05 Ақпан, 2016

Майя мен Мағира

452 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
IMG_5515Осындайда еске түседі ғой... Мағира студент кезімізде үнемі «Гәккуді» шыр­қайтын. Кейін оны редакцияның отырыстарын­да айтып жүрді. Есейген шақ­та қайсыбір мерейтойларда сәл қымсынып барып: «Мен «Гәк­кумен» құттықтайын», – дейтін болды. Мұндайда, әрине, ду қол шапалақ. Байқауымызша, «Гәккуі» өмірінің өнер­серігі болыпты. Енді өнерсүйгіштігіне келейік. Мағира жастар газетінде істей бастаған кезден бастап-ақ қаламын қара мақаладан аулақ ұстап, өнерді таңдады. Кейіпкерін өнер орбитасынан іздеді. Ол кездегі өнер орбитасында кімдер жұлдыз боп жарқырағанын Мағира қаламынан туған эстетикалық реңі бөлек, өресі биік, әсемдік нұрын шашқан эсселерден танып білуге болады. Тамылжыған әсем Алматы­мызға 1978 жылы әлемді табын­дырған әйгілі балерина Майя Плисецкая келді. Дереу тапсырма берілді. «Өнерді қаузап жүрсің ғой. Бірақ үлкен дайындық керегін ұққайсың», – деді сырбаз редакторымыз Сәкең – Бердіқұлов.Мағира түсінді жауапкершілікті. Бірақ жүрексінбеді. Тәуекелмен барып тілін тауып, шынайы қалыпта сыр бөлісті. Бұл Мағираның өнердегі білгірлігін байқатқан, жазудағы ең бір ерекше сезімге көмкерілген жұлдызды материалы болды десек, артық айтқандық емес. Ин­теллектісі, білік диапазонымен бау­рай біліп, талант иесімен кең оты­рып шешіле сырласуы тәнті еткен еді. Үш жүз мыңдық тұрақты оқырманы бар «Лениншіл жастың» айқарма бетінде Мағираның сол материалының «Құдірет» деген атпен жарқырай шыққан көрі­нісі әлі көз алдымда. Бұл биші мен журналистің ой өресін таны­татын сыны мен сыры қатар өріл­ген дүние еді. Оқысаң ойың да то­лы­ғады, танымың да молыға тү­седі. Әлемді мойындатқан әйгілі ба­леринамен өнер десе ішкен асын қойып өзегімен толғанатын Ма­ғираның қалай, қандай тілмен таныса да, табыса да білгенінің куәсіндей сол сұхбаттың бір үзігі мынау: Мағира: Бір көшенің екінші көшеге ұқсай беретіні сияқты өнер­де де өзіңе дейінгіні жатыр­қамай, өгейсімей қайталау, әйтпесе өліп-өшіп бір рет тапқаныңды өмір­бақи таптап өтумен шектелу жиі, өте жиі ұшырасады. Қайталамау, қай­та­ланбау қиынның қиыны ғой. Бірақ сіздің еңбек жолыңыз да сондай қиындықтан басталғанын білеміз. Нәзік те сезімтал Аврора, салқынқанды, ызбарлы Раймонда, бейне бір ұлы суретшінің полотносынан түсіп қалғандай сұлу да адал Джульетта, өршіл де еркін Лауренсия, қызуқанды Китри, аяушылықты білмейтін қатыгез Мирта, ақтықтың, аққулардың төресі Одетта, бұ­ған қарама-қарсы Одиллия... Міне, сіз сом­даған кейіпкерлердің әрқайсысы дербес тұлға. Бұлардың қай қайсысы да сіздің дарыныңыздың жан-жақтылығын, бишілік, актрисалық, музыкалық, техникалық шеберлікті жете меңгеріп, ең бастысы ешкімге еліктемей ой-қиялыңызды, тәні­ңізді, жаныңызды, бәрін-бәрін өз еркіңізге бағындыра алатын қа­сие­тіңізді дәлелдейді. Соған қара­ғанда талант деген үлкен ұғымға нақтылы сипат беру қиын-ау? Майя: Талант сирек кездесетін, мүлдем сирек деп айтуға болады, жаратылысынан қанға да­ры­ған табиғаттың өзгеше сыйы, әрі қуанышты, әрі ұлы құ­бы­лыс. Жатпай-тұрмай оқумен, із­денумен, еңбектенумен, тын­ды­рымдылықпен талантты болу мүмкін емес. Білімділікті, кәдімгі еңбекке деген ынтаны ешқа­шан талантпен шатыстырмаған жөн. Өнердің негізінде ұлттық ерекшелік, өзіндік колорит жатпайынша және болмайды. Мыңдаған жылдар бойы жасалынған тіл­дің, сөздің, өрнектің, бояудың құ­діретін құлдырату, құлату еш мүмкін емес. Ешқашанда ана тілді ұмытпаңдар дегім келеді. Өмірдегі, өнердегі таптаурындық жадағайлық осындай тексіздіктен өрбиді сахнада. Мағира: ...Классикалық балетте өзі­ңізге ғана тән қолтаңбаңызды әбден дә­лелдегеніңіз рас. Әйгілі балетмейстерлер сіздің ерекше мүмкіндіктеріңізді ес­керіп, арнайы балеттер қойды. Фран­цуз ба­летмейстері Ролан Пе­ти: «Тұң­­ғыш рет Плисецкаяны көр­­­­генімде оның биі жүрегіме қанжардай қадалып, алғашқы көзқарастан оған деген сүйіс­пеншілігім оянды», – деп жазып, кейін атақты австралиялық композитор Г.Малердің музыкасы бойынша өзіңізге арнап балет дайындады. Дегенмен, де, біз үшін сіздің «Карменіңіз» ай­рықша қымбат. Даулы ұғымға әрі батыл, әрі келте қайырсақ, «Кармен-сюита» балеттің даму тарихына бүтіндей жаңалық енгізді дер едік. Мұның өзі балеттің көк­­жиегін кеңейтіп, оның әлі де игерілмей жатқан мүмкіншілігі барлығын дәлелдеген сияқты. Соң­ғы жылдары сахнаға шығарған тұлғаларыңыз ұзақ уақыт бойы балет туралы қалыптасқан қасаң тү­сінігіміздің тас-талқанын шы­ғар­ды. Кармен, Анна Каренина, енді, міне, Айседора Дункан... Майя: Жаңағы айтқан музыкаға емес, музыканы билеудің мен үшін маңызы зор. Бұл орайда қандай музыка ғана емес, соның қалай, қандай аспапта орындалуы, дирижердің шеберлігі маған әркезде әртүрлі әсер етеді. Ешқашан бір билеген партиямды екінші рет дәл солай орындай алмаймын. Дәл осы Карменнен де менің өмірімдегі бас­ты белес басталғаны рас. Алғашқы кезде оны біреу құлап сүріне қабылдады, біреу шошына қолын сілтеді. Бұдан мен қорыққан жоқпын. Ку­балық балетмейстер Альберто Алонсоның қойған бұл шығармасы талай уақыттан аңсаған бақытыма жол ашты. Мағира: Қайбір кездері Үлкен театр труппасының орындауында Франция, Австралияда Морис Бежардың балеттері табыспен өткенін баспасөзден оқығанбыз. Бетховеннің Тоғызыншы симфониясына балет қою, расында да таңсық. «Фауст» спектаклінде Бах шығармалары мен арген­тиналық танголарды қатар қолдануы, балетте түрлі өнердің элементтерін пайдалану, көзіміз үйренбегендіктен бе, көкейімізге онша қона да қоймайтын тәрізді... Майя: Қонбайтын несі бар. Кезінде Айседора Дунканның өзі шәкірттерімен Бетховеннің То­ғызыншы симфониясын үлкен сахнада қоюды армандаған. А.Дун­­канның жүз жылдығына орай қо­йыл­ған Бежардың Айсе­дорасы оның туын­дыларының ішіндегі ең нәзік балет еді. Жалпы, Бежардың спектакльдері ешкімге, ештеңеге ұқсамайды. Болероны дайындаған кезде оның мектебінің қаншалықты қиын, әрі керек мектеп екендігін ұқтым... Мағира: Гетені, Чеховты, Малерді, Го­гольді, Толстойды балет тілі­мен түсіндіру қия­меттің қиыны емес пе?.. Интеллектуалды сұхбат осылай жалғаса береді. Сан қырлы ойлар, тұжырымдар таңғалдыра түседі. Соның бәрінде Мағира сөз бұйдасын мықтап ұстай біліп, ұлы балеринамен тең дәрежеде ой жарыстырады. Мұның өзі сонау жетпісінші жылдардың басында болғанын, айтылғанын ескерсек Мағираның сыр сабақтауда өзіндік стилімен баурағанына сүйсінесің әрі риза боласың. Ол өнерді талғай да танбай жаз­ды. Ол жарқырай көрінген жас өрен атаулының бірін де қалт жібермей жасқа тән сұлулық пен шынайылықтың бұлбұл сезіміне, дүлдүл сазына бөлене отырып тебірене толғады. Күйші мен ән­­ші­ні, актер мен бишіні, компо­зитор мен мүсіншіні, дирижер мен балеринаны, суретші мен балетмейстерді, өнердің сан­қырлы саңлақтарын жазды. Жаз­ды деу аз, бейнесінен бастап болмысына дейінгі аралықтағы ордабұзар өреннің өнерпаздық өресі, әртіс­тік арыны, талантының табиғи ерек­шелігін синтездей саралап сабақтай отырып, қазақтың қара сөзімен тәнті бола төгіле жыр­лай­ды. Өнерді кереметтей сүй­мей, өнерге бар болмысымен табынбай осылай сезініп те, төгіліп те жазудың оңай болмасын Ма­ғи­раның кірпияз оқырманы мойындап та, марқайып та сезінері сөзсіз. Оның жазған дүниесін оқ­ып отырғанда өнер әлеміне өзің­нің де тартылып, әсемдік пен сырбаздықтың сазды үніне елітіп еріп жүре беретінің бар. Әнді жазса өзін әнші ме деп қалғандай боласың. Қайран «Гәккуді» қалай қалықтатып, қалай қайырғанын қараңыз. «Көз жеткісіз кеңістікте кербез қа­лықтаған үн ерке саздың діріліне, әттең шіркін дегізіп, арма­ның тағы да алдыңнан шығып, қол созым жердің бәрін-бәрін көгілдір сағым жайлайды. Әдетте көзіңе де, көңіліңе де жеткізбейтін көкзеңгір аспанның көгілдір сағымы кенеттен бет жүзіңнен аймалай бастайды. Бұл сәтте жалпақ жалғанда қатулы қабақ, кірбің көңіл бар дегенге мүлдем сенбессің, өйткені дүниенің төрт құбыласына құша­ғын қатар жайып еркін көсіле сам­ғаған әннің сиқырлы мысы айдай әлемнің жүрегін мүлдем тұтқындап алғаны. Нәзіктік деген осы ма, әлде, жал­тақсыз аттаған әр адымыңның өзін дарақылыққа балаған қайсыбірдің келте түй­сігінен үрей ұялап үлгерген секем­шіл жүрегің мөлдірлікке әлі де дауаламай тұрғаны ма. Жарық дүниені айналып толғанып аспан асып бара жатқан неткен сиқыр әлдиі десеңізші. Бір шыңнан бір шыңға самғап барады»,– деп тебіреніске толы сезім сүйінішін толқындатқанына қарап, автордың әнмен бірге кеңістік асып, көңілі тасып, қосыла шырқап отырғанына күмәнің қалмайды. Жетпісінші жылдары өнер көгінде күй мен әнге тұнған дарқан даланың балқұрақтары – жаңа буын таланттың ақбұлақтары, дүлдүл дарындар легі көктемгі жауқазындай дүркірей көрінді. Қарап отырсам, солардың бірде-біреуі Мағираның тәнті таңдауы мен тамсанысынан тыс қалмапты. Мұнысы өнердің құдіретін танудағы тереңдік, үкілі күйінде ұлықтаудағы ұшқыр­лық ұстаным екен. «Әлібек ән шырқайды әуелетіп» деп жазған эссесі соның бір сынық сырлы шындығы десек те болады. Ол жас әншінің салған әр әніне іңкәр ынтазарлықпен елти қарайды, Әлібек әні сурет жасап қоймай, үнге, сазға бай, мәңгі жастық, мәңгі көктемді жырлауға лайық дауысымен терең толғаныстарға, сүйсіндіруге, сезін­­діруге құштар қуатпен ішкі жан дүние­ден өріліп жататынын айтады. Табиғи дарынын, титтей жасандылыққа жоламайтын дауысының мөлдір тазалығына тәнті болып, бірге толқып, бірге қуанып отырып жазады. Ал Кеңес елінің түкпір-түкпірінен қардай жауған лебіз хаттардің легінің қандайлығын, қазақ жігітінің дарын құдіретін білдіретін жүрек толқытар сөздерін оқыған сайын өз ұлтыңның өнеріне деген мақтанышының асып төгілгені, мерейін асырғанын алға тартады. «Сіздің дауысыңыз, артистік қабілетіңіз, ешкіге ұқсамайтын ерекшелігіңіз естен кетпес образдар жасайды. Қазақ халық әндері сіз­дің орындауыңызда өзіндік нақышымен, ұлттық колоритімен дараланып тұрады, таңғажайып сәттерге бөлейді»,– десе бірі: «Бі­рінші рет сізді тыңдағанда таң­ғажайып сезімге бөленіп қолыма қалам ұстадым... Мен атақты адам­дардың қолтаңбасын жинаушы емеспін.Және сол атақ­тылардың бәріне бірдей табына бермеймін. Бірақ сізге табын­бау, сізге қайран қалмау мүм­кін емес», – деп ерекшелігін ба­ға­­лағандардың мойындауын қо­сыла қуаттайды. Ол ерекшелік бұрыннан біліп, естіп жүрген әндеріміз Әлібектің орындауында кенеттен тек өзіне тән ғажайып өрнегі мен өрісін, фантастикалық фабуласын, болмысын, бояуын тауып шыға келетінін Мағира журналистік сұң­ғыла шеберлікпен суреттейді. Анығын айтсақ, Әлібек Дінішевтей әншінің ашық күнгі найзағайдай жарқ етіп шыға келуі, осқырына қарайтын Одақтың еріксіз қол соғуы, халқымыз үшін айрықша қуаныш, тамаша триумф болғанын ұлттық намысқа, ұлттық негізге балайды. Бірінші боп жазып, байсалды да бекем түйін жа­сау­дың бар жауапкершілігін өз мойынына алуы ойы мен сөзінің салмағы мен қадірін білгендіктен де шығар. Жалпы, сол жылдардағы жүйріктердің қай-қайсысын ал­маңыз: әнші Әлібек Дінішев, дирижер Төлепберген Әбдірашев, композитор Ғазиза Жұбанова, про­фессор Рабиға Қаныбаева, опера солисі Зарема Қастеева, актриса Би­­кен Римова, актер Әнуар Мол­дабеков, композитор Мансұр Са­ғатов, бишілер Рамазан Бапов, Раушан Байсейітова, әнші Роза Рымбаевалардың портреттерін жаңа леппен, жаңа серпінмен жазды. Жас оқырмандар үшін қызғылықты әрі әсерлі етіп сипаттауымен шы­ғармашыл жаңа буынның дарынды өкілдерін «Әлем – әуен» кітабында осылай танымал етті. Оның біз күтпеген тақырыпқа баруы тағы бар. Бұл жолы ол та­биғат пен тіршіліктің тыл­сымдық әлемінен бір-ақ шығыпты. Бір қарағанда қиялгер жазушылар айналысатын тақырып дерсің. Ой жетпейтін тылсымның тереңіне бойлау оның шығармашылық құштарлығының сан қырлылығын көрсетіп қоймайды, қаламгерлік қуатының өзгеде ұшыраса бер­мейтін ерен ерекшелігі мен то­сындығын танытқандай. Пара­психологиядан бастап магиялық таным, ұғымдардың қатпар-қатпар қыртыстарына дендей еніп, өз көзқарасымен безбендей білуі, өзінің логикалық пайымдарын таразыға тарта отырып айтарының астарына еліктіре алуы еріксіз тәнті етеді. Қалыптасқан қағидаға кереғар көрінер пайымдардың көбесін сөгіп көк тінін ашып көр­сетуі, оны нақты сараптауымен ноқталай білуі қаламгер танымының ғылыми әлеммен тілдесе білер қуатын көрсетеді. Тіршіліктің ең бір пісіп жетіл­ген жемісі – адамның әлі де ашыл­маған сыры көп деген принципін берік ұстанған ол табиғат пен адам жаратылысының үйлесімділігін терең түсініп, тыл­сымдық-тамырластық қасиет бірліктерін тікелей қабылдай­ды. Міне, қаламгердің «Адам – құ­­пия» кітабының өрісі мен өркені біз білмейтін, білсек те шала ұғатын сырларынан тұра­тынын көреміз. Автор тылсым әлемінің тамыр соғысын тыңдағандай сабырмен әңгімелеу арқылы бізді жаратылыстың тосын жамиғатына бастай береді. Өзіндік бір психологияның, физи­каның, ғаламшардың, өмір мен адам әлемінің ашылмаған аралдары ашыла береді. Осындай тыл­сымның тұңғиық сырларын ашуға талпынып қана қоймай, өзіндік білік ізденіспен кілтін ұстатпағанмен логикалық қисынын ашып айтуға бара білген. «Адам-құпия» кітабындағы құмалақ ашу сырлары, көріпкелдік, емшілік, балгерлік, түс жору, аян, елес, са­на, рух, тіл-көз, пешене, тағы бас­­қа да адам өміріне және жаратылыс әлеміне қатысты ұғымдар мен пайымдардың әрқайсысына жан-жақты тоқталып, кеңінен әңгімелейді. Оның қаламгерлігі осылайша психологтыққа ұласқа­нын көреміз. Қаламгердің әр тарапқа қа­лам сілтеуі заңдылық. Өйткені, жаңа бір дүниені жазу, жаңалық әкелу аңсары әр уақытта тыншу бермейтіні қаламгерлерге тән қасиет. Бұрын айтылмаған тақырыпқа бару, барды басқаша кестелеу арқылы өзінің екінші тынысын ашу деген де болады. Осы ретте Мағира Қожахметова қаламын қаймықпастан еркін сілтейді. Өнер жайындағы эсселерден кейін психологиялық танымдық дүние жазуы соның бір көрінісі деп білдік. Мағираның қаламгерлік қор­жынында бұдан бөлек те қомақты дүниелері бар. Бар болғанда да салмақты, арнайы тоқтап сөз етуге лайықты өмірлік олжалары. Әр жылдары баспасөз бетін көрген, кітап болып шыққан. Оқырманға кеңінен тараған туындылар. Оған жататындары да өз соқпағына сай сүбелі болып келеді. «Жантәсілім» романы, «Жылы шырай», «Күннің алтын сынығы», «Күй-кісен», «Жа­­падан-жалғыз» повестер мен әңгімелер жинақтарының ар­қауы да: адам психологиясы, түрлі ситуа­ция­лардағы жан азабы, қуаныш мұңы, жантәсілімі мен жансірілігі. «Жантәсілім» романы кең ауқымды шығарма.Тартыс пен сюжет те қатпарлы, шиеленісі де шымыр болып келеді. Мұнда алыстағы Бұғылы ауылының жет­пісінші жылдары кешкен өксік өмірі, сүрең сүргіні таусылмайтын хал-ахуалының астарында адам тағдырлары жасырынған. Кешегі мен бүгінгінің тіршілігі, келбеті еміс-еміс көлбеңдейді. «Бұғылы қандай дәуір кешсе де, мейлі өрлеген бе, құлдыраған ба, әйтеуір Итемген соның бәрі­нің жалғыз куәгері. Біреу оны мақтайды, біреу даттайды. Беу, заман-ай, осы ауылды аспандатқан Итемген ғой, осы ауылдың түбіне жетіп, Бұғылыны жұтып барып өлер бұл қақпас», деген сөздер қабаттаса естіледі әрдайым. Осы енжарлық бұғылылықтардың бойынан сәт сайын мен мұндалап, ер­телі кеш ызылдаған желдей әбден белең алған»,– деп қияндағы ауылдың портреті арқылы біз сол кезеңнің бізге таныс тынысы мен тірлігін, психологиялық ахуал әре­кетін танимыз. Нұсқаулардан бас көтермейтін, өзіне қожалық жасаудан айырылған. Жер үшін, ел үшін, тіл үшін, дін үшін қажетті жауапкершіліктен жұртты жұрдай қылған ауылдың дүниеден жырақ қалғандай күйі-ішінен тынған заманның үнсіз зары секілді кө­рінеді. Күрделі сюжеттер болмаса да күрделі ой қайшылықтардың теке-тіресі, күресі арқылы образдар сомдала түседі. Күрделі кезеңнің Бұғылы тұрғындарына артқан жүгі мен жансебілі сөйтіп сан алуан тағдырлар арқылы өрбиді. Оның прозалық шығармалары тыл­сымдық дүниенің психология­лық шиеле­ністері мен жұмбақ­тарына, адамның өнердегі ор­ны мен құдіретіне арналған. Кейіпкерлерінің сыртқы сипатынан гөрі болмысын байыптауы басым боп келеді. Әсіресе, тереңнен қазып толғана айтуы өзгеше өрнек алады. Кейіпкерлер тауқыметінде адамның тәлкегі мен тағдырының, бейнеті мен зей­нетінің қырық қатпарлы тіндері жатқанын көре де біледі, жеткізе де біледі. Сол арқылы заманның, сол қоғамның сиқы мен сипатын, қаратабан көнбіс қарекетін, жансебіл тірлігін түрлі фабулада алып, тінін ашып тігісін жатқыза суреттейді. Оның үстіне Мағираның сөз саптауы, сөз қолданысы көркемдігі келісті сөйлемдермен, толқын-толқын ойлармен толығып молығып, пси­хологиялық толғақты пайымдаулармен кестеленіп кемер тартып отыратыны оның өзінше бір стилін қалыптастырған. Онысы, әрине, біз білетін Мағираның мені мен мінезіне өзінше жарасымды, өзінше қонымды. Ерекшелігі десек те еш артығы жоқ. Осының бәрін ол журналистік қызметпен бірге тынымсыз еңбек ете жүріп жаз­ды, атқарды. Ол кезең туралы толғана да, сүйсіне де айтады. «Мен тамаша ортаға топ ете түскеніме, Сейдахмет Бердіқұлов бастаған керемет жандармен: Әнес Сараев, Болат Бодаубаев, Мәткәрім Әкімжанов, Рашид Рахымбеков, Оралхан Бөкеев, Кәдірбек Сегізбаев, Кәрібай Ахметбеков, Төлен Қаупынбаев, Серік Әбдірайымов, Құрманғазы Мұстафин, Қуанышбай Құр­манғалиев, Сағат Әшімбаев, Жақау Дәуренбеков, Жанат Елшібеков, Эрнест Төреханов, Әшірбек Көпішев, Сейітқазы, Досымов, Орысбай Әбділдаев, Ырым Кененбаев, Жарылқап Бейсенбаев секілді талантты азаматтармен бірге қалам сілтегеніме, қаламдас-қатарлас болғаным үшін тағдырыма ризамын»,– деуі Мағираның өткен шаққа деген риясыз пейіл рахметі мен шексіз алғысы десек болады. Оның қаламынан қыруар ма­қа­лалар, әңгімелер, повестер, дра­­малар, аударма­лар, эсселер, танымдық талдамалар ту­ды. «Ленин­шіл жас», «Қазақстан әйел­дері» оқырмандарының сүйік­ті авторы, «Ақжелкен», «Ай», «Бал­бұлақ» журнал­дарының идеясы мол Бас редакторы болды. Өзін дәріптемей ұмытылып бара жат­қан қазақтың алғашқы қаламгер апалары Мәриям Хәкімжанованың үш томдық мұ­расын, жазушы Са­ра Мыңжасарованың, Ләтипа Құрманаеваның, Күлиман Жү­нісо­­валардың шығармаларын жинақтап, тоқсан жылдық кеш­терін өткізіп, ұрпақтар сабақ­тастығының қажеттігін, оның өнегелі жақтарын ұмытпаудың ізгі жолын жандандырды. Қазіргі көптеген журналистикадағы қыз-келіншектер оның жазғандарын жас кездерінде жастанып оқып тә­лім алғанын айтады, ұдайы жы­­лы қамқорлығын көріп ұстаз тұтады. Мұндай құрметке екінің бірі бөлене бермейтінін мойындауымыз керек-ақ. «Ел жақтаған ерлер болса ең­бек те еленер» деген ғой. Әр қа­ламгер кө­ңілінің күнгейінде жүретін, қамқор болудан аянбайтын, кемдігі барға кеңдігін ұсынатын, кімнің кім екенін талғай да, таңдай да білетін, сөзі төбелі Жазушылар ода­ғы­ның төрағасы Нұрлан Мыр­қасым­ұлының қол­­дап жолдауы­мен ұсынылуы әділ­дігін тапты. Қаламгер Мағира Қо­жахметоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері» атағы берілді. Сөз жоқ, лайық­ты баға. Ұстанымын өзгертпей, жалтақ­тамай өмір сүрген, айтарын ашық айтудан айнымайтын Мағира жалғанда таңдаған жалғыз жолынан таймайтынына, жүрегінің тілі – жазудан танбайтынына кәміл сенімді. Ол әлі күнге өмір мен өнерді ойы­ның қаймағы, қаламының қайрағы етіп келеді. Елің мен ертеңіңе ентікпей еленіп жету де ерекшелік қой. Ал айтқандарымызды жай шолу емес, еңбегіңе көңіл толу деп біл­гейсің, Көкшенің Гәкку-қаламы, Майяның рухтас сіңлісі Мағира!  Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. АЛМАТЫ.