Қазақ «алтын пышақ қын түбінде жатпас» деп тегін айтпаса керек-ті. Оны ерте ме, кеш пе елі таниды, іздейді, жоқтайды, аруағын асқақтатады. Сондай жайсаңымыздың бірі –жазушы Мұқадес Есламғалиұлы. Артқы жасқа рухани азық қалдырып, адамгершіліктің ақ туын, көштің бет-бағдарын көрсетіп кеткен алдыңғы жақсының бірегейі, бүгінде тірі болса 70 деген асқаралы жасқа келетін Мұқадес еді. 58 жыл ғұмыры өмірге келу, өсу, оқу, тоқу, жазу, жетілу, бай мұра қалдыру, т.б. өтті.
Қазақ әдебиетін байытқан «Аққу сазы», «Қайырлы түн», «Екі басқа дүние», «Толқын мен ағын», «Өз жүрегіңе үңіл», «Тұман ішіндегі көш» сияқты әңгіме, хикаят артына қалдырған шұрайлы қазына болды. «Ғұмырнамалар мен ғибратнамалар» танымдық кітабының ғылыми маңызы зор. «Жазықсыз тамған жас» атты пьесасы республика театрларының сахнасында қойылды. Орыс тілінде «Пробный камень» атты кітабы басылды. 2001 жылы «Тұман ішіндегі көш» романы үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды. 2003 жылы жарық көрген «Әйтеке би» тарихи-философиялық дилогиясы жазушы шығармашылығының шыңы. Егер қазақ әдебиетінің елдік жылдардан бергі кезеңін – тәуелсіздік тұсындағы табысымыз деп даралайтын болсақ, сөз жоқ М.Есламғалиұлының шығармашылығынсыз елестету мүмкін емес секілді. Осы бір етек-жеңімізді жинап, бар-жоғымызды түгендеген кезде шұрайлы дүниелерімен қазақ әдебиетіне Мұқадес те олжа салды.
«Тұман ішіндегі көш» романын тағы бір қайталай оқығанда байқағанымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өлара кезең, қоғамдағы сан қилы өзгеріс жазушының жүрек сүзгісінен өтіп, санасын сілкіп, тәнін тітіркендіріп жазбауға мүмкіндік болмағасын жазғанын байқаймыз. Қаламгер «адам жанының инженері екен-ау» деп қол қоямыз.
Тұман ішіндегі көштің қатарында кім жоқ дейсің? Өзі туралы кітап жаздырғысы келетін Төремұрат, сөз жоқ, бүгінгі Қазақстанның адамы. Ол үшін дүниеде сатылмайтын ештеңе жоқ. «... Мына кейуана тірлікте «сат» деген сөздің жалғыз сыңары – сатып ал! Оның қитұрқысына бұл сияқтылар кеще. Оған сұңғылалар – әлгі Төремұрат сықылдылар. Заманның құрсағында жаралып, кіндігін уақыттың өзі кескендер, әне, солар. Бүгінгі күннің мырзалары да солар. Олардың ұғымында, Алланың нұр пейілінен жаралған пендесінің ең асылы – жаны мен арының бағасы да солардың қалтасында, солардың құзырында...». Бұл да нарықтық қатынастармен кірген «арыңды сатсаң да ақша тап» дейтін сасық пиғыл, қорқау күнкөріс.
Бір редакцияда жұмыс істейтін адамдар әртүрлі. Ісі мен ойы қабыспайтын Далбай, баласы шетелге қашқан Қуангерей, тілінің тікені бар Есімхан – бір-біріне қарама-қайшы кейіпкерлер. Шенеуніктер Төрежанов пен Күдербаев өмір бойы бақталас, тақталас, мақсатқа жету үшін еш нәрседен тайынбайтын жандар. Тәуелсіз газет шығарып, әртүрлі кедергілерге тап болып жүрген Игісін ішкі қырындысын ақтарады: «Әуелден де ауқатты мен байдың көлеңкесін сағалайтын қазақты үш ғасырлық отарлаудың қоқанлоқысы еңсесін езіп жіберген бе деп қорқам. Рухы езілген халық – жалтақ. Жалтақ адам өзіне берілген еркіндікке де еркін қожалық ете алмайды. Ол әлі де күштіні ториды. Соның көлеңкесінен кеткісі келмейді....». Бұл да көкейкесті тұжырым. Саяси тәуелсіздікке жеттік, енді рухани тәуелсіздікке жетер ме екенбіз деген аңсар.
Аурухана төсегінде таңылған Берекенің санасы сергек. «Пышаққа» тусуге дайындалып жатыр. Фәни мен бақидың арасы жақын сияқты. Қатын-баласына ақыл айтуға қашқақтайды. Өзінің ойы: «Кешкен ғұмыры өсиет пен өнегеге жарамаса, жантәсілім алдында бір-ер ауыз сөзің –кімге азық, кімге мұра?...». Бұл да айдай ақиқат.
Саналы ғұмыр кешкен Береке тірлік деген жарық сәулені ұмытып қалмайын деп талпынады. Ұйықтататын дәрі қалың ұйқыға әкетіп барады. Түсі ме, өңі ме шұбалған көштің ішінде жүр. Көштің арманы, мақсаты Жер жәннатын көру. Көшті тұман басты, көштің іші айқай-шу, даң-дама, алас-күлес.
«Тұман ішіндегі көш» – психологиялық иірімдері мол шығарма. Қоғамдағы өзгерістер адам санасына да салмақ түсіріп, өмір сүру шарттары өзгергендігін дәйекті көрсете білген. Көш – адамзат көші, қазақтың көші. Тұман басқанмен, сейіледі. Көш бағдары Жерұйық көкжиектің астында тұрған сияқты.
Жазушының әлі толық бағасын алмаған шығармасы «Әйтеке би» тарихи-философиялық дилогиясы деп білеміз. Профессор Серікқали Шарабасов: «Әйтеке би» романы – жазушының емес, ғасырларға салмақ, қазіргілерге қиын жұмбақ – ұлан-ғайыр феномен» деп тұжырым білдірген еді. Шынында да қазақ әдебиетінде бұрын-соңды би-шешен тұлғасы толық дәл осы туындыдағыдай суреттеле қоймаған еді. Бидің қоғамдағы орны тек сөз саптау ғана емес, ел үшін тер төккен саясаткер, қоғам қайраткері болғандығы. Билік пен халық арасындағы елші, қалың бұқараның мұң-мүддесін ханға тікелей, қорғаламай өз аузынан айта алады. Хан да Алаш биінің көрегендігін, әділдігін бағалап, онымен санасып отырады. Бидің басты артықшылығы артына ерген халқы, алдындағы сөз түсінер сұңғыла ханы. Әйтеке би – ел адамы, көрген-білгені мол, зерделі жан. Ұрысқа түссе – жаужүрек батыр, дауға түссе – тілі алдаспан.
Бұрынғы кеңестік дәуірде «хан дегеніміз – халықтың қанын сорушы, би дегеніміз – хан мен байлардың сойылын соғушы» деген тұжырымға мойын ұсынып келдік. Ал шығармадан білгеніміз: би – аузынан батасы түспейтін, ауыл күзетіп, ас бағып отырған шал емес, үнемі ат үстінде жүретін, дау келсе шешетін, сонау шығыс ғұламаларының білімінен сусындаған, қазақтың арғы-бергі тарихын, салт-дәстүр, дала заңын терең игерген, алыс-жақын көрші елдердің мақсат-мүддесін, пиғылын жетік білетін білікті жан, жау келсе атқа мініп шабуылға шығатын батыр, қазақ қауымын жан-жақтан торлаған естек, түркіменге, Хиуа, Бұқара әмірлеріне, ежелгі жау қалмаққа елші болып бара алатын, хан атынан сөйлейтін саяси өкіл. Қазақ «қол бастау қиын емес, көк найзалы ерің болса, көш бастау қиын емес, артыңа ерер елің болса, бәрінен шаршы топта сөз бастау қиын, тауып айтсаң мереке қылады, таппай айтсаң келеке қылады» дейді. Сөз – құдірет. Сөз – құйын үйіреді. Ерді ұшпаққа жеткізетін де сөз, басын жерге түсіретін де – сөз. Сөз саптап атқа мінген бидің аузына хан да қарайды, халық та үміт күтеді, жау да сескенеді, даугер де тоқтайды. Әйтеке бидің мақсаты біреуді сөзбен тоқтатып, мұқату емес, ел бірлігі, ел қамын ойлаған ханның амандығы, қарашаның мұң-мұқтажы, қазақ жеріне жау атының тұяғын тигізбеу. Сондықтан да ол еркін сөйлейді:
«Биік тұрсын десек Туымыз,
Өрт шалмасын десек нуымыз,
Біз үш жүз керіспейік, келісейік,
Керістің арты қызыл шоқ.
Керісе қалсақ үшеуміз,
Бірлік те жоқ, елдік те жоқ.
Өзгеменен теңдік те жоқ,
Әркім бір сарып басыңа,
Аяқ асты қалармыз.
Қатыннан әрмен дауыс қып,
Қаралы жоқтау салармыз...».
Шығармадағы ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда есімдері аңызға айналған Тәуке хан, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әнет баба, Мәті, Болпыш, бас кейіпкер Әйтеке бидің көрегендігі, даналығы, шешендігі, сұңғылалығы көркем сөзбен әдемі өрілген. Ал шындығында бұл сөз көркемдігі жазушының қолтаңбасы екені анық. Мұқадес те сол билердің, даналардың деңгейінен, солар шыққан биіктен тұрып, сөз саптайды, таңдайыңа бал салғандай ділмарлықпен оқырманды кәусар тұныққа жетелейді, шалқар айдынға шығарады. Хан мен бидің сұхбатында ханның өткір сауалдарына тұшымды жауап берген би сөзі – жазушының жүрегінен шыққан сөз. Кейіпкер мен автор бір тұлғаға айналған. Мәселен,
«Хан: – Би, ел неге азады, ер неге азады?
– Ер азса, сенімді серігін таппаған шығар, Ел азса, білікті басшысын таппаған шығар.
– ...бірлік жөнінде не айтар едің?
– Бүкіл түркі жұртын екі туып, бір қалғандай етер ем. Сосын арыстан Ресей мен аю шүршіттің ортасында жонымыз күдірейіп, жолбарыс боп біз жатпас па ек...
– Елді қалай басқару керек деп ойлайсың?
– Раймен. Ыммен. Алысты көре білумен. Сосын бұрынғылар елді қорқытып басқарма, оқытып басқар деген тәлім қалдырыпты...».
«Атасы басқаның арасынан дау шықпасын деп, ауылы басқаның арасынан жау шықпасын деп, ағайын арасынан әділет қашпасын деп, айналасын әбілет баспасын деп, жетімім ешқашан жыламасын деп, жерімді жау жағаламасын» деп өмір сүрген тарихи тұлғалардың ғибратын бүгінге жеткізген «Әйтеке би» дилогиясы тарихи танымдық, этномәдени құндылығы аса зор дүние. Азат оймен, сергек санамен, ұлан-ғайыр ізденіспен, ұлттық өремен, елдік ұстаныммен, ащы шындықпен, тарихи деректермен сәйкестіріліп жазылған, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің ең бір тамаша тұмар кітабы.
Ғұмыр бойы қазақтың сөз жауһарын теріп, қос қанатын (журналистік және жазушылық) құлаштай керіп, ардың ісі әдебиеттің жоғын жоқтаған, даналар, билер, хандар, шешендер ғұмырын ғылыми тұрғыдан зерттеген Мұқадес бір кезек өзі де биге айналғандай болады. Билер өтті, би сөзін тірілткен Мұқадес десек артық болмас.
Әне бір жылдары Әбілқайыр хан туралы айтып шулаған бір топқа «елді адастырмаңдар, тарихты бұрмаламаңдар» деп төрелік айтқан да Мұқадес екені есте. «Әбілқайыр хан» еңбегінде оның өз заманының қайраткері, елдің ері екендігін, аса ірі саяси тұлға болғанын бұлтартпас уәждермен дәлелдеп, пәтуалы тұжырым жазды. Тарихи тұлғалар жайында жазуда рулық, аймақтық тұрғыдан емес, елдік, ұлттық көзқараспен келіп, ыждағатты зерттеу керек екендігін көрсете білді.
Сонымен қатар, «Әйтеке би» романы қазақ әдеби тілін байытатын тың тұрақты тіркестерге, шешендік, қанатты сөздерге толы. Ел ұмытқан көне сөздер де көптеп ұшырасады. Мәселен, «анжы-қосымша айып ақы»; «саһары – аққудың еркегі»; «алапай-жаугершіліктегі олжа», «лектір-Қытайдың «дивархан» атты тас атқыш құралының жеңіл түрі», «азына күні-жексенбі»; «төрт тірек-әр рудың биі, мырзасы, пірі, батыры», т.б. Болашақта жазушы шығармаларының тілін зерттеудің өзі сұранып-ақ тұр.
Міне, Ақ Жайықтан ұшқан ақ сұңқар қаламгер, Оралдан Алматыға арман қуып, мақсат бекітіп сапарға шыққан ақ көйлек азамат, өз міндетін адал атқара білді. Қазақ әдебиетінің көшінде Қыз Жібектің көшіндей сыры терең, сырлы көш Мұқадес көші де кетіп барады. Көштің маңдайы ашық, жүзі жарқын, бағыты –Жерұйық.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді», – деп Ілияс Жансүгіров ақын айтқандай, өз жақсымызды құрметтейік. Орал өңірі, Сырым ауданы Мұқадес Есламғалиұлының туған жері, ұшқан ұясы. Жазушының атын мәңгі есте қалдыру үшін мектепке не кітапханаға атын беру күн тәртібінде тұрған мәселе. Осы ұсыныс орындалса, ұрпақ алдында, аруақ алдында жүзіміз жарқын болары хақ.
Мұрат САБЫР,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
Орал қаласы.