Ә.Исекешев бастаған қазақстандық делегацияның Тегеранға сапары нәтижелі болды
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Роухани арасындағы келісім аясында екі мемлекеттің сауда-экономикалық ынтымақтастығы бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Жақында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев бастаған қазақстандық делегация Ираннан келді. Осы сапар барысында Иран Ислам Республикасының бірқатар ресми өкілдерімен өткізілген кездесулер және жүзден аса ирандық компаниялармен болған екіжақты келісімдер алдағы уақытта бірлескен жобалар ретіндегі өзінің жемісті нәтижелерін беретін болады. Қазақстан тарапынан ұйымдастырылған бизнес-форум және «сауда миссиясы» алдын ала күтілген межеден де артық бизнесмендердің басын қосуға мүмкіндік жасады. Тегеран қаласында өткен бизнес-кездесулерге екі елдің іскер топтарының 1000-нан астам өкілі қатысты. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев екі күн ішінде Иран Ислам Республикасының (ИИР) Ғылым және технологиялар бойынша вице-президенті Сурна Саттаримен, ИИР-дің Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зарифпен, Өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Мұхаммад Реза Зарифпен, Ауыл шаруашылығы және джихад министрі Махмұд Ходжатимен, ШАСТА ирандық ірі холдингінің басшыларымен кездесті. Сонымен бірге, Әсет Исекешев 13 саладағы ирандық ірі компаниялардың өкілдерімен маңызды кездесулер өткізді. Қорыта айтқанда, жоғары деңгейде өткен сауда миссиясы нәтижесінде қазақстандық бизнес Иран рыногынан үлкен басымдықтарды көріп отыр. Сонымен бірге, Иран рыногы арқылы болашақта Египет, Ауғанстан, Ирак сияқты елдердің рыногына шығуға толық мүмкіндік бар. Өз кезегінде Иран Қазақстанды Ресей мен Қытайдың рыногына шығатын хаб ретінде таныды. Иран Ислам Республикасының ресми өкілдерімен кездесу барысында үстіміздегі жылдың сәуір айының соңында болатын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға ресми сапарының дайындық мәселелері талқыланды. ИИР вице-президенті Сурна Саттари ғарыш саласындағы, стартаптарды дамыту, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктеріне баса назар аударды. Осы саладағы мәселелерді талқылау үшін Жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл жұмыс тобы ғылым, ақпараттық технология, ғарыш қызметі, биотехнология және медициналық қызмет көрсету салалары бойынша жұмыс істейтін болады. Тараптар бірнеше бағыттар бойынша жұмысты белсенді жүргізу жөнінде келісті. Оның ішінде сауда және инвестиция бағыты бойынша жұмыстарға барынша басымдық берілетін болды. Ол үшін 6 қосымша жұмыс тобы: металлургия және тау-кен металлургиясы кешені, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі, машина жасау, туризм, инженерлік-технологиялық ынтымақтастық және қаржы салаларында құрылды. Қазақстан мен Иран іскер топтарының кездесуі барысындағы екінші шешуші бағыт – көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық болды. Бұл ретте, Елбасының бастамасымен өмірге келген Ұлы Жібек жолы бағдарламасы тұғыр ретінде қарастырылмақ. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда салынып пайдалануға берілген теміржол тораптары арқылы Қытай мен Иранды байланыстыратын трансконтиненталдық дәліз арқылы алғашқы жүк тиеген пойыздың Иранға келуі соның айқын дәлелі болмақ. Тегеранда өткен кездесулер барысында Қазақстан тарапы Иранға ауыл шаруашылығы өнімдері саласында жан-жақты ынтымақтастық байланыс жасауды ұсынды. Бұл ретте өсімдік майы өндірісін құру, Иранға қазақстандық астық және ет өнімдерін экспорттау мәселелері тілге тиек етілді. Сонымен бірге, кездесулерде әуе бағыттарының жиілігін арттыру, екі мемлекет банктері арасында шетел валютасымен өзара есеп айырысу жөніндегі мәселелерді жедел шешу, визалық режімді жеңілдету және басқа өзекті мәселелерді талқылады. Бизнес-форум және «сауда миссиясы» шеңберіндегі келіссөздер барысында қазақстандық KAZNEX, INVEST ұлттық агенттігі, «Бәйтерек» ҰБХ және ҰКП ұсынған нақты жобаларды іс жүзіне асыру шаралары да кеңінен талқыланды. Бұл отырыстарға 250 қазақстандық және 1 000 ирандық компания қатысты. Екі мемлекеттің жетекші іскер топтарының өкілдері бас қосқан осы ауқымды бизнес-кездесулерде тараптар негізінен екі шешуші бағытқа баса назар аударды. Ол: Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру және екі елдің жаңа инвестициялық мүмкіндіктерін ашу болып табылады. «Бәйтерек» холдингінің басшылығы ирандық компания жетекшілерімен қазақстандық өнімдерді экспорттау және жобаларды қаржыландыру мәселелерін талқылады. Сонымен бірге, қазба байлықтары және тау-металлургия кешені саласындағы ынтымақтастық байланыстар мәселесіне ерекше басымдық берілді. Сапар барысында Әсет Исекешев Иранның ең ірі өнеркәсіп компанияларының, қаржы холдингтерінің басшыларымен кездесті. Олардың ішінде «SHASTA», «Hegta» «PhiliGroup», «SunirGroup», «MarnaGroup» «Ghadir Invest», «Sadid Industrial Group» сияқты холдингтер бар. Бұл жетекші компаниялар алтын, жез, темір кен орындарын игеруге, туризм саласындағы жобаларға мұнай-химия өнімдері өндірісі, машина жасау, фармацевтика, ет, өсімдік майы, жеміс-жидек және басқа салаларға бірлескен инвестициялар салуға қызығушылық білдірді. Мәселен, «Kausha» компаниясы Алматы облысында жалпы инвестиция көлемі 2,1 млн. АҚШ долларын құраған өсімдік майы өндірісі бойынша жобаны іс жүзіне асыруға кіріскенін хабарлады. Алдағы уақытта бұл өндіріс 20 мың тонна соя, рапс, үрме бұршақ майын өндіретін болады. Алдағы уақытта компания осындай зауыттарды Қазақстанның басқа өңірлерінде салып, оның өнімдерін Қытай және Иран мемлекеттеріне экспорттауға әзір екендігін білдірді. Жыл ішінде компания майды рафинадтау бойынша арнайы блогты пайдалануға тапсыруды көздеп отыр. Сонымен бірге, бизнес-форум аясында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі «Казгеология» АҚ және IMIDRO (Иранның тау-кен өнеркәсібін дамыту және жандандыру ұйымы) арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы Ынтымақтастық туралы меморандум бойынша екі ел аумағындағы қазба байлықтары және геологиялық барлау жөніндегі инвестициялық жобаларды іріктеу және дайындау үшін Қазақстан-Иран жұмыс тобын құру көзделуде. Сонымен бірге, геологиялық барлау саласында геологиялық физика бағытындағы ең озық технологияларды қолдана отырып бірлескен кәсіпорын құру жоспарлануда. Сауда миссиясы аясында Қазақстанның 60-тан астам өндіруші-экспорттаушылары өздері шығарған өнімдерінің тұсаукесерлерін өткізіп, ирандық рынокқа шығу мүмкіндіктерін талқылады. 200 ирандық компаниялармен кездесулер өткізіліп, осы кездесулер барысында машина жасау, құрылыс, химия, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі өнімдері кеңінен таныстырылды. Әсіресе, нәтижелі өткен кездесулер қазақстандық теміржол техникаларын таныстыру шаралары барысында айқындалды. Иран темір жолы басшыларымен 10-нан астам кездесу өткізілді. Осы маңызды шаралар барысында Иранға қазақстандық локомотив, электровоз, рельс, жүк және жолаушылар вагондарын сату мәселелері жан-жақты тілге тиек етілді. Атап айтқанда, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС компаниясынан 70 электровозды, «Локомотив құрастыру зауыты» ЖШС-нің 75 магистральдық тепловозын, «Ақтөбе рельсарқалығы зауыты» ЖШС-нің 130 мың тонна көлеміндегі рельстерін және «RAILWAYS SYSTEMS» компаниясының 5000 бірлік жүк вагонын ирандық рынокқа жеткізу мәселелері талқыланды. Кездесулер нәтижесінде ирандықтар тарапынан 1000 жолаушы вагонын сатып алуға қызығушылық білдірілді. «Бәйтерек» холдингі бұл келісімді теміржол кепілдігімен несиелеуді ұсынды. Ирандық тарап өз кезегінде вагондарды сатып алуға кепілдік беруге дайын екендіктерін білдірді. Ерекше атап өтетін тағы бір мәселе Иранның ірі автокөлік дилерлерімен өткізілген кездесу болды. Осы кездесу барысында ирандық дилерлер қазақстандық 1000 автокөліктерді сатып алуға ынта білдірді. Сонымен бірге, келіссөздер қорытындысында энергетикалық және мұнай-газ, коммуникациялық жабдықтарды, азық-түлік өнімдерін және басқаларды жеткізу келісімдеріне қол жеткізілді. Қорыта айтқанда, Иран астанасы – Тегеранда өткен екі елдің іскер топтары арасындағы кездесулер нәтижелі де жемісті аяқталды. Ұлан САНЖАР.Петропавлда жасөспірімді жаяу жүргіншілер жолағында жүк көлігі қағып кетті
Аймақтар • Бүгін, 14:43
Астаналық көпбалалы әйел есірткі саудасының жарнамасымен айналысты деген күдікке ілінді
Есірткі • Бүгін, 14:10
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына тамсанды
Елорда • Бүгін, 13:30
Бүгін футболдан Қазақстан кубогының финалы өтеді
Спорт • Бүгін, 12:55
Үш жылдан соң рингке оралған Данияр Елеусінов WBC әлем белбеуін жеңіп алды
Бокс • Бүгін, 12:25
Астанада Абай мен Қызылорда облыстарының жәрмеңкесі өтіп жатыр
Елорда • Бүгін, 11:53