02 Ақпан, 2016

Ортақ олжа

284 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
AfişАстана қаласындағы Юнус Эмре түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық академиялық кітапхананың «Мырзатай Жолдасбеков» залында түрік әдебиетінің белді өкілдерінің бірі, белгілі ақын Жахит Сытқы Таранжы поэзиясына арналған әдеби кеш өтті. Кештің мақсаты Жахит Сытқы Таранжының шығармаларын қазақ оқырмандарына таныстыру, насихаттау болып табылады. Жахит Сытқы Таранжы (1910–1956) – түр­кі халықтарының поэзиясында елеулі орын алатын ақындардың бірі. Жахит ақын жас кезден-ақ ерекше талантымен көзге түс­кен. Студент кезінде жазған шы­ғар­малары оны танымал етті. Өлеңдерінде халықтық сипат пен терең лиризм көрінеді. «Отыз бес жас», «Күн», «Ақырғы» өлеңдер жинағы жарық көрген. Осы кеште Таранжының Мар­жан Ершу аударған өлеңдері оқылды. Поэзия кешіне түркітану­шы мамандар, ақын-жазушылар қатысты. Айта кету керек, түрік әдебиеті­нің көрнекті ақындарының бірі Жахит Сытқы Таранжы 1910 жылдың қараша айында Түр­кияның Диярбақыр қаласында туып, 1956 жылы Австрияның Вена қаласында дүниеден өткен. Әкесі Бекир Сытқы Диярбақыр­да егіншілікпен айналысқан дәулетті саудагерлер әулетінен еді. Ақынның ата-тегі – Пиринччиоғлу. Республика құрылып фамилия туралы заң шыққан жылы туыс­тары төлқұжатқа тектерін «Пи­ринччиоғлы» деп жаздырған. Сол жылы әкесінің егіні күйіп кетіп үлкен шығынға ұшырауына байланысты Жахит Сытқы «егінші» деген мағынаны беретін «Таранжы» сөзін фамилиясы ретінде таңдап алған. Бастауыш мектепті Диярба­қыр­да бітірген. Кейіннен Ыстам­бұлдағы Санкт-Иосиф атындағы французша орта білім беретін оқуды тәмамдап, 1931 жылы Галатасарай лицейінде білім алған. Француз тілін жақсы меңгерген. Батыс ақындарынан Шарль Пьер Бодлер, Жан Николя, Артюр Рембо, Стефан Маллармені пір тұтқан. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен бастап өлең жаза бастаған. Тұңғыш өлеңі Галатасарай лицейінің «Академия» және «Сервети –и Фунун» деп аталатын журналдарында жарық көрген. 1928-1929 жылдары арасында етене жақын досы Зия Османмен аталған лицейде бірге оқыған. «Өмірімдегі тыныштық» атты алғашқы өлеңдер жинағын студент болып жүрген жылдарында жариялаған. 1931 жылы Мүлкие мектебінің екінші курсында оқудан шығып қалғаннан кейін жоғарғы саудалық институтқа түседі. Алайда, Сумер­банкіне мемлекеттік қызметкер болып қабылдануына байланысты оқуды тастауға мәжбүр болады. Кейіннен «Жумхуриет» газеті­нің иесі Надир Надидің қол­дауымен университетті бітіру үшін Парижге барады. 1938-1940 жылдары арасында Sciences Politiques-та білім алады. Парижде тұрған кезінде «Париж радиосының» түрікше бөлімінде жұмыс істейді және танымал түрік қаламгері Октай Рыфатпен осында танысады. II Дүниежүзілік соғыс басталып, неміс ұшақтарының Парижді бомбалауы кезінде велосипедпен қашып, Женева мен Лион арқылы Түркияға қайтады. 1941-1943 жылдары арасында Эгей теңізі жағалауындағы әскери бөлімшеде Отан алдындағы борышын өтейді. Атақты «Ал, қанеки Аббас» атты туындысы осы жылдарда жазылған. 1945 жылы Жумхуриет партия­сы жариялаған конкурсқа «Отыз бес жас» деп аталатын өлеңімен қатысып, бірінші орын алды. Осы өлеңі оған танымалдық әкелді. 1952 жылы «Түстен де әдемі» деген атпен басылды. Ақын өмірінің соңғы жылдарында қиыншылық пен азапты басынан өткерді. 1953 жылы сал болып төсекке таңылды. 1956 жылы ем қабылдау үшін Австрияға барған кезінде қайтыс болды. Жарық көрмеген жырлары мен өзіне арнап жазылған өлеңдер «Ақын кеткен соң» деп аталатын жинаққа енді. Зия Османға жазған хаттары 1957 жылы «Зияға хат» деген ат­пен жарияланды. 1976 жылы «Күн күледі тереземнен» атты по­ве­сі жарық көрді. Жахит Сытқы Та­ранжы шығармашылығынан француз әдебиетінің әсері көрі­неді. Өлеңдерін француз ақын­дарының стилінде жазды. Тілі өте қарапайым. Өмірде де, өлеңде де ақынша ғұмыр кешкен Жахит Сытқы Таранжы «Өнер, өнер үшін болуы керек» деген қағидатты ұстанды. Оның шығармалары әлі күнге дейін оқырмандарын қызықтырып келеді. Түркияда көп оқылатын ақындардың санатында. Қаршыға КҮЛЕН.