01 Наурыз, 2016

Бұл күн – ел халқы ұйысқандығының нышаны

276 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Шаймардан НУРУМОВ, Қазақстан ұйғырлары республикалық этномә­дени бірлестігінің төрағасы: – Мен Жаратқанға Қазақстан халқына, соның ішінде Қазақстан ұйғырларына да Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сияқты Елбасын бергені үшін ризамын. Біз Қазақстан жерінде жақыныңа деген ізгіліктің, бір-біріңді өзара қолдау мен құрметтеудің не екенін жақсы білеміз. Осы жайт баршамызды күн өткен сайын жақын­дастыра түседі және Елбасының Алғыс айту күнін белгілеу туралы Жарлыққа қол қойғаны Қазақстан халқы ұйысқандығының нышаны болып табылады. Людмила ХОЧИЕВА, Қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің құрметті төрайымы: – Алғыс айту күні – өткенге құрметтің белгісі, бұл – бәрімізді бір халық ретінде біріктіретін рух. Баршамыз үшін рухани күш ретінде қызмет ететін біздің Елбасымыздың саясатына қашанда ризамыз. Біз Жаратқан сыйлаған байлығымыз – бейбітшілікті, келісім мен кең-байтақ Отанымызда өмір сүріп отырған барлық этностардың достығын сақтап келеміз және оны сақтай беретін боламыз. Алғыс айту күні – болашақ ұрпақты өз халқыңа, өз Отаныңа қызмет етудің үлгісі болып табылатын дәстүрлерді лайықты жалғастыруға үндейтін күн болады деп есептеймін. Саттар МӘЖИТОВ, «Интеллект Орда» әлеуметтік-гуманитар­лық зерттеулер халықаралық интеграция инсти­туты­ның бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик: – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс айту күнін мерекелеу туралы идеясы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы жылында жария етілуі кездейсоқтық болмаса керек. Еліміздің даму үдерістері қандай іргетастарға арқа сүйегенін қазіргі таңда анық аңғарып отырмыз. Сол іргетастардың бірі – Қазақстандағы этносаралық келісім. Әрбір этнос, тағдырдың жазуымен, өзінің болашағын Қазақстанмен байланыстырып отыр. Осы таңдаудың тарихи құнын да олар жақсы біледі. Ал өткенімізге көз жіберсек, біздің еліміздің полиэтностық ел болғанына бір жарым ғасырдай уақыт өтті. Осы жерде атап көрсететін нәрсе – Қазақстан өз тәуелсіздігінің ширек ғасырында ғана этносаралық құрылымның нағыз үлгісін қалыптастыра алды. Бұл табыс көп жағдайда тарихи жадымен және Қазақстан халқының азаматтық борышымен қамтамасыз етілді. Ал елімізді мекендеген жүзден астам этнос өкілдерінің қазақ халқына жауап ризашылығы тек тарихи парызын өтеу ғана емес, әрине. Бұл – ең бір тарихи күрделі жағдайларда бірлесіп тіршілік ете алуға қабілеттіліктің ұлы нышаны. Елбасы атап көрсеткендей, дағдарыстар өтеді, кетеді, сондықтан бір сәттік әлсіздікке мойынсұнбау маңызды. Тамара ШИРМЕР, украиндардың Астана қаласындағы «Оберег» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: – Тағдырдың жазуымен қазақтың ұлы даласы түрлі этностардың тіршілік мекеніне айналды. Осы аумақты мекендеген халықтың ділі бейбітсүйгіштігімен, этносаралық және конфессияаралық тағаттылығымен ерекшеленеді. Бұл қазіргі Қазақстанның саяси және азаматтық тірегі болып отыр. Биыл қазақстандықтардың тәуелсіз мемлекет құра бастағанына 25 жыл толады. Мұнда бүгінде оңтайлы этностық ахуал қалыптасқан. Қазақ халқында атам за­маннан берік достық қарым-қатынас пен қиын кезең­дерде қолұшын созу қасиеттері жоғары бағаланады. Ауыр сынақ жылдарында қазақ халқы өмірлік қиын жағдайда қалған этностарға барымен бөлісті. Біздердің, этномәдени бірлестіктер өкілдерінің, ізгілік пен қайырымдылық қасиеттері өмірге деген құш­тарлықтарымен астасқан қазақ халқына айтар ал­ғысымыз шексіз. Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа мереке – Алғыс айту күнін жария­лағаны үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Наталья ЛИВИНСКАЯ, Орыстар, славяндар және казактар ұйымдары қауымдастығы төрағасының орынбасары: – Әрбір қазақстандық ата-бабалар салып кеткен тәрбие жолымен өсіп-өніп келеді. Ол тәрбиенің негізінде төңірегіндегілерге деген ізгілікті қарым-қатынас, қайы­рымдылық пен жанашырлық дәстүрлері жатыр. Кейінгі әрбір ұрпақ адамдардың жүрегіне орнығып, өмірлік ұстанымына айналған осы сыйды көздің қарашығындай сақтап қала алды. Қазақстан халқы өзінің туған Отанының әрбір азаматын жақыны санайды. Осындай кезде ілгеріден келе жатқан ризашылық сезімін білдірмеу әділетсіздік болар еді. Ал барлық этностардың бір-біріне және қазақтарға Алғыс айту күні – қонақжайлылыққа, достықтың адалдығына және барша қазақстандықтың бір-біріне деген сүйіспеншілігіне Алғыс айту күні болып табылады. Рустам КАЙРЫЕВ, ҚХА жанындағы «Жарасым» республикалық жастар ұйымы төрағасының орынбасары: – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алғыс айту күнін уақтылы белгілеп отыр. Риза болу – өзіңнің де бі­реуді риза етуің деген сөз. Риза­шылық­тың бел­гісі – алғыс айту. Бұл қасиет қай кезде де жоғары бағаланған. Бізге осындай мейрам қажет пе? Керек екеніне еш күмән жоқ! Егер осындай мейрамға маркетингтік басымдық бе­ріп, оны дәстүрге айналдырсақ, әр қазақстандық­тың бойына бала кезінен ізгіліктің ұрығы себілетіні ақиқат. 1 наурыз – халқымыздың біртұтастығын біл­ді­ретін Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін Алғыс айту күні ретінде белгілеудің нышандық мәні аса жоғары. Бұл күн баршамызды әлемдегі ең дос және ең көпұлтты мемлекет ретінде айшықтайтын күн болсын! Дмитрий КИМ, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті: – 1937 жылдан бері 80 жылға жуық уақыт өтті. Біздің ақсақалдарымыз Қазақстан жеріне күштеп көшірілген сәтті әлі күнге дейін үлкен күйінішпен еске алады. Сол жылдары көптеген этностар сталин­дік репрессияның құрбандығына айналды. Осындай қиын-қыстау кезеңде қазақтардың меймандостық қасиеті менің туған-туысқандарымның өмірін құтқарып қалды. Біз біртұтас қазақстандық отбасы ретінде тың және тыңайған жерлерді игеріп, қалалар мен елді мекендер тұрғызып, зауыттар мен фабрикалар салып, одан кейін жас, егемен мемлекеттің іргесін қалап, нығайтуға атсалыстық. Біз сол бір тағдыршешті кезеңде қайырымдылық пен ізгіліктің үлгісін танытып, көмек қолын созған қазақ халқына үлкен құрметпен қараймыз. Бұл – бүгінгі бейбіт өмір мен тыныштықтың негізі. Нұрсұлтан Әбішұлы, осы күн үшін Сізге үлкен рахмет!