Кеше Астанада Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс ХІІІ съезі өтті. Жиында делегаттар алдағы уақытта өткелі отырған Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысу туралы партия шешімін бірауыздан мақұлдады. Сондай-ақ, съезде ұйымның сайлауалды бағдарламасы қабылданды әрі Парламент Мәжілісіне үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді.
Съезде бірінші кезекте сөз алған «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев партияның алға қойып отырған мақсат-міндеттері, қоғамдағы рөлі тұрғысында айта келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес өтетін Парламент Мәжілісі сайлауының маңызына тоқталды.
«Өздеріңізге мәлім, Парламент Мәжілісінің бесінші шақырылымында жұмыс істеген барлық фракциялардың ұсынысы бойынша Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 20 наурызында Мәжіліс депутаттарының сайлауларын өткізу туралы шешім қабылдады. Партиялық фракциялардың бұл бастамасына түрткі болған себептерді біз осы жылдың 13 қаңтарында өткен жалпы брифингте баяндаған болатынбыз. Оның үстіне біздің фракция мүшелерінің барлығы дерлік осы мәселе жөніндегі өз ұстанымдарын бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде бірнеше рет білдірген. Бұл шешімнің фракцияның да, партиямыздың төралқасының да отырыстарында қолдау тапқанын атап өту керек. Төралқа мерзімінен бұрын сайлау өткізуді мақұлдап, тиісті мәлімдеме қабылдады», – деді Азат Перуашев.
Одан әрі спикер қазіргі таңда әлемді толғандырып отырған қаржылық дағдарыс пен түрлі сын-қатерлер тұрғысында сөз қозғай келіп, Қазақстанның аталған мәселелерге қатысты қолға алып жатқан ауқымды шараларына назар аударды.
«Адалдық үшін айтуымыз керек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Нұрлы Жол» бағдарламасының арқасында экономика саласы өзінің белсенді іс-әрекеттерін тоқтатқан жоқ. Жолдар салынып, түрлі салалардың инфрақұрылымын жаңарту мақсатында көптеген нысандар тұрғызылды», – деді партия Төрағасы.
Бұған қоса, ол «Ақ жол» партиясы еліміздің мақсат-мүддесін айқындап берген, Елбасы бастамасымен қолға алынған реформалардың табысты жүзеге асуына лайықты үлес қоса беретінін жеткізді.
«Біздің партия «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарынан туындайтын міндеттерді дұрыс түсініп, оның жүзеге асуына барынша қолдау білдіреді. Сондай-ақ, партиямыз еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылуға деген ұмтылысын жоғары бағалайды», – деді А.Перуашев.
Сонымен қатар, спикер заң шығару жұмыстарына қатысу кез келген саяси партияның басты міндеті екенін, онсыз олар «мүдделер клубына» айналып кететінін, 2012 жылғы сайлаудан кейін партияның барлық жұмысы өзінің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталғанын сөз етті.
Бұдан кейін бірқатар азаматтар сөз алып, партияның алдына қойып отырған мақсат-міндеті, бағыты тұрғысында сөз қозғады. Сондай-ақ, олар тәуелсіздік және ұлттық мүдде, нарықтық реформа және жеке бизнесті қолдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, демократияны дамыту, шенеуніктердің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру және тағы басқа да өзекті мәселелер тұрғысында әңгіме өрбітті әрі өз әріптестерін алдағы сайлауға белсенді түрде қатысуға үндеді.
Сонымен, съезд делегаттары биылғы 20 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісінің сайлауына партияның қатысуы туралы төралқаның шешімін бірауыздан қолдады. Бұдан бөлек, жиында партияның «Ақ жол – еңбектенер кез келді» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданды әрі Парламент Мәжілісіне сайлануға үмітті 35 адамнан тұратын партиялық тізім бекітілді.
Айта кетейік, партияның сайлауалды бағдарламасында бизнестi қорғау және кәсiпкерлiк саласы, нарықтық реформалар және экономика, бiлiм мен денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, тұрғын үй құрылысы, агроөнеркәсiптiк кешен, рухани-мәдени сала, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және сот-құқықтық реформа, қауiпсiздiк мәселелері қамтылған.
Ал үміткерлер тізіміне келер болсақ, олардың 68 пайызы бизнес өкілдері көрінеді. Бұл жөнінде Азат Перуашев: «Ақ жол» ҚДП-ның партиялық тiзiмi 35 адамнан тұрады, олардың 24-i, яғни 68 пайызы – бизнес өкiлдерi, кәсiпорын мен банк құрылымдарының басшылары, 6 адам, яғни, 17 пайызы – ұлттық және техникалық салаға қатысты зиялы қауым өкiлдерi, бесеуi – партиялық орган басшылары. Кандидаттардың ұлтына келсек, 30 адам – қазақ, олардың қатарында оралман азамат бар, екi орыс, бiр немiс, ингуш және чуваш бар. Үмiткерлердiң орташа жасы – 46 жас», – дедi. Бұған қосымша, А.Перуашев: «Жергілікті мәслихаттарға депутаттыққа кандидаттар тиісті филиалдармен ұсынылатыны белгілі. Филиалдар мұны облыстық және қалалық (Астана және Алматы) конференцияларда жүзеге асырды. Ал Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімін түзуде ұйымның орталық органдары филиалдармен бірлесе отырып, үлкен дайындық жұмысын жүргізгенін атап өткім келеді», – деді.
Тағы бір айта кетер жайт, съезде ұйымның бұрынғы сайлауалды бағдарламасында көрсетілген барлық мақсат-міндеттерді одан әрі жүзеге асыруды жалғастыра беру ісіне де қатысты шешім қабылданды.
Съезд барысында партияның аймақтардағы филиалдардың төрағаларына өңірлерде электоралды науқанды ұйымдастыру мен өткізуге қатысты, сенім білдірген адамдар мен бақылаушылардың тізімін жасауға, науқанның беделін арттыруға және басқа да мәселелерге байланысты нақты тапсырмалар берілді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.