06 Қаңтар, 2011

Ел қауышса – еңселенеді

547 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Өткен жыл Қазақстан үшін мол ырыздықты һәм игілікті жыл болды. Ішінара емес, барлық салада. Саны ғана емес, сапасы да сарабдал еді. Рухани ілгерілеудің ірі жемістері өз кезегінде экономика мен саясатқа, мәдениет пен өнерге өзгеше шырай бітірді. Айтпағымыз, елдер мен елдердің қауышуынан қанаттанып, қанағатқа кенелген келісті де көркем істердің кемел көгенделуі. Мұның бір сорабы был­тырғы сәуірдің шуағымен жан жылытқан қос мемлекеттің мерейінің үстемелене түсуі дер едік. Елбасы Оңтүстік Кореяға әдейілеп барып, Қазақстан жылының тұсауын кесті. Бейне бір жыл бойына қазақы қалып корейлерге де жұғысты болып, екі ел емен-жарқын еміренісіп, әр қимылына елеңдесіп, еркін де елпіл көңілмен бауырласып кеткені. Жаппай жақындасып, жамиғат жаны жылынып, жүректер түсініс­кен, шоқтықтанған еңсесі шырайлы іспен... ...Сонымен, ашылған Жылдың жабылуы да заңды екен! * * * СЕУЛДЕГІ СӘУЛЕЛІ СЕЗІМ Үргедек сезім бара-бара нық сенімге ұласады. Ұшақ табаны жер жа­лағанша, жүз мың шаршы шақырым­дай аумағы­ның 30 пайыздайын ғана қат­қыл жазық құрайтын бұл мем­ле­кет­тің үш қапталын су толқыны кеміріп жатқанын ой­ла­ғанда, әу баста, құр­лыққа емес, топан суға тоғытылып кеп, шайлығып та шайылып кететін сы­ңай­лы екенсіз. Төбеден шүй­лік­­кен­дегі сезім осылай. Бірақ жерге қо­ныппыз... Батысынан Сары теңіз бастыр­малатып, шығысынан Жапон теңізі шылп-шылп ұрып, ал түстігінен Корей бұғазы мен Шығыс- Қытай теңізі шалқи буынды­рып тас­таған – телегей су патша­лы­ғы­ның шуда­ланған буымен, әлде үстінде жеңіл үйі­рілген тұманымен бе, әйтеуір, саңылау тауып, жерге табан тигеніне шүкірлік етесіз. Үш мың аралдың арадай құжы­наған, құмырысқадай иленген бұғауына буынбай-ақ бөденедей бұқпантайлап қалқып кеп, бұлтарыс­сыз топ ете түс­кенің дәтке қуат. Сезімнен сергек не бар? Сезімнің сел­кеулігінен сақтасын. Халқының са­ны жағынан (50 миллионнан асып жы­ғылады) әлемде 25-ші орын алатын, ау­ма­ғы бойынша 107-ші мемлекет бо­лып есептелетін Корея Респуб­лика­сы­ның тыныс-тіршілігімен жата-жастана та­ны­са бастағанымызда, сезім атойлап, оның болашағына деген сенім ұялап, екі ел арасындағы жарияланған Жыл­мен жүрек жылынғандай. Корей халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріндегі, тұрмысындағы кейбір ұқ­сас­тықтарды былай қойғанда, әкімші­лік бө­лінісіндегі, мысалы: қала (си), уезд (кун), округ (ку), аудан (ып), поселке (мен), шағын аудан, деревня (ри) т.б. атаулар да қисындылығымен қызықтыра түседі. Басқару тәсілі президенттік респуб­лика болып есептелетін Оңтүстік Ко­рея­ның тарихы 1945 жылғы жаздың со­ңындағы кеңес-американ келісімі бо­йын­­ша осы жартықұрлыққа ықпал ету бө­лінісін белгілеген сәттен бастау ала­тыны белгілі. Бірақ бастапқыда білім, эконо­мика және мәдениет сала­сын­да бауырын іле көтеріп кету оңайға соққан жоқ. 60-шы жылдары сол ай­мақ­тағы кедей ел­дердің санатынан санал­ды. Еңсесі түсің­кі болды. Сексенінші жыл­дар­дағы бар­лық саладағы буыр­қан­ған өсім оның жығылған жалын күдірейтіп жіберді. Серпіліс бұл мемлекетті Сингапур, Гонконг, Тайвань қа­тары­на көтеріп, Азия жол­барысы атандыр­ды. Өт­кен ғасыр­дың соңғы он жылында корей­дің таны­мал музыкасы, телеви­зиялық се­риал­­дары мен кинема­то­графы әлемнің өзге, әсіресе Оңтүс­тік-Шығыс Азия елдерінде «корей тол­қыны» делініп дәріп­те­ліп, ғажапты­ғы­мен тамсан­дыра бастады. Ел экономикасындағы басымдық ту­ралы айтатын болсақ, ол әрине, ры­нок­тың 45 пайызын үлестейтін әлем­дегі ірі кеме жасау өндірісі алпауыт­та­ры­­ның бірі. Қы­тайдағы корей тауарының, әсіресе жеңіл көліктің зор сұранысқа ие болуы да көп жайтты аңғартса керек. Ал сол­ғын тұсын – ха­лықаралық қозғалыстағы капи­тал­дың жоғары деңгейдегі тұсау­лануы мен әсіре ауытқушылығынан, сон­дай-ақ 1997 жыл­дан бергі күшейе түсіп отыр­ған жұмыс­шылар толқуынан, мемлекеттік сектор­дың экономикаға барын­ша салмақ салуы­нан іздеген жөн. Дегенмен де эко­номика­лық дамыған мемлекеттер ара­сын­да 13-орын иеленетін елдің бүгінгі қадамы тек сүйсініс туғы­затыны тағы шындық. Қазақстан мен Корея Республи­ка­сы­ның арасындағы дипломатиялық қа­рым-қатынас 1992 жылы орныққаннан бергі уақытта қос елдің іскерлік ынты­мақтас­ты­ғы нығайған үстіне нығайып келеді. Бұл тұрғысында Елбасы Н.Ә.Н­а­зар­­баевтың был­тырғы сәуірдегі ресми сапарында, Қа­зақ­стан жылының ашылуында сөйлеген сөзінде терең мәнімен өрнектелген. Қазір елімізде корей капиталының қатыстыры­луымен 300-ден астам бірлескен кәсіп­орын жұмыс істейді. 140 ұлттың ұлысы атан­­ған жерұйығымызда корейлер де өзін­­дік қолтаңбамен маңдай терін төгу­де. Диаспора өкілдері Қазақстан Парламентіне ұсынылып, Қазақстан халқы Ассам­блея­сында жемісті еңбек етіп жүр. Мұн­дай ілкімділікке Корея Республика­сының президенті Ли Мен Бак та қа­на­ғаттан­ғандық білдіріп, стратегиялық әріп­тестікті одан әрі нығайтудың тиімді жолдарын бірігіп іздестіруге ынталы екендігін мәлім еткені бар. Астана мен Сеулдің қос елдің әлеуе­тін үстемелейтін мүмкіндіктерді елеп-екшеуге қатысты қадамдары да мол үміт­тендіреді. Қазақстан қашаннан қай диаспора­ны да қамкөңіл қалдырмай келеді ғой. Корейге қатысты айтсақ: ана тілін үздік­сіз шыңдап келеді, газеті шығып жатыр, сазды-комедиялық театры бар. Кореяда да қазаққа деген ыстық пейіл байқа­ла­ды. Беделді бір университетте әлемдегі тұң­ғыш қазақ тілі кафедрасы ашылып, онда 150 студент өзге тілге деген құрме­тін іңкәрлікпен дәлелдеп жүр екен. «Сый­ға – сый, сыраға – бал» деген­нің жар­қын сипаты осы шығар, бәлкім. Сиыспасаң, сыйластық үкіленер ме, түге! Мұндағы діннің тірегі – дәстүрлі буддизм мен христиандық. Алғашқы ағым – 23 пайызды құраса, кейінгісі халықтың 30 пайыздайын қамтиды. Сеулді кең орап ағып жатқан Хан өзенінің әр тұсынан бунақтанып отыз екі көпір тартылған екен, соның кейбірін тамашалап жүргенімізде, бір жар­қа­бақта жайдарман жайғасқан мұсыл­ман меші­ті­нің дәп үстінен түсеміз деп ойлаппыз ба! Сезім селт етті! Айналдық туу алыстағы елден, қарамайтын өзге дінге немкетті! Алланың үйі 1976 жылы салыныпты. Сол мешіт тұтқасына жа­нас­қаннан-ақ жүре­гімізді ыстық жалыны­мен шарпи жөнелді жарықтық... ... Кезінде жапон отаршылары Сеулде салған тұрғын үйлер мен нысандарды бү­гінде көзге шыққан сүйелдей етпей, ұлт­тық намысқа басқан корейлер, жерден тып-типыл жойып, сыдырып тастап жатыр екен. Мәрттік! Сезімнің өзін азаттан­дырмақ. ... Сезім шіркінге бұғалық түскен бе! Сәулелі сезімнен сана жаңғырады екен! ҚЫЗЫҚ БАСЫ – «ҚЫЗ ЖІБЕК»! Әрине, корей халқын кино, театр туын­дыларымен таңғалдыра алмайсыз. Бұл рет­те оның маңдайына әлемдік бәсе­келес­тіктің бақ-талайы дарығанын екінің бірі сезеді. Сезетіні – көріп ұйып, көріп там­санып жүр ғой. Жыл аясын­дағы қо­йы­лымдардан тыс­қары, соңғы бес жыл ішінде қазақстан­дық­тарға 12 корей филь­мі ұсынылыпты, ал біздің тарапымыздан олар­ға көрсетілгені – 13 төлтума фильм екен. Кезінде бұл өнер туындыларына екіжақты пікір-лебіздер білдірілгені мәлім. Бәрі де хош көңілдің сынынан сүрінбей, мерейлі өткен сыңайлы. Бірінің олқылы­ғын бірі толтырғандай. Өнерде шекара жоқтығын ескерсек, рухани ортақ игілік­тер­дің исінткені жасырын емес. Бір ғана мысал мынау. Республикалық мемлекеттік корей сазды-комедиялық театры­ның Пусан қаласында өткен фестивальге қатысуы айтарлықтай оқиға болды. Енді, міне, Жыл жабыларда қазақ­стан­дық кино күндерінің аясында үш шығарма жат жұрттықтардың талқысына салынды. Қызық басында – қазақ кино­өнері­нің ал­тын қазығы «Қыз Жібек» кинофильмі тұр­ды. Одан арғы кезек – режиссер Қ.Ах­метовтің «Сіз кімсіз, Ка мыр­за?» фильмі мен режиссер С. Тәуе­кел­дің «Жерұйық» (сценарий авторы – Лаврентий Сон) фильміне берілді. Мүйі­зі қарағайдай үш көр­сеті­лім. Аудитория да осалдың санатынан емес. Кино күн­дері ашылуына байланыс­ты сөйлеген сө­зінде ҚР Мәдениет министрлігі мәде­ниет комитеті төрағасының орын­басары Ә.Әбел­динова бұл кино­фильм­дердің корей жұрт­шы­лығының тал­ға­мынан әбден шығаты­нына сендірген еді. Солай болды да... Студент Джо Кен Ин қазақ тілінде сөй­леуге тәп-тәуір төселіп қалыпты. Ар­найы оқу әдістемесінен өтіп, ысылғаны бек сезіледі. Сызылтып, «Қыз Жібектің» ұнаға­нын айтып шықты. Қазақтың тұр­мыс-салтындағы ерекшеліктерге мән беріпті. Аудармашы Ма Сэ Бом төтесінен тартты. Қыз Жібектің Төлегенге сүйіс­пен­шілігін­дей таза махаббаттың иесі болсам деген асыл арманы ояныпты. Ал профессор Джон Си Ен болса, «Жер­ұйық» картина­сындағы жер аударылып келген ұлттар­дың, ішінде корейлер де бар, қазақ­­тардан өмірлік пана тапқаны­на, сөй­тіп мәңгілік жүрек жылуына бөлен­гендеріне ризалы­ғын білдірді. Ким Ген Ми деген жұмыс­шыны «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильміндегі барлаушы өмірі­нің шытырман оқиғасы толған­дырыпты. Қазақ киносына бір көргеннен-ақ құлай жығылып, шетінен тамсанып шық­­ты деп асыра сілтеуден адамыз, әри­не. Мазмұн жа­ғына терең бойлауға қау­қары жете қоймай­тын кейбір көрермен­дерді, мы­салы, «Қыз Жібектің» панора­ма­лық көрініс­терін­дегі табиғат сұлулы­ғы­ның көз­ге солғын, әрсіз, түссіз, жұтаң көрінуі, лентаны қайта кө­шіру­ден кеткен салақ­тық, әлде қалпына кел­тірудегі шарасыз­дық десек дөп келе ме, әйтеуір, экран пей­зажының сөлсіздігі өзі­міз­ді де қапа­лан­­дырып тастады. Баяғы, ал­ғашқы қо­йы­лымындағы қызғалдақтан өр­те­ніп тұра­тын дала көркі жай әшейін күзгі ажар­сыздыққа душар болғандай, кө­ңіл жүде­теді екен. Мұны түзеудің жолы қан­­дай? Басқа да сұлу табиғаттың сүрең­сіз тар­туын корейліктерге қалай түсіндіріп, ақталамыз? «Қыз Жібек» көрсетілімінің алдында Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков шығып сөйлеп, Төлеген рөлін қалай сомдағанын, сол кездегі 10- сы­нып оқушысы Меруерт Өтеке­шеваның ак­терлік талантының лезде жарқырап ашыл­­ға­нын, жалпы бұл өнер жауһары­ның қиын соқпақты жолынан, күрделі де күрмеулі белестерінен кеуілді әңгіме тарқатты. «Сол Қыз Жібекке деген сезімім Меруертке үйленуіме ұласып тын­ды ғой»,– дегенде залды ду күлкі кернеді. Халқына өнерімен қадірлі Құмекең­мен тілдескенімізде, пікірін ашық білдіріп, кейбір ащы ойларын да бүркеме­ле­меді. Оны телеарналардағы шетел се­риал­­дарының талғамсыз көптігі қын­жыл­тады екен. Кейде қазақтың да ғажап туындылары шеттетіліп қалады. Төл туындыларымыз ұрпақ зердесіне осы телеарналар арқылы жетіп жатуы тиіс. Осы жағына мән берілуін қалайды та­лантты актер. Оның бүгіндері тың ізденістер үстінде жүргені қуантады. Сценарийін Лаврентий Сон жазған «Жер­­ұйық» кинофильмі корей көрер­мен­дерін бей-жай қалдырмағанын байқадық. Жанарлардан үзілген жас моншақтарын көрдік... Өткен ғасырдың отызыншы жыл­дарында Қиыр Шығыстан тотали­тар­лық режим қысымымен жер аударыл­ған ха­лық­тардың (ішінде корейлер де бар) қазақ бауырмалдығының арқасында қатарға қосы­лып, түлеп-түрленуі, қазір бақуатты тұрмыс құрып отырғаны суреттелетін кар­тинаның тұсаукесерінде Л.Сон өзі де сол қуғын-сүр­гін көрген ұр­пақ­тың өкілі екендігін айта келіп, бұл тақырыптың шы­найы­­лығын сақтау үшін тер төккенін жа­сырма­ды. Ол сонымен бірге режиссер-қою­шы ретінде алты көркем фильмнің авторы екен. Биыл жетпістің ас­қарына әне-міне шыққалы отырған ол Үш­төбе­де туыпты. Фильмнің біраз көрініс­тері осы жерде түсірілген. Сөйтіп, қазақ­стан­дық корей нағыз бауырластарының кө­ңілін бордай езіп, егілтіп қойғанын шет жерде жүріп жаңа сезінгендей еді. Демек, туын­дысы жү­рек­терді тегін тулатпағаны ғой. Көрермендерден сезімтал кім бар десейші. Және шет көздің ынтығы өзінше басым бола ма екен, өзі. Сондықтан да аңғарым­паздығы ерен. Бір корей «Қыз Жібектегі» тәкаппар да сұсты Асанәлі Әшімовті жа­дына түйіп алса керек, оның әбден қаусаған, бірақ намыс үшін шарболаттай ширық­қанын «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмінен бай­қап қалып, бей­та­ныс актерге тәнті бол­ғанына куә болдық. Бұл да болса дара та­лант­тың көп ішінде елеусіз қалмайты­нының дәлелі екендігіне сендіреді. Жарқын рөл жүрек түкпірінде қалады екен осылайша. ... Киноның да жаны, тағдыры, талайы, бақыты бар екен. Ту қиырдағы жат елде үш көрсетілімнің басына үйі­ріл­ген бағын осындай сарапқа салып, ба­ғамдағанда, «ғұмырлы бол, қазақ кино­сы» дегің келеді ақтарылып. Ұлт пен ұлттың арасындағы ара ағайын секілді болды-ау, бұл үш өрім. Корей ас­панында жарқыраған осынау шоқ жұл­дыздар ләйім, құмардан шығара берсінші! ОПЕРА ЛАҒЫЛДАРЫ ...«Сукмен» арт-орталығының сахна­сы базардай қайнап, гүлдей жайнап кетті. Өнер әсері, көңіл шаттығы, жүрек тол­қуы қандай қадамға барғызбайды. Сахнада бәрі мидай араласып кеткендей: балет әртістері, көрермендер, шенеуніктер, тәй-тәй басқан балғындар... Мәре-сәре, құ­шақ ашады, күліседі, тіл кедергісін ысы­рып, түсініседі. Жауған гүлден адамдар жүзі бал-бұл жанады. Ненің құдіреті бұл? Әрине, балет сыйлаған шаттық! Концерт жаңа біткен. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры­ның балет труппасы өнерінен кейінгі керемет желпініс шағы еді бұл. Шадыман сәт. Шалқыма мезет. Корей­лер­дің көзайы­мы болып, көркемдік һәм сұлу­лықпен суарған қазақ балетінің жұл­дыздары жанымызда жарқырап күнде жүргенін енді сезіп отырғандаймыз. Сахнада бәрі бала боп кеткендей ме? Опера театры бас директорының бірінші орынбасары В.Пактың қуанышында шек жоқ. Шәкірттерінің шеберлігіне сүйсіне­тін­дей. Шымылдық ашылардан бұрын онымен тілдесіп үлгергенбіз. Отыз бес әртіс әке­ліпті. Жұтынып тұр бәрі. Жол­соқты болып, жүздері сәл-пәл кіреукелен­генінен қауіп ойлап едік, «сахнада қазір, жанып түседі», деп жетекші біздің күді­гімізді сейілтіп тастаған. Солай болды да. Міне, қазақстандық делегацияны бастап келген ҚР Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев та керемет әсер ауанынан айыға алмай тұр. Бір жағынан корейлік баспасөз өкілдері де шалғайына жабы­сып, босатпай жүр. Ешкімнің де меселін қай­тармайды. Асқар Ысмайылұлының концерт алдын­дағы беташар сөзі де сал­мақты шықты. Әрегідік корейше де термелеп кеткені жөн болды. Ықыласқа мәз көрермен­дер. Ұққан­дары ұғынықты бо­лып жатқа­нын қол шапа­лақтап сездіртіп, серпілісіп қояды. Елбасы­ның Қазақстан жылының ашылуында сөйлеген: «... Бұл оқиға хал­қының терең тарихи байла­ны­сы бар екі елдің ынты­мақ­тас­тығы мен серіктестігінде жаңа кезең туын­дап келе жат­қанын білдіреді», деген сөзі тағы бір қай­таланғанда, қоштау ресімі одан әрі үде­гендей еді. Расында да, бүгінде екі ел­дің сауда-эконо­микалық, ғылыми-тех­ни­ка­лық, мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­­тасты­ғы белсенді де берекелі айна­лымға шығып отырғанын аңғару қиын емес қой. Вице-министр қазіргі заманғы Қазақ­стан тек қана экономикасы дамы­ған және құнды табиғи қазба байлықтары мол мемлекет ретінде ғана емес, өнердің сан алуан түрі өрістеген, бай мәдениетті ел ре­тінде де зор қызығушылық таныта­ты­нын, өнер қай­раткерлерінің беделді ха­лық­аралық кон­курс­тарға қатысып, әлем­нің көптеген елдерінде таңдай қақтыра білгенін жеткізгенде аңсарлы көңіл көрер­мендер соның куәсі болуға ын­тыққан сыңайлы еді. Міне, енді баршасы күт­кендегіден де артық қуанышқа меймілдеп, ләззатқа кенеліп отыр. Концерттің көңіл арбарлық қасиетін қалай түсіндірмек керек? Қиналатыны жоқ. Тұшымды жауап әзір: Сеулге қазақ мәде­ниетінің көп ғасырлық алтын қоры­нан ұлт­тық музыкасы, еуропалық клас­си­калық музы­касы және де әлемдік тал­ғампаз сүзгі­ден өтіп үлгерген опера өнері­нің лағылдары әкелінген еді. Тұтас­тай болмағанымен, үзін­ділері кәдеге тар­тылған. Айталық, М.Төле­баевтың «Бір­жан-Сарасы», П.Чайков­ский­дің «Ұйқы­дағы аруы», Ж. Бизе- Р.Щедрин­нің «Кар­мен-сюитасы», А.Аданның «Кор­сары», Л.Минкустың «Дон Кихоты», т.б. балеттерден үзінділер мен қазақ биі «Аса­таяқ», Құрманғазының «Балбырауыны­на» үн­дес­тіріл­ген қойылымдар қандай сында да ұлт өнерінің мерейін үстем еткен та­лантты туындылар-тұғын. Бұл жолы да сол дәс­түрден ауытқыған жоқ. Біздің балеттің көркемдік деңгейі үне­мі ілтипатпен ауызға алынады. Бұған корей­лердің де көзі жетті. АҚШ-та он жылдай өнер көрсетіп келген, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Рахмедова, осын­дай мәр­тебелі атағы бар Дмитрий Суш­ков пен Құра­лай Сарқыт­баева, халықаралық конкурс­тар­дың лау­реаттары Гүлвира Құр­банова мен Нұр­­лан Қонақбаев және бас­қалар ұлттық әрі әлемдік балеттің беделіне өзіндік қол­таңба қалыптастырып үлгерген шеберлер. Осы жолғы қойылымдарда да жам­поздар қыннан суырылған қылыштай боп жарқ-жұрқ еткенде, қазағымның балетіне тәнті­ болмаған корейім кездеспеген шы­ғар, бәлкім. Бір сөзінде Корея Республикасы Мә­дениет, спорт және туризм министрінің орынбасары Мо Чол Мин өз еліндегі балет өнерінің күткендегідей дәрежеге әлі кө­те­ріле алмай жүргенін жасырмай айтып қал­ған. Асылы, мұндай шынайы сөздің тежелмей шығуы тегіннен-тегін дейсіз бе? Оның көкейін тесіп тұрған қазақ балетінің қазіргі сиқырлы сипат-бітімі шығар-ау. Абзалы, солай. Әйтпесе қазақ­тың жас перісі, та­лант­ты балет әртісі Табылды Дос­жанды ат­тай қалап, өз театрына қабылдар ма, сірә? Балет өнерінің тылсымы көп қой. Бірін ғана ілгектейік. Ресейде балет әртіс­тері 15 жыл өтілмен зейнет демалысына шықса, біздегілер тиісінше 58-63 жасты күтіп зарығып жүреді. Бұл жаста кімнің тойып секірері, кімнің тоңып секірері бел­гілі ғой. Демек, ойланатын жайттар жеткілікті екен-ау. Өмірін өнерге матап бергендерді аялап, мәпелегенге не жетсін! Бәрі ұлттық мүдденің қамы үшін де... ...Ойпырым-ау, көрермендердің сах­на­ға шығып кеткенінің өзінен-ақ біраз сыр түюге болатын секілді. Құдды, олар бағана сахна шымылдығын ашқан «Біржан-Сара» операсынан «Мереке биін» орындаушы­лар­мен қоян-қолтықтасып, жым­­­­­­дасқандай әсерге бөлейді. Премье­ра­сы 1946 жылы Қазақ опера және балет театрында өткен бұл жауһар туынды әлі күнге дейін қай деңгейдегі көрер­мендерін де сүйсінтіп келеді. Бұл операның ұлттық бояуы қанық, әсерлі лирикалық көрініс­тер мен айшықты мелодияға толы. Онда ұлттық музыкалық формалар (әдет-ғұ­рып­тық фольклор «жар-жар», сыңсу, жоқ­тау, әсіресе, ақындар ай­тысы, т.б.) өте әдемі әрі шынайы қол­данылған. 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленген бұл опера 1958 жылы Мәс­кеуде өткен қазақ өнері мен әде­бие­тінің онкүн­дігінде көрсетілген. Талай қан қыздырар бәсеке-бәйгенің алдын бермей жүрген ұлттық туындымыздың Кореяда да шаш­бауымызды көтеріп тастауы үндескен бабалар үніндей, жүрек елжіретеді. Бар бол, жайна, жарқыра, тілі бөтен­нің өзін түлет, табындыр, қазақтың опе­ра­сы мен балеті! Лағылдарыңмен құл­пыртшы, лайым! ЖҮРЕКТЕР ЖАҚЫНДАСҚАН ЖЫЛ Жүрек қылы мына бір сөздерге ілініп тұрғандай екен. Сәл тербеп жіберсе, өн бойды дыз еткізіп, шарпи жөнеліп, жа­ның­ның ыстығын өзгеге дарытатындай ма? Бұл ұлы сезім біреуден біреуге, ұлттан ұлтқа, әрі ұласып халықтар тағдырына алтын тінімен жарастық пен сыйластық, бақ пен береке дарытып, дарқан өмір кілтін қолыңа ұстата салатындай. Иә, ол қандай сөз тіркестері еді. Корейлердің өзін еліктіріп ала жөнелетін не сиқыры бар екен? Қане, көз жүгіртіңіз! «OSCE», «KAZAKHCTAN, 2010». «ASTANA. SUMMIT». Оңтүстік Кореядағы Қазақстан Жылының жабылу салтанатына байланысты өткізілген қан­дай бір іс-шаралардың ұйымдас­тыру­шы­лары көрнекі жерге іліп қойған осындай сөздер көзді еріксіз күлім қақ­тырады. Бұдан соң Қазақстанды таныс­тырып жату­дың өзі артықтау секілді боп көрі­неді. Міне, біз қандай елмен достасып жатырмыз дейтін мақтаныш сезім және күмбірлетеді жүректі. Сөйтіп, қазақ пен корейдің марқайып, масаттанып жүр­гені­нің куәсі болдық. Жыл аясында өткізілген түрлі іс-ша­ра­ларға қатысты алуан пікір өр­бігенде, әлгі жалынды тіркестерді аузына алмай­тын пен­де жоқ. Содан бастап салалап өре­ді, тату­лы­ғы жарасқан қос ел, бұрымын. Осы жағына мән бере келіп, Қазақ­стан­ның Корея Рес­публикасындағы Төтенше және өкі­летті елшісі Дархан Бердалиев Елбасы арнайы келіп ашып кеткен Жылдың қалай өткенін бақайшағына дейін шағып, түстеп-түрле­гені бар. Қос халықтың мәдени және рухани өзара қатынасына ерекше серпін берген бұл Жылдың жемістері мәуелі боп піскен екен. Мол қазыналы көркем құбы­лыс ретінде бағаланып жатыр. Әркімнің осы игілікті нақты сезінгеніне не жетуші еді! Елшінің мәлімдеуінше, Тэгу қала­сын­да өткен Алматы шаһарының, бас­қа да өңірлерді қамтыған Алматы жә­не Маңғыстау облыстарының күн­дері өте табыстылығымен есте қалыпты. Сапында 40 адам бар маңғыстаулық делегация корейлерге көшпелілердің тұр­­­мыс-салтын бейнелейтін көрме ұйым­дас­тырып, мол мағлұмат беріпті. «Ас­п­ан астындағы мұражайға» келушілер ынтыға тамашалап, рухани байлыққа кенелсе керек. Ал «Ақжарма» фольк­лор­лық ансамблі мен «Жорға» бишілер тобы­ның өнеріне тамсанбаған жан жоқ­тай. Таңдай қаққан сеулдік Херен Жун: «Домбыраның үні тұла бойымды шы­мырлатып, көзіме жас үйірді. Бишілердің нәзік қимылы мен киген киімдерін айтсаңшы. Қазақстан ту­ралы көп естігеніммен, бармаппын ғой. Сіздердің бай мұралы мәдение­тіңіз­бен ат ізін салып таныссам деген ой тұтанды, міне», деп нәзік жаны үлбіреп тұр. Кенги-до провинциясы Оңтүстік Ко­реядағы халық өте тығыз қоныс­тан­ған өңір. Мұнда он миллионнан астам адам тұрады. Әлемге кең танымал «Сам­сунг», «LG», «Деу», «Киа» ком­пания­лары да осы аймаққа орналасқан. Оң­түстік Ко­рея­ның бүкіл экспортының 25 пайызы осы өңір үлесіне тиесілі. Мә­дениет күн­дері Алматы облысының әкімі Серік Үм­бетов пен осы провинция гу­бер­на­торы Ким Мун Су ара­сындағы екі­жақты кездесумен баста­лыпты. Бұ­рын достық пен ынты­мақ­тастық жө­нін­дегі меморан­дум­ға қол қо­йылған екен. Соның іс жүзін­дегі мысал­дары жеткілікті. Қазір Балқаш ЖЭС-і кореялық ком­панияның қаты­суы­мен салынуда. Он­даған қазақ­стан­дық жас­тар осын­дағы жоғары оқу орын­дарында білім алуда. Тіпті Сеул университетінде қазақ бөлімі ашы­лып­ты. Алматы облысында ғана 16 мың­нан астам корей тұрады. Мұн­­да бірнеше корей ұлттық-мәдени орталықтары мен түрлі бірлестіктер жұ­мыс істейді. Осы соңғы кездесу ба­ры­сында облыста энер­гетика са­ла­сын­дағы бірқатар жобаны жүзеге асы­ру тұр­ғысынан хат­тамаларға қол қойы­лыпты. Ал бұл – 3 миллиард тең­ге­ден астам инвестиция тарту деген сөз. Бір сүйсінерлігі сол, екіжақ ұй­ғары­мымен құрылған «Жібек Жолы» қо­ры­ның Қазақстан жылын өткізуге жаса­ған қамқорлығы айрықша қомақты бо­лыпты. Жылдың өту барысында екі мем­ле­кет­тің қай саладағы да жаңалық, оқи­ға­ларына ортақ мүдде тұрғысынан көз­қа­рас қалыптастыруы дәстүрге айна­лып­ты. Сеул Олимпиадасын сәтті тия­нақтаған корейлер Астана мен Ал­маты­да биыл өтетін қысқы Азия ойын­дарының табыс­ты қорытындылануына ақыл-кеңесін аямай отыр. Сонда кө­терілетін Туды әдейі алдыртып, оған сала министрі Ю Ин-Чоннің өз қол­таңбасын қалдыруы – тілектестіктің бір белгісіндей емес пе? ...Қазақстан жылының жабылуы ойдағыдай өтті. Оны өте сапалы ұйымдастырған «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамына Мәдениет вице-министрі А.Бөрібаев ризашылығын білдірді. Расында да, осы қоғамның ат­қарушы директоры Бақыт Анисованың іскерлігі нәтижелі жұмысынан айқын білініп тұрды. Бір бұл емес, ұжымның бірегей қимылы өзге мемлекеттерде аталып жүр­ген Қазақстан жылдарының шы­райын шы­ғарып беруімен есте қалатын шығар. ...Қимайтын нәрсе қинайды екен өмір­де. Жұлдыздары шоқ тастады көңіл­ге. Қа­зақ болмысын қапысыз сезген Корея, биыл бастамақ өзінің Жылын Қазақ­стан төрінде! ...Қош, Корей елі! ...«Төрлет!» дейтін күніміз жақын болсын! Қайсар ӘЛІМ. Астана – Сеул – Астана. _____________________ Суреттерде:  Сеулдегі мешіт; Балеттен көрініс; «Қыз Жібектегі» Төлеген  – Қазақстанның халық әртісі Қ.Тастанбеков. Суреттерді түсірген Анатолий УСТИНЕНКО.