20 Ақпан, 2016

Мұратына жеткен жазушы

2141 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Беке1.Әйел жанының жыршысы Әдебиет әлеміне өзіндік өрнегімен, толысқан талантымен танылған көр­некті жазушының бірегейі – Бексұлтан Нұр­жекеұлы. Қаламгердің көркем прозадағы қоржыны шұрайлы шығармаларға толы. Оның қабілет-қарымының, тума дарынының жемісі: роман, повесть, әңгімелері төл әдебиетіміздің толымды туындылары санатында. Сан сырлы, алуан қырлы өмір шындығын көркем сөзбен кес­телеп, шырайын шығарып, әрін келтіріп, өрнектеуде шынайы шебер­лігімен танылып, жұртшылық жүрегіне төте жол тапқан жазушының бағын ашқан сол баяғы сұңғыла суреткерлігі. Енді Бексұлтанның романдары жө­нін­де қысқа қайырымға құрылған бірер ауыз сөз сабақтайын. Алғашқы романы «Күтумен кешкен ғұмырда» қазақ елінің дүрбелең дәуір – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тұ­сында әнші Әтікенің тағдыр тәлкегіне түсіп, қилы ғұмыр кешкен кезеңінің оқи­ға­лары көркем суреттелген. Арада қырық жыл өтсе де, өлі-тірісін біле алмай арманда ғұмыр кешкен әншінің әке-шешесінің, әсіресе ғашықжары Қайныкештің сағы­нып, сарғая күткен, өкініште өткен өмірі­нің естен кетпес ғажайып хикаясы оқыр­мандар жүрегін баурап алған айрықша, тамаша шығарма. Бұл роман таза, мөлдір махаббат жыры. Ал «Бір өкініш, бір үміт» романы тұтас бір дәуір келбеті мен сол кездегі ұр­пақ­тың өмір жолы, тағдыры, қуаныш-реніштері, мөлдір сезімдері көркем суреттелген, өмір шындығынан алынған шығарма. Роман замандастарымыздың өмірден өз жолын тауып, өнерге ұмтылыс-талпынысын, сол мақсатқа жетуге талаптанған ізденістерін, сондай-ақ, адамдар бойында адалдық, кісілік, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасу мәселелерін қозғаған таңдаулы туынды. Бір қарағанда, шығармадағы оқиғалар, әсіресе, алғашқы махаббат, адамдық пен аярлық хақындағы тақырыптың әде­биетте аз жазылмағаны аян. Алайда, Бек­сұлтан өз қолтаңбасын тауып, жаныңды толқытып, сезіміңді оятып, біржолата сөзінің сиқырымен баурап, алабөтен айшықты шығарма жазудың құпия кілтін тапқан-ақ. Қысқасы, бұл да заман, уақыт шындығы, замандастар бейнесі кемел кес­теленген шоқтықты шығарма. Бексұлтанның жазушылық абыройын асырған жұлдызды шығармасының бас­тысы «Күнәлі махаббат» екендігі дау­сыз. Бұл тұңғыш жазушылық тұсауын кесіп, «Жұлдызда» жарияланған әрі бірден көзге түсіп, жолын ашқан ұлпа сезімді ұлықтаған, оқырманын салған жерден жетелей жөнелетін тартымды шығармасы. Отанды да, отбасын да ойрандап, жанға жазылмас жара салған сұм соғыс туралы талай-талай өлең, поэма, повесть, романдар барын білеміз. Олардың көпшілігі сол қанқұйлы соғысқа қатысқан ақын-жазушылардың шығармалары. Ал соғысқа қатыспаса да, жетімдік пен жесірліктің зардабын шеккен орта буын қаламгерлер де қарап қалған жоқ. Соның бірі – Бексұлтан. Сол соғыста сүйіп қосылған күйеуінен – жігіттің төресі Нұржаннан айрылған Зерен сынды зипа мінез, сұлу да жас келіншектің тәлейі жоқ тағдырын жазушы өз жүрегінен өткізіп, өз көзқарасымен саралап, тереңнен сыр толғап, ойын келістіре кестелеп жазған-ақ қой. Повестің қарасөзбен жазылған жырдай оқылып, ойлантып, көңіліңді мұң-шерге бөлеуінің сыры – жазушының өмір шындығының шырайын шығарып жазғандығында. Жазушы жастығы, көріктілігі адас­тырып, екі бірдей еркектің етегінен ұстауға мәжбүр болған, олардан да бала туып, ақыр соңында Нұржанның әке-шешесiнiң отбасына оралуы әңгiмеленген. Жазушы да, ойлы оқырман да бейкүнә Зерендi жазғырмайды, қайта жандары ашып, кейіпкермен бірге қамығып, бірге жабығып күй кешеді. Қалам құдіреті мен шындықтың әсері деген осы болар. Осынау әйелдің жан сырын өзіне айтқызу әдісімен жазылған баянды жаның тебіренбей оқуың мүмкін емес. Романның аяғы: «Мен көп қателескен әйелмін. Кінәм да, күнәм да көп. Үлгі алатындай ештеңем жоқ. Бақыттымын деп те, бақытсызбен деп те кесіп айта алмаймын» деген Зереннің сөзін зерделей келіп, жаны таза, сезімі мөлдір, жастықпен жаза басса да адамгершілік қасие­тінен айрылмаған кейіпкер жөніндегі пікіріміздің түйіні: Зерен өзін қан­ша кінәлі де, күнәлі санаса да оқыр­ман оған теріс қарап кетпейді. Ол бар бол­ғаны ақ, адал сезімнің, соғыстың құр­баны, бақытты ғұмыр кешуге талпынған уыз­дай жас, ажарлы, көрікті келіншек бәрі­бір сенің де қимас адамыңа айналып кететіні ақиқат. Келесі бір келісті роман «Жау жағадан алғанда». Бұл оқиғалары да, кейіпкерлері де нақты өмірден алынған, дәйек-де­рек­ті, өмір шындығымен шыңдалған көр­кем шығарма. Күні кешегі ел басынан кешірген қилы кезең, қым-қуыт тағдыр­лы адамдардың төңкерістен кейінгі ұжым­дастыру, сол саяси науқанның қазақ елінің басына қасірет бұлтын үйірген тұс­тары, зорлық пен қорлыққа шыдамай ел ауған дүрбелең дүниенің суретін бар со­рақы шындығымен мейлінше мөлдіре­тіп, жүрегіңді елжіретіп, көп жағдай­да қайғыртып, қапаландырып, жаның­ды жаралайтын осынау роман сол бір жаралы жылдарға, сол заманның басынан бағы тайған қарапайым адамдарына сөзбен сомдалған ескерткіш десек, еш қате­лес­пейміз. Тағы бір тоқтала кетпеске болмайтын роман «Ерлі-зайыптылар». Осынау от­басылық өмірдің бүгі-шігін тереңнен қоз­ғап, сүйіспеншілік, сыйластық, адалдық, аярлық, ғашықтық, зұлымдық сынды адам баласына тән қасиеттердің сипаты, адамтанудың сәтті амалы көркем шы­ғар­мада әдемі әдіптелген. Жазушының жан байлығына, ақыл-парасатына дән риза боласың. Жалпы, осы тақырыптас шығар­малар Еуропа елдерінің атақты жазушы­ларының шығармашылығында ерекше орын алғаны белгілі. Ал мына роман таза қазақ отбасының өмір-тіршілігін ұлттық салт-дәстүр үлгісінде өрбіткен, жазылу мәнері жаңаша шығарма. Романда небір шиеленісті оқиғалар, қыз-келіншектердің бастарына түскен ауыртпалықтар – сыни сәттер әңгіме желісін жүйелей, қызықтыра баяндаумен ұштасып, қиюласа кетуі де жазушылық шеберлік пен тапқырлықтың нақты көрінісі. Қазақы түсініктегі тәлім-тәрбиенің жөн-жосығы, отбасы бірлігі мен бақытының баяндылығы турасындағы жазушының кең толғанысты, кемел ойлары оқырман жүрегіне жата қалады. Ендігі әңгімені жазушының бірнеше повесі жайында жалғастырайын. Таптаурын тақырыптан қашып, жаңа­ша жазып, жаңаша ой, жаңаша адами қатынасты қалыптастыруды қалаған қа­лам­гердің талпынысы мен тапқан әдеби тәсілін қалайша қоштамассың? Мектеп­тегі оқуын бітіре сала, ауылда қалып, жұрт қатарлы қара жұмысқа жегілген, бас­қар­маның баласы Мәжиттің елді елең еткіз­ген тосын қылығы арқылы өрбіген бір сәттік оқиғаға құрылған повестің көлемі шағын болса да, айтары атан түйеге жүк болғандай. Өзі біреудің жалғыз баласы. Әкесі бас­­тық. Тұрмысы түзу. Сөйте тұра жо­ға­ры оқу орнына түс деп ата-анасы қан­ша үгіттесе де беттетпей қойған. Ол мек­тепті орташа бағамен бітіргені, яғни өзі­нің шамасын білетіндіктен осындай ше­шім қабылдаған. Енді табан астында Алматыға аттанып кетуі ауылдастарын қайран қалдырған. Сөйтсе, оның себеп-сыры бар екен. Өзінің сыныптасы, кілең төрт пен беске бітірген Зәурені асырап алған ағайыны Әділбек өз еркінен тыс ауылдағы құрылыс бригадирі Шәріпке ұзатпақшы екенін естиді. Сұрастырса, жалтақтап жетім өскен қыз қарсы шыға алмапты. Ол жігітті жұрт онша жақтырмайтын. Қоғам мүлкін өз пайда көзіне айналдырып, баю жолына түскен жан. Мәжит қызды құтқарудың амалын тауып, Алматыға аттанады. Содан өзінің жолы болмаса да, Зәуренің емтиханды сәтті тапсырып жатқанына қуанып, енді оның орынсыз опық жеп, сүймейтін кісіге қосылмасына көзі жеткен Мәжит ауылына оралады. Міне, «Балалықтан бір адым» повесіндегі оқиғаның бас-аяғы осы ғана. Ал оқырман алар тағылымның аясы ауқымды. Шындықты бетке айтып, тіке сөйлеп өз дегенінен бас тартпайтын мінезді жасөспірімді қатарластары жеңілтек, алаңғасар санайтын. Шын мәнісінде, Мәжиттің іс-әрекетін, ізгілікті жақтайтын, өзі сыйлаған адамына жан­ашыр болуға, қамқорлық көрсетуге әзір екендігін алға тарта отырып, жазушы жас ұрпақтың бойындағы ізгі, кісілік қасиеттің қалыптасуын сүйсіне суреттеп отыр. Адалдықты, әділдікті жаны қалайтын бала жігіт өнегесінің өркен жаю­ын әспеттеп, оқырманның ойы мен сезі­мін нұрландырып, имандылыққа ұйытып, ерекше әсерге бөлеген кейіпкерге бек риза боласың. Ел есінде, оқырман ойында қалатын повестердің қатарына «Жайлаудағы жиыр­­ма күн», «Арыз», «Беу, қыз дәурен­ді» жат­қызамыз. Алғашқы екеуі туған жер, ар­дақты атамекен тарихына әріден үңіліп, қадір-қасиетіне бас иіп жүруді уағыз­­дайтын, азаматтық парызымызды еске салатын, ойы салмақты, өнегесі өмір­лік хикаяттар болса, «Беу, қыз дәурен­де» жаны нәзік, сезімі мөлдір Гүлбар­шын қыздың армандаған адамына – ға­шығына деген сүйіспеншілігінің сәтсіз аяқталуының тарау-тарау сырын шертетін шежіре. Бұлардан басқа «Темір қақпан», «Бай­серкенің қызы» атты повестері өзіндік өрнегі, тұшымды тәлімі мол, жеңіл оқылса да, жүгі ауыр шығармалар екенін атүсті болса да атай кеткен артық болмас. Мұның сыртында Бексұлтанның әң­гімелерінде адамгершілік, адалдық, өте-мөте сүйіспеншілік сырлары соншама әсерлі суреттелетінін көпшілік оқырман білуге тиіс. Олардың оқиғалары да, мақсаты да, пішім-құрылымы да, шешімі де автордың көздеген идеясымен үйлесе, байланыса, табиғи жарасымды жазылуымен де тартымды әрі қызғылықты. Жазушының көркем шығар­ма­ла­ры­ның тек қана өзіне тән бір ерекшелігі, ай­рық­ша айғақтап тұратын сирек сипаты бар. Соған толығырақ тоқтала кеткеніміз жөн. Адамды түсіну – әйел жанын түсіну­ден бастау алатынын ойлы оқырманның жүре­гіне жеткізе жазып жүрген Бек­сұл­тан осы өзі ашқан ақиқатты әр шы­ғар­­ма­сында әрқилы жолын тауып өрнек­теуде. Сүйіспеншілік, ғашықтық – адам бойындағы ғаламат сезім құдіреті, оны сөзбен емес, жүрекпен түйсініп-түсі­ну қажет. Ал жазушының әйел кейіп­кер­лерін ешқашан сезімталдығы үшін сөкпеу, жазғырмау, кінәламау себебі – әйел жанын, сезімін қадірлеуі. Әйел мен еркектің арасындағы алапат сезімді, сүйіспеншілік сырын эротикалық сипатта суреттеудің шынайы шебері де Бексұлтан екені жалпақ елге жария. Ал ғашықтық дертінің жаныңды күйіп-жандырған тәтті сәттерін сүйсіне сурет­теген жазушыны қалайша әйел жаны­ның жыршысы демессің?! Әйелдің жан сұлу­лығын барынша жарқырата жазып, сан құпия сырын ашып, қылығын қызықтап, нәзіктігі мен назын түсініп, сүйсініп, риза көңілмен рахаттана суреттеу арқылы ма­хаб­бат мүсіншісі, сезім сәулеткері атан­ған жазушының өнердегі өнегесі өмірлік. Иә, «Күнәлі махаббат», «Күтумен кеш­­кен ғұмыр», «Ерлі-зайыптылар», «Беу, қыз дәурен» повестері мен т.б. он­да­­ған әңгімелері − әйелдің бар жан дү­ние­­сін сан қырынан алып, сыр ақтарған, жазу­шының бағын ашқан тамаша туындылар. Жазушының шығармаларын оқып, талантын бағалап, ой-пікірлерін баспа­сөз беттерінде жариялаған белгілі жазушы­лар, сыншылар қатарында ака­демик М.Қа­ратаев, Х.Есенжанов, С.Ома­ров, О.Бөкей, А.Сейдімбеков, Ш.Мұр­таза, т.б. саң­лақ қаламгерлер бар. Енде­ше, Бексұл­танның шығармашылық еңбе­гі ел ал­дында ерекше бағаланып, соған сай сый-құр­метке бөленіп жүргені заңды деп білеміз. 6-бетке2. Қаламгердің қайраткерлік мінезі Бексұлтан талай-талай тамаша әңгі­ме, повесть, романдар жазған үлкен жазу­шы ғана емес, қазіргі қарбалас, қысыл­таяң, алмағайып, аласапыран уақыт­тың дүрмегіне ілесіп, бекер босқа жалтақ­тамай, ұлтының ұпайын түгендесіп, жоғалт­қанын тауып, ұмытқанын есіне түсіріп, қазағына қалтқысыз қызмет көрсе­тіп жүрген белсенді де беделді қоғам қай­раткері. Оған жазушының тіл, тарих, өнер мен әдебиет саласындағы әлеумет­тік мәселелерді қозғап, тереңнен толғап бас­пасөзде жарияланған он сан мақалалары толық дәлел. Парасаты биік, оқыған-то­қығаны толайым жазушының көкейкесті мәселелер көтеріп, айтқан ой-пікірлерін тарихи дәйектермен дәлелдеп жазуы нәтижесінде жүзеге асқан, орны толған игілікті іс-шаралар бірсыпыра. Адал сөзін халқына тыңдата алған азаматтың айтқаны-жазғаны, елімен бөліскен арман-аңсары, ой-пікірлері аяқсыз қалған жоқ. Жалпақ жұрт құлақ асып, қолдау көрсетіп жатуы, әрине, сөзінің далаға кетпегені, көпшіліктің көкейіне жеткені. Сөйтіп жазушының ақ жүрегінен шыққан адал сөзі ұлтын да, ұлығын да ойлантты. Бексұлтанның қай тақырыпқа арнап жазбасын, бәрібір ұлттық мүддеге айрықша қамқоршы болу, бабалар аман­атына адалдық көрсету әрбір қазақ азаматының парызы екендігін еске салып, ұлт құндылықтарын қастерлеу арқылы рухани қазынамызға олжа салу мақсатын көздеуі көпшілікке үлгі-өнеге боларына сенеміз. Қазақтың жоғалтқаны мен жоғын іздеу жөніндегі ізгілікті істі басқалардан бұрын жазушылар өз міндеттеріне алмаса азаматтықтарына сын деген ойы да айна қатесіз ақиқат. Ендеше, сол бір азаттық алған ал­ма­ғайып кезеңдегі ең қажетті деген мә­се­лелерге тоқталып, тарихи тақырыпқа ар­налған жазбаларды еске түсірейік. Әуелі сонау 1977 жылы «Жайлаудағы жиырма күн» повесінде жорамалдап, кейін – 1984 жылы «Өзендер өрнектеген өлке» кітабында Орбұлақ шайқасы және сол ұрыс өткен жер туралы дәлелдеп жазған еді. Оған ешкім құлақ аспаған. Сөйтіп жүргенде «Егемен Қазақстан» газетінде 1992 жылдың 22 ақпаны күні жазушы-жор­налшы Балғабек Қыдырбекұлының «Қазақтың Қарасай батыры» деген мақа­ласы шығып, онда автор Қазыбек бек Тауа­сарұлының қолжазба кітабынан үзінді келтіріп, соғыстың Қосқолаң тауының арасында болғанын айтыпты. Айтқан сөзінің ақиқатқа айналғанына жүрегі жарыла қуанған Бексұлтан сол қолжазбаны сатып алып, 1993 жылы «Жалын» баспасынан «Түп-тұқианнан өзіме шейінді» жарыққа шығарды. Осылайша Батыр қон­тайшы бастаған 50 мың жоңғар жаса­ғына 600 қолмен қарсы тұрған Жәңгір сұлтанның ерлігі, оған Жалаңтөс батыр­дың 20 мың әскермен көмекке келген­дігі тарихи деректермен дәлелденіп, Үкі­мет қаулы қабылдап, 1993 жылғы 3 шілдеде Белжайлау баурайында Орбұлақ шайқасының 350 жылдық тойы өтті. Сөйтіп, кезінде түрлі пікірталастар тудырып, ақыры ресми расталып, Орбұлақ шайқасының (айтпақшы, Ордың бұлағы деген екі сөзді біріктіріп Орбұлақ деп атаудың оңтайлы екенін Бексұлтанға айтқан біз едік) қай жерде, қалай өткенін, оған қатысқан батырлардың есімдерін айғақтап, табан астында жатқан тарихты тірілтіп, ел мен жердің бағын ашуға аянбай атсалысқан Бексұлтанның азаматтық ерлігін, қаламгерлік қайраткерлігін атап айтсақ артық болмас. Осы жерде атақты тарихшылар Миллер, Фишер, Левшин, Ресей әскери елшісі Г. Ильин, т.б. келтірген дәйекті дәлелдемелер мен Қазыбек бек Тауасарұлының кітабындағы деректердің бір жерден шығуы да бұл жайдың ақиқаттығына айғақ еді. Ендеше, қаншама айтыс-тартысқа желеу болса да, бұл кітаптың қазақтың түпкі тарихынан сыр шертетін шежіре – құнды шығарма екендігіне сенесіз. Бұл да Бексұлтанның қазақ тарихына қосқан үлесі. Меніңше, Бексұлтанның қаламгерлік қайраткерлігінің тағы бір жарқын мысалы «Өзендер өрнектеген өлке» кітабы. Бұл деректі шығарма жете зерттеу мен зерделеудің жемісті нәтижесі болатын. Кітаптың бірінші бөлімінде Жетісу өңірі­нің өткені, атақты адамдары: ел баста­ған хандары мен билері, жерін жау­дан қорғаған батырлары, ақын, әнші, саз­гер­лері әңгімеге арқау болған. Екінші бөлімі бүгінгі өмір, өлкенің атақ-даңқын шығарып, ел қазынасын байытуға үлес қосып жүрген еңбек ерлері мен еңбек ше­жі­ресіне арналған. Өткенді мансұқтап, хан, би, батырларды мадақтаған деген сыңаржақ пікір, солақай саясаттың қыры­на ілінген жазушы қызметінен босатылған. Туған жердің арғы-бергі тарихынан әдемі сыр шерткен шыншыл шығармаға бекер жала жабылып, авторына жасалған қиянаттың көкесі осы емес пе?! Жалпы, жазушының тарихи тақы­рыпты тереңнен қозғап, елді елең еткізген, ұмытқанды еске түсірген мақалалары толып жатыр. Оларды жеке-жеке талдауға жер тар, яғни мақала көлемі көтермейді. Әйтсе де, тізбелей атай кету жөн болар. Мысалы, «Құмтекейдің құпиясы», «Көшпенді шаруалар қайдан шықты?», «Алтын адам сақ па, үйсін бе?», «Отар ма едік, қатар ма едік», «Ұйғырдың соңғы сұлтаны», «Абылай туралы», «Қазақтың тұңғыш ханы кім?», «Біз қайдан шыққан елміз?» атаулы жазбалардағы тәуелсіздік алып, ел іргесі енді беки бастаған сын сағатта етек-жеңімізді жиып, елдігімізді сақтауға сабақ боларлық бағалы ой-тұжырымдарға толы сұңғыла сөздерге зәру емеспіз деп айта аламыз ба? «Тарихқа әркімнің де бар таласы» демекші, бұл орайда кәсіпқой тарихшылар көбінесе қолдау көрсетуге бейіл болмаса да, ел тарихын түгендеуге, әсіресе, Бексұлтан айрықша белсенділік те, білімділік те танытып жүргені кәміл шындық. Оның сонау ел тәуелсіздік алмай тұрып, 1986 жылы жариялаған «Тарихи төбе» деген мақаласының маңы­зы зор еді. Әңгіме «Қарқара көтері­лісіне – хал­қы­мыздың елдігі мен ер­лігін ұрпақтарына ұмыттырмас ескерт­кіш ретінде Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов сынды ел басшылары қол­дап, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуаныш­баев, Елубай Өмірзақов, Иса Байзақов сынды өнер саңлақтары қаты­сып, қолдан тас үйіп жасаған «Ереуіл­төбе» жөнінде болатын. Сол 1916 жылы болған ұлт-азат­тық көтерілістің құрбан­дарын еске салатын көне ескерткіш – тарихи төбе­нің күтімсіз, ескерусіз қалғанына қынжы­ла әрі осы оқиғаның 70 жылдығы қарсаң­ын­да аға ұрпақ аманатын орындап, ел тәу ететін «Ереуілтөбені» қалпына кел­тіру­ді тездетіп қолға алуды еске салған. Айтыл­ған сөз далада қалған жоқ. Сол жыл­дың қазан айында көздеген мақсатқа қол жетті. Қорыта айтсақ, төл тарихымызды жетік білетін білімділігі арқасында Бек­­сұлтанның тарихи оқиғаларды, сол ке­зең­дегі ел жақсыларын тірілту арқылы елді­гіміздің еңсе тіктеуіне ерен еңбегі сіңген суреткер – қайраткер қаламгер екендігіне риясыз сенеміз. Ал бүгінгі таңда өмірдің үлкен бір бе­лесіне көтерілген жазушының шығар­­машылығы әлі де өрлеу үстінде. Оған осы таяуда жарыққа шыққан, тари­хи оқиғаның көркем әдебиетке көш­кен көрнекті де көшелі туындысы «Әй, дүние-ай!» романы. Әйгілі Қарқа­ра көтерілісі мен кешегі Желтоқсан көтері­лісіне қатысқан екі ұрпақтың тағдырын сабақтастыра жазылған жаңа роман ұлт руханиятының олжасы екендігі күмәнсіз. Қазақ зиялыларының талай жылдардан бергі қабырғасын қайыстырып, өз биігіне көтере алмай, өзегін өртеп жүрген өзекті мәселесі ана тіліміздің жағдайы екені белгілі. Мемлекеттік тілдің төрдегі орнына жете алмай жүргеніне, әсіресе, тәуелсіздік тұсындағы заңда көрсетілсе де, күнделікті тіршілікте төменшіктеп қалғанына қын­жы­лып, меселдері қайтса да, қайталап ай­тып, жамырай жазып, талмай күресіп, көшбасында жүргендер – қаламгерлер. Солардың белсенді тобынан Бексұлтанды көреміз. Ол қазақ тілінің қадір-қасиетін ардақтап, оның мемлекеттік дәрежесінде қолданылуын қолдап, оған тілге жетік − шешен болмаса да шенеуніктердің хал-қадерінше құрмет көрсетуін айтып, ай­тысқа да түсіп жүр. Сондай-ақ, ана тілінің қолданылуын елдік деңгейге көте­ру жолында күресе жүріп, ол сол тілдің жазылу заңдылықтарындағы орынсыз ол­қылықтарды көрсетіп, әлденеше мақала жариялады. Жазушы, кешегі келмеске кеткен кеңес заманындағы қалыптасқан үрдістің үлгісінен – орыс грамматикасының қағидаттарынан арыла алмай, үндестік заңын сақтамай жүргенімізді нақты дәлелдермен дәйектеп бірнеше мақалалар жазды. Әсіресе, тілші-ғалымдарға қарата жазылған «Тіл заңдылықтарын сақтайық» деген мақаласы көпшілікке қозғау салып, ондаған оқырмандар баспасөз беттерінде жаппай жақтап, үн қосып, өз пікірлерін білдіргені осы сөзімізге нақты дәлел. Бүгінде Бексұлтанның ақын, әнші, сазгер сынды қазақ өнерінің өрен жүй­ріктерінің өмірі, шығармашылық ерек­шеліктері турасында дарындарын даралап, қыр-сырларын саралап жазған мақалалары да ел есінде жүрсе керек. Бұл ретте әншілер Әсет, Дәнеш, Манарбек, Күләш, Жамал Омарова, Жәнібек, т.б. жезтаңдай әншілердің өміріне қоса өнердегі жолдарына кеңінен тоқталып, талдау жасайды. Әсіресе, Әсеттің шығармашылығын көп зерттеп, ондаған мақалалар арнап, әнші туралы көркем шығарма жазуға жетерлік мәліметтер жинағанын да білеміз. Бексұлтан 1988 жылы «Жазушы» бас­пасынан шыққан Әсеттің кітабына алғысөз жазды. «Әнші, сазгер, ақын» деген сол мақаласының толық нұсқасы Бексұлтан шығармаларының 7-томында жарияланған. Бұл өнертанушы жазатын нағыз монографиялық ерен еңбек. Өзінен бұрын Қазақ Елінің атын шығарып, даңқын асырған әншінің тағ­дырына байланысты «Күләштің құдіреті» деген мақаласында өнері өмірлік болса да, ғұмырының қысқа болғаны, соның белгісіз боп келген себебін айтып жазған Бексұлтан болатын. Сөйтіп, жазушының зерттеушілік зердесі арқылы шындықтың беті ашылды. Сол жарияланғаннан кейін жазушыны қаралаған да, жақтаған да пікірлер болды. Қалай болғанда да, қыз­ғаныштың, көреалмаушылықтың құрба­ны болған әншінің өліміне қатысты шын­дық дәлелденді. Адалдыққа ара түсіп, атақ­ты әншіні өсектен арашалап алған Бексұл­танның қаламгерлік қайсарлығына қайран қалмасқа не шара?! Ал, енді Бексұлтанның Мұқағали Мақатаевтың жоқтаушы-іздеушісі болып, сол жолда атқарған шаруасы, тіпті, керемет. Атап айтар болсақ, Мұқағали ақынның жарияланбаған өлең-поэмаларының басын қосып, екі-үш кітабын шығарды. Оның сыртында «Жалын» баспасынан ақын шығармаларының төрт томдығын үш қайтара шығаруға беделін салғаны да белгілі. Шарапатты шаруаға бастамашы болып, талай игілікті істі тікелей өзі атқарысқан қаламгердің қажыр-қайраты оның елшілдік қасиетінің куәсі, сөзсіз сүйсінер іс. Осылайша, аяулы атамекенінің өткені мен өшкенін тірілтіп, тәуелсіздікке тәубесін айтып, елінің ертеңіне, халқының көксеген келешегіне адаспай аман жетуіне адал сөзін арнаған қайраткер қаламгер Бексұлтан перзенттік парызын, азаматтық борышын өтеудің өнегесін көрсетіп жүр. Бүгінде шығармашылығы шыңдалып, толысқан, кітаптары көпшілік оқыр­манның көңілінен шығып, есімі ел ау­зында жүрсе, жақсы жар сүйіп, ұлын үйлендіріп, қыз­дарын құтты жер­леріне қондырып, олар­дан тараған немере­лерінен ұрпағы жалға­сып, ойға алған істерінің айы оңынан туып, бақуатты ғұмыр кешіп жатса, жазу­шының мұра­тына жеткені емей немене?! Қазақ әде­биетінің көрнекті тұлғасы Бек­сұлтан Нұр­жекеұлының өмірі де, өнері де жақсы жалғасып жатқанына қосыла қуана­тын ағайын-туғандары, дос-жаран­дары қатарында, сыйласып-сырласып, тіршіліктің ащы-тұщы дәмін бөлісіп жүрген біздің де көңіл қалауымыз осы. Дос тілегінің көптің тілегінің жалғасы болуы қандай жарасымды! Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, жазушы. АЛМАТЫ.