26 Ақпан, 2016

Жылуы мол, шығыны аз қазандық

569 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG_2415 (1)Сарыарқаның сақылдаған сары аязын сездірмейтін қазандық Астанада жасалып жатыр. Оны өндіріске шығарған отандық жаңашылар «дұрыс пайдаланған жағдайда қазандық кемінде 15 жыл жұмыс істейді» деп кепілдік беріп отыр. «Казкотелпром» шағын зауыты елордасындағы Технопарктің 21-цехына орналасқан. Қазандық өте қарапайым жа­сал­ған. Оны қолдану да оңай. Бір ерек­шелігі, салынған көмір кәдімгі пештердегі сияқты астынан бастап жанбайды. Керісінше, жоғарыдан төменге қарай жанады. Мұндай жағдайда көмір тез тұтанумен қатар, қа­зандық бойындағы судың лезде қайнап шығып, жылу желі­сінің жылдам ысуына әсері мол болады. Бұған қоса қазандық көмір таң­дамайды. Тіпті, көмір қалды­ғының өзін жағып, жылуды бір қа­лыпта ұстауға қабілетті. Айтқан­дай, бұл қазандықтың тағы бір артықшылығы автоматты түрде үй ішінің жылуын өзі бақылап, керекті температураны жасап отырады. Мамандар мен осы қазандықты 2-3 жылдан бері тұтынып отырған адамдардың сөзіне илансақ, үйдің шатыры мен есік-терезесі жақсы қымталған болса және қабырғасы талапқа сай келсе бір рет салынған отын адамның араласуынсыз 5 тәулікке дейін жанатын көрінеді. Ұстаханаға барып, жұмысымен танысқан шағымызда белгілі айтыс­кер ақын Балғынбек Има­шевқа кезігіп қалдық. «Өз еліміз­дің азаматтары осындай игі іс істеп отыр­ғанына дән риза болып жүр­мін. Бірер жыл бұрын үй тұрғы­зып, оны жылытатын қазандық ізде­дік. Бірқатар сала мамандары мен түрлі қазандықтарды пай­да­ла­натын қарапайым тұтыну­шы­­лар­дың пікірін сұрап білдік. Әркім әрқалай кеңес берді. Сөйтіп жүр­генде «Каз­котелпром» туралы есі­тіп, оны іс жүзінде пайдала­нып отырған азаматтардың үйінде болып, жылу жүйесінің қолай­лылығы мен жайлылығын пайым­дап көрдік. Осыдан кейін ғана цехқа келіп, қазандықты жасап жатқан мамандармен сөйлестік. «Қалаған қазандығыңызды жарты ай көлемінде жасап, жеткізіп, орнатып береміз. Оған қоса қалай пайдалану керектігін арнайы маманымыз барып үйретіп, өзі іске қосады. Бір жыл бойына тегін сервистік қызмет көрсетіледі», деді. Сөздерінде тұрды. Әйткен­мен алғашқы күндері бір-екі рет қана мазалағаным болмаса, кейін­гі істі өзіміз дөңгелетіп әкет­тік. Нә­ти­жесінде, «бітер істің басына, жақсы келер қасына» демек­ші, тағы бір үй тұрғызған бауыры­мызға кеңес айтып, осында ертіп келіп отыр­ған жөніміз бар», деді айтыскер ақын. Қалыңдығы «бестік» (5 миллиметр) темірмен жасалатын қа­зан­дықтың дәнекерлеушілері өте тәжірибелі мамандар. Басым көп­шілігі «Астана локомо­тив құрас­тыру зауыты» кәсіпорынында тәжі­рибеден өтіп, біліктіліктерін жо­ғары деңгейде шыңдаған. «Қазан­дық жамылғысын бір деммен үзіліс­сіз дәнекерлеп шығу керек. Мұндай жағдайда «бестік» темірді тоқтаусыз бір қалыпты дәнекерлеп шығу тым қиын. Мұны дәнекерлеушінің мықтысы ғана істей алады. Себебі, қалыптан айнып кідірістейтін болса тесік қалуы мүмкін. Қазандықтың ішкі жамылғысынан иненің жасуындай болса да тесік қалса, бірнеше маманның бірнеше күнгі еңбегі еш болады. Оған қоса бағасы жоғары жалпақ темір ысырап болады», деді сервис бөлімінің шебері Талғат Құлқашев. Цех озық технологиямен жаб­дықталған. Қазандықты жасау барысында Американның Worker, Германияның Bosch, Жапонияның Makita, Hitachi атты жабдықтары темірді кесуге және июге пайдаланылады. Жалпы, қазандықтың шетелдік және отандық өзге жылыту құрылғыларынан артық­шы­лығы көп. Мәселен, неміс пен чехтың Қазақстанға әкеліп жатқан қазандықтары іріктелген көмір таңдайды. Себебі, Еуропада ешбір елде көмір қазып алынып сол орыннан тікелей тұтынушыға емес, оны езіп, қайтадан собықтай-собықтай етіп түйіршіктеліп қайта жасап шығаратын зауыттарға жө­нелтіледі. Осындай отынға арналған еуропалық қазандықтар қазақтың қайта өңделмеген қилы көміріне қақалып қала береді. Шағын зауыт көктем мен жаз-күз айларында 50-ден астам адамды жұмыспен қамтып, қыстың күні 15-шақты сервистік қызмет көрсететін персоналды ғана қал­дырады. «Себебі, қыс маусымында қазандыққа тапсырыс берушілер тым аз болады. Ал енді технология­ны жаңғыртып, қазандықтың жылыту тиімділігін үздіксіз жетілдіріп отыру ісі бір тоқтамайды. Бес-алты рационализатор әрі жоғары білімді инженерлеріміз бар. Қазандықтың қазақстандықтарға жайлы әрі пайдалы болуы үшін олар үнемі ой жұмысында. Осының арқасында қазандық жылуының 85-90 пайызын үйде қалдыруға қол жеткіздік. Сондай-ақ, күл түсетін орынның өзін сулы жабылғымен қаптап, оның да жылуын қазандық ішінде қалатындай еттік. Әйтпесе, кәдімгі үй пештерінің шы­ғарған жылуының 40 пайыз­ға жуығы осы күлсалғыш арқылы мұржадан шығып далаға кетеді. Мұны қара­­пай­ым тұтынушы аңғара бер­мейді. Соның салдарынан отын көп жа­ғылып, мол шығынға алып келеді», деп түсіндірді сервис бө­лімнің бастығы Мақсат Бекбосынов. Қазіргі уақытта «Казкотелпром» зауытында қазандықтың пошымын түрлендіру жұмысы жүріп жатыр екен. «Алдағы жаз маусымынан бастап бағаны біршама икемді етумен бірге, оны екіге немесе үшке бөліп төлейтіндей жағдайды қарастырып отырмыз. Сонда тұтынушыларымызға қар­жылай жеңілдік болады деп ойлаймыз. Бұған қоса, қазандықты дөң­гелек етіп жасау ісін де қолға алып жатырмыз. Оны жүзеге асыруға Германиядан әкелін­ген жабдығымыз толық мүмкін­дік береді. Ал мемлекеттік бағдар­ла­маларға қатысып жеңілдетілген несие алуға келсем, біз мұндай әрекетке бармай отырмыз. Себебі, мұсылман дінінде үстемемен несие беру де, алу да жат қылық. Сон­дықтан, жайлап болса да өз мүмкіндіктерімізге қарай дамимыз. Бұған қоса еш уақыт ісімізді жарнамаламаймыз. Негізінен тұтынушыларымыз біздің сапалы қызметімізді көріп риза болған адамдардан есітіп, біліп келеді», деді сауда бөлімінің бастығы Жанбота Алшынбаев. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».