Серікқалимен 1988 жылдың соңына таман жақынырақ таныстым. Профессор Тауман Амандосов басқаратын журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасында басымыз тоғысты. Тауман аға өздерінің жасы ұлғайған кезде факультетте дәріс беруге қазақ жастарын батыл тарта бастады. Ол кезде факультет оқытушыларының басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері еді. Таукең өз кафедрасына «Жалын» баспасында жүрген мені, белгілі журналист, ақын-драматург Марат Ысқақовты, университетті енді бітірген талантты ақын Амантай Шәріпті, дарынды журналист Бауыржан Омаровты және 1983 жылдан республикалық «Лениншіл жас» газетінің Қазақстанның батыс облыстары бойынша меншікті тілшісі болған, 1986 жылдан Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газеті редакторының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген танымал журналист Серікқали Байменшені аспирантура арқылы жұмысқа шақырды. Кафедрамыз өте ұйымшыл, ынтымақ пен бірліктің ұясына айналды. Серікқали өте ақкөңіл, кеңпейіл азамат болып шықты. Әсіресе, әдемі әзіл айтылғанда ақтарылатын ғажайып күлкісі бар екен. Жүзі жылы, қашанда күлімдеп жүретін, практикалық тәжірибесі мол жас оқытушы студенттердің көп іздейтін, жиі үйірсектенетін ұстазына айналып жүре берді.
Ол кезде біздің Секең небәрі отыз үш-ақ жаста болатын. Танысып, әңгімелесе келе, Серікқалидың журналистика факультетін 1977 жылы бітіргендігінен хабардар болдық. Бірге оқыған курстастарының фамилияларын айтқанда, бір таңырқап қалдық. Әрқайсысы сайдың тасындай қазақтың танымал қаламгерлері екен.
Кафедра меңгерушісі профессор Т.Амандосов маған М.Әуезовтің, Серікқалиға Б.Майлиннің, Амантайға С.Қожановтың шығармашылығын зерттеуге тапсырма берді. Бірде үшеуміз бірге отырғанда, көңілденіп келген Таукең: «Мен дүниеден кеткеннен кейін, үшеуің кафедра меңгерушілігіне, менің орныма таласып жүрмеңдер! Күлкіге қаласыңдар!»-деп қалжың айтып, жадырайтын. Ұстаз тапсырмасын үшеуміз де орындадық. Мен 1994 жылы 18 ақпанда «М.Әуезовтің публицистік шеберлігі», 1995 жылы 14 наурызда Серікқали «Бейімбет Майлиннің журналистік шығармашылығы» тақырыбында, Амантай «Сұлтанбек Қожановтың әдеби-публицистикалық мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадық.
Серікқалидың Бейімбет шығармашылығын зерттеудегі еңбегі ересен болды. Көп мұрағат деректерін, ХХ ғасыр басындағы мерзімді басылымдарды түгел ақтарып, Майлин мұрасының толық ғылыми айналымға енгізілуіне қажыр-қайратын сарқа жұмсады. «Майлының Бейімбеті», «Бейімбеттің сөзстаны», «Бейтаныс Бейімбет» (монография), «Зергердің зертханасы» сияқты бірнеше кітаптар шығарды. «Тұңғыш құрбан», «Белгісіз шығармалар», «Романовтардың соңғы күндері» деген аттармен Бейімбеттің беймәлім шығармаларын кітап етіп жариялады. Зерттеуші Т.Бейісқұловпен бірге Майлиннің 7 томдық шығармалар жинағын құрастырып, алғысөзі мен ғылыми түсіндірмелерін жазды. 2004 жылы академик Рымғали Нұрғалидың ғылыми кеңесшілігімен «Бейімбет Майлиннің белгісіз туындыларының шығармашылық тарихы» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Серікқалидың тынымсыз ізденісінің арқасында Бейімбеттің беймәлім фельетондары мен оқшаулары, очерктері мен мақалалары ғылыми сараптаудан өтті, бүгінгі көзқарас тұрғысынан баға берілді. Мысалы, Бейімбеттің «Б-т», «Б», «МБ», «БЖ», «БыЖы», «Кетбен», «Жолаушы», «Газетші», «Жорналшы», «Малай», «Мереке», «Мен ғой», «Көз», «Інісі», «Тай», «Қарабала», «Алакөз», «Нық», «Өзім», «Ішінде болған», «Егінші», «Жалшы», «Шоң» сияқты көптеген бүркеншік есімдерімен жазылған шығармаларын ғылыми жүйелеп айналымға енгізді. Бұрын да Бейімбет шығармашылығын зерттеген Т.Нұртазин, Б.Наурызбаев, Ф.Оразаев, С.Ордалиев еңбектері өзінің заңды жалғасын тапты. Серікқали жан-жақты әрі нақты ізденістерімен Бейімбет шығармашылығын зерттеудің қазіргі заманғы жаңа ғылыми бағытын қалыптастырды. Бүгінгі әдебиеттану ғылымында Б.Майлин мұрасының басты шырақшысы Серікқали Байменше екендігін атап айтуымыз керек.
Ол жазушы Жиенғали Тілепбергенов еңбектерін танытуға көп еңбек сіңірді. Бұл туралы «Елін сүйген ерек жан» (Алматы,1997) деген зерттеу кітабын жазды. С.Байменшенің тікелей құрастыруымен және ғылыми түсіндірмелерімен Ж.Тілепбергеновтің «Перизат-Рамазан» (Астана, 2002) жинағы жарық көрді. Сондай-ақ, соңғы жылдары Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірі, белгілі ақын Кенжеғали Абдуллиннің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, осынау танымнан тыс қалған қазақ қаламгері хақында жүйелі еңбектерін жариялауда.
Серікқали одан соң бұрынғы Жоғарғы Кеңесте, кейін қос палаталы Парламентте, Сенат Аппаратында жауапты қызметтер атқарды. 2007 жылдан – дипломатиялық қызметте, 2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі болды және республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ресейдегі өкіл тілшісі міндетін қоса атқарды.
Кейінгі жылдары жарық көрген «Сәт сағат», «Зергердің зертханасы», «Мұрагер», «Дәнекер», «100 ертегі» сияқты салиқалы кітаптары – қаламгердің журналистика, әдебиеттану, дипломатия, ұрпақ тәрбиесі салаларында атқарған еңбектерінің жинақталған тұжырымды нәтижесі іспеттес. Мәселен, «Дәнекер» кітабына енгізілген «Кішіаралдағы кесене», «Жақсыны іздеу», «Әй, қап!», «Құбаш, Пушкин, Шәкәрім», «Тұрар тұрған үй», «Құпия құлпытас», «Бесеудің бесігі», «Қиырдағы қазақ жұрты», «Мәскеулік» Момышұлы», «Жеңіскер жыр», «Ақжүрек», «Алматы» стансасы», «Теңбіл доп», «Серпін», «Асылзада», «Соңғы сұхбат», «Путин жолы» сияқты әңгіме-эсселерінде Ресей өміріне, осы елдегі қандас бауырларға, қазақстандық атауларға қатысты көптеген келелі тақырыптар көркемдікпен баяндалады.
Автор «Қиырдағы қазақ жұрты» деген кезекті шығармасын «Бір қауым қазақтың өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасында, Көкшетау, Қызылжар, Қостанай төсіндегі ежелгі атамекендерінен ауып, Батыс Сібірдің орманды даласында көшіп-қонып жүргені туралы әңгіме бұрынырықта құлағымызға шалынған-ды... Жаппай отырықшылық жайлаған кеңес заманында бұлар неге көшіп-қонып жүрді екен? Өскен елі қайда, туған жері қайда? Айдың-күннің аманында атамекенін тастай көше ме адам?! Сібірдің сыңсыған орманды даласына қалай жетіп жүр?..» деп бастай отырып, өткен тарих топырағы астында қалып қойған сол босып көшкен ауылдардың ақиқатын, ұлттық дәстүр-салтын берік ұстанған қалың қазақтың айналадағы ұжымшарлар мен деревняларға сіңісе алмай, орыс орманының ортасында ата-бабасының көшпелі қалпын жалғастырған кезеңін байсалды баяндайды.
Кітаптағы осы кезеңнің шындығын баяндайтын бір шығарма «Құпия құлпытас» деп аталады. Бұл ретте автордың «Қызыл қырғында қыршын кеткен, отызыншы жылдардың ойранында опат болған ұлт арыстарының аруланбаған асыл сүйегін, туған жердің түйір уыс топырағы бұйырмай, жермен жексен болған белгісіз қабірлерін іздеп табу, олардың басына бір белгі қою – сол асылдардан туған бүгінгі ұрпақтың көп жылдар бойы жүрегін тербеген мұң...» деген сөздері жүрек тебірентеді.
«Сәт сағат» кітабы «Мөңке бидің Нострадамустан несі кем?» атты 2000 жылғы 29 қарашада «Егемен Қазақстан» газетінде басылған ғылыми-танымдық мақаласымен ашылған. Серікқалидың осы шығармасы туралы «Бес жылдың бедерлері» атты шолу мақалада: «2000 жыл... 29 қарашада жарияланған Серікқали Байменшенің «Мөңке бидің Нострадамустан несі кем?»деген материалы танымдық жағынан оқырмандар ойынан шыққан материал болды.» – деп көрсетілсе, танымал мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Мөңке туралы сүбелі мақала жазған ғалымдарымыздың бірі – Серікқали Байменше. Оның осыдан үш жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жарияланған «Мөңке бидің Нострадамустан несі кем?» атты мақаласы ол туралы тәуелсіздік жылдарында жинақталған жарияланымдар мен зерттеулерді қорытып түйіндеген, тиянақты туынды болып шықты», – деп жоғары бағалаған екен.
Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, филология ғылымдарының докторы, дипломат, ұл-қыз өсірген әке, немерелерінің қызығына бөленген ата Серікқали Байменше қазірде тәуелсіз Қазақстанның әлемдік деңгейдегі беделін көтеру мақсатында Мәскеу қаласындағы Еуразиялық экономикалық комиссияда лауазымды қызметін абыроймен атқарып жүр. Ол туралы бір ауыз сөз естісем, емен жарқын қауышатын, «ақырын жүріп, анық басатын», ақкөңіл азаматтың бейнесі көз алдыма келеді. Еліміздің еңсесін асқақтататын да осындай әмбебап жандар. Абырой биігінен көріне бер, аға досым!
Бауыржан ЖАҚЫП,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
АЛМАТЫ.