26 Ақпан, 2016

Байқаушылар дайын

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Еліміздегі Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларында облыстық қоғамдық комиссия құрамындағы 569 байқаушы дауыс беру барысын бақылайды. Облыс орталығында респуб­ли­калық және облыстық қоғам­дық комиссиялар өз жұмыс­тарын бастады. Комиссия мүше­лері үміткер­лердің сайлауалды штабтарының, сайлау комиссияларының заң шеңберінде жұмыс жасауларын қадағалайды. Сайлау барысының қалай өтіп жатқанынан хабардар болғысы келіп, өтініш білдірген, заңды жақсы білетін еліміздің әрбір азаматы байқаушы бола алады. Комиссия төрағасы Ильдар Қалиевтің айтуынша, жалпы сайлау барысын байқайтын бұл облыстық комиссия 2005 жылы құрылған. Комиссия мүшелері бұған дейін өткен еліміздегі Президент және Парламент сайлаулары кезінде белсенді қызметтерімен танылды. Яғни, сайлау барысын байқау, билік, бұқаралық ақпарат құралдары, саяси партиялар және халықаралық миссиялармен үнқатысу барысында қоғамдық алаңдар ұйымдастыру шаралары жасалды. Биылғы сайлау барысында комиссия мүшелері тұрғындарды Сұлтанмахмұт Торай­ғыров атындағы мемлекеттік уни­верситеттің 106-аудиториясын­да қабылдауда. Ал сайлауға дейін облыстық қоғамдық комиссия мүшелері түрлі шаралар ұйымдастыруда. Бір кабинаға бірнеше адамның кірмеуін, бюллетеньді суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялау, жақын туысы үшін дауыс беру сияқты қателіктерді болдырмау үшін байқаушыларға арналған арнайы семинар-тренингтер өтуде. – Мақсат – сайлауда дауыс беруге құқы бар әр адамды ел үшін маңызды саяси шарадан тыс қалдырмау, – дейді Ильдар Қалиев. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан».