Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисимен кездесті.
Қазақстан мен Мысыр арасында сауда-экономикалық байланыс бекіп, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, ғарыш, инфрақұрылым және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық артатын болды. Мысыр Араб Республикасының Президенті Ә.Ас-Сисидің Қазақстанға сапары аясында осы мәселелер кеңінен талқыланып, келісімдерге қол қойылды.
Мысыр Президенті Ә.Ас-Сисидің Қазақстанға бұл алғашқы сапары. Мәртебелі мейманды еліміз әдеттегідей ресми күтіп алу жоралғыларымен қарсы алды. Одан соң екі ел Президенттері шағын құрамда кездесті. Кездесуде елдер арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастар жайы талқыланды.
«Біздің ел Мысырмен сенімді достық қарым-қатынасты дамытуға мүдделі. Биыл қазақстандықтар өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелейді. 1991 жылы араб елдері ішінен Мысырдың ең бірінші болып тәуелсіздігімізді танығаны есімізде. Содан бері халықтарымыз бен елдерімізді жақындастыру үшін көп жұмыс жасалды, осы жылдар ішінде мен Мысырға бірнеше рет бардым», деді Елбасы Мысыр Президенті Ә.Ас-Сисимен кездесуінде.
Қазақстан Президенті екі елдің географиялық алшақтығына қарамастан, көлік-транзит байланысын дамыту үшін зор әлеуетке ие екеніне де назар аударды. Мемлекет басшысы Ә.Ас-Сисидің Мысыр басшылығына күрделі кезеңде келгенін атап өтті.
«Біз соңғы жылдардағы ішкі қақтығыстарға, қантөгістер мен революцияға қарамастан Мысыр халқының ұйыса білгені және жаңа Президентке сенім білдіргені үшін қуаныштымыз. Сіз таяуда Парламент қабырғасында сөйлеген сөзіңізде жаңа мақсаттар мен міндеттер қойдыңыз, олар бізге де түсінікті, жанымызға жақын. Мысыр – Таяу Шығыстағы ірі мемлекеттің бірі, сондықтан біз әлемдік нарықтағы қазіргі жағдайда экономикалық ынтымақтастық жөніндегі сенімді үнқатысуымызды жалғастырғымыз келеді», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ә.Ас-Сиси өз кезегінде Мысыр халқы мен ел басшылығы Астана мен Каир арасындағы екіжақты қарым-қатынастар деңгейін жоғары бағалайтынын айтты.
«Біз еліміз үшін қиын кезеңде Қазақстанның көрсеткен қолдауын бағалаймыз. Менің сапарымның мақсаты – елдеріміздің арасындағы тығыз байланысты барлық бағыттар бойынша одан сайын нығайта түсу», деді Ә.Ас-Сиси.
Екі ел Президенттері бұдан әрі кеңейтілген құрамдағы келіссөздерге қатысты. Онда тараптар саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ, халықаралық, өңірлік сипаттағы өзара мүдделілік танытылатын мәселелерді қарады. Онда екі ел арасындағы бұл кездесулер мен уағдаластықтар Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қатынастардың жаңа кезеңін бастауға және олардың сауда-экономикалық әрі инвестициялық ықпалдастығы аясын кеңейтуге тың серпін беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ, өзекті өңірлік мәселелерді шешу үшін екіжақты кеңестер арқылы, сонымен бірге, халықаралық және өңірлік ұйымдар, атап айтқанда, БҰҰ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Араб мемлекеттері лигасы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі мен басқа да халықаралық құрылымдар шеңберінде диалог құру және күш-жігерді үйлестіру маңыздылығы айтылды.
Қазақстан Президенті Қазақ даласының даңқты ұлы, ХІІІ ғасырдағы Мысыр мен Сирияның атақты билеушісі Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс – тарихи тамырластығымыздың айғағы, ал Отырардан шыққан әлемге әйгілі ғалым әрі философ Әбу Насыр әл-Фараби екі елдің ортақ мақтанышы екенін атап өтті.
«Кеңес уақытында көптеген қазақстандық мамандар Мысырда жұмыс істеді, ал біздің елде Мысыр студенттері оқыды. Осы дәстүрді қайта жандандыру керек. Біз мемлекетаралық ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша өзара тиімді шараларды жүзеге асыруға әзірміз. Ең бастысы, Қазақстан Мысыр мен оның халқын жақын дос әрі бауыр санайды», деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев республикамыз Ә.Ас-Сисидің ел басшылығындағы қадамдарын қолдайтынын білдірді.
«Мысырдың тұрақты болашағын қамтамасыз ету, әлеуметтік ахуалды жақсарту жөнінде дұрыс әрі ауқымды шаралар қабылдап жатқаныңызға сенемін», деді Қазақстан Президенті.
Ә.Ас-Сиси елімізге келуге шақырғаны үшін Елбасына тағы бір алғыс айтып, мұның үлкен құрмет екенін атап өтті.
«Біз Қазақстанның халықаралық аренадағы, соның ішінде Мысыр халқын қолдауға бағытталған ұстанымын жоғары бағалаймыз. Жеке өзімнің және халқымыздың атынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаймын, сондай-ақ, әрдайым қолдау көрсетуге дайынмын», деді Мысыр Президенті.
Жалпы алғанда, тараптар күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Екі ел ұстанымдарының ұқсастығын ескеріп, халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы бірлесіп күресуге, сондай-ақ, басқа да халықаралық проблемаларды шешуге уағдаласты.
Қазақстан Республикасы өз кезегінде, Мысырдың Шанхай ынтымақтастық ұйымына диалог бойынша әріптес мәртебесін алуға қатысты өтініміне қолдау көрсетуге дайындығын білдірді. Бұл екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастық шеңберін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Келіссөздер кезінде, сонымен қатар, қазақстандық тарап Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі негізінде Азиядағы қауіпсіздік пен даму ұйымын құру жөніндегі біздің елдің көзқарасын жеткізді. Мысырлықтар Қазақстан ұсынысын назарға алды. Мысыр Президенті сондай-ақ, Қазақстан Президентінің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу жөніндегі бастамасына қолдау білдірді. Форумның әлемдегі дінаралық және өркениетаралық үнқатысуды нығайтудағы маңызды фактор болып табылатынын атай отырып, осы үдеріске бұдан кейін де жоғары деңгейде белсенді қатысатындықтарын жеткізді. Мысырлықтар сонымен қатар, Қазақстан Президентінің штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру туралы бастамасын жоғары бағалады.
Мысыр Араб Республикасы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне белсенді түрде қатысуға ниет білдірді. Көрменің ұраны ретінде таңдалған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы Мысыр үшін баламалы энергия көздері ретінде аса өзекті болып табылатынына және Мысыр Араб Республикасы Үкіметінің энергетика саласын дамыту стратегиясымен сабақтас екеніне назар аударылды.
Келіссөздерден соң Мысыр Араб Республикасы Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің Қазақстанға ресми сапары аясында мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Сондай-ақ, бірқатар құжаттарға, атап айтқанда, Мысыр Араб Республикасының Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысу шартына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының жарғысына қол қойылды. Қол қою рәсімінен соң Қазақстан Президенті мен Мысыр Президенті келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді
Қазақстан Президенті өз кезегінде Ә.Ас-Сисидің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде келуінің мәні зор екеніне назар аударды.
«Мысыр біздің егемендігімізді араб елдерінің арасынан бірінші болып таныды. Бірінші болып Қазақстанда өз елшілігін ашты. Біз де араб мемлекеттеріндегі алғашқы елшілігімізді Каирде ашқанбыз. Мысыр – сан ғасыр бойы ғылым мен білім орталығы, өркениеттер бесігі болған қасиетті жер. Азия, Африка және Еуропаны түйістірген Перғауындар елі – араб-мұсылман әлеміндегі жетекші мемлекеттердің бірі. Кейінгі қиындықтарға қарамастан, Сіз билікке келгелі жағдай тұрақтала бастағанын байқап отырмыз. Біз Мысыр елінің ішкі тұрақтылығы берік, экономикасы қуатты мемлекет болуына тілектеспіз», деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев екі ел ынтымақтастығының маңызды жайттары талқыланған келіссөздердің мазмұнды болғанын, өзекті халықаралық және өңірлік мәселелерге қатысты пікір алмасылғанын айтты.
«Қазақстан мен Мысырдың халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығын нығайтуға келістік. Талқыланған барлық мәселелер бойынша өзара ортақ түсіністікке қол жеткіздік. Осының бәрі біздің көзқарасымыз бен ұстанымдарымыздың ұқсастығын көрсетеді», деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сонымен қатар, екіжақты іс-қимылдың бірқатар бағыттары айқындалғанын айтты. Соның ішінде елдеріміздің көлік-транзит саласындағы әлеуетін бірлесіп пайдалану және дамытудың маңыздылығы атап өтілді.
«Біз Каирдің Еуразиялық экономикалық одақпен Еркін сауда аймағын құруға талпынысын қолдаймыз. Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуінде» Қазақстан мен Мысырдың маңызы зор. Екі елдің әлеуеті осы бағытта тиімді жұмыс істеуге жаңа мүмкіндіктер туғызады», деді Елбасы.
Қазақстан Президенті сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында ұзақ мерзімді серіктестік орнату қажеттігіне назар аударды.
«Қазақстан – астық экспортындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Ал Мысыр – осы өнімді импорттайтын ең ірі мемлекет. Қазақстан 2006-2010 жылдары Мысырға 1 миллион тоннадан астам астық жеткізді», деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев фармацевтика саласындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығына да тоқталды. Елімізде қазірдің өзінде Мысырдың 40-қа жуық дәрі-дәрмегі, 30 шақты медициналық бұйымдары тіркелген. Ал кездесуде Мысыр тарапына елімізде бірлескен дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорын ашу ұсынылғандығын да атап өтті. Мемлекет басшысы сондай-ақ, бүгінде бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтты.
«Мысырлық іскерлер Каспий теңізі жағалауындағы курорттар құрылысына инвестиция құю және Алматы облысында құс фабрикасын салу мәселесін қарастыруда», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ғарыш саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейтудің маңызды екеніне назар аударды, өйткені Мысыр – өзінің ғарыш серігін ұшырған алғашқы араб мемлекеті. Мысырдың «ИджиптСат» екінші жер серігі Байқоңырдан ұшырылды. «Алдағы уақытта осы салада үкіметаралық келісім жасау мәселесін қарастырамыз», деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев елімізде төмен байытылған уран банкі құрылуына және Мысырда атом электр стансасын салу жоспарына сәйкес, осы бағытта ынтымақтастық орнату жайы талқылана бастағанын айтты. Мемлекет басшысы сонымен қатар, екі ел де исламофобияның таралуына, дініміздің терроризммен және жиһадпен байланыстырылуына қарсы күш-жігер жұмылдыруға ниетті екенін атап өтті.
«Біз халықаралық терроризм мен экстремизмге, қылмыстың басқа да түрлеріне қарсы күресте тығыз ынтымақтастық орнатуға әзірміз. Елдеріміз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің платформасын мұсылман мемлекеттерінің бірлігін сақтайтын, дініміздің толеранттылығы мен бейбітсүйгіштігін көрсететін шара ретінде қолдануға уағдаласты», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ядролық қарусыздану және таратпаудың, ядролық қарудан ада аймақтар құрудың маңыздылығы жөнінде де пікір алмасылғанын айтты. Жүргізілген келіссөздердің Қазақстан-Мысыр қарым-қатынастарының жаңа кезеңінің басы екеніне назар аударды.
«Жоғары Мәртебелі Әбдел Фаттах Ас-Сисидің Астанаға алғашқы ресми сапары ынтымақтастыққа тың серпін береді. Бүгін айқындалған өзара іс-қимыл бағыттары елдеріміз арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, халықтарымыздың игілігін еселей түседі деп сенемін», деді Қазақстан Президенті.
Ә.Ас-Сиси өз кезегінде екі елдің арасындағы қарым-қатынастар қарқынды дамып келе жатқанын және болашақта, әсіресе, сауда-экономикалық салада зор перспективаларға ие екенін айтты. Мысыр Президенті Астана мен Каир берік саяси байланыстар арқылы ортақ мүдделерді табысты жүзеге асыратынына сенім білдірді. Сондай-ақ, Ә.Ас-Сиси өткен келіссөздерге жоғары баға берді және екі елдің сауда, туризм, ауыл шаруашылығы және білім беру саласында ынтымақтасуға мүдделі екенін атап өтті.
«Екіжақты ынтымақтастықта терроризмге қарсы іс-қимыл мен діни саладағы өзара ықпалдастық айрықша орын алады. Бұл мәселелерде біздің елдеріміз өзге әлемге жақсы үлгі болып табылады», деді Мысыр Президенті.
Кездесу екі мемлекеттің бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған өңірлік және халықаралық саясат мәселелеріндегі ортақ ұстанымдарын көрсетті.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.