12 Ақпан, 2016

Өгем өңірі жаңарады

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Оңтүстікте «Егер Өгем шатқалын көрмесең, шым­кенттікпін демей-ақ қой» деген сөз бар. Сайрам-Өгем ұлттық паркіне қарайтын шатқалды жер жәннаты десең де болады. Тауды тесіп құлдыраңдап аққан бұлақ, түгі жапырылмаған көк балауса құрақ, мәуесі-шәуесі қоңыр күзде жерге бырдай болып төгілген жеміс ағаштары аспанға қол созған қарағайлармен кірігіп кеткен. Шатқалға тек асты биік машиналар­мен ғана өте аласыз. Құ­лама жартастарды жанай өтетін жол екі көлік зорға сыярдай. Етекке түскен соң жо­лындағыны жаңқадай көр­мейтін Өгем өзеніне еріксіз аялдайсыз. Жылдың қай мезгілі болса да суықтығы сондай, аяғыңызды мал­саңыз, тоқ ұрғандай маң­дайыныздан мұздай тер бұрқ ете қалады. Мүлгіген тыныштық, мұнда табиғат балбырап ұйқыға батып тұрғандай көрінеді. Міне, ертегідей осы жер облыстық кәсіпкерлік, ин­дустриялық-иннова­ция­лық даму және туризм басқар­масының ұй­ға­ры­мымен Сайрам-Өгем та­биғи пар­кіне қарайтын Машат шат­қалы, Өгем жә­не Қас­қасу туризмді дамыту үшін инвесторларға ұзақ мер­зімге жалға бері­летін болды. «Сайрам-Өгем» мемле­кет­тік ұлттық табиғи пар­кінің көлемі – 148 мың 87 гектар. Соның 19 мың 74 гектарын түрлі мақ­сатқа пайдалануға болады. Бү­гінде 34 жеке кәсіпкер 136 гектарды пай­даланып, мемлекет пай­дасына қаржы төлеп отыр. Енді 300 гектар жер ұзақ және қысқа мерзімге ин­весторларға жал­ға бе­ріледі. «Өзім дегенде, өгіз қа­ра күшім бар» дейді ха­лық нақылы. Аталған жер­ді пайдалануға алған кә­сіп­керлер демалыс орындарын салады. Аспан жерге айналып түсердей аптапта шымкенттіктердің дені тау сағалап кететін. Жаңа демалыс орындары елге де, мемлекетке де пайдалы болмақ. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.