11 Ақпан, 2016

Алғыс айту күні – аға ұрпаққа құрмет

466 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатында Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен дәстүрлі кездесу өтті. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған өткен жылғы іс-шаралардың нәтижелері мен алдағы уақыттағы ынтымақтастық пен серіктестік жайлы нақты ұсыныстар талқыланды. Сондай-ақ, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің Жар­лы­ғымен елімізде кәсiптiк және өзге де мерекелер тізіміне енгізілген, биылғы жылы атап өтілетін 1 нау­рыз – Алғыс айту күні жайлы да сөз болады. Алқалы жиынды ашқан Қазақ­стан Республикасы Прези­денті Мұрағатының директоры Борис Жапаров алдымен этнос­аралық қарым-қатынастар тарихы туралы құжаттарды іздеу, зерттеу және танымал ету бойынша көлемді жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Мұнда 2012 жылы «Де­портация тарихынан» ғы­лы­ми-зерттеу жобасы негізінде жа­рық көрген жинақтың алғашқы екі томдығы (1930-1939 жж.) та­­рих­­шылар мен этномәдени бірлес­тіктердің жоғары бағасына ие болған. Онда бүкілодақтық жә­не республикалық деңгейдегі ше­­шімдерді қабылдау үрдістері және оларды жүзеге асыру жолдарын көрсететін құжаттар басылып шық­қан. Жинақта «арнайы қоныстар» тәртібінің құрылуы, сонымен қатар, қоныс аударылғандардың өмір сүру және еңбек ету жағ­дайлары туралы баяндалады. Басылымға орталық, респуб­ли­калық партия, кеңес орган­да­рының қаулылары, әртүрлі деңгейдегі комиссиялардың хаттамалары, бұйрықтары, мәлімет пен анықтамалар, қоныстану орын­дарындағы репрессияға ұшыраған азаматтардың жағдайы туралы ақпараттар да бар. Тоталитарлық тәртіп саясатына қарамастан, сол жылдары Қазақстанда бір-біріне байыппен қарау негіздері қа­ланып, жергілікті тұрғындар мен күштеп қоныс аударылған әр­түрлі ұлттардан тұратын адамдар арасында өз­ара іс-әрекет ету мәдениеті қа­лыптасты. Қа­зақстан өз жерінде көптеген этностарды біріктірген кезеңдегі қасіретке куәлік Ұлттық мұрағат қорының құжаттарында көрініс тапқан. 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойына орай Мұрағат «Қазақстан халқы Ассамблеясы: алғашқы қадамдар (1995-1997 жж.) құжат­тар мен материалдар жинағын» дайындады. Басылымда Ас­сам­блеяның құрылуы мен қызметінің алғашқы қадамдары, аталған қоғамдық институттың қалыптасуындағы Тұңғыш Пре­зидент Н.Ә.Назарбаев­тың рөлі туралы құжаттар жинақ­тап берілген. Көптеген ұлттық этно­мәдени бірлестіктердің әрқи­лы қызметі көрсетілген. Кездесуді қорытындылай келе, Б.Жапаров: «Тарихтан тәлім ала отырып, біз бүгінгі күнімізді бірге құрамыз. Болашағымыз қандай болатыны өзімізге байланысты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде этносаралық түсіністіктің шынайы моделі құрылды. Бұл көбінесе Қазақстан халқының тарихи естелігі арқасында жүзеге асты. Жаңа естелік күні – Алғыс айту күні дәстүрді жалғастырып, аға ұрпаққа құрмет көрсетіледі», – деді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.