25 Ақпан, 2016

Сегіз қырлы, бір сырлы

642 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаевтың туғанына – 100 жыл

Каукен Кенжетаевич Кенжетаев 001Кәукен Кенжетаев! Өнегелі өмір иесінің өскен ортасын туралы айтсақ, алдымен әкесінің әншілік өнеріне соқпай өте алмаймыз. Жездесі Қали әнші, Ысқақбай күйші, Дүйсенбай ертегіші, Рахметқожа қиссашы еді. Келешегін ескеріп, әнші Қали Кенжетайға: «Кенжаға, мына балаларға домбыра істеп беріңіз, үйренсін. Өнерге баулып, өзің айтатын тамаша әндеріңді осыларға үйрет. Тез үйреніп кетеді» – дейтін. «...Қолымызға домбыра ұстатып өнерге баулып, ән үйретті, тақпақ оқытты», – дейді Кәукен аға өзінің бір естелігінде. Кенжетайдан тараған үш ұлдың кішісі Кәукенге, ағалары Абдан мен Шәкеннің тигізген ықпалы зор. Тетелес өскен талантты ағасына еліктеген балалық шақтағы әсердің өзі неге тұрады?! Шәкеннің бойындағы өнер көзінің бұлағымен сусындап өскен Кәукен құлын-тайдай бірге өскен бауырларымен бірге домбыраға қосылып ән айтып, шағын аспапты ансамбльде орындаушылығымен ауылдағы той-мерекелердің сәнін келтіретін. Ол тіпті 1934 жылы ағасы Қажымұратпен алғаш оқу іздеп Алматыға атбасын тірегенде, алдымен ел қатарлы мамандық таңдауды, оқуға ілігуді мақсат тұтады. Қайткенде де оқу-тоқусыз болмайтынын түсінген жас Кәукен бір мезгілде үш бірдей оқу орнына өтініш жазып, қалай болғанда да біреуіне ілігуді армандайды. Бір мезгілде байланыс техникумына қоса педагогика және ауылшаруашылық институттарына бағын сынаған оның жолы болмай құлап қалады. Бірақ туыстарына білдірмеу мақсатында Кәукеннің ауылшаруашылық институтының бірінші курсында оқитын студенттермен біразға дейін сабаққа барғаны өткен тарихтың өте бір қызықты бет­тері саналады. Студенттер тізі­мінде жоқ Кенжетаевты аудитория­дан шығарып жібермек болған оқыту­шы­ның талабына Кәукен ауыл баласына тән аңғалдықпен және құштарлықпен жауап қатады. Әлгі оқытушы ынталы жігіттің білімге деген сүйіспеншілігін бағалағандықтан институтқа қабылдайды. Осы бір шағын өмірлік эпизодтың өзінен бозбала Кәукеннің бойындағы керемет қарапайым адами қасиеттерін, айтқан сөзіне адамды иландырмай қоймайтын әртістік қабілетін де қоса аңғарамыз... Институттың жанынан көр­кем­өнерпаздар клубы сахнасындағы «Көзіл­дірік», «Бір шалбар» секілді қойы­лымдарға қатысып, шағын рөл­дер­мен көрінеді. Осы кезде респуб­ликаның түкпір-түкпірінен талантты жастар іздестіріліп, Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ опера студиясына талапкерлерді қабылдау туралы хабарландырулар ілінеді. Ізде­генге сұраған демекші, Кәукенге бұл хабар жыл құсындай жылы жаңа­лық болатын. Өлердегі сөзін айтып түскен оқуын қалай тастап кетпек... Қа­былдау комиссиясының төра­ғасы, актер Қалибек Қуанышбаев, мүше­лері ленинградтық жас композитор Евгений Брусиловский болатын. Бойын­дағы табиғи таланты мен музы­каға қабілеті Кәукенді студияға қабыл­дауға жетіп-артылатын. Жас жігіт­тің құлаққа жағымды естілетін табиғи бари­тон дауысы Ақан серінің «Қара торғай» әнін орындағаннан кейін комис­сия мүшелерінің көңілінен шығып, ол Мәскеу консерваториясы жанын­дағы қазақ опера студиясына қабыл­данғандар тізіміне ілінеді. Ата-ана бауыр еті – баласын оңай­лықпен алысқа қалай қиып жібереді?! Режиссер С.Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмінде өзі сомдаған Базарбайдың ұлы Төлеген алыс жолға аттанарда рұқсат бермейтін керемет эпизоды бар. Айналасындағы барша халықты уысында ұстаған Базарбай бейнесі – Кәукеннің сомдаған ең бір есте қаларлық елеулі образы. Бұл – фильмдегі әсерлі көріністердің бірі. Сол көріністегі Төлеген бойындағы құлазу сезімі жас Кәукеннің Мәскеуге барар кезінде болғандығын көреміз. Әке-шешеден алыстағы бауырларына бас-көз болып жүрген ағасы Қажымұраттың рұқсатын алу үшін алдынан өткенде, ағасының түбегейлі қарсы болуы алып-ұшқан көңілін су сепкендей басады. Бірақ бұл Төлегеннің заманы емес, Кәукен се­кілді оқу-білімді мақсат тұтқан жаңа қазақ жастарының серпіліске түскен ерекше бір романтикалық кезі болатын. Өзі секілді халді басынан кешкен қазақтың болашақ талантты композиторы Мұқан Төлебаев та мұны шешудің төте жолын ойластырып қойған екен. Дер кезінде досының «ақыл беруі» арқасында өзгелерге тіс жармастан жасырын түрде жолға қажет заттарын жиыстырып, Мәскеу қаласына пойызбен бір-ақ тартып кеткен екен. Кейін туған-туыстарына кешірім сұрап, хат жазады. Жас өнерпаздың болашағын айқындаған осы бір оқу білім сапары біз білетін Кәукен Кенжетаевтың кәсіби әнші, актер, режиссер, сан түрлі өнерпаз болып қалыптасуының іргетасын қалаған еді. Кәукен ағамыз өзінің кітабында: «Маған қазір «өміріңдегі ең қызықты күндеріңді айт» десе, мен онда еш ойланбастан Москвада оқыған күндерімді атар едім. Неге десеңіз: мен Москваны бірінші рет көрдім. Өмір мектебінің де, өнер мектебінің де тылсым сырлы есігін алғаш ашып, сол өнер шыңына да тұңғыш рет сонда жүргенде қол создым» – дейді. Атақты опера әншілері Нежданова, Обухова, Лемешев, Козловский, Барсова, Максакова, Пирогов, Норцов, Ханаев, Алексей және Андрей Иванов, т.б. өнерін көріп, тыңдап өскен қазақ жастарының «болмаса да ұқсап бағуға» тырысқаны анық. Осындай ортада жас Кәукеннің әншілік өнердің қыр-сырын үйренуге деген құлшынысы артып, бар мүмкіндікті пайдаланып жақсы оқуға талпынды. Көптеген ұлттардың өкілдерімен қатар білім алған Рамазан Елебаев, Әли Базанов, Мұқан Төлебаев, Мағауия Көшкінбаев бастаған 30-дан аса қазақ жастары табандылық танытып, елдегі ағаларының үмітін ақтауға барын салады. Студия келесі жылдары Байғали Досымжанов, Шабал Бейсекова, Бекен Жылысбаев секілді талантты студенттермен толығады. Өзгелер секілді жас әнші Кәукеннің күні мен түні оқу-үйренумен өтеді. Оқуға бар ынтасымен беріліп диплом алуға дайындалып жүрген өнерпаз жастардың болашақ жоспарларын, арман жолын шорт кескен соғыстың зардабы өз алдына бөлек әңгіме. Байғали Досымжанов, Әшім Матыбаев, Қапан Мусин, Мүслім Асылбеков, т.б. көптеген өнерпаздар алдымен Мәскеу қаласының қорғаныс шебін жасау үшін құрылған еріктілер қатарына барып қосылады. Арада аз ғана уақыт өткенде әскери жетекші командирлердің қысқа курсынан кейін қан майданға аттанады. К.Кенжетаев 1942-1946 жылдары аралығында Хабаров қаласындағы шекарашылар ансамблінде өнер көр­сетеді. Әскери гарнизондар мен қызыл армияның топтасқан базала­рын­да жауын­герлік рухты көтеру мақ­сатын­дағы концерттік бағдар­лама­ларда К.Кенжетаев концерттік репертуары бойынша әртүрлі бағыттағы – Отан, партия, ел мен жер туралы патриоттық тақырыптағы әндерді орындайды. 1946 жылдан бастап Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрының әншісі ретінде лирикалық, драмалық баритон дауысқа жазылған партияларды шырқайды. Театрдағы әншілік жұмысын жалғастыра жүріп 1948 жылы қазақ өнерінің жана­шыры, ұйымдастырушысы, консер­ва­тория ректоры Ахмет Жұбанов­тың ақыл-кеңесімен Алматы консерватория­сының жеке әнші мамандығы бойынша А.М.Кургановтың класына түсіп, екі жыл оқиды. Талай өнерпазға үлкен сахнаға жолдама берген ұлағатты ұстазының жетекшілігімен Алматы консерваториясының студенттері Бүкіл­одақтық консерваториялар әнші­­лері байқауында топ жарады. Тенор Бекен Жылысбаев, баритон Кәу­кен Кенжетаев пен Ермек Серке­баев Мәскеу консерватория­сы­ның про­­фес­сор­лары А.Нежданова, И.Козлов­ский се­кілді танымал опера өнері шебер­лерінің ерекше ықыласына ие болады. Театрдың соғыстан кейінгі жыл­дар­ғы күші тың белестерді бағын­ды­ру­ға жұмылдырылды. Кәукен Кенже­таев­тың опера сахнасында орындаған партиялары негізінен орыс, қазақ опера труппасының репертуарына қойылған опералардан жасақталған. Әнші алғашқы күннен бастап ұлттық репертуарға емін-еркін кірісіп кетсе, орыс, Еуропа композиторларының классикалық репертуарынан да сүйек­ті образдар қатарын сомдады. Ол Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғы­нын­дағы» – Тарғын, «Қыз Жібегіндегі» – Бекежан, «Жалбырындағы» – Жалбыр, «Дударайындағы» – Семен, М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасын­дағы» – Жанбота, Ж.Бизенің «Кармен­ін­дегі» – Эскамильо, А.П.Бородин­нің, А.Г. Рубинштейннің «Демонын­дағы» – Демон, С.В.Рахманинов­тың «Алекосындағы» – Алеко, Дж.Верди­дің «Аидасында» – Амонасро, М.Глин­каның «Руслан мен Людмиласындағы» – Русланның партиялары болатын. Бұл партиялар орындаушының дауыс диапазоны мен музыкалық дайын­дығының көркемдік деңгейін көтер­ген, толыққанды орындаушылық шебер­лігімен көзге түскен әншінің сүбелі жұ­мыстары болып саналады. Театрдағы әншілік өнердің көп жағдайда кейін режиссураға ұласып жататын кездері жиі кездеседі. Бұл – қазақ опера театрының тарихында Кәукенге дейін, Кәукеннен кейін де бар, жалғасып келе жатқан дәстүр. Алдыңғы аға буын әнші-актерлер Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов режиссер мамандардың жоқтығынан өздері қоюшы, өздері рөлде орындаушы ретінде опера театрының алғашқы 20 жылында көрінсе, Кәукеннен кейінгі кезеңде опера режиссурасына ойысқан әнші­лерден Ғафиз Есімовті атауға болады. К.Кенжетаевтың театрдағы ре­жис­­серлік жұмыстарының өзі бір төбе. Өнер­де, шығармашылық ізде­ністе бойындағы байқампаздығы, орын­даған партиясының өзіндік жеке режис­суралық желісін образдар әле­мін жасауы оның режиссерлік қабі­летін таныта түседі. Ол опера қойғанда негізгі материалды тереңнен қаузап, тәжірибесін молынан пайдаланады. Оның ішінде Е.Брусиловскийдің «Амангелді», «Қыз Жібек», «Ер Тар­ғын», «Жалбыр», П.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» комедиялық операларын ерек­ше атап өтуге болады. Бұл қойы­лым­дардан ұлттық операдағы дәстүрлі жалғастықты көруге болады. Ол алдымен, ұлттық спектакльдерді сахналауда алдыңғы буын салып кеткен сүрлеуді бұзбай, сол үлгіні сәтті жалғастыра алады. Ол жайлы алдыңғы аға буынның өкілі Қ.Жандарбековтің «Көргендерім мен көңілдегілерім» атты естелік кітабында арнайы «Ізба­сар» атты тараушада айтылады. Автор Кәукеннің сахнадағы әншілік-шығар­машылық жұмыстарына тоқтала келе, со­ңына ерген шәкіртінің кәсіби шебер­лігіне нақтылы баға береді. Ол: «Режис­серлік, қанша айтқанмен, негі­зінде бол­маса, техниканы игеру оңайлыққа түспейді. Мұндай жұмыстарды Кәукенмен істеу қиын­дық келтірмейді. Тез игереді, қажетті жерінде өзі де былай істесек қайтеді деп, кейбір мизансценаларды айтып қалады. Кәукен, әсіресе, халық эпостары негізінде жазылған операларда ойнағанда мені қатты риза етеді. Кәукен мен ойнаған рөлдерді түгелге дерлік ойнады», – дейді. Кәукеннің опера театрының режиссурасына араласуы кез­­дейсоқ тосын құбы­лыс емес. Ол үшін үлкен дайын­дық ке­рек бо­латын. Дайындық жұмыс­тарын ол өзі­нің негізгі жұмыс орны – сах­нада бастап кетеді. Құрман­бек ағасы: «Кәу­кен көбіне-көп маған ассис­­тент болып жүрді. Мен қой­ған спек­­такльдерге неге ассистент болу­­ға құштар десем, сырын кейін біл­дім. Өзін іштей режиссерлік жұмыс­қа әзірлеп жүр екен, менен біраз нәр­сені үйренгісі бар екен. Көп жай­ды үйренген де секілді», – дейді. Өзін­дік ойымен режиссураға бейім, көп оқып ылғи ізденіс үстінде жүретін жан ретінде бағаланған әнші Кәукен режиссер Кәукенге айналуы ұзақ жылдарғы еңбектің нәтижесі. М.Төлебаев пен Е.Брусиловскийдің «Амангелді» операсы К.Кенжетаевтың тұсаукесер жұмысы болғаннан кейін жас режиссерді Мәскеудің Үлкен теат­рының 3 айлық дайындық кур­сына жібереді. Режиссер шын мәнін­де опера театры атты өндіріс әрі шы­ғар­машылық ұжымды басқару ерек­шеліктерімен, басынан аяғына дейін спек­такль жасаудың технологиялық жетіс­тіктерімен, сол кездегі атақты реформатор-режиссер Борис Покров­ский­дің мектебімен танысып шығады. Бұл режиссерлік сыннан өткендердің жұмыссыз отыруы мүмкін болмайтын. Кәукеннің режиссура саласындағы жұмыстары театр мамандары мен әріп­тестері арасында өзінің орынды баға­сын алды. К.Кенжетаев шығармашылық шы­ңында кино актерлік қырымен де жан-жақты көрінеді. Тіпті, опера әншісі мансабынан бұрын киноға түсіп таныл­ғанын біреу білсе, біразы білмей жа­тады. 1938 жылы ірі өнер қайраткері Г.Алек­сандровтың режиссурасымен бар­ша Одақ жұртшылығына танымал болған «Волга-Волга» кинокомедиясы түсіріліп, консерватория студенті Кәукен көпшілік сахнада, ұлт өкілдерінен құралған президиум мүшесі болып тарихта қалады. Атағы жер жарған, белгілі театр және кино актер Игорь Ильинскиймен, кеңес киносының жарық жұлдызы Любовь Орловамен кино түсіру алаңында бірге болып, олардың жұмыс стилімен жақыннан танысады. Актердің өзі емес, оны режис­сер­лердің өздері іздеп ұсыныс жасайтын бір қалыпты мінезінен біз, бұл тұлғаның шынайы өмірде қандай адам болса, шығармашылықта да өзіндік көзқарасы бар, таза, берік ұстанымның иесі екендігін көреміз. Кинодағы ғұмырында режиссер Шәкен туған інісін бір ғана – «Біздің сүйікті дәрі­гер» фильміне шақырып, онда да эпизодтық әнші рөліне түсіруі көп жайтты аңғартады. Осы бір фактіден біз әнші актердің өнерге тазалығын, адалдығын көреміз. Бұл қасиет өнер атты асау аттай бәсекелестіктің қан базарын қыздыратын салада сирек кездесетін керемет кейіптер. Қазақ-кеңес кино өнерінің даму ке­зеңінде ұлттық бояуы мол, халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетін бойы­на терең сіңірген талантты актер ре­тін­де кинокартинада әр алуан тағдыр­лы көркем образдарды сомдады. Көрер­мен ол фильмдерде орындаушыны әр түрлі қырынан танып, бірі екіншісін қайталамас образдар галереясымен жүздесті. «Жерге қайтып оралуда» – режиссер, «Біздің сүйікті дәрігерде» – әнші, «Ел басына күн туса» фильмінде – Бауыржан Момышұлы, «Ән қана­тында» – Нұртаза, «Тұлпардың ізінде» – Танабай, «Таудағы шынарда» – Жапас, «Қызыл тас заставасында» – қарт, «Қыз Жібекте» – Базарбай, «Боран­ды бекетте» – Қазанғап, «Гауһар­таста» – қарт әке образдары сана­­ңызда ешқашан ескірмейді... Өзге де фильмографиядан актердің бай сахналық тәжірибесі мен орын­дау­шылық шеберлігін танытқан бейне­лерді көресіз. Шағын эпизодтық сахнадан бастап толыққанды үлкен образдармен көрінген актердің кейіпкерлері ойлы, аз сөзбен көп ой айта алатындай кең ауқымды болып келеді. Осы рөлдерінің ішінен театр мен кинотанушы мамандардың, ерекше назарын аудартқан бейнесі режиссер Мәжит Бегалиннің фильміндегі талантты командир, қазақтың қайсар да қаһарман батыры Бауыржан Момыш­ұлының келбеті болатын. Батырдың көзі тірісінде ол туралы фильмде Бауыржанды ойнау қиынның-қиыны еді. Фильмге түсіп біткеннен кейін көркемдік кеңеске тапсыру кезінде актердің бұл рөлі Бауыржанға ұнай ма, ұнамай ма деген күдікпен, екін­шіден, батырдың тік айтатын міне­зінен қаймыққандықтан үйінде қалып қой­ғаны, көрсетілімнен кейін ойда-жоқ­та режиссер мен кейіпкер прото­типі Бауыржан Момышұлының үйіне ар­найы іздеп келіп, құшақтап құттық­тауы керемет оқиға емес пе? К.Кенжетаев қаламынан «Дархан дарын», «Мәжит Бегалин», «Высокий дар призвания» атты бірнеше кітап­тар жарық көрді. Өзінің заманы, айна­ласындағы талантты әріптестері – қазақ сахнасының шеберлері жайлы бұл кітаптардың баяндау тілі жа­тық, шұрайлы, қызықты тың дерек­терге толы. Сонымен бірге, оның арт­ында қалған «Алпамыс», «Алдар Көсенің айласы», «Баян жүрек», «Кем­пір мен шал, «Қалқаман-Мамыр», «Құсни-Қорлан», «Сапар», т.б. операларына арнал­ған либретто мәтіндері де қазақ ком­позиторларына аса қажет тақы­рыптар болатын. Бұл либреттолардың біразын қазақ композиторлары сол кезде музыкасын жазып операға ай­нал­­дырса, «Қалқаман-Мамыр» опера-­­балеті 2007 жылы Астанадағы К.Бай­сейітова атындағы опера және ба­лет театрының сахнасында қойылды. 1979 жылдан бастап Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында шәкірт тәрбиелеп, дәріс оқып, ұстаздық қырымен де кеңі­нен танылған Кәукен Кенжетаев профес­сорлық-оқытушылар арасында сахна­лық, өмірлік тәжірибесі мол педагог, ақылшы аға болатын. Бірнеше мәрте жоғары жаққа ұсыныспен шық­қан, қазақ тілінде ойын көрсететін музы­калық комедия (оперетта) теат­рын құру ісі үлкен арманы еді. Академия қабырғасында музыкалы-комедия театрына әнші-актерлерді арнайы даярлайтын мамандық ашып, біраз жылдар аталмыш кафедраның мең­герушісі болды. Осы жерде 1985 жылы К.Кен­жетаевқа оқу орнының про­фес­­соры атағы беріледі. Ән айтып, би би­лейтін, актерлік талантымен көрі­нуге тиіс бұл мамандарды даяр­лау ісі күрделі әрі ұзақ жылдар бойы үз­бей айналысуды қажет ететін еді. Ар­найы музыкалық комедия театры ашыл­мағанмен Кәукен ағамыз бастап күні бүгінге дейінгі жас мамандар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі театрлардың құрамында өнер көрсе­ту­де. Классикалық опера мен оперет­таның үздік үлгілерінің қазақ сахнасында қойылып, ана тілімізде сөйлеуі маңызды саяси мәні бар мәселе деп білген ұстаз оқытушылық тәжірибесі барысында дипломдық жұмыстарына таңдап алған «Сильва», «Фигароның үйленуі», «Тыныш шаңырақ» секілді опера мен оперетта либреттоларын қазақ тіліне аударды. Бұл алдымен оқу теат­рында, кейін республиканың музы­калық театрлары сахналарында қойылды. Өнерпаздың сахнадағы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 1959 жылы Қазақ КСР халық әртісі атағын иеленді. Еңбек Қызыл Ту ордені мен медальдармен марапатталды. Ұлтымыздың кәсіби сахна өне­рінің танымал өкілі Кәукен Кен­же­таевтың есімі ешқашан естен шық­­пайды, қалдырған рухани мұ­расы ұмытылмайды. Бір емес, бір­неше кітапқа татырлық қымбат өнерімен, қайталанбас қазақы келбетімен танылған тұлға өзіндік адами биік ұстанымдарымен, шынайы шығармашылық жолымен ұрпақ есінде мәңгі қала бермек. Аманкелді МҰҚАН, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты, доцент. АЛМАТЫ.