20 Ақпан, 2016

Жайсаң жан жабықпайды

509 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG-20160218-WA0000«Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де ке­тесің. Уайым түбі тұңғиық, түсесің де ба­тасың» деген сөз Қарасай ауданы, Береке ауылының тұрғыны ІІ топтағы мүгедек Тұрған Тастанбаев сынды азаматтарға қарап айтылса керек. Тумысынан еңбекқор жан жастық шағында жүргізуші болып еңбек етіп жүріп түрлі себептермен жабысқан ауруға мойымай, керісінше, жігерін жанып, қос перзентін қалайда тарықтырмауға барын сала білді. Мүжіліп үйде жатпай, ізденді. Міне, сол бір қысылтаяң кезде мемлекеттен қолдау көрді. Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 6 па­йыздық жеңілдікпен 3 млн. теңге көлемінде несие алу мүмкіндігіне ие болды. Сөйтіп, 2015 жылдың қараша айында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша қолына тиген қаражатқа еш кідіріссіз 10 сиыр, 3 бұзау сатып алды. Қыс қамын жаз ойлай білгендіктен жинап алған мал азығы дәл осы кезде қажетіне жарауда. Бағымы жақсы болғандықтан сауын сиырлары ниетіне орай маңызды сүттен бұлақ ағызды. Өнімді ауылды аралап сүт жинайтын сүт зауытының адамдарына тиімді бағамен сатып та отырған жайы бар. «Менің әкемдей болған туған ағам жарымжан болып қалдым деп жабыққан жоқ. Қайта жігерленіп, бізді де қайрап, жайсаңдығынан жаңылмады. Әрине, бұл ретте ағама мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгені ғаламат болды. Жұмыстың көзін тауып, еңбектене біл­гендіктен алған несиесін де уақтылы төлеп, бізді де асырап отыр», дейді туған қарындасы Маржан Жанбосынова. Негізі ауылда болсын, қалада болсын еңбек етемін деген адамға сан түрлі қолдау көр­сетіліп, жағдай жасалып жатқаны мәлім. Сол елдің ішінде жасы алпысты алқымдаса да мұқалмай мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдалана білген Тұрған Тастанбаевтай азаматтар үлгі тұтуға лайық. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы, Қарасай ауданы.