11 Ақпан, 2016

Қазақстандықтар – жартылай финалда

224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
  10-02-2016-futsal 11 Сербия астанасы – Белград қаласында өтіп жатқан футзалдан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы жартылай финалға жолдама алды. Ширек финалда қазіргі құрлық чемпионы – Италиямен кездескен жерлестеріміз 5:2 есебімен басым түсіп, кезекті рет сенсация жасады. Кездесудің алғашқы минуттарынан бастап басымдық көрсеткен қазақстандықтар қар­сы қақпаға тоқтаусыз шабуыл­даумен болды. Алайда, алғашқы гол 16-минутта ғана соғылды. Бұрыштан допты ойынға қосқан команда капитаны Дінмұхамбет Сүлейменов командалас әріптесі Леоға соққы жасайтын тамаша мүмкіндік жасап берді. Соңғысы оны шірене соғып, қақпаға түсірді. Бірінші таймның соңында Какаудың шәкірттері есепті еселеді. Бұл жолы да гол Леоның қатысуымен соғылды. Атап айтқанда, оның айып алаңының сыртынан тепкен добы қақпа бағанасынан кейін серпілген. Қақпашының допты қайтара алмай, қарбаласқа түскен сәтін тиімді пайдаланған құраманың сұрмергені Серік Жаманқұлов чемпионат барысындағы төр­тінші голын соқты. Қазіргі кезде бұл қазақ футболшысының турнирдің мергендер көшінде алдыңғы қатарда тұрғанын мақ­танышпен атап өткен жөн. Екінші тайм Италияның шабуы­лымен басталды. Нәти­жесінде 23-минутта Фортино мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартты. Арада бар болғаны 30 секунд өткенде, Қазақстан сапынан Шыңғыс Есенаманов тамаша голдың авторы атанып, есепті 3:1-ге жет­кізді. Шыңғыстың алаңның орта тұсынан тепкен добына Италия қақпашысы еш қайран көрсете алмады. Қақпаларына үшінші доп жіберіп алған италиялықтар тайлы-тұяғымен алға ұмтылды. Алайда, олардың ойындарына сәттілік жетіспей, тепкен доптары бірде қақпа маңдайшасынан кейін серпілсе, енді бірде бағанаға тиіп, бағытын өзгертіп жатты. Ал кейбір сәтте Қазақстан құрамасының жарты командасы саналып жүрген қақпашы Игита италиялықтардың жойқын шабуылдарына лайықты тойтарыс беріп отырды. Кездесудің 35-минутында өздерінің жеңіліп жатқандарына сене алмаған Италияның бас жаттық­тырушысы Роберто Ме­ни­челли тайм-аут алуға мәж­бүр болды. Шәкірттерінен ақыл-кеңесін аямаған ол қақпашыны да ойыншы ретінде алаңға шығарды. Осы тактика өз жемі­сін беріп, Италия футболшылары 37-минутта тағы бір гол соқты. Бұл жолы нәтижелі соққы Канальдің еншісіне жазылды. Сол-ақ, екен біздің бас жат­тықтырушы Какау да өз құ­қын пайдаланып, тайм-аут алды. Бір қызығы, бұл әрекет те нәтижелі болып, жерлестеріміз қарсыластар қақпасына төртінші голдарын енгізді. Қақпа бағана­сынан кейін серпілген допты қайта тепкен Дәурен Нұрғожин қазақ футзалының тарихында Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде гол соққан ойыншы ретінде жазылды. Ойынның нүктесін есеп ашқан футболшы Лео қойды. Матчтың соңғы секундтарында алыстан бос қақпаны дәл көздеген ол дубльдің авторы атанды. Осылайша, құрлық бірін­шілігіне алғаш рет қатысып отырған Қазақстан жартылай финалға дейін жетті. Енді тур­­нирдің аталған сатысында біздің құрама Испаниямен сынға түседі. Бұл ойын бүгін түнде ойналады. Ал жартылай финалдық екінші жұпты Сербия мен Ресей құрамалары құрады. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».