә болған бақытты ұрпақпыз. Тәңірге тәубе! Осы бақыттың баянды болуын әрбір қазақ Алладан аманат етіп сұрары ақиқат.
Елімнің ертеңін қайтсем ертегідей ғажайыпстанға айналдырамын деп уақытпен санаспайтын тынымсыз тіршілік иесі – Елбасы бағындырған осы шыңнан етекке көз салу әрбірімізді шабыттандырып, қанаттандырады. Әлемдік саяси тұлғаға айналған Президенттің көрегенділігіне қайран қалдыртып, тағы бір сүйсінтеді. Таңданасың. Шүкіршілік етесің. Қазақтың ширек ғасырға жуық мерзімде қол жеткізген толағай табысының баршасы тұңғыш Президентімізбен тікелей байланысты екеніне бойұсынасыз ғой?
Саяси-экономикалық өсудің айғағы ретінде мына статистикалық мәліметке көз жүгіртейік:
Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) 2015-2016 Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы жылдық есебінде рейтинг нәтижелері бойынша Қазақстан 50-орыннан 41-ге көтеріліп, өз рейтингін 9 сатыға жоғарылатты. Яғни, 41-ші орынға тұрақтаған Қазақстан бизнес жүргізуді жеңілдететін шынайы жақсартулар орын алған елдердің ондығына еніп отыр. Бұл – үлкен көрсеткіш, жақсы нәтиже. Рейтинг бойынша көш басында Швейцария тұр. Бұл елдің соңғы 7 жыл қатарынан алдыңғы орынды иеленуінің құпиясы не екен деген заңды сұрақ туады. Сондай-ақ, рейтингте бастапқы бестік қатарында Сингапур, АҚШ, Германия және Нидерланд елдері бар. Көршілес Ресей 45, Украина 79 және көршілес Қырғызстанның 102-орынды місе тұтқанынан-ақ мемлекетіміздің қарқынды да қарыштап өсу жолында екенін аңғару қиын емес. Десек те, осыншама өсуге қарамастан, денсаулық сақтау және бастауыш білім, қаржы нарығының дамуы, компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі және инновация мәселелері еліміздің ең әлсіз тұстары болып табылып отыр. Ойланатын жағдай...
Біздің де Елбасына деген құрметіміз ұшан-теңіз. Айтуға оңай. Ал енді сол құрметті немен дәлелдеуіміз керек, әрине, ойлы еңбекпен. Ұлт Жоспарын ұлы мүдде тұтқан, еңбекке бас бұрған қазақ әлі-ақ жапон, қытай, корей халықтарымен терезесі тең болатыны анық.
Оңалбай АЯШЕВ,
Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры.
ШЫМКЕНТ.