01 Наурыз, 2016

Апат айтып келмейді

697 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Т-1Кешелі-бүгін Арқа өңірінде күн күрт жылынды. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген, былтырғы көктемдегі су тасқынынан әбден зәрезап болған қарағандылықтарда зәре жоқ. Тұрғындар үрей құшағында жүрсе, әкім-қаралар әуре-сарсаңға түскен. Таяуда облыстық әкімдікте өткен аппарат жиынында көктемгі су тасқынына қарсы даярлықтың жай-жапсары талқыланды. Жағдай шынында да қол қусырып отырғанды көтермейді һәм кешірмейді. Тіпті, өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков облыстағы қалалар мен ауылдардағы су тасқынына қарсы іс-әрекет дайындығының қаншалықты деңгейде екенін өзі арнайы барып тексеретінін айтты. «Әрбір басшы жағдайды жон арқасымен сезініп, тиісті шараларды қабылдауға сақадай-сай тұруы керек», деп шегелеп айтты облыс әкімі. Дегенмен, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының міндетін атқарушы Мұрат Қатпановтың жиында баян еткен мәліметі алаң көңілді орнықтырмай тұр. Жергілікті метеорологтардың дерегіне сенер болсақ, қардың қалың түскендігінен дәл қазіргі уақытта өңірдегі өзендер бассейніндегі судың қоры шамадан тыс артып кеткен. Мәселен, Нұрадағы судың мөлшері былтырғы жылға қарағанда 41 пайызға көп. Сол сияқты Кеңгір мен Тоқырауын өзендеріндегі су қоры да екі есеге дейін көбейіп, көлкілдеп тұр. Шерубайнұра мен Сарысу өзендеріндегі жағдай да мәз емес: су арнадан асудың аз-ақ алдында тұр. Мұрат Қатпановтың айтуынша, бүгінгі күнде табиғи апаттың алдын алу шаралары күн демей, түн демей жүргізіліп жатыр екен. Қазір қорда 8 мың тонна жанар-жағармай, 226 тонна азық-түлік, 15 мың тонна инертті материал және 58 тонна жарылғыш зат бар. Алда-жалда су тасқыны бола қалған жағдайда, тұрғындарды көшіріп апаратын 209 қабылдау бекеті де дайын тұр. Бұдан бөлек, облыс орталығында, қалалар мен аудандарда қаржы резерві құрылған. Қазіргі уақытта бөгендер нығайтылып, ескілері жөнделіп, өзендер жағалауының қауіпті-ау деген тұстары бекітіліп, арықтар мен каналдардың суағар жолдары қар мен қоқыстан тазартылып жатыр. Апатты жағдайға дайындық барысында баса көңіл бөлетін мәселенің бірі – дабыл қағып, хабар беру. Бұл жайында қазіргі уақытта қалалар мен аудандар әкімдіктері және төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері тізе қосып, тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Күн тәртібінде тұрған күрделі мәселе – жекеменшіктің қолындағы су қоймаларының жай-күйі. Бүгінгі күнде өңірде дәл осындай нысандағы 220 гидротехникалық құрылыс бар. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Тазабековтің айтуынша, қазіргі уақытта бұл саладағы жағдай толықтай бақылауда. Яғни, су қоймаларындағы мұз ойылып, қары тазаланып, артық су ағызылып және бөгеттер нығайтылып жатқан көрінеді. Облыстағы ірі су қоймалары санатындағы Кеңгір және Шерубай-Нұра су қоймалары «Қазақмыс» корпорациясының меншігінде. Жиынға қатысқан компания өкілі қазіргі уақытта істелініп жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Сондай-ақ, «Красная Поляна», «Қылыш», «Чкалов», «Жаманжол» және басқа су қоймалары мен бөгеттерінің иелері тасқынға қарсы қандай шаралардың іске асырылып жатқаны жайында баяндады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі басқарма және ведомство басшыларына мейлінше сақ болып отыруды тапсырды. Және ол жақын күндері өңірді түгел аралап, су тасқынына дайындық барысын тікелей өзі тексеретінін тағы бір мәрте еске салды. Бұдан біраз бұрын Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко Қарағанды облысына екі рет жұмыс сапарымен келіп, табиғи апаттың алдын алу шараларымен танысқан болатын. Вице-министр ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлерінен құралған топпен бірге тікұшақпен жүріп, өңірдегі өзендер мен су қоймалары және бөгеттерді ұшар биіктен шолып шыққан. Сапар барысында жағдайды өз көзімен көріп, жауапты шенеуніктер мен су қоймалары иелерінің есебін тыңдаған вицуе-министр жалпы, облыста тасқын су қарсы іс-шаралардың ойдағыдай жүргізіліп жатқанын атап өткен болатын. Дегенмен, ол бұған тоқмейілсімей, бұл кезеңде сақтық мәселелеріне аса жауаппен қарау керектігін еске салған-ды. Сонымен, кәрі құданың қабағы жібіп еді Арқадағы жұрт әбігерге түсе бастады. Жасыратыны жоқ, ауылдағы ел баспана мен қолындағы азын-аулақтың малдың емес, бас амандығын уайымдап отыр. Өйткені, былтырғы су тасқыны табиғи апаттың айтып келмейтінін және де қамданбағанның қапы қалатынын көзге шұқып көрсеткен. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.