Асқына түскен босқындар мәселесі
Польша Германиямен шекарадағы патрульдер санын көбейтуде. Осылайша жергілікті билік Германиядан келетін заңсыз босқындардан қорғанбақ болып отыр. Өйткені, бұған дейін осы шекараны заңсыз кесіп өтудің онға тарта жағдайы тіркелген. Жергілікті билік органдары елдің батысында өздерін Германиядан Польшаға заңсыз өтетін босқындардан қорғамақ ниетте. Қауіпсіздік патрульдер санын көбейту және неміс әріптестерімен ақпарат алмасу арқылы қамтамасыз етілмек. Губин қаласының мэрі Варфоломей Бартчактың айтуынша, қалада босқындардың қатысуымен орын алған оқиғалар жоқ, бірақ арнайы қызметтер үнемі дайындық жағдайында тұр, делінген Калининградтағы поляк мәдени орталығы таратқан хабарда. Ал француз депутаты Тьерри Мариани болса, Еуроодаққа босқындардың ағылуының соңы апатқа апарып соқтырады деген болжам айтып отыр. Оның айтуынша, ондай жағдайдың алдағы жаздың өзінде-ақ орын алуы мүмкін. Ахуалдың бұлайша шиеленісуіне Брюссельде бірегей қалыптасқан саясаттың жоқтығы себепкер дейді ол. Ол Брюссель Еуроодақ азаматтарын заңсыз босқындардың қаптап кетуіне байланысты ықтимал қауіп-қатерлерден қорғауға деген тек құрғақ сөзді ниет қана білдіріп отыр. Бірақ қару-жарақсыз келіп жатқан миллиондардан қалайша қорғану керек екендігі әзірге көрініп тұрған жоқ. Ал Кельн мен Каледегі оқиғалардан кейін жағдайдың мүлде бақылаусыз екені барынша айқындала түсіп отыр, деп атап көрсеткен ол. Осы кезде Амстердам полициясы мигранттарға қарсылар мен оларды жақтаушылардан тұратын 20 адамды қамауға алған. Оған Pegida қозғалысы белсенділерінің сенбі күні Амстердамның орталығындағы Ватерлоо алаңында антиисламдық ереуіл ұйымдастыруы себепкер болып отыр. Сонымен бір мезгілде «Қош келдіңіздер, босқындар» деген жазуы бар плакаттар ұстаған жоғарыда аталған қозғалысқа қарсылар да көшелерге шыққан. Еуропаның өзге де ондаған қалаларында өткен сенбіде дәл осындай шерулер ұйымдастырылды. Сондай шерулердің бірі Латвия астанасында да болып өтті. Белсенділер қолдарына Латвияның, Литваның және Эстонияның туларын, сондай-ақ, «Еуропа – еуропалықтарға, Балтия – балтиялықтарға» деген жазуы бар плакаттар ұстаған. Полицияның мәліметтеріне қарағанда, пикетке 200-ге жуық адам қатысқан. Латвияның болашақта қандай болатыны, яғни оның тәуелсіз және егемен ел болатындығы біздің белсенділігімізге байланысты, деп атап өткен акцияны ұйымдастырушы Андрис Оролс жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде. Еуропалық комиссия болса босқындарды Еуроодақ елдерінде бөлу квотасы туралы алғашқы ұсынысын жариялады. Ол бойынша Латвияға 737 босқынды қабылдауға тура келеді. Олардың 6-уы сенбі күні Латвияға келіп жеткені белгілі болып отыр. Жағдай осылайша ушығып жатқан кезде Франция президенті Франсуа Олланд пен ГФР канцлері Ангела Меркель жексенбі күні Страсбургте кездесу өткізіп, қазіргі миграциялық дағдарыс пен оны шешудің мүмкін деген жолдарын талқылаған. Бұл туралы рейтер агенттігі хабарлап отыр. Агенттік таратқан мәліметтер бойынша, Олланд пен Меркель Еурокомиссия қабылдаған іс-қимыл жоспары басымдыққа ие деген келісімге келген. Онда шекарадағы жағдайға бақылау жасау үшін Грекияға көмек көрсету, сол сияқты, Еуропаға босқындар ағынын шектеу мақсатында Түркияға қаржылай көмек бөлу мәселелері қарастырылған.Гаити президенті өз қызметін тастап кетті
Гаити президенті Мишель Мартелли мемлекет басшысын сайлаудың қарсылықтарға ұшырасуына және қауіпсіздік мәселесіне қатысты бірнеше рет кейінге қалдырылуынан елді мұрагерсіз қалдырып, өзі лауазымын тастап кеткен. Парламент алдында сөйлеген сөзінде ол президенттік сайлаудың кейінге қалдырылуы өзі үшін ең өкінішті жайт екенін мәлімдеген. Сенбі күні Гаити президенті мен парламент уақытша үкімет құру туралы келісімге келген. Таяудағы күндері парламент уақытша президентті сайлап, ол жаңа президент өз лауазымына кіріскенге дейін өз міндетін атқаратын болады деп күтілуде. Президенттік сайлаудың екінші туры алдағы 24 сәуірге белгіленіп отыр, ал жаңа президент өз міндетін атқаруға 14 мамырда кірісуі тиіс. Айта кету керек, елдегі президент сайлауының бірінші туры 2015 жылдың 26 қазанында өткен болатын. Екінші турға өткендер қатарында «Тет Кале» партиясының өкілі Жовенель Моиз бен оппозициялық Прогресс пен гаитяндық эмансипация үшін баламалы лигасының өкілі Жюд Селестан бар болатын. Іс басындағы президент сайлауға қатысқан жоқ. Сайлау күні түрлі заң бұзушылықтарға барғаны үшін 70-тен астам адам қамауға алынды. Ал екінші турды өткізу бірнеше рет кейінге қалдырылып келеді. Гаити – Кариб теңізіндегі Гаити аралының батыс бөлігіндегі мемлекет. Ел халқы 10 миллионнан астам адамды құрайды.Қытай мен Үндістан шекарашылары бірлескен жаттығулар өткізді
Үндістан мен Қытай шекарашылары алғаш рет бірлескен жаттығулар өткізді. «Қытай-Үндістан ынтымақтастығы 2016» жаттығуларына 30 үндістандық және 30 қытайлық жауынгер қатысты. Күні бойына созылған жаттығулар шекарадағы ұлттық апаттар ахуалына және екі елдің командаларының құтқарушылық миссияларын одан әрі үйлестіруге негізделді, деп атап көрсеткен Үндістан армиясы баспасөз қызметінің өкілі полковник С.Д.Госвами. «Қытай-Үндістан ынтымақтастығы 2016» деген атауға ие жаттығулар «Екеуара қолдасып» деп аталатын бірлескен әскери жаттығулар сериясын, сондай-ақ, таяуда Үндістанның солтүстік-шығысындағы Сикким штатында өткізілген жаттығуларды толықтырды, деп атап көрсеткен ол. Жаттығулар Үндістан мен Қытайдың шекарада бейбітшілік пен тыныштық орнату, сондай-ақ, екі елдің шекара әскерлері арасындағы сенімді нығайту жөніндегі күш-жігерлерінің бір бөлігіне айналып отыр. Айта кету керек, ҚХР мен Үндістан арасында ертеден келе жатқан Кашмирдің солтүстігіндегі таулы аумақ пен Аруначал-Прадеш штатының солтүстік-шығысындағы 60 мың шаршы шақырым учаскеге қатысты аумақтық талас бар. 1962 жылдың күзінде даудың соңы екі ел әскерлерінің арасындағы шекаралық қақтығысқа соқтырған болатын. Даулы аумақтар проблемасы әлі күнге шешілген жоқ. 1993 және 1996 жылдары ҚХР мен Үндістан даулы аудандарда бейбітшілік сақтау туралы келісімге қол қойды. Сол сияқты, шекарадағы оқиғаларды шешу бойынша екіжақты механизмдер жұмыс істейді. Топтаманы дайындаған Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».