10 Ақпан, 2016

5 жасар тоғызқұмалақшы және оның достары

419 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
5b5f102a31a4d991b80c97e9268a7806_XLБұл кішкентай қыздың аты-жөні – Аружан Манап. Ол Шарбақты ауданы, Есілбай ауылында тұрады. Аружан облыс орталығында өткен тоғызқұмалақшылар жарысында 65 қатысушының арасынан 44-ші орынды иеленді. Сөйтіп, «Жарыстың ең жас тоғызқұмалақшысы» атағын иеленді. Желтоқсан айында облыстық «Сарыарқа самалы» га­зетінің жүлдесі үшін тоғызқұмалақ ойынынан өт­кізілген турнирге 250-ге жуық бала, мектеп оқушылары қатысқанын көріп қуандық. Биыл 2008 жылдан бері облыстағы тоғызқұмалақшылар жарысына Қарағанды, Ақмола облыстарынан да командалар келді. Әрине, жаңа желкілдеп өсіп келе жатқан өз ұл-қыздарымыздың ұлттық ойын, Абай атамыз жақсы көріп ойнаған тоғызқұмалаққа ден қойғаны – қуантарлық. Газет ұжымы ұлттық ойынның әлеуетін көтеріп, ұл-қыздарымыздың қызығушылығын арттыруда. Жарыстың бас төрешісі, №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Шәріп Қашкеновтің айтуынша, турнирге мектеп оқушыларынан басқа, ересектер арасындағы 4 спорт шебері, 15 спорт шеберлігіне үміткер және 1,2,3 дәрежелі спортшылар қатысып, 2 күнгі бәсекеде тоғызқұмалақшылар 8 топқа бөлініп, ойын ойнаған. Негізі, тоғызқұмалақ ойынында 9 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы жарысқа қатысушылардың саны көп. Осы турнирге 54 ер бала мен 65 қыз бала келді. Ересектер арасындағы жарыстың екпіні тартысты болды. Кілең спорт шеберлері, спорт шеберлігіне үміткерлер ойнады. Тоғызқұмалақтан облыстың бас жаттықтырушысы Арыстан Қапаевтың айтуынша, тоғызқұмалақшылар жетістігі спорттық нормативті орындауда есепке алынады екен. Кішкентай тоғызқұмалақшыларды жарыстарда жеңіске жету жолында ерекше жігерлендіреді, балалардың спортқа, жалпы, ұлттық ойындарға деген құлшынысы арта түседі. Мысалы, 73 жастағы тоғызқұмалақшы Бақыт Бадамшина апамыз балалардың жыл сайын тоғызқұмалақ ойыны жарысын асыға күтетіндерін айтты. Астанада да тоғызқұмалақтан тұңғыш рет Әлем чемпионаты өткені белгілі. Әлемнің 16 мемлекетінен 43 спортшы қатысты. Аталмыш жарыста жерлесіміз, тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Диана Кенина қатысып жүлдегер атанған еді. Диана №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтан сабақ берді, «Тарлан» аула клубында тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болды. Шәкірттері облыс орталығындағы №26 мектептің оқушысы Анастасия Фоос, кадет корпусында білім алатын Мәди Бүгжанов, Абай атындағы №10 мектептің оқушысы Айым Кашкенова, №42 мектептің оқушысы Александр Рахманенко бар. Ұлттық құрамада Серік Ақтанов ойнайды. Облыс тоғызқұмалақшылары еліміздің командалық чемпионатының 4 дүркін чемпионы болса, ел Кубогын 5 рет ұтып алды. Облыстың бас жаттықтырушысы, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығының вице-президенті Дастан Қапаев қазір Астанада тұрады. Әкесі марқұм Исатай Қапаевтан кезінде Лебяжі ауданына барып, 1986 жылдары сұхбат алып, ең бірінші тоғызқұмалақ деген ойын тақтасын сол кісіден өзімнің көргенім де әлі есімде. Кеңес өкіметі кезінде ауыл мектебінде ұлттық ойын ойнауға үйренген асыл аға жайлы жазатын естелігіміз де бар. Бұл кісі солтүстік өңірге тоғызқұмалақ ойынын алғаш таныстырған адам. Дастан ол кезде кішкентай мектеп оқушысы, төрт ұлы да тоғызқұмалақшы еді. Серік Ақтаев, Диана Кенина, Сәуле Топалова, Ернұр Мерешов, Әлібек, Бақтияр Датбаевтар, Азамат Иманғалиев, Ержан Жақыпов, Айсұлу Адамжанова –Дастанның шәкірттері. Тоғызқұмалақ – ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра. Ал, асыл мұраны келешек ұрпаққа жеткізу – біздің басты парызымыз дейміз. Газет ұжымы өткізген турнирге біздің облыстың ауылдарынан, қалалардан қатысқан Ардақ Мерғалымова, Нұрсұлтан Сүлейменов, Айдана Қали, Сырымдат Жұмағали, Айша Мағмұрова, Рауан Шоқанов, Ринат Керейбаев, Аружан Әбдіханова, Мирас Өмірзақов, Серікбай Арон, Дария Жанғазина, Тұмар Серікбаева жүлдегер атанды. Облыс орталығындағы №28 орта мектептің оқушысы Иван Колосов қатысты. Иванмен бірге Анастасия Фосс, Александр Рахманенко секілді өзге ұлт өкілдерінің балалары да тоғызқұмалақшылар атанып, ойынға қызығушылық таныта бастады. Железин ауданындағы №3 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қазыбек Мұқаметалиннің айтуынша, аудан орталығындағы мектепте тоғызқұмалақ үйірмесі ашылған. Аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсетеді. Тоғызқұмалақтан жергілікті «Туған өлке» газетінің турнирі өтіп тұрады екен. Сонымен, облыстық «Сарыарқа самалы» газеті турнирінің қорытындысында 9 жасқа дейінгі ұлдар бәсекесінде Салахаддин Агитаев чемпион атанды. Екінші орын Салауат Әкежанға, 3-ші орынды Нариман Рымбек еншіледі. Әлихан Мырзабаев, Тамерлан Ауылбек, Салауат Әсімжан, Аяжан Егінбай мен Гүлбақыт Қайыржанова, екібастұздық Жәмила Байылдашева, Нұрсұлтан Сүлейменов, Сырымдат Жұмағали жеңімпаз атанды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР. Суретті түсірген Төлеген НҰРҒАЗЫ.