24 Ақпан, 2016

Асқар таудай жыр алыбы

1464 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ЖЫРАУ ЖАМБЫЛ-8ХХ ғасыр Гомері атанған Жамбыл Жабаев шы­ғармашылығы қазіргі Тәуелсіздік таңындағы жаңа таным аясында танылуы тарихи заңдылық. Бірнеше заманның куәгері, тарихи тұлға, қайталанбас дарын иесі Жамбыл шығармашылығы, «Мәңгілік Ел» идеясы рухында жастарды тәрбиелеп, тәуелсіздік тәмсілдерін ұғындыруда таптырмас рухани мұра болмақ. Өйткені, бүгінгі заман өткеннің жалғасы, ол өзінің терең тамырын ескі тарих қатпарларынан алатыны белгілі. Ақын өзі дүниеге келген заманы туралы: – Қақаған қар аралас соғып боран, Үрейлі ел, көк найзалы жау торыған. Байғара, Хан Жамбылда мен туыппын, Жамбыл деп аталыпты атым содан, – деп жырлайды. Жастайынан ақындық өнерге құмартқан Жамбыл он төрт жасында жырдың пірі Сүйінбай ақыннан бата алып, сөз өнерінің даңғыл жолына түскен еді. Сүйінбай – бүкіл «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» (М.Әуезов). Ол – шашасына шаң жұқпаған айтыс ақыны, от тілді, орақ ауызды шешен, қазақ шежіресінің сұңғыла білгірі, өлеңнің қызыл желі. Жамбыл өзінің ұлы ұстазынан осы қасиеттердің бәрін алды. «Сүйінбай деп сөйлесем, Сөз келеді бұрқырап, Қара дауыл құйындай» деп ақынның желдіртетіні осыдан. Ұстазының шеберлігін өз бойына дарыта білген ақын «іздегенге сұрағанның» нақ өзі еді. Өйткені, ол бүгінгідей арнайы филологиялық білім алмаса да, сөз құдіретін тамыршыдай тап басқан сирек дарын иесі болатын. Ұстаз ұлағаты мен үздік дарын арқасында сан қырлы қайталанбас жыр жауһарларын тудырды. Шынтуайтына келгенде, Жамбыл мектебі – халық мектебі. Халық дана­лы­ғы­нан нәр алған Жамбыл шығар­машы­лығының ерекше бір халықтық сипаты жайлы көрнекті жазушы М.Әуезов: «Жамбыл ақындығының кейбір жекелеген қырларын танып білуге көмектесетін халық поэзиясының тағы бір тамаша ерекшелігі – халық творчествосының айналадағы өмірдің әрбір елеулі құбылысына дереу үн қатып отыру нәтижесінде туатындығы» деп баға берген. Шын мәнісінде, Жамбыл өмірі және шығармашылығы халық өмірімен біте қайнасқан құбылыс деуге болады. Мысалы, жыраудың асқан импровизатор Құлмамбетпен айтысында оны тығырыққа тіреп, жеңу себебі де осы халықтық құнарға сүйенуінде жатыр. Аталмыш айтыстағы Жамбылдың мұндай ұстанымдары мына жолдардан көрінген еді: Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт. Қарымбайдай сараңдар толып жатыр, Оны мақтап шалықпай, жөніңе қайт. Шындығында, алып жырау өз өмірін халық өмірінен бөліп қараған жоқ. Ол шын мәнісінде халық өмірінің жыршысы бола білді. Ақынның екі ғасыр жүзінде соншама шырқау биікке көтерілуінің астарында осы сыр жатыр. Яғни, халықтың, елдің көкейіндегісін, мұң-зарын, тілек-арманын жыр тілімен жеткізе білуі. Бұл Жамбылдың айнымас кредосы іспеттес. Осы қасиет жыраудың қазақ елі қатты толқыған атақты 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұсында айқын білініп еді. Осы көтеріліске байланысты ақын көптеген өлең-жырлар шығарған. Соның ішінде қағазға түскен «Зілді бұйрық», «Патша әмірі тарылды» шығармаларында нақ осы ұстаныммен атақты оқиғаға өз көзқарасын терең әрі батыл түрде білдіреді. Тарихтан мәлім, 1914 жылғы бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, ұзаққа созылған соғыс зардабынан патшалы Ресей империясы құрамындағы халықтар қатты күйзеліске түсті.1916 жылы қазақ халқынан Ресей императоры он тоғыз бен отыз бір жас аралығындағы тепсе темір үзетін атпал азаматтарды соғыстың қара жұмысына алу туралы жарлық шығарды. Бұл жастағы жігіттер аграрлы қазақ қауымында негізгі асыраушы күш болғандықтан еркек кіндік атаулыны жаппай майданға әкету қазақ ұлтының әлеуметтік-демографиялық күйреуіне әкеліп соғар еді. Осыны түсінген халық Қазақстанның түкпір-түкпірінде патша өкіметіне қарсы көтеріліске шықты. Көтерілістің негізгі үлкен-үлкен ошақтары Торғайдағы Амангелді Иманов, Жетісудағы Бекболат Әшекеев бастаған ереуілшілер болды. Осы Жетісудағы көтеріліс кезеңінде жетпіс жастағы Жамбыл Жабаев: – Патша әмірі тарылды. Оған қылар бар ма лаж? Ішке толған зарымды Кімге айтармын қылып наз! Көген көзді қосақтап, Қалай қиып береміз? – деп халық көтерілісінің түпкі мәнін ашып көрсетіп, көтерілістің басты ұраншысына айналды. Көтерілісшілердің сапында болған Жамбыл өлеңдерінен тарихи шындықты көруге болады. Айбалта, шоқпар, т.б. сынды қолына түскен мануфактуралық соғыс қару-жарағымен қаруланған қазақ жігіттері техникалық соғыстың қару түрімен қаруланған патша әскерімен күші тең емес ауыр соғыстарды басынан өткізеді. Қару-жарағы заманға сай емес көтерілісшілер бақайшағына дейін қаруланған отаршылдардың әскерімен тарихта теңдесі жоқ ерлік ұрыстарын жүргізді. Бұл бүгінгі күн тұрғысынан қайта саралауды күтіп жатқан тың тақырып. Осы соғыстың көрінісі: Ақыры ұлыққа түк қыла алмастан, Не боларын бұл істің біле алмастан, Күш жинамай, қарусыз ұрыс қылып, Бозбаланы бітірді кек алмастан. Шиенде де әскерлермен ұрыс болды. Сол ұрыста топ басы Саттар өлді. «Саттар өлді, ел қашты» деген хабар Ел-елдерге жайылды оң мен солды, – деп ащы шындық иірімімен өрнектелген. Ұлт-азаттық көтерілісінің жүз жылдығы абыз ақынымыздың жүз жетпіс жылдығымен осылай сәйкес келуі бұл да бір буырқанған ел тарихына жүйелі күймен қарауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Жамбыл Жабаев шығармашылығының 1916-1920 жылдар аралығындағы өлең-жырларын қайта оқып зерделеу арқылы Жетісуда болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қалтарысы көп сырларына қанығып, тарихи шындықтың бетін ашамыз. Сондықтан да ақынның бұл кезеңдегі шығармашылығының орны ерекше. Ақын патша жандармы бұйрығымен тұтқындалып, жетпіске қараған шағында түрмеге отырғызылады. Халқының ақынына деген сүйіспеншілігінің арқасында ақын абақтыдан босап, бостандыққа шығады. Кеңестік дәуір кезеңі ақын шығар­машылығының жаңа бір дәуірде өзгеше түрленуі болып көрінеді. 1916 жылғы дүрбелеңдер 1917 жылғы атақты революцияға ұласып, бұрынғы патшалы Ресей елі көз көріп, құлақ естімеген өзгеріске түседі. Бұл тарихи оқиғалардың соңы әлем картасында КСРО атты жаңа алып империяның пайда болуымен аяқталды. Ұлттық құндылықтармен қаруланған Жамбыл рухы бұл кезеңде де жыр жорғасынан жаңылған жоқ. Қайта заманмен бірге түлеп, ел-жер қажетін жырлаушыға айнала білді. Кеңес елі қазіргі заман тұрғысынан қаншама алуан түрлі баға бергенімізбен, көптеген ұлттар қатарлы қазақ халқының да тағдырына жазылған ортақ Отан болды. Тарихта уәде етілген ұлттар теңдігі, бостандық деген сөздер саяси өмір барысында біртіндеп дерексіз ұғымдарға айналғаны белгілі. Кеңес дәуірінің коллективтендіру, байларды тәркілеу, саяси репрессия сияқты ең елеулі оқиғалары Жамбыл өмір сүрген тұста болған еді. Ел қатарлы жырау да бұның бәрін жіті бақылап, өз жүрегінен өткізіп жатты. Кеңес Өкіметі әуелгі кезде Жамбылға онша көңіл бөлмеген еді. Жаңа Өкіметтің жырауды кейінірек, отызыншы жылдарда мойындағаны белгілі. Бірақ бұған қарап Жамбылды кеңес қоғамын жырлауы отызыншы жылдардан басталады десек, бұл қателік болады. Жамбыл жаңа қоғамды үкімет оң қабақ танытпай тұрып-ақ, жиырмасыншы жылдардың өзінде жырға қосқан болатын. Оған ел тағдырын өз тағдырынан бөліп қарамаған суреткердің бүкіл халықпен бірге жаңа тарихи өзгерістерден тек жақсылықтарды күткені себеп болған еді. Бұл ойымызға ақынның 1923 жылы шығарған еңбекшілерге арнаған өлеңі дәлел бола алады: Төбеге әкеп ту тігіп, Той, мереке етіңдер! Алалы болмай ауызың, Ынтымақ қылып, бекіңдер! Теңдікке жетіп қолдары, Теңелсін жетім-жесірлер. Бір ауыздан сөз шығып, Кесірді ескі кесіңдер! Жамбыл ақын батасы, Батаның жоқ-ты қатасы, Мұратыңа жетіңдер! Жамбылдың кеңес елі тұсындағы «Туған елім» атты атақты толғауы 1936 жылы жарық көрді. Жырдың негізгі лейтмотиві – жаңа заманнан мүмкіндігінше өз үлесін алған, жасарып жаңарған қазақ елінің бейнесі. Ақын былай жырлайды: Содан бастап қазаққа, Қимылдарлық әл кірді, Кеудесіне жан кірді. Жан кіріп қана қоймайды – Ел боларлық сән кірді. Сәнді қазақ елінде – Қартайғанда ән салған, Өлеңін қойдай тоғытқан, Тыңдаушысын ұйытқан – Көретін болдың Жамбылды. Бұл жолдардан 20-30-жыл­дардағы қазақ халқының басынан өткен тауқыметіне қарамай халықтың еңсесін көтеретін асқақ рух екпінін көреміз. Яғни «Туған елім» жыры арзан саяси жарнаманың жыры емес, сол кезеңдердегі халық өмірінің ақиқатын жырлаған зор рухани күшке ие толғаныс. Елім дегенде еміренген қарт жүректің алып қуатын ел-жұрты Ұлы Отан соғысы кезінде көрді. Жырау өзінің «Ленинградтық өренім» атты жырымен бір ғана қазақтың емес, бүкіл адамзаттың жыршысы екендігін дәлелдеді. Жырау үшін ең бастысы адамзаттың бақыты, ол бір рудың, тайпаның, яки ұлттың ғана мұң-зарын жырлаушы емес. Алексей Сурков соғыс кезіндегі Жамбылдың рухани ерлігін:«Қазақстан жерін соғыс даласынан бөліп тұрған орасан қашықтық қарт Жамбылдың жас та өршіл үнінің Ленинград пен Москваны, Кавказ бен Сталинградты қорғаушыларға еркін жетуіне бөгет болған жоқ», – деп баға берген болатын Иә, шайыр сонау Қоқан дәуірінде қазақтың Сұраншыдай батырларын, патшалы Ресей тұсында әділдік үшін жанын құрбан еткен Бекболаттай ерлерін, кеңестік дәуірде әлемге қатер төндірген фашизм сынды қара өртке қарсы тұрған Ленинградтық өрендерді жырға қосты. Бұл – Жамбылдың ауқымды поэтикалық кеңістігін көрсететін фактор. Осы орайда Елбасымыз Н.Назарбаев: «Жамбыл – қазақтың ақындық өнерінің қазанында қайнап, ежелгі ауыз әдебиетінің кәусарымен сусындап, ақындық, жыраулық дәстүрдің XX ғасырдағы туын биікке көтерген дана қарт, ұлы жырау», – деп әділ бағасын берген болатын. Абыз ақынның шығармашылығынан басқа оның жеке өмір сүру қағидатының өзі үлгі. Адамдармен қарым-қатынас мәнері, дос-жарандармен сыйласуы, жеке тұлғаларды танудағы ерекшелігі керемет. Қазанқап ақынды «дулаттың сарықасқасы», Сәбит Мұқановты «палуан», Мұхтар Әуезовті «шоң бала» деп еркелетеді екен. Жырау сонау кеңестік атеистік қыспақ орнаған заманның өзінде намазын үзбей оқып, Құдайға жалбарынуды тәрк еткен жоқ. Ұзынағаштағы Сәт мешітіне барып жұма намаздарын оқып тұрған. Жамбыл қандай заман болсын өзінің қазақы қалпын айнытпай сақтай білген. Өйткені, жырау үшін көркем әдебиет пен оны жасаушы автордың болмыстық қалпы ажырамас біртұтас. Жамбыл тұлғасын және шығармашылығын әлем танып мойындады. Орыстың әдебиеттанушы ғалымы Корнелий Зелинский: «...өз заманының биік шыңына көтерілген Жамбыл әдебиет тарихындағы ең бір таңғажайып құбылыс болып бар әлемге кең танылды» деп Жамбыл феноменін дұрыс айшықтайды. Жырау 1926 жылы өзінің «Қазақстан тойына» атты жырында: – Халықтың енді міне жетілгені, Құрыштың білінбейді кетілгені. Аталып Қазақстан ел боп туып, Үй тігіп, ірге қалап бекінгені, – деп толғанысқа түсетіні бар. Қорғасындай құйылған осы жыр жолдарының бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткізіп отырған заманмен ғажап үндестігін көреміз. Сонау өткен ғасыр басында Жәкең Қазақстанның тәуелсіз ел болып түлейтінін, үй болып ірге қалайтынын болжап отыр. Қорыта айтқанда, Жамбыл жырау ретінде ғасырлар тоғысының құпия сырларын дұрыс аңғарып, өз заманының ақиқатын айнадай көрсетіп, зор көркемдікпен жырлай білген. Жұмахан МЫРХАЛЫҚОВ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры. ШЫМКЕНТ.