Бүгінгі күннің ақиқаты айқындап отырғанындай, тәуелсіз Қазақстан әлемнің ең дамыған елдерімен иық тірестіретін әлеуетті транзиттік хабқа айналды. Бұл өміршең де маңызды мемлекеттік міндетті іс жүзіне асыруда «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының атқарған жұмысы ауқымды. Бұдан бұрын газетімізде хабарлағанымыздай, тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде Қазақстан бүкіл ТМД мемлекеттерін қосқандағыдан да артық теміржол құрылысын салыпты. 2558 шақырым теміржол магистралі!
Құрлықаралық «алтын көпір» атанған Қазақстан көлік-транзиттік логистикалық әлеуетін дамытуды мұнымен тоқтатпақ емес. Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында «ҚТЖ»ҰК» АҚ еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі арттыратын экономикамыздың дамуына жаңа қарқын қосатын Шығыс пен Батыстағы «алтын қақпалар» ірі көлік инфрақұрылымы жобасын жүзеге асыруға кірісті. Атап айтқанда, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА кешенді дамыту; Боржақты – Ерсай теміржол телімі; Құрық селосындағы паром кешені жобалары бар.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА кешенді дамытудағы басты мақсат – Қытай, Еуропалық одақ, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдері арасындағы тауар тасқынының түйісетін тұсында ірі халықаралық көлік-логистикалық хабын құру болып табылады. 2014 жылғы шілдеде Мемлекет басшысы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында құрғақ айлақ құрылысын салуға тапсырма берген болатын. Құрылыс жұмыстары қысқа мерзімде атқарылып, инфрақұрылымдық нысандардың бірінші кезегі 2015 жылғы желтоқсанда пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде құрғақ айлақтың операторы болып табылатын «KTZKhorgos-Gateway» компаниясының өндірістік және инвестициялық қызметіне кірісуіне мүмкіндік берді. Биылғы жылы құрғақ айлақта 200 мың контейнерді өңдеу, 2020 жылға қарай толық қуатында жұмыс істеуге байланысты 500 мың контейнер өңдеу жоспарланып отыр.
Ақпанның 12-сінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымдық нысандарын аралап құрылыс барысымен танысты. «Инвестициялық қызмет ірі мөлшерде атқарылуы тиіс. Бұл өте ауқымды жоба. Еркін экономикалық аймақтың инфрақұрылымын дамыту Қазақстандағы логистикалық дамуға қосылатын едәуір үлес. Транзиттік тасымал жыл сайын артып келеді. Сондықтан «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА жобасы Қазақстанның барлық көліктік-логистикалық кешенін дамытудың құрамдас бөлігі болып табылады», деп атап көрсетті А.Мамин осы сапар барысында.
Кеңес барысында «KTZExpress» АҚ президенті С.Елубаев АЭА дамыту мен құрғақ порт құрылысының жүзеге асырылуы туралы баяндады.
«2015 жылы ҚХР-ЕО-ҚХР бағдарына 47 мың контейнер жіберілді. Бұл 2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, екі есеге жоғары көрсеткіш. Бүгінгі таңда «KTZExpress» контейнерлік тасымал көлемін жүз пайызға өсірді. Тікелей тендерлерге қатысу, контейнерлердің рефрижераторлық паркіне инвестиция тарту арқылы біз тасымалдауды жыл бойы атқаруға жетісіп, пойыздардың кері бағдарын 46 пайызға жүкпен қамтамасыз етуге жетістік», деп атап өтті С.Елубаев.
Қазіргі кезде инвесторларға қолайлы жағдай жасау кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Ол үшін АЭА аумағында орындалатын тапсырыс берушінің өтініші қабылданған сәттен бастап, оның ең соңғы өнімге дейінгі құрылымдық тәртіптерін барынша жетілдіру жүргізіледі.
АЭА құрғақ порттың екінші кезеңінің құрылыс барысымен «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Теміржол желісі құрылысы дирекциясы» директорының орынбасары, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА құрылысын техникалық бақылау қызметінің жетекшісі Ә. Қарабалин, сондай-ақ құрылыс компанияларының басшылары есеп берді.
Бүгінгі таңда құрғақ порт нысандары құрылысының 80 пайызы атқарылды. Белгіленген кесте бойынша құрылыс жұмыстарын 2016 жылғы мамырда аяқтау жоспарланып отыр.
Сапар барысында жаңадан салынып жатқан тұрғын жайларға назар аударылды. Ә. Қарабалиннің айтуынша, 2016 жылдың алғашқы жартысында «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА еңбеккерлерге арналған 192 пәтерлік екі жатақхана, ал Нұркент селосында 60 пәтерлік екі үй құрылысын аяқтау көзделуде.
Алматы облысының әкімі А. Баталовтың хабарлауынша, әкімдік АЭА жұмысын атқаруына барлық жағдайлар жасалған. Еңбеккерлерге арналған тұрғын үйлер мен әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салынып жатыр. Қазіргі таңда 100 мың адам тұратын жаңа қаланың бас жоспарының жобасы ҚР мемлекеттік органдарының қарауында жатыр.
«KTZKhorgos -Gateway» бас директоры К. Гейсеннің айтуынша, «DPWorld» компаниясымен бірлесе отырып, қазіргі заманғы IT технологиясын өндіріске енгізіп, құрғақ порттың сыртқы және ішкі бизнес үдерісін синхронды жүргізіп, жұмысын «бір терезе» әдісімен атқаруды жолға қойған. Оның сыртында еңбеккерлер тұрақты түрде шетелдегі тренингтерінде болып, біліктілігін көтереді. Жұмысқа қабылдауға негізінен, Алматы облысының тұрғындарына басымдық беріледі.
Кеңес барысында қатысушылар «Қорғас» халықаралық шекаралық серіктестік орталығы (ХШСО) жұмысын да қарады. Қорғас ХШСО президенті В.Нидің айтуынша, бүгінгі таңда экспорт-импорт сауда операцияларын жасақтау мен логистика жөніндегі келісімдердің 6 инвестициялық жобасы басталды. Әлі де 26 жоба қарастырылуда.
«Қорғас» ХШСО ҚР мен ҚХР азаматтарының халықаралық сауда мен туризм индустриясын дамыту үшін осы өңірдегі визасыз жүруі мен сауда келісімдерін жасау, іскерлік топ өкілдерін, таяу және алыс шетелдердің туристерін тарту қызметтері атқарылады.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалары Қазақстанның транзиттік-көліктік дамуына серпін береді. Жаңа Жібек Жолы экономикалық белдеуінің жасақталуына қызмет етеді.
15 ақпанда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болып, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясындағы көліктік-инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы барысымен танысты.
А. Мамин барлығы 15 шақырымдық уақытша пайдалануға берілген Боржақты – Ерсай жаңа теміржол желісінің қызмет барысын қарап көрді. Өткен жылғы маусымның 15-інде пайдалануға берілген желіде Құрық портына дейін қозғалыс басталып, Каспий теңізі жағалауында паром кешені құрылысына дейін жеткізілген.
Ерсай станциясынан Құрық портына дейін теміржол тартылады. Қазіргі кезде онда теміржолдың үстіңгі қабатына қажетті құрылыс материалдары дайындалуда. Ерсай станциясы теміржолының кіреберісіне 120 мың текше метр топырақ қабаты төселді.
Оның сыртында, жолдың жоғарғы қабатына қажетті материалдар жеткізілуде. Толқынды қайтаруға арналған топырақ төсемі жасалуда. Гидротехникалық имараттар жасауға қажетті топырақ қабаты сырылып, үш миллион текше метр топырақ сыртқа шығарылды.
Жылына 4 миллион тонна жүк өткізу әлеуеті бар паром кешені арқылы астық, мұнай өнімдері, тыңайтқыш, химикаттар тасымалданады. Сонымен қатар, Каспий аймағындағы көршілес мемлекеттерден келетін жүктер де тасылады.
Паром кешені құрылысын аяқтау мен оны Боржақты – Ерсай жаңа теміржол желісімен қосу басты және сусымалы жүктерді мультимодальдық тасымалдау арқылы еліміздегі транзиттік жүк ағынын еселеп арттырады.
Құрық портының паром кешенінің бірінші кезеңі 2016 жылғы желтоқсанда пайдалануға беріледі.
«Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында іс жүзіне асырылып жатқан «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың инфрақұрылымдық ірі жобалары еліміздің көлік-логистикалық транзиттік қуатын арттыруға елеулі үлес қосатын мемлекеттік маңызды міндет екендігі даусыз.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».