01 Наурыз, 2016

Жан-жағыңа жақсылық тіле

469 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG_0780«Шаңырақ» отбасы клубының мүшелері ең алдымен Елбасына алғыс айтуды ұйғарды «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, – делінген 16 адамның қолы қойылған Алғыс айту хатында, – біз, «Шаңырақ» отбасы клубы Сіздің 2015 жылы 23 сәуірде Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ ссессиясында жыл сайын елі­міз­де Алғыс айту күнін атап өту жөнін­дегі ұсынысыңызды қуана қарсы ал­ған болатынбыз. Сіздің идеяңызды бірауыздан қолдай отырып, бұл мере­кенің адамдарды бір-біріне барынша жақындастыратын айрықша мейрам болып қалыптасуына атсалыса береміз. «Барлық ұлттар бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяу­шылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті бо­лар еді» деген өсиетіңізді елді ел­дік­ке, бірлікке үндеген басшының парасаты деп білеміз... Мерекелік іс-шараларға қатысқан тәжік, корей, орыс, әзербайжан, тағы басқа этнос өкілдері «Қазақстан өз елі­міз!», ««Алғыс айту күні мерекесі – елі­­міздегі барлық ұлт пен ұлысты бір ша­ңы­рақ астына топтастыратын, бірік­тіретін мереке», «Алғыс айту күні мере­кесі әр қазақстандықтың жүре­гіне жа­қын, жарқын мереке», деген пікір­лерін жеткізді. Мақтааралдағы түрлі этнос өкіл­де­рі­нің өзара сенімі мен татулығына шүкіршілік ете отырып, біз Сізге өте ризамыз. Қазақстанды бейбітшілік пен тыныштықтың ордасына айналдыра алғаныңыз үшін. Және де экономиканы дамытуға, тұрмысымызды жақсартуға барынша атсалысып жатқаныңыз үшін біз Сізге шынайы алғысымызды білдіреміз. Бүкіл әлемде қаржы дағ­дарысының болып жатқанына қара­мастан 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауыңыздан кейін 2016 жылы қаңтар айынан бас­тап зейнетақымыз, жалақымыз кө­бейді. Сіздің саясатыңызды қолдап, қуаттап, халыққа жасап жатқан іс-әрекеттеріңізді, елдің ынтымағын, тату­лығын сақтау және нығайту бағы­тын­дағы жұмыстарыңызды баға­лап, біз, «Шаңырақ» отбасы клубы ең алғашқы Алғысымызды Сізге айтуды және «Ал­ғыс айту күнімен» құттықтауды жөн сана­дық. Қазақстанды өркендету жо­лын­да аянбай еңбек ете беріңіз, Сізге мық­ты денсаулық, қажымас қайрат тілейміз...». «Шаңырақ» отбасы клубының же­тек­шісі Камира Өмірбай Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған шарада: «Саяси қуғын-сүргін жылдарында Қазақстанға жер аударылған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдеріне халқымыздың сон­дағы қолдауы мен кеңпейілін үлгі-өнеге ретінде баяндап, бауырмалдықты барын­ша насихаттаудың жөні бөлек. Қа­зақ хал­қының қиын-қыстау заманда олар­дың басына түскен ауыртпалықты қайыс­пай бірге көтеріскені бүгінгі таңда елі­міздегі түрлі этнос өкілдері қа­рым-қаты­насындағы адамгершілік қасиет­тердің өнегелі өлшеміне айналуда. Ота­нымыздың болашағы – қа­шанда Қазақстан халқының бір­лігінде. Сондықтан мейірім мен ізгілікке негіз­делген Алғыс айту күні мерекесі түрлі этнос өкілдерінің, сон­дай-ақ, ата-ана мен баланың, бауыр мен бауырдың, дос пен достың, көрші мен көршінің арасындағы мызғымас ынтымақ пен бірлікті, татулықты нығайтатын ең бір ерекше қадірлі мейрам», – деді. Мерекелік шарада Ділдәбеков ауыл­дық округі «Жаңа дала» елді меке­нінің тұрғыны, қарамағындағы алқап­тан бір жылда екі рет өнім алатын шаруа қожалығының төрағасы, бір ша­ңы­рақ­та үш келін жұмсап отыр­ған ұлты тәжік Абдықадыр Худай­құловтың отбасына, Атакент арда­гер­лер кеңесінің төрағасы Еркін Жан­төреге, Ынтымақ ауылдық окру­гіндегі «Домалақ ана –Нүрила» бөбек­жай ба­ла­лар бақшасының меңгерушісі Бал­жан Төлеметоваға, Нұрлыбаев ауыл­дық округі, Қарақыр елді мекені­нің тұр­ғыны, армян ұлтының өкі­ліне тұр­мысқа шыққан орыс қызы Анна Май­тисяннің үлгілі отбасына «Шаңы­рақтың» атынан алғыс білдірілді. Сонымен қатар, шараға қаты­су­шылар Атакенттегі мұражайды ара­­лап тамашалады. Асықата кен­тін­де­гі «Жеңіс» мектеп гимназия­сында мұра­­жайдың көшпелі экспози­циясы ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шара­ға қатысқан корей, әзербайжан, тәжік ұлтының өкілдері Қазақстанды өз еліміз деп санайтынын, қоныс аударған ата-бабалары да солай құрмет тұтқанын тілге тиек етті. «Шаңы­рақ жарастығы» тарихи, таным­дық, ақпараттық іс-шарада шаңы­рақ жарастығы, сыйластығы туралы сабақ­тар өтіліп, мейірімділікке, қайы­рымдылыққа тәрбиелеу мәселелері, отбасы құндылықтары ортаға салынды. Сонымен қатар, еңбекқор, үлгілі, тату отбасыларға назар аударылып, жас ұрпақты отбасылық өмірге дайын­дау мақсатында қоғамдық ұйым­дар­дың, елді мекендердегі ауыл, көше би­лерінің, мектептердегі және бала­лар бақ­шасындағы ата-аналар коми­теттерінің рөлін арттыруға айрықша көңіл бөлінді. Бұл ретте қарапайым еңбек иесі Аждар Ибрагимов Елбасына өз алғысын білдірсе, тыл ардагері Жүніс Үсентаев «Үлгілі отбасы», «Ең­бек­­қор отбасы» номи­нациясының иегер­­лері Наха­нов пен Ибрагимов отба­­сы­­ларына, ынтымағы жарасқан жас от­­ба­сылар Регина мен Алексей Бог­да­­новқа, Жәнібек Асанов пен Екате­рина Чичай­кина­ға ақ батасын ар­нады. Ал, «Алтын алқа» иегері, аспазшы, қазақ жігі­­тіне тұрмысқа шыққан орыс қызы Надежда Сердалиева қазақтың келіні ре­тінде көпшілікке сәлем салып, Алғыс айту күні мерекесіне орай халқы­­мыз­­дың салт-дәстүрі бойынша «Сүйін­ші сұрау», «Қонақ кәде» жасау дәс­түрлерін жаңғыртты, Қасым Аман­жоловтың «Туған жер» өлеңін нақы­шына келтіріп оқып бер­ді. Алғыс айту күніне орай іс-шара­лар өткізу ба­ры­сында «Өзара көмек­тесу» қайы­рымдылық акциясы ұйым­дасты­рылды. Осы акцияға Асы­қата кенті­нің, Ынтымақ ауылдық округ­терінің кәсіпкерлері жағдайы төмен 15 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз ету­ге, оқушыларға тегін тұрмыстық қыз­мет көрсетуге көмектесті. Қаршыға КҮЛЕН. Оңтүстік Қазақстан облысы.